Көне мен жаңаны ұштастырған шебер
21.08.2024
569
0

 

Жуырда ҚР Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің шаңырақ көтергеніне 10 жыл толу мерекесіне орай Музейде Қазақстанның танымал зергері, реставратор, отандық зергерлік өнердің дамуына зор үлес қосқан новатор Берік Әлібайдың «Зергер Берік Әлібай» кітабының тұсаукесері мен шебердің жеке «Ұрпаққа мұра» атты мерейтойлық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көпшілік назарына Берік Әлібайдың үздік туындыларын ұсынуды мақсат тұтқан көрмеде зергердің 158 авторлық бұйымы, панно (плакетка), ер-тұрман, бас киімдер, қару-жарақ, белдіктер және т.б. туындылары топтастырылған.


Шебер қазақ халқының дәстүрлі зергерлік қолөнерін әлемге паш етіп, мәдениетіміздің дамуына теңдессіз үлесін қосып келеді. Оның авторлық жұмыстары еліміздің музейлерінің қорларында және жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтау­лы. Берік Әлібай түрлі оқу орындарында сабақ беріп, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізеді, жас шеберлерді шабыттандырып, қазақ зергерлік өнерінің дәстүрлерін жалғастырып жүр. Зергердің жұмыстары дәстүрлі қазақ мотивтері мен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестіретін ерекше стилімен белгілі. Шебер күміс, алтын, асыл және жартылай асыл тастар, сүйек пен ағаш сияқты түрлі материалдармен жұмыс істейді. Хас шебердің қолынан көптеген Музей жәдігерлері реставрациядан өтіп, бұл бұйымдардың «жаңа өмірі» Музей экспозицияларында жалғасын тапты.


«Бұрын ешқайда көрсетілмеген «Біржан сал» жиынтығы, үкілі бөріктер, асатаяқтар осы көрмеге қойылып отыр. Мен әлі күнге дейін бәрін қолдан жасауға тырысамын. Өйткені қол еңбегі әрқашан бағаланады. Технология қанша дамыса да, қол еңбегін алмастыра алмайды, технологияның көмегімен жасалған дүние көрініп тұрады», – дейді зергер өзінің еңбектері жайлы кеңінен толғап. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір