ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЗИЯ АДАМЫНЫҢ ОБРАЗЫ
10.09.2019
981
0

Гомбожавын МЭНД-ООЁО,
ақын (Моңғолия)

Құрлығы бір, тірлігі бір қаламдастар!
Моңғолиядағы жазушылар атынан Сіздерге дұғай сәлем жолдаймын.
Поэзия дегеніміз – тілдік құбылыс бола тұра, қандай да бір елдің қоршаған ортасы, тарихи мәдениеті, дәстүрлі этнографиялық жағына негізделген шығармашылық таланттық әлем; Ғарыштан келетін қуат, сонда сақталатын рухани саналық ақпарат түренімен ұштасатын зау пайымдық ғаламат, ғажайып ғалам.

Дүниежүзіне есімі мәшһүр, дана, жиһангер ұлы суреткер, азиятанушы Николай Константинович Рерих бұдан 100 жылға жуық уақыт бұрын жазған «Азия жүрегі» аталатын ғылыми-танымдық мақаласының әлқиссасында «Азияның жан тамыры тірі ме?» деп сауал қойған еді. Ұлы ғұлама бұл сауалды өзіне ғана қоюмен шектелмей, қазіргі Азия кіндігіндегі бізге арнаған өсиеті ретінде де жолдағандай…
Ол, расында да, Азия құрлығындағы күллі адамзатқа рухани азық болар­лық сана мен пайымның теңдессіз құн­­дылығы бір мүйісте жасырын сақталып жатуы мүмкін деп із кесті. Рухани ілім, эстетикалық сабақ­тастық Батыс пен Шығыста ерекше етенелікпен шүйіркелесуі тиіс деп сенді. Өзара түсінушілік, береке-бірлік, жалпыадамзаттық есентүгел өмір, жалпығаламдық бейбітшілікті пір тұту мағынасы бойынша «Шамбала» ұғымын күллі адамзаттық таңданысқа қарай біршама икемдесе керек. Менің бұл ұғымдарды нақты айтуымның себебі – «Шамбала» сөзінің төркіні аумақтық орналасуға қатысты түсініктен тыс біздің қоңсылас ошарласуымыздың құпиясы һәм тәңіри саналық, ілімдік қорымыздың – қуатты ақпараттық кеңістігі. Бір сөзбен айтсақ, поэзиялық шабытқа жақын, ақындарға ең етене игілік болуы да мүмкін. Дәуірдің рухани гүлзарына сыйланған сондай шайырлардың бірі – Моңғолдың Говь даласынан жарқ еткен ХІХ ғасырдың данагөй ағартушысы, буддист Данзанравжаа еді. Ол тау мен тасқа қашалған ақпараттардың сырын ашумен бірге жоғарғы рухты тылсым бір күшпен тілдесуге ерекше қабілетті жан болған. Жер мен көктің кеңістігінен тап­қан оның орны – «Шамбала» деп әспеттеліп, алыс-жақыннан келетін жиһанкездер жиналатын киелі ұйыққа айналды. Мен оны ақынға тән даналықтың қасиетті құпиясы, нәзира арқылы ұлы абыздықтың биігіне жеткен таңғажайып үр дүниесі деп ойлаймын.
Сөзбен тәпсірлеп сездіретін рухани сана немесе поэзиялық сілкіністің күшті түрені тықсы­рып жеткен кезде өзіңнен кейін­гі барлық уақыт арнасында ой тоқындарын өте көп уақыттар бойы өзіне сақтап мәңгі қала­тын­дықтан мыңдаған жылдар бұрынғы өлең-жырлармен біз бірге жасасып, өткендердің жүре­гінің соққанын да тыңдап жүрміз.
Біздің долбарымыздан да алыс аулақта жазылған бағзы Ве­далардың үн әуендері Тәңір текті рухани санадан, шуақты сүлдерлер арқылы өзге әлемнен түсірілген деген көзқарасты құп­таймын.
Орыстың әйгілі ақыны М.Ю.Лер­монтов бірде: «Гомерден бұрын кім болды?» – деп түрен көтерген деседі. Лермонтовтың сауалы ұлы шығарма туар ал­ғы­шарт, басты тұғырнама қалайда болуы хақ деген ойдан туындаса керек. Солай болған: Азияда бар ондай гәп.
Біздің дәуірімізден бұрынғы екінші мың жылдықта пайда болған Ведалардың ілімі, яғни поэтикалық жыр-дастандары соңыра «Махабхарата», «Раһамая­на» секілді ұлы эпостар арнасымен бізге жеткен.
Сондай-ақ, б.з.б. ХІІ-ІХ ға­сыр­лар аралық нанхиадтардың халық жырларын жинақтаған Күңзінің (Конфуций) «Жырнамасы» – әлем халықтарының тұңғыш антологиясы болуы да мүмкін.
Ұлы түземдік көне көшпелі­лер­дің ұзна әуен үні – бүгінгі Моңғолдың «ұзына әуені» делі­не­тін әуезді өлеңдері немесе Азияның кейбір елдеріндегі, әсіре­се, көне Алтай жұртының ерлік эпостары бағзы кездегі Гомердің заманында, тіпті одан да бұрын болғаны анық.
Сонымен бірге Парсының рубайлары, Қазақтың халықтық толғау-жырлары, Моңғолдардың қос әуезі, әлемдік үш бәйіті, Жапонияның хайкуі, танкасы, Орта Азияның ғазалы, Қытайдың цзы секілді көптеген поэзиялық әуезді құбылыстарды тек Азия ғана адамзатқа ұсына алды.
Үнділердің Галидасаны, Қытайдың Ли Бай, Ду Фуын, Парсының Фердоуси, Омар Хайямын, Моңғолдың Цогт тәйжісі, Данзанравжаасы, Жапонияның Мацуо Басё, Такбоку, Тибеттің Цанянжамц, Түркменнің Мақ­тұм­құлы, Қазақтың Абай Құнанбайұлы, Үндістанның Рабиндант Тагоры секілді көптеген ақын-даналарды адамзаттың құдіретті бау бақшасына Азия ғана сыйлай алды. Демек, ХХ-ХІ ғасырлардағы Азия поэзиясының ықпалы және иеленетін орны жөнінде де ойланатын уақыт жетті. Азия поэзиясының әлем әдебиетіндегі осы замандық орны ең әуелі аударманың сапасы мен баспаханалардың бизнестік мүддесіне көбінесе байланысты болмақ. Өте баяу, тасбақаның аяңымен мимырттап келеміз.
Парсының данышпан ақы­ны Омар Хайямның бастап­қы аздаған рубайлары осыдан 160 жыл бұрын Лондонда ағылшын тіліне тұңғыш рет сәтті тәржімаланғанымен, оқырманға жету жолында ұзақ уақытты қатты сарп еткені бар. Осыған қарағанда, шалғай алыстағы ұлттың тілі мен мәдениеті, сана­лық сарындағы поэзиясы – басқаның назарына ілігуіне, тәржімалануына, аналитикалық сараптамалық зерттеулер жасалуына, оқулықтар мен антоло­гия­ларға қамтылуына, сол ар­қылы өзгені мойындатуға дейінгі аралықтарда кедергілерге ұшырап жүр. Азияның көптеген елдерінің ақындары осы жолмен келе жатыр.
Бүгінгі технологиялық әсі­ре қарқынды өркениет, өндіріс­те­ну, қалалану, жаһандану қатарлы материалдық тұрмысқа қат­ты мән беретін дамыстың құрылымына қарай көміле бас­тады. Адамзаттың төл таби­ғилығы, тілі мен мәдениеті, жүрек қалауының ең нәзік құн­дылықтары жойылып, тірі кісілер дижиталға айналып, поэзия құнсызданатын күйде. Тіптен кейбір тілдер мүлдем азып, жойылып, жоғалып барады. Сонымен бірге, поэзияға әсіре Батыстың да әсері күшейіп, түрлі «измдер» тығырыққа ті­р­еуде. Әйтеуір, жаңа ізденістер жолындамыз. Осынау қилы сәтте азиялықтар өз қолындағы бар мүмкіндігі бойынша, әлем­ге бейтаныс поэзиясының
ер­ек­ше құбылыстарын қалай ұлық­таудың жолдарын қарастыру керек секілді.
Поэзияға орныға бастаған кедергілер Азияның поэзиясына жаңа жағдаяттарды ашуға игілігін береді. Бізді түбегейлі жаңа жігерлі талпыныстар күтіп тұр. Өркениеттік дамудың теңсіздігі, діни қасіреттер, көзқарас ал­уан­дылығына қарамастан, азиялық руханиятты біртұтас бітімдеуге қатысты күш-жігер Сіз бен біздің поэзиямызда түгел баршылық. Ендеше, Әлем әдебиеті деген ұлы түренге Азия­ның иеленетін орнын, салмағын дұрыстап ба­ғыттауға, айқындауға жол ашық.
Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді – «Антология» мәдениетіне Азияның да айрықша ұсынар жаңалықтары енуі керек-ті. Әуе­лі Азия құрлығы елдерінің ерекше ілтипатымен «Азия поэзия антологиясы» көп тіл­ге тәржімаланып шығуына тілектеспін әрі қолдаймын. Бұл прозаға да әдебиеттің өзге жанрларына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап, қолына тел­міреміз?
«Батыс деген – Батыс, Шы­ғыс деген – Шығыс, бір-біріне еш қарамайтын тұс…» деп Р.Киплинг (Редьярд Киплинг) емеурін білдірген уақытта тағы да сол баяғы Н.Рерих «Батыс пен Шығыстың арасындағы қорған құлатылсын» деген-ді.
Р.Киплингтің лепесін «өзін­дік ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалу» деп қабылдап, Н.Рерихтің ойын «бөлініп жарылмай, әлем әдебиетінің ұлы арнасындағы әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту» мағынасында түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдер табу, айталық, бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма жасау және таңдаулы шығармаларды насихаттау – осы құрлықтағы Елдердің өкіметтерінің міндеті болмақ.
Қазақ Елінің халықаралық әдеби қарым-қатынасын дамыту, қолдау жолындағы игілікті істеріне бек разымыз! Азияның мәдени, рухани, текті білікті таңғажайып әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырамын. Сөзімнің әуелі бастабындағы «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген Н.Рерихтің сауалына:
– Иә, солай, Азияның жүрегі соғып тұр! Азияны жаңғыртып ашудағы рухани жаңа сапарымыз Азияның әдебиет әлеміне қарай шеру тартатын болады деймін!

Моңғол тілінен аударған
Сұраған
РАХМЕТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір