Кашмирге сапар
13.09.2019
1155
0

(Дулати дүниясы қалай түгенделді?)

Айналамызда түрлі тағдырлар, арғы-бергі тарихқа тарыдай болсын үлесі бар тұлғалар өте көп. Бірі тірісінде бағаланса, енді бірі елеусіз ғана өтіп кете береді. Мұрсалнәби Тұяқбаев өзінің саналы ғұмырын еліне, елінің өзге елдермен жақсы қарым-қатынаста болуына арнап келеді. Ол кісі қызмет еткен орындарды, ол кісі атқарған жұмыстарды, ол кісінің табаны тиген мемлекеттерді жіпке тізсек, газетіміздің біраз бетіне жүк болар. Сондықтан өзін сөйлетіп көрейік.

Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати қайда жатыр?

Мұрсалнәби атты есімін өзімсініп Нәби аға деп қысқартып алғам. Елшіліктегі әңгімелері бірінен бірі өтеді, жалықтырмайды. Дегенмен, Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз туралы естелігі тым бөлек. «Бабамыз туралы алғаш 1990 жылдары Мәскеудегі аспирантурадан келіп, елде жүргенімде бір газеттен оқыдым. Әсері күшті болды. 1993 жылы дипломатия саласына жұмысқа шақырылып, 1997 жылы Үндістанға ұзақ мерзімді іс-сапарға аттанарда есіме ең алдымен сол мақала түсті. Кеудемде бабамыз жайында бір дерек кезігіп қалар деген үміт оты жанды. Алайда бұрын-соңды шетелде жұмыс істеп көрмеген мен үшін дипломатиялық қызметті меңгеру, бос уақыт табу оңай болмады. Әріптесім Қ.Домбайдың да баба есімінен хабары бар екен. Бір күні «Тарихи Рашиди» атты кітабының ағылшынша нұсқасын тауып, Елшіге көрсетті. Елші кітап көшірмесін СІМ-не жолдауды маған тапсырды. Сосын Дулатиды зерттеу мақсатымен Кашмирге барып қайту туралы Елшіге ойымды айттым. Бірақ, тарихты жақсы білетін Елші Р.Т.Ыбыраев нақты қадамға бармады», – деп, кофесінен бір ұрттап қойған Нәби ағам, көп ұзамай қайта көсілді.

Мұхаммед Хайдар Дулатидың ізіне түсіп, ізденуім Елші Р.Т.Ыбыраевты А.О.Шәкіров ауыстырған кезден басталды. Бір күні Сыртқы істер министрі (қазіргі президент) Қ.Тоқаевтың қолы қойылған хат келіп түсті. Хатта Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінде кеңесші болып істейтін Ә.Дербісәлінің Дулатиды толық зерттеп, жатқан жерін іздеуге өз қаражатымен Үндістанға бара жатқаны, соған байланысты қажетті көмек беру керектігі жазылыпты. Содан Елші А.О.Шәкіров Ә.Дербісәліні қарсы алуды, жан-жақты көмек беруді маған тапсырды. Қатты қуандым. Көптен армандап жүрген ісімді қолға алудың реті келді деп ұқтым. Ә.Дербісәліні сырттай естігенмен жақын таныс емес едім. Дипломат болып жүріп, ғылыми ізденіспен арнайы сұранып сапарға шығуы оған деген құрметімді оятты. Нью-Дели әуежайынан қарсы алғаннан ақжарқын көңілімен ілезде баурап алды. Әңгімесінен Дулатидың жатқан жерін іздеп талай жыл Қытай мен Пәкістанға жасаған сапарлары оң нәтиже бермегенін, ендігі бар үміті Үндістанның Кашмирінде екенін ұқтым.

Кашмирге сапар

– Ол кезде Кашмирдегі ахуал қандай еді? Сапар қауіпті болған жоқ па? – деймін, Нәби ағам кофеге қол созған сәтте.

– Шынын айту керек, Кашмирдегі жағдайды дипломат ретінде тұрақты зерттеп, біліп отырғандықтан, ол жаққа сапар шегу – өте қауіпті іске бас тігумен тең болатын. Ол кісінің ғылыми зерттеуге соншалық берілгенін ұғып, сүйсінсем де, саяси текетіресі қаншама жылдар бойы үдемесе, бір кемімеген Кашмир сияқты қауіп-қатері зор күрделі өңірге еш дайындықсыз барып-қайтуға бел шешіп, жалғыздан жалғыз сапарға шығуы мені өте таң қалдырды. Ондай батыл қадамды, меніңше, алдын-ала дайындықтан, баратын жерді жан-жақты зерттеуден кейін ғана жасау керек сияқты. Министрдің өзі қауіп-қатері мол, өте жауапты сапарға рұқсат беріп, «Көмек беріңдер», – деп бұйрық тастаса, тәуекел етуге болар деп ойладым. Негізі, Елшінің «Ол жаққа бару қазір қауіпті. Қолайлы күндерді күте тұрыңыз» деуге құқығы бар. Елші ондай ештеңе айтпады. Сонымен, Ә.Дербісәлі Елшіден Кашмирге бірге баруға бір кісіні ертіп жіберуін өтінді. Жауапкершілік маған жүктелді. Сондықтан жағдайдың күрделілігін түсініп, ол кісіге көмек берудің ең тиімді жолдарын іздей бастадым. Өйткені, Кашмирге іс-сапармен барған Батыс елдерінің кейбір тұлғалары ұшты-күйлі жоғалып, неше жылдар бойы өлі-тірісі белгісіз кеткенін ақпараттардан оқығам. Оны айтсам, онсыз да көңілі күпті болып, қобалжумен жүрген және өз қаражатына көз көрмеген, белгісіз елге сапарға шыққан Әбсаттар ағаны қорқытып алам ғой. Сринагарға бара қалған күнде қорқыныш пен үрей қате қадамға бастауы да мүмкін. Дегенмен, Кашмирдегі жағдайдың ауыр екенін ескертіп, сапардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге тырысатынымды айттым. Ең алдымен тарихшы ғалымды табу керек. Әбсаттар ағаның «Араб тілін білетін ғалым болса» деген өтінішін ескеріп, Нью-Делидегі Кашмир штатының өкілдігіне ертіп барып, жауапты тұлғамен кездестірдім. Мән-жайды түсіндіріп, араб тілін білетін кашмирлік ғалым тауып беруін, сондай-ақ, кейбір шетелдіктердің ұшты-күйлі жоғалып кеткені сықылды деректерден хабардар екенімді білдіріп, сапардың қауіпсіздігін қамтамасыз етулерін сұрадым. Ол кісі маған Кашмир астанасы Сринагардағы университеттің Араб тілі кафедрасының басшысы Рафики мырзаның реквизиттерін берді. Қауіпсіздік мәселесін шешуге де уәде етті. Сонымен, Әбсаттар ағаны алдымен Аллаға, сосын, Рафики мырзаға аманаттап қала бердік.

Үміт пен қауіп

 Саяси тұрақсыздықтан мезі болған аймаққа Ә.Дербісәлі ағамыздың қорықпай аттанып кеткеніне елде отырған мен де таң қалдым. «Сонымен, бейітті іздеу неден басталыпты?» – дедім, тағатсыздана.

– Оны Әбсаттар ағаның да, Рафикидің де тәптіштеп айтып беруге уақыты болмады. Делидегі Кашмир өкілдігінің басшысы «Әбсаттар ағаның жанынан бір елі қалма», – деп профессор Рафикиге жүктепті. Мына қызықты қараңыз, Рафики тауып берген Мазар-и Салатин қорымына ертеңіне таң ата Әбсаттар аға ешкімге айтпастан, өзі кетіп қалыпты. Қонақүйге Рафики келсе Әбекең орнында жоқ. Қайда кеткенін көрген-білген тағы ешкім жоқ. Үрейі ұшып, амалы таусылған Рафики салып ұрып Мазар-и Салатинге келсе, Әбсаттар ағамыз ағылшын У.Моркрофтың қойған құлпытасындағы жазу бетін сулы шүберекпен тазалап жүр екен.

«Ер екен!» – дедім, риза болып. «Рас, рас!» дегендей, қайта-қайта басын изеген Нәби аға әңгімесін жалғай берді.

– Әбсаттар ағаның барлық үмітті елшілікке артып, тәуекелмен шыққаны белгілі болғанын басында айттым ғой. Оның үстіне, ол кісі арабшадан басқа шет тілін білмейді екен. Сондай-ақ, Үндістанда, Кашмирде бірде-бір кісіні танымайтынын, араб елдерінде өзін еркін сезініп, тез тіл табысып кете алса да, үнділіктер мен кашмирліктердің мінез-құлықтарынан, психологиясынан бейхабар екенін өзі ашық айтты. Кашмирде кездесулер мен келіссөздер барысында сол елдің дипломатиялық ережелеріне сәйкес келмейтін ерсі қылықтар жасап қоям ба деген күдігі барын да жасырмады. Сондықтан Елшіден ағылшын тілінен және кашмирліктердің мінез-құлқынан, дипломатиясынан хабары бар мені өзіне қосып беруді сұрады. Мен қуана келістім. Ғалыммен бірге Кашмирге саяхат шегіп, ғылыми экспедицияға бару мен үшін маңызы зор тарихи сәт еді. Мақтана кетейін, Әбсаттар ағаның сапарының сәтті, нәтижелі болуына, ең алдымен, дипломат ретінде менің жергілікті, соның ішінде Кашмирдің ғалымдарымен, зерттеушілерімен, қоғам қайраткерлерімен жақын таныстық, достық қарым-қатынаста болуым көп жәрдемін тигізді. Алдымен Дели университетіндегі жақын досым, Тарих факультетінің профессорына телефон шалып, экспедиция бағыты жөнінде жақсылап ақылдастым. Ол Үндістанның Ұлттық тарихи зерттеу институтының директорына хабарласып, сол жерде Орта ғасыр тарихына қатысы бар тарихшыларды жинайтынын айтып, солармен кездесу ұйымдастырып, пікір алысуды ұсынды. Бұл ойды Ә.Дербісәліге айтып ем, дереу келісе кетті. Тарихшы досым да, Ұлттық тарихи зерттеу институтының директоры да хат жазуды талап етпей, бюрократияны айналып өттік. Әйтпесе оның жұмысы аз емес. Ғылыми отырысымызда Ә.Дербісәлінің мақсатын ағылшынша (Қазақ дипломаты ретінде кездесулерді тек қазақ және ағылшын тілінде жүргізетінмін) жақсылап түсіндірдім. Үнділік тарихшылар ислам дінін Үндістанда таратуда ирандықтар мен арабтарға қарағанда, негізінен, Орталық Азияның сопылары ең басты рөл ойнағанын, соның бірі Мұхаммед Қайдар Дулати екенін, алайда оның зиратын табу мүмкін еместігін, өйткені түркі халықтары атақты тұлғаларының басына кереметтей мазар орнатып, іші-сыртын әшекейлейтін ирандықтардай емес, тұлға неғұрлым ұлық болған сайын, бейітін соғұрлым қарапайым етіп, көбіне үлкен бір тас қоюмен шектеліп келгендерін ескертті. Мұны естіп, Ә.Дербісәлінің көңіл-күйі қатты түсіп кетті. Оның үстіне мені қосып беру жөніндегі өтініші Елші тарапынан шешілмепті. Содан менің де көңілім құлазыды. Әбсаттар аға сонда да алған бетінен қайтпай, Кашмирге барып, бәрін өз көзімен көріп қайтатын болды. Қайсарлығы маған қатты ұнады. Үнді тарихшыларынан көп мағлұмат алып, жаңа әріптестер тауып, Әбекеңнің көңілі көтерілген сәтінде бәріміз ғимарат алдында суретке түстік. Осы арада үнді халқының мінезіне қатысты бір оқиға айта кетейінші. Сол суретке түскен жерімізде бейнекамера мен фотоаппаратты ұмытып кетіппіз. Оны тамақтануға барған кезімізде бір-ақ байқадық. Амал жоқ, қайта баруға тура келді. Бәрімізде «Тұр ма, біреу алып кетті ме?» деген күдік бар. Келсек, заттарымыз тап сол орнында тұр. Ары-бері өтіп жатқан жұртқа қатты риза болдық, – деді Нәби ағам, осы қазір ғана сол жерден келгендей дән риза көңілмен. «Үнділіктер, соның ішінде кашмирліктер бұл істің қолға алынуына қалай қарады?» – деймін мен де тықақтап.

– Үндістан тарапы бұл істің қолға алынуына оң қабақ танытып, қолдарынан келген барлық жәрдемін берді. Кімге барсақ та, мұхият тыңдап, түсіністік танытты. Кашмирліктер тіпті ерекше қуанды. Нью-Делиде қызмет ететін бір кашмирлік кездесу кезінде Шыңғысхан шабуылының алдында Орталық Азиядан бір күнде Сринагарға жеті жүз әулие көшіп жеткенін атап өтті. «Соның ішінде Хамадани әулие де болған», – деді.

Тағы да Кашмир

Ұзын сөздің қысқасы, Кашмирдегі Рафики ертіп апарған Мазар-и Салатин атты қабірстаннан Әбсаттар ағамыз Дулатидың бейітін тауып, суретке түсіріпті. Алайда қарапайым фотоаппараттың сапасыздығынан суреттер тұнық шықпапты, ештеңе көре алмадық.

 1999 жылы сәуір айының аяғында маған Үндістан Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азия елдерін қадағалайтын дипломат телефон шалып, «Мұхаммед Хайдар Дулати деген кім?» – деді. «Телефонмен түсіндіру қиын. Уақыт тапсаңыз, жолығып айтып берейін», – дедім. Бірден келісті. Мені әбден тыңдап, не көмек керегін сұрады. Нью-Делиде халықаралық конференция, Кашмир астанасы Сринагарда халықаралық семинар ұйымдастыру қажеттігін айта бастап ем, «Қандай бастама көтерсеңіздер де қолдаймын. Тек хат-хабарды уақтылы түсірсеңіз болды», – деді. Сөйтсем, 1999 жылы бабамыздың 500 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту аясында баба зиратынан топырақ алып қайтуға және орта ғасырды зерттейтін үнді тарихшыларымен кездесуге қолдау көрсетуді сұраған хат Қазақстандағы Үндістан Елшілігіне жолданыпты. Елшілік ол хатты өздерінің Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Біздің әңгімеге арқау болған сол хат екен. Көп ұзамай, мамыр айының басында Қазақстан мен Үндістан арасындағы үкіметаралық комитеттің қосымша төрағасы Школьниктен хат келіп түсті. Онда мемлекеттік қайраткер, Мұхаммед Хайдар Дулати қорының президенті А.Асқаров делегацияның Үндістанға баруына ұйытқы болып, делегация құрамына Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры У.Бішімбаев, Шығыстану институтының ғылыми зерттеу қызметкері Т.Бейсенбаев және Сауд Арабиясындағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі Ә.Дербісәлі т.б. кіргенін атап, жоғарыда айтылған екі мақсатты жеткізіпті. Содан Елші «Қалай ұйымдастырасың – өзің біл. Мен бәрін қолдаймын», – деп хатты қолыма ұстатты. Делегацияның келуіне 19-ақ күн қалыпты. Мамыр айында Үндістанда көп мұғалім сабақтан босап, үйлерінде жүреді. Алдымен профессор Рафикимен ақылдастым. Ол Сринагар университетін ұсынды. Сосын, Нью-Делидегі Халықаралық ғалымдар орталығы мен Жазушылар академиясының басшыларымен келіссөз жүргіздім, екеуі де құп алды. Жазушылар академиясының сол кездегі басшысы дүниежүзіне танымал ақын Сатчиданондонмен жақын араласатынмын. Содан Үндістанның Сыртқы істер министрлігіне нота жібердік. Жауапты мекемелерге электрондық поштамен, факспен хабарлар жөнелтілді. Жоспарға Дели университетінде, Джавахарлал Неру университетінде дөңгелек үстелді өткізу де, арасында қонақтарды Агра қаласындағы Тәж-Махалға алып барып көрсету де енді. Школьниктің атына да делегацияның келуіне қатысты әзірленген жоспар бойынша көмек көрсетуге дайын екенімізді білдіріп, қазақ тілінде хат жолданды. Сол жолы Елші А.Шәкіров орыс тілді бола тұра, Школьникке жіберілгелі тұрған хаттың қазақ тілінде жазылғанына қарсылық танытып бірде-бір сөз айтпағаны үшін риза болдым. Қолымда бар реквизиттерді пайдаланып, танитын үндістандық ғалымдармен қатар академиялық орта, мәдени орта, іскерлік орта, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдерін конференцияға шақырдым. Сөйтіп жүргенде делегация келетін күн де таянды. Келген қонақтарды Канишка қонақүйіне орналастырып, таң-ата ертемен сағат 6-да автобусқа отырғызып алдым да, бес-алты сағаттық Аграға жол тарттық. Жолай Сикандра қалашығындағы Акбардың кесенесін тамашалап, Аградағы Тәж-Махал кесенесін көріп, қонақүйге түн жарым ортасында қайтып оралдық. Ертесіне Жазушылар одағы ғимаратында халықаралық конференция өткізілді. Зал адамға толып кетті. Дипломатиялық корпус өкілдері де  қатысты. ТМД елдерінің арасында Өзбекстанның және Беларусьтің Елшілері конференцияның аяғына дейін отырды. Ертесіне Дели университетінде кездесу ұйымдастырылып, дөңгелек үстел өтті. Онда ҚР тарихы, мәдениеті мен әдебиеті және ҚД өмір жайында сөз болды. Кездесулер арасында делегацияға Делидегі «Редфортты», «Хумаюн кесенесін», Тұғылықабад қалашығын көрсеттім. Бұл күндер ұлт тарихының түгенделуіне септігін тигізген ерекше сәттердің бірі еді. Дулатидың мазарын табу ғана емес, оны жергілікті тұрғындарға кеңірек таныстырып, ғалым бабамыздың аруағы алдындағы аздаған парызымызды өтедік деп ойлаймын.

Мен Нәби ағаның осы бір шағын әңгімесінен ұлт болашағы үшін атқарылатын жұмыстың қарапайым да шынайы адамдар арқылы жасалатынын білдім. Нәби ағаның Дулати мазарын табуға зор көмек еткенін, ғалым мұраларын зерттеуге, әлемге одан ары танытуға айрықша үлес қосқанын, бірақ өзі ол туралы көп айтуды қаламайтынын білдім. Ізгі адамдар қашанда кішпейіл болатынын, «Мен істедім» деп кеуде ұрмай, қарапайым қалпын сақтайтынын аңғардым.

(Жалғасы бар)

Қ.ӘБІЛҚАЙЫР. 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір