Кашмирге сапар
20.09.2019
1015
0

 

(Дулати дүниесі қалай түгенделді?)

(Соңы. Басы өткен санда)

Нәби аға әңгіменің ғана шебері емес. Ойын әдемі жеткізіп, орнықты жазуға да әбден машықтанып алған. Кейбір ойларын алдын-ала қағазға түсіріп, маған салып жібергенінен соны аңғардым. Сонымен, Кашмирдегі саяси ахуал ушығып тұрған сәттегі Мұхаммед Хайдар Дулат мазарын іздеу сапары қалай болғанын Нәби ағам ары қарай тарқатты.

– Сринагарға Нью-Делидегі Индира Ганди әуежайынан ұшып, бір сағаттан аса уақытта жеттік. Делегацияны жоғары деңгейде күтіп алып, Кашмир астанасының солтүстік шығысындағы Дал көлінің бетінде сандал ағашынан үй-қайық сипатында жасалып, жиекке байланған қонақүйлерге орналастырды. Қоңыр салқын ауа райы, таулы жерде өскен қарағайлары Алматыны еске салады. Сұлтандар зираты саналатын «Мазар-и Салатин» қорымына келесі күні таң ата жолға шықтық. Ол Гималай тауынан бастау алатын Желам өзенінің бұралаң тұсында орналасқан екен. Сол заматта теле-радиолардан Пәкістан жағынан үш мыңнан астам қарулы моджахед Кашмир аумағына басып кіріп, үнді сарбаздарымен қарулы қақтығыс басталғаны және әуежайдың жабылғаны туралы суыт ақпарат тарай бастаған. Делегацияны үрейлендіріп алмайын деп, жағдайды түсіндірдім. Ол қақтығыс кейін Үндістандағы үш айлық Каргил соғысы» деген атпен тарихқа енді. Сонымен, Кашмир соғыс режиміне көшті. Ал делегация мүшелері ағылшын тілін білмегендіктен айналада болып жатқан көп нәрседен хабарсыз еді. Сирнагарға жеткендеріне, өздерін жақсы қарсы алғандарына риза. Тіпті, жанымызға қосып берген сарбаздармен суретке жиі түсе бастады. Мұның бәрі ол кезде өте қатерлі еді. Ақыры,оқыс жағдай «Мазар-и Салатин» қорымына келіп, Мұхаммед Хайдар Дулат бейітін көргенде туындады. Ағаларымыз бәрін ұмытып, эйфорияға мүлдем беріліп кетті. Құран оқылып, суретке түсіп жатқанда өңі бұзылып кеткен Кашмир Білім беру министрі маған жүгіріп келіп, «Снайпер моджахедтердің қорым маңына жинала бастағаны туралы хабар түсті. Кенеттен төтенше жағдай туындауы ықтимал. Тездетіп тау басындағы «Гулмарг» деген жерге кету керек»,– деп ескертті. Алдында ғана делегацияны алып келу үшін қорымның біз жүреді-ау деген жерлері үш рет миналардан тазартылғаны айтылған. Дереу бәріне естіртіп, тез арада кету керегін айтып жатсам, Қазыбек ағамыз «Бұл жерге зорға дегенде жеттік. Өлсек өлерміз – Құлпытастағы жазуды қағазға қолмен түсіріп алмай кетпейміз. Солай ғой, Әбсаттар аға,деп қойып, ісін жалғастыра берді. Оны ойында түк жоқ Әбсаттар аға да қолдады. Амал жоқ, Әбсаттар ағаға жақындап, басқаларына естіртіп тұрып, «Сіздің дипломатиялық лауазымыңыз менікінен жоғары болғанымен ,Үндістан Елшілігінің пәрмені  бойынша делегацияға мен жауаптымын. Сондықтан мынадай қатерлі сәтте аман-есен қауіпті аймақтан алып кету, елге дін аман жеткізу – тікелей менің міндетім! Ал құлпытастағы жазуды фотоға-ақ түсіріп алуға болады. Тіпті, Елшіліктің күшімен бейбіт күндері қағазға түсіріп, салып жібереміз. Егер маған жасы кіші деп қарап, айтқаныма көнбесеңіздер, басқаша көндіріп, елге барған соң екінші қайта шетелге шығартпауға күш салам»,– дедім. Сонда ғана Әбсаттар аға енді оянғандай «Нәби дұрыс айтады» деді. Мұндайда әр минут емес, секунд қымбат екені түсінікті ғой. Содан Гулмаргке жеттік. Базар ортасындағы тар жолдан аман өтсек деп іштей тілеп отырдым. Өйткені алдыңғы көлікті тоқтатып тастаса, колонна қоршауда қалады. Гулмарг деген демалыс орны әсемдігімен көз тартып, қатты ұнады. Ол жерде біраз болып, айнала тынышталғанда қонақүйге келдік. Ертеңінде Кашмир университетінде Халықаралық семинар өтті.

          – Бабамыздың зираты жақсы сақталып па?

– Қорымға кірер тұстағы бір көлік қана сыятын тар жол базардың ортасымен өтеді екен. Бізге бірнеше көліктен бөлек бес-алты қарулы сарбазы бар тағы бір көлік қосып берген. Солардың қорғауымен қорымға жеттік. 1551 жылы орнатылған құлыптас жақсы сақталыпты. Ағылшын дәрігері У.Моркрофтың (1770-1822) ұйымдастыруымен 1822 жылы қойылған екінші құлпытаста парсы тілінде он сегіз қатар жазу бар екен. Тараздағы М.Х.Дулат ескерткіші түбінен алып келген топырақты ұлы ғалым зиратына сеуіп, сол жерден топырақ алынды. Кешке Кашмир провинциясының губернаторы Гириш Саксина мен Бас министр Фарух Абдолла делегацияны қабылдап, қонақасы берді. Қонақасыға бізбен бірге Білім және ғылым, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық министрлері, Кашмир университетінің ректоры М.Забири және басқа да үлкен ғалымдар қатысты. М.Х.Дулат қабірінің басына ескерткіш қою, Сринагарда ғұламаның атына көше беру мәселесі әңгіме болды. Құлыптасты екі ел бірлесіп қойсақ деген ұсыныс айтылды.

–Дулатиды соңғы и-ды қоспай, Дулат деп қана айтуыңыздың қандай мәні бар?

–Мұхаммед Қайдар Дулаттың «Тарих и Рашиди» атты еңбегі 4-5 ғасыр бойы көшіріліп, дүние жүзі елдеріне кеңінен таралған. Алғаш 1895 жылы Лондонда Д.Росс аударып бастырған. Қазақстанда қордың ұйымдастыруымен парсы тілінен қазақ тіліне аударылды. Бізге жеткен сол тарихи жәдігер «Тарих и Рашиди» шығармасының ағылшын тіліндегі нұсқасында аты-жөні Дулати емес, Дулат деп қана аталады. Сол күйінде пайдаланудың орнына біздің кейбір ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз парсының дәстүріне салып, соңына «и» әрпін қосып жазуды әдетке айналдырып алды. Бір қарағанда,онда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Алайда бұл ұстаныммен біз бір тарихи тұлғадан екі тұлға жасап алғандай боламыз. Қаншама жылдардан кейін зерттеушілер бірі Дулати есімді, екіншісі Дулат есімді тұлғаларды іздеп, уақытын кетіруі және жұртты шатастыруы әбден мүмкін ғой.

Елшілікте жүргенде өзге де тұлғаларымызға қатысты игі істердің басы-қасында болдыңыз. Соған да қысқаша тоқтала кетсеңіз…

– 1993 жылы конкурстан өтіп, дипломатиялық қызметке алындым. Содан бері Сыртқы істер министрлігінде істеген 26 жыл ішінде Үндістан (Оңтүстік Азия өңіріндегі атомға ие держава), Ресей (Шығыс Еуропа өңіріндегі атомға ие держава), Франция (Батыс Еуропа өңіріндегі атомға ие держава), Индонезия (Оңтүстік Шығыс Азия өңіріндегі ірі ел. 260 млн халқы бар) және Өзбекстан (Орталық Азия өңірінің барлық мемлекетімен ортақ шекарасы бар ірі ел) елдерінде ұзақ мерзімді іссапарларда болып, сыртқы саясатты жүзеге асыру мәртебесі тиді.

Үндістандағы Елшілікте жүргенде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің дүниеге келуі үшін Үндістан тарапынан қолдау алып беруді жүзеге асырдым. М.Әуезовтің 100 жылдығын Үндістанның Жазушылар одағы мекемесінде және Джавахарлал Неру университетінде атап өтуді ұйымдастырдым. Үндістандағы Қазақстанның мәдени күндерін өткізуге атсалыстым. Академик З.Қабдолов, академик М.Қозыбаев, жазушылар Б.Нұржеке, Аян Нысаналин және Байұзақ Албаниді Калкуттадағы Рабиндрат Тагордың үйіне алып бардым.

Мәскеудегі Елшілікте жүргенімде ҚР делегациясын үш күн, үш түн алып жүріп, Қадырғали Қосымұлы Жалайыр атамыздың Қасымов қаласындағы Мұсылмандар зиратында жатқан жерін анықтап, жарты тонналық белгі тас орнаттық. Қасымов татарларының қолдарындағы ақпараттарға сүйеніп, елге келген соң жадымызды жаңғырту мақсатымен Жалайыр атамыз жайында «Алтын бесік», «Қазақ өркениеті» журналдарында мақалалар жарияладым. Ресейдегі Қазақ диаспорасымен жұмыс істеп, жан-жақты көмектестім. СІМ-ге қайтып келгенімде Сунақ ата қорының сұранысына сай Сығанақ қаласында X ғасырда өмір сүрген ғұлама Хисамиддиннің «Нихая» атты еңбектерін Мысырдан таптырып, елге алғызуға мұрындық болдым. Дипломатия саласындағы мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін 17 пайыздан 60 пайызға көтердім.

Париждегі Елшілікте жүргенімде Мұстафа Шоқайдың Париж түбінде 23 жыл тұрған Ножан-сюр-Марндегі үйінің жанынан «Шоқай бағын» аштырып, оған мүсін орнату және туған жері Наршоқыдан үш түп ағаш әкеліп отырғызуды іске асыруды ұйымдастырдым. Францияның «Ла шеп» елдімекенінде Аттила ескерткішінің ашылу рәсіміне ҚР делегациясының қатысуын ұйымдастырдым. Француз тіліндегі поэзия порталына Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы мен Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына орай өлеңдерін Францияның белгілі ақыны Атанас-де-Трасимен бірге аударып, жарияладық. Францияда тұратын қазақтардың балалары үшін Елшілікте қазақ тілі курсын тегін ашуды ұйымдастырдым.

Жакартадағы Елшілікте жүргенімде 1473 жылы Индонезияға Самарқандтан барып, алғашқы мешітті салып, исламды таратқан Ибрагим Мәлік әулиенің Демак қаласындағы бейітіне барып, мешітін көріп, зиярат етіп қайттым. Индонезиядағы Қазақ диаспорасына көмек бердім.

Ташкенттегі Елшілікте жүргенімде Қазақ пен өзбек елі арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығын жоғары деңгейде тойлауды, 30 жыл бойы Өзбекстанда болмаған Құрманғазы оркестрінің Самарқанд пен Ташкент қалаларындағы концерттерін ұйымдастырдым. Өзбекстандағы қазақтың қастерлі орындарын зерттеп, толықтырумен айналыстым. Айта берсе, талай дүние бар. Дегенмен әдебиет пен мәдениетке қатысты соқталы еңбектерге ғана тоқталған жөн шығар.

–Әңгімеңізге көп рақмет! Тілді, ұлтты шынайы ойлайтын өзіңіздей елшілер азаймасын!

Қ.Әбілқайыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір