Алматыға әлем әдебиетшілері келеді
20.09.2019
1699
0

25-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ІІ Халықаралық жазушылар форумы өтеді. Айтулы шараға дүниенің түкпір-түкпірінен белгілі ақын-жазушылар, публицистер, әдеби сыншылар, аудармашылар, суретшілер келеді. Форумның ұйымдастырушысы – Халықаралық Қазақ ПЕН клубы. Біз форумның ұйымдастыру комитетінің Төрағасы, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының Президенті Бигелді Ғабдуллинмен кездесіп, сауалдарымызды қойған ек.

«ЖАЗУШЫ – ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТІ, АУДАРМАШЫ ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТТІ ЖАСАЙДЫ»

 –Бигелді Қайырдосұлы, бұл жолғы форумның былтырғысынан ерекшелігі неде?

–Сөзсіз, бұл форумның алғашқысынан бірнеше ерекшелігі бар. Ең алдымен, тақырыбы жағынан. Бұл жылы біз әсіресе еліміз үшін өзекті болып тұрған көркем аударма мәселесін талқылауды ұйғардық. Шындығында, форумның тақырыбы өте маңызды. Өйткені қай жазушы болсын аударма мәселесін айналып өте алмайды. «Жазушылар өздерінің ұлттық әдебиетін жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиет жасайды» деген сөз тектен-тек айтылмаған.

Мәдени тұрғыдан қарағанда, бүгінде әлем сан қырлы. Өз орнын айқындауға ұмтылатын ұлттық мемлекеттердің қатары өсіп келеді. Ұлттар өздерінің мәдени құндылықтарын жанталаса іздеуде. Әйтсе де, қазір бірде-бір мәдениет өзгелердің шығармашылық ізденісінен тыс қала алмайды.

Бұл жолғы шараның былтырғыдан тағы бір ерекшелігі – қонақтарында. Біздің форумға алғаш рет Қытай, Германия, Моңғолия, Әзірбайжан елдерінен жазушылар келгелі отыр. Меніңше, ұлттың мәдени жаңғыруының, дамуының басты шарты – халықаралық нәтижелі қатынастар. Біз форумның «Әлемді ашып – әлемге ашылу. Көркем әдебиет мәселелері және жазушылық байланыстар» деген тақырыбын бекерден-бекер таңдап алған жоқпыз.

Форумды өткізудегі басты мақсаттарыңыз қандай?

–Кеңес одағы ыдырағаннан кейін дүниежүзі бойынша кешегі кеңестік халықтардың мәдениетіне деген қызығушылықтың күрт төмендеп кеткені байқалады. Екі-үш әдебиетшіні айтпағанда, бірде-бір белгілі қазақ жазушысы өткен 28 жыл ішінде шығармалары өзге тілдерге аударылмағандықтан әлемдік деңгейге шыға алмады. Оның үстіне, Қазақстандағы қазіргі әдеби үдерістен заманауи қазақ жазушысының әлемдік әдебиетпен қарым-қатынасының жоқтығын көріп отырмыз. Себебі, қазақ жазушылары қандай да бір деңгейде сыртқы әлеммен байланысын жоғалтып алды. Қазақ әдебиетін шетел тілдеріне сапалы аудару жағы кенжелеп тұрғандықтан әлемде біздің әдебиетімізге деген ерекше қызығушылық та жоқ. Бұған қоса, біздің көптеген жазушыларымыз шетел тілдерін білмейді. Бұл олардың тұтастай алғанда үлкен әлем әдебиетін – шынайы әдеби үдерісті түсінбеуіне әкеп соғуда.

Мен біздің Форумның жазушылар арасында жақын қарым-қатынас орнауына, айтылған олқылықтардың орнын толтыруға ықпал ететініне сенемін.

– Форум бағдарламасы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.

–Ең алдымен, осындай халықаралық деңгейдегі үлкен шараны өткізуге қолдау білдірген Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Форум жұмысы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: қоамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында: «Егер біз ұлт болғымыз келсе.., онда біз «Жаһандағы заманауи қазақ мәдениеті» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деген болатын. Біздің жоба дәл осы мақсатты көздейді.

Форум бағдарламасына келсек, бірінші күн «Көркем аударма мәселелері» тақырыбындағы пленарлық отырыспен басталады. Түскі астан кейін пікірталастарға кезек береміз. Тақырыптары: «Қазақ халқының һәм бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге халықтардың классикалық және заманауи әдебиетін шетел оқырманына қалай жақындатуға болады?», «Шетелде кітап шығару жолын қалай жеңілдетуге болады?» (нюанстар, мәселелер, оларды шешу жолдары). Өзекті ме? Сөзсіз!

Рас, аударма ісі туралы көп сөз айтуға да, ұзақ уақыт талассөз жүргізуге де болады. Мұндай пікірталастар өте қажет те. Алайда, біз үшін ең бастысы теоретикалық талдау емес. Бізге мәселені тәжірибе жүзінде шешу маңызды. Нақтырақ айтсақ, қазақ жазушылары шығармаларының шетелде басылып шығуына жол ашатын қаламгерлік байланыстар, таныстықтар, келіссөздер.

Форумның екінші күнін шетелдік қонақтар мен біздің жазушыларымыздың өзара жақын танысуы үшін қаламгерлік байланыстарға арнадық. Бұл күні оқырмандармен, студенттермен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарымен шығармашылық кештер өткізіледі.

Ал, үшінші күн – мәдени бағдарламалар, музейлерге бару, Алматының көрікті жерлерін аралау.

–Форум жұмысына сәттілік тілейміз!

–Рақмет!

 ФОРУМ ҚОНАҚТАРЫ:

 

Энтони ВУД, аудармашы (Англия)

Энтони Вуд – Пушкин шығармаларының аудармашысы ретінде әлемге әйгілі аудармашы. Ол әскери міндетін өтей жүріп орыс тілін үйренуді бастайды. Әрі қарай Кембридж университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқиды. Ал, Лондонда баспа саласында жиырма бес жыл жұмыс істегеннен кейін аудармашылыққа ден қояды. Кейін «Энжел классикс» атты баспасын ашады. Баспа, негізінен, Еуропа әдебиеті шығармаларын орыс тілінен француз тіліне аударумен айналысады. Бүкіл саналы ғұмырын Пушкин өлеңдерін аударуға арнап келе жатқан Вуд – РФ Пушкин медалінің иегері.

 –Аудармашы бейнебір сиқыршы сынды. Ол өзге тілдегі түсініксіз дыбыстар жиынтығын немесе бейтаныс сөздерді оқырман қауым үшін түсінікті ойларға айналдырады. Пушкин аударма ісіне оң көзбен қараған. Ұлы ақын аудармашыларды ағарту сәйгүліктеріне, алушыға хабарды тұтас және бүлдірмей, мағынасын бұзбай жеткізетін сенімді елшілерге теңеген. Алайда итальяндықтар аударма ісін сатқындық пен жалғандықтың тәжірибесі ретінде қарастырады. Негізі, екі пікір де дұрыс. Өйткені аударма – өте маңызды жұмыс. Оқырман аудармашыға немесе өзі оқып отырған аудармаға қаншалықты сенуге болатынын білгені жөн.

Анатолий КИМ, жазушы, аудармашы, сценарийші, драматург (Ресей)

Көрнекті жазушы Анатолий Ким 1939 жылы Қазақ КСР-інде (Сергиевка ауылы) дүниеге келген. 1971 жылы Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Шығармалары 1973 жылдан жарияланып келеді. Қаламгер 1991-1995 жылдары Сеул қаласындағы Корея Республикасының университеттерінде оқытушылық етеді. Әрі қарай «Ясная поляна» журналының бас редакторы болған (В.Толстоймен бірге). Ресейде жүзден астам кітабы жарық көрген. Ким М.Әуезовтің, Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Кекілбайдың кітаптарын қазақ тілінен орыс тіліне аударған. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» кітабын аударғаны үшін Қазақ ПЕН клубының Ю.Казаков атындағы сыйлығына ие болған (2000). Бұдан бөлек корей тілінен орыс тіліне де аударма жасайды. Бес фильмнің киносценарийін жазған. Соның ішінде «Кек қайтару» фильмі бірнеше киножүлдені жеңіп алған. Драмалық шығармалары Қазақстан, Ресей, Литва, Польша, Жапония елдерінің сахналарында қойылып келеді. Көптеген әдеби сыйлықтардың иегері. Бірнеше жыл Қазақстанда тұрған. Шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған. КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

–Мен сананың Сөз атты тамаша бір құралы жөнінде сөз еткім келеді. Таңғаларлығы – бір түсінік осынау әлемдегі сан алуан тілде қалайша әртүрлі дыбысталады десеңізші! Егер сөздің ерекше, ғажайып ерекшелігі болмаса, онда екі елдің адамы бір-бірін түсіне алмас еді. Бұл оның екі түрлі сипаты барын аңғартады: дыбыстық және дыбысталмайтын – мағыналық. Еңбекқор аудармашылар сөздің жалпы мағынасын екі тілде де біртұтас ете алса, онда оқырман қандай шығарманы жатсынбай қабылдайды. Оқырман мен шығарма арасында өзара түсіністік пайда болады.

 

Ким ХЁНТХЭК, әдебиеттанушы ғалым, аудармашы (Корея)

 Ким Хёнтхэк Кореядағы Хангук шет тілдер университетін бітірген. 1985-1990 жылдары АҚШ-тың Канзас штаты университетінің аспирантурасында славян филологиясы кафедрасында оқыған. Ғылыми жұмысын «Кеңестік үш жазушы және «Жаңа өсиет»: Ю.Домбровский, В.Тендряков, Ш.Айтматов» тақырыбында қорғаған.  1990 жылдан Хангук шет тілдері университетінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болған. Аталған оқу орнында кафедра меңгерушісі, декан және ғылыми проректор болып қызмет атқарған. 2003 жылдан бастап құрметті профессор ретінде шақырылып, корей әдебиеті мен мәдениетінен дәріс оқиды. Осы кездері Славянтану Корей ассоциациясына президенттік те еткен. 2009 жылдан Корея Республикасы білім беру, ғылым және технология министрлігіне қарасты ғылыми ізденістер Корей қорының гуманитарлық ғылымдар департаментінің төрағасы. Оқытушылық қызметінен бөлек орыс әдебиеті мен мәдениеті жөнінде 20 кітап шығарған, орыс классикалық әдебиеті бойынша он кітапты орыс тілінен корей тіліне аударған. Елуден астам ғылыми мақаланың авторы.

 –Аудармашының басты қызметі қандай? Ол жазушыға шетелдік оқырмандарымен жүздесуге мүмкіндік береді. Осылайша аудармашы жазушыны шығармашылық жалғыздықтан құтқарады. Аудармашы қаламгердің өзіне ғана тән қайталанбас тілін түсіне алуы керек. Оның бойында өзі аударып отырған шығармадағы сөздерге өзге тілде көркем балама таба білетін таланты болуы тиіс. Бұл орайда жазушы да, аудармашы да бірдей жауапкершілікке ие.

Цю ХУАДУН, жазушы, әдебиеттанушы ғалым (Қытай)

Цю Хуадун  Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген. Қысқа әңгімелерден тұратын алғашқы шығармалар жинағы 18 жасында жарыққа шыққан. Сол себепті Ухань университетінің қытай тілі және әдебиеті факультетіне ешқандай сынақсыз қабылданады. Ухань университеті Әдебиет ғылымдарының докторы ретінде «Халықтық әдебиет» атты ұлттық әдеби журналдың бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. Лу Синь Әдебиет академиясының вице-президенті де болған. Қытай жазушылар одағы Басқармасының және Президиумының мүшесі. Шығармалары әлемнің 7 тіліне аударылған. Жиырмадан астам қытай әдеби сыйлығының иегері,

 Аударма дегеніміз – шығарма жазғанмен бірдей шығармашылық жұмыс. Сол себепті жақсы аудармашыларды белгілі бір деңгейде жазушы ретінде де қабылдауға болады. Кім-кім де аудармашылардың әдебиетке қосып жатқан үлестерін жоққа шығармауы керек. Қазір «романдардың дәуірі өтіп барады» деген сөз жиі айтылады. Шынымен, болашақта романдар жоқ болып кетуі мүмкін бе? Жоқ! Өйткені роман деген – шығармашылық. Біз өзге елдің әдебиетін тануда әлі де Тіл атты құралды қолданамыз, ал әдебиет дегеніміз – тіл өнері. Тіл барда – роман да бар.

Марина Влад КАРЦЕВА, әдеби сыншы, аудармашы (АҚШ)

 Марина Влад Нью-Йорктегі Хорас Манн мектебін өнер тарихы бойынша үздік бітірген. Нью-Йорк штаты университетіне қарасты Пёрчас колледжінің «әдебиет» факультетінің түлегі. Аталған оқу орнында «Аударма мәдениеті» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғаған. Кітаптар мен кинофильмдерге жазылған көптеген рецензиялардың авторы. Аударма кітаптарға стилистика жағынан редакторлық етуімен де танымал. Бірнеше романды орыс тілінен ағылшын тіліне аударған. Америкалық ПЕН клуб мүшесі (аударма бөлімі).

 –Жазушылар мен аудармашылардың аға буыны кеңестік баспагер-редакторлардың «өсиеттерін» әлі де ұмытпаған болар. Олар шығарманы кітаптың атауынан бастап адам танымастай етіп өзгертіп жіберетіндерімен әйгілі болған еді. Мәселен, америкалық жазушы Митчел Уилсонның «Қараңғылықтағы өмір» атты кітабының бастапқы атауы «Найзағаймен өмір сүру» болғанын білесіз бе? Өйткені, кітап электр қуатын зерттеушілерге арналған болатын. Кезінде дәл осы кітапты орыс тіліне аудару саяси тұрғыда жазушының прогресшіл көзқарастарына негізделіпті. Сол себепті, аудармашылар жазушының шығармасына нұқсан келтірмей, ойын бұрмаламай, өз кәсібін адалдықпен атқаруы керек.

Кристина ЗЕЙТУНЯН-БЕЛОУС, суретші, иллюстратор, ақын, аудармашы (Франция)

Белгілі француз суретшісі Кристина Зейтунян-Белоус Мәскеу қаласында дүниеге келген. Бала кезінен Парижде тұрады. Париж университетінде білім алған. 2010 және 2019 жылдары орыс тілінен француз тіліне шебер аударғаны үшін (А.Белыйдың поэмасы мен Г.Брускиннің кітабын) «Русофония» сыйлығына ие болған. Аударма бойынша еуропалық грант иегері. Жалпы, орыс тілінен француз тіліне 80-нен астам кітапты аударған. Аударма саласы бойынша көптеген әдеби сыйлықтың иегері. Бірнеше орыс заманауи поэзиясы антологиясының құрастырушысы әрі аудармашысы. Ақын-аудармашы жыр жинақтарына алғысөз жазуымен де белгілі. Орыс және француз тілдерінде өлең жазады. Бірқатар шет елдерде жеке көрмесін өткізген. Жиырмадан астам кітаптың иллюстрациясын жасаған.

–Мен аударма ісіндегі жануарлар әлемі туралы бірер сөз айтқым келеді. Кей жануарлардың атауы кей тілдерде мүлдем жоқ (ғылыми латын тілін айтпағанда). Немесе кей атаулар өте сирек қолданылатындықтан көп оқырманға таныс емес болып келеді. Аударма ісінің осындай қиындықтары аудармашыны ізденістерге жетелейтінімен қызықты да.

Владимир ЛИДСКИЙ, ақын, жазушы, кино тарихшысы, драматург (Қырғызстан)

Владимир Лидский 1957 жылы Мәскеуде дүниеге келген. С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының түлегі. «Орыс садизмі», «Сәбилерді ұрып-соғу», «Біздің тек жайлы ертегі» романдарының, бірнеше повесть, әңгіме және өлеңдер жинағының авторы. Кинотануға қатысты бірнеше еңбектің авторы ретінде де белгілі. Лидский «Орыс сыйлығының» (2014, 2016 жж.), Андрей Белый, Бунин, Алданов атындағы сыйлықтардың, «Арша» (Қырғызстан), «Еркін садақшы: Күміс оқ» сыйлықтарының (2014, 2015 жж. АҚШ) иегері. Драматургиялық байқаудың (Германия) жүлдегері. Қырғызстан Республикасы Кинематографистер одағының мүшесі.

–Мен қауіпті тәжирибені өзіңе жасағаның дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, аударманы. Өйткені мен соңғы жеті жыл ішінде өзге тілді кеңістікке абыроймен ену үшін сауатты кәсіби аудармашы іздеумен келемін. 2012 жылы алғашқы «Орыс садизмі» атты романым жарық көргелі бері менің туындыларым әлемдік бірнеше әдеби сыйлықтарды жеңіп алды. Әйтсе де, бұл менің шығармаларыма өзге тілдерде жарық көруге жол ашқан жоқ. Неге? Себебі аударма үшін көп қаржы керек. Егер біз аударылмайтын болсақ, егер бізді ешкім аудармайтын болса, онда әлем елдері жазушыларының арасында ешқандай шығармашылық байланыс болмайды немесе бұрыннан бар байланыс бұзылады. Байланыс жоқ жерде адами қызығушылық та жоқ.

Юсуф АМИНЕ ЭЛАЛАМИ, жазушы, әдебиеттанушы ғалым (Марокко)

 Белгілі марокколық фантаст жазушы Юсуф Амине Эллалами 1961 жылы Лараш қаласында (Марокко) дүниеге келген. Нью-Йоркте білім алған ол сегіз кітаптың авторы. Соның үшеуі көші-қон мәселесіне арналған. Француз тілінде жазған шығармалары бірнеше шет тілге аударылған. Бүгінде Рабатта тұрады. Кенитре университетінің профессоры. Әдебиет, өнер, БАҚ және коммуникация бойынша дәріс оқиды. Коммуникация бойынша философия ғылымдарының докторы. Көптеген әдеби сыйлықтардың иегері. Халықаралық Марокко ПЕН клубының ұйымдастырушысы және Төрағасы.

– Әдеби аударма дегенді көбіміз бір тілдегі көркем шығарманы екінші бір тілге бейімдеу ретінде қабылдаймыз. Алайда әдеби аударма аударманың кез келген түрінен анағұрлым қиын және күрделі. Өйткені әдеби аударма көркем шығарманың эстетикалық, поэтикалық және коммуникативтік сипатын айшықты түрде бере білуі керек. Бұл әдеби аудармашының шығарманы өзі  жазып шыққанымен бірдей. Құр сөзбе-сөз аудару арқылы әдеби шығарманың тереңдігі мен мән-мағынасын аша алмайсыз.

Сұхбаттасқан және материалдарды дайындаған

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір