ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЖАҢА БЕЛЕСТЕР
Қазақ әдебиетіндегі жаңа белестер… Осындай атаумен Достық үйінде алқалы жиын өтті. Басқосуда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы әріптестік аясында атқарылып жатқан жобалар таныстырылып, жүзеге асатын жұмыстардың мазмұны айшықталды.
Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қазіргі қазақ әдебиетінің төрт құбыласын түгендер төрт жоба жайлы тарқата айтып, жүйелеп берді. Қаламгерлерді ортақ мүддеге жұмылдырған келелі отырыста келешек Жазушылар одағының үміткерлері анықталып, кішкентай дарындар арнайы билетке ие болды. Қазірден бастап қағаз бен қаламды серік еткен балдырғандардың ата-аналары Жазушылар одағының бұл бастамасына ризашылықтарын білдіре келіп, осындай игілікті іске темірқазық болған ел Президентіне алғыс жаудырды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.К.Тоқаев мырзаға
Құрметті
Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «…Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген едіңіз. Сіздің үндеуіңізден кейін жастардың, жасөспірімдердің, балалардың кітап оқуға деген ынтасы ауды, кітапқұмарлардың қатары көбейді. Еліміздің ірі қалаларындағы кітапханалар заманауи үлгіде жасақталып, тәулік бойы оқырманға қызмет көрсететін жағдай қалыптасты. Сіздің бастамаңыз қоғамда зор резонанс тудырып, мәдениетті, зиялы ұлттың қалыптасуына түрткі болды.
Сіз: «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн», – деген едіңіз Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда. Біз үшін қолына қалам ұстаған жас талапты тәрбиелейтін нағыз отаншыл ұйым, ол – Қазақстан Жазушылар одағы. Жазушылар одағының балдырған жазушыларға назар аударып, ықылас танытып, «Қазақстан Жазушылар одағына үміткер» деген жоба жасағаны – өте құптарлық дүние. Жоба бойынша 12–20 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке үміткер ретінде қабылдап жатқандарына шын жүректен алғыс айтамыз. Әрбір талантты баланы қолдап, тәлімгер тағайындап, жазу-сызуға бейімдеп, шеберлігін шыңдап, үлкен жетістікке жеткен шағында мүшелікке қабылдау дегеніміз – Жазушылар одағы тарихында болмаған тосын жаңалық. Ата-аналар, ұстаздар оқушы балалардан үміт күтеді. Үмітім ақталса деп армандайды. Ал балалар да талабына қанат бітірмесе лапылдап жанбайды, тауы шағылып, тауаны қайтады. Әсіресе үміткерлік туралы ережеде жасы көрсетілген жеткіншектер дәл солай.
Осы орайда, қиялы ұшқыр, талабы таудай балаларды қолдауға бірден-бір себепкер болған өзіңізге, аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, баршамыздың атымыздан үлкен ризашылық сезімімізді білдіреміз! «Қарға баласын аппағым дейді» дегендей, ата-ана ұл-қызының қатарының алды, елдің қалаулы азаматы болғанын қалайды.
Ұрпағымызға жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп келесіз. Сізге зор денсаулық, баянды бақ, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Құрметпен,
ата-аналар мен ұстаздар,
тәлімгерлер
Басқосудың тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы: «Ағайындар, жалпы әдебиетті, соның ішінде қазақ әдебиетін сүйетін оқырмандар! Біздің бүгінгі жиынымызға қош келдіңіздер! Жиынымыздың аты – «Қазақ әдебиетіндегі жаңа белестер». Бұлай атауымыздың өзіндік себебі бар. Соңғы жылдары қазақ әдебиеті қарқынды өрлеу үстінде. Қай жанрды алып қарасаңыз да, мықты-мықты шығармалар жазылып жүр. Жақында «BELES» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі мен Жазушылар одағының бірлесе ұйымдастыруымен жаңа романға конкурс жарияланып, нәтижесінде, үш жазушы алға шықты. Олар – Мақсат Мәлік, Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байбол. Үшеуі де тың тақырыпта қалам тербеді. Бұл не деген сөз? Қазақ әдебиетінің жас таланттары шығармашылықта мүлде басқаша қырымен көрінуде. Олардың дүниетанымында, өмірді көруінде, кейіпкерлерін саралап, шиеленіскен оқиғаларды жасауында ерекшеліктер көп. «Қазақ әдебиетіндегі жаңа белестер» дегенде, осы үш романды айрықша бөліп айтқым келеді.
2023 жылы Жазушылар съезі өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, маңызы зор әңгіме өрбіткен еді. Шығармашылық ұйымдар, қоғамдық одақтар стратегиялық әріптес болып мемлекетпен бірге жұмыс істеуі керек. Ол үшін үлкен конкурстар жарияланады. Сондай мақсатпен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімдігін арттыру бағытындағы мемлекеттік тапсырыс пен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша конкурс жариялады. Осы конкурсқа Қазақстан Жазушылар одағы бірнеше бағдарламамен қатысқан, соның үшеуі жеңіп алды. Бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы». Бұл жобаның мұраты – жас жазушылар өзінің тұрғылықты жерінде емес, басқа облысқа барып, сол өңірді зерттеп, көркем шығарма жазады. Қазір 20 қалам иесі барлық облысты аралап, өзіне керекті тақырыпты іздеп, тауып жүр. Бұндай процесс таланттар үшін ауадай қажет. Кезінде Оралхан Бөкеев Ақтау қаласына шығармашылық кездесуге барғаннан кейін «Жетім бота» деген көркем шығарма жазған екен. Бұл туынды қазақ әдебиетінің ең мықты шығармаларының біріне айналды. Біз ұйымдастырып отырған «Әдеби-танымдық панорама» да әдебиетімізге үлкен жаңалық әкеледі деп ойлаймын.
Екіншісі – «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары». Бұл жоба бойынша да бірнеше жазушы, бірнеше филолог ғалым бұрынғы ТМД елдерінің түкпір-түкпірін аралап кетті. Солардың бірі, менің орынбасарым Қасымхан Бегман Грузия еліне сапарлап, қоржыны толып оралды. Оның тапқан қазынасының ішінде Тбилисидегі қазақ әдебиетінің кездесуінің фильмдік нұсқасы бар. Осы фильмнің төрт минутында Жамбыл Жабаевтың домбырамен жыр айтқаны таспаланған. Бүгін осы бейнекөріністі көре аламыз. Басқа да жас ғалымдарымыз, жасамыс ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз барлық жерден дәйекті деректерді тауып келе жатыр. Біз бұған қатты қуанамыз, өйткені қазақ қаламгерлерінің, ұлт тұлғаларының дүниежүзінің қай аймағында болса да жазып кеткен, қалдырып кеткен материалдарын, құжаттарын елге алып келу біздің міндетіміз.
Үшіншісі – «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі». Бұған 20 жас талантты жазушы қатысып, жиырма күн бойы Дулат Исабеков, Жанғара Дәдебаев, Бақытжан Қанапиянов, Жүсіпбек Қорғасбек, Асылбек Ихсан, түркиялық Екрем Аян, қырғызстандық Абдылдажан Ақматалиев, орыстың қазіргі ең керемет, атақты жазушысы Гузель Яхина бастаған мықты қаламгерлердің лекцияларын тыңдайды.
Біздің осындай үш ірі жобамыз жұмысын бүгін бастағалы отыр. Тағы бір айтулы жобамыз – Қазақстан Жазушылар одағына кандидаттарды қабылдаймыз, яғни 12–20 жас аралығындағы ең талантты балалар болашақ Жазушылар одағының мүшесі болуға үміткер атанады. Қазір қазақ балалары кітапты жақсы оқып жүр. Себебі барлық дерлік мектеп кітапханаларына көркем шығармалар бар-ды. Соның арқасында болу керек, бүгінде әдебиетке, жазуға деген құштарлық ұлғайып келе жатыр. Мысалы, 6-сыныпта оқитын бала екі ертегі кітап шығарып үлгерсе, 15 жастағы қарындасымыздың көлемді ертегісі «Простор» журналына жарияланды. Міне, осындай дарынды балалар кандидат ретінде қабылданып, әр дарынмен өз тәлімгері жұмыс істейді. Келешекте «Жазушылар одағына кім болса сол мүше болды» деген сөз айтылмау үшін қазірден бастап, балаларды мықты қаламгер болып қалыптасуға баулимыз.
Бүгін біздің жиынымызға классик жазушыларымызбен қатар, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрінің екі кеңесшісі музыка саласында өзіндік орны бар Асхат Бөрібаев пен талантты ақын Шерхан Талап қатысып отыр. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, талантты жазушы Алмаз Мырзахмет жобаның ашылуына арнайы келді», – деп, кезекті сөзді Шерхан Талапқа ұсынды. Министрдің кеңесшісі өз сөзінде жаңа жобаларға сәттілік тілеп, ведомство басшысы Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
«Қадірлі қауым! Құрметті қаламгерлер! Баршаңызды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе жүзеге асырып жатқан жаңа жобалардың ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ руханиятының қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы іргелі істерге ұйытқы болып, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында мазмұнды жобаларға бастамашы болып отыр. Солардың бірі – «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі». Бұл жоба талантты жастардың білімін арттырып, қаламын ұштауда маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын. Сондай-ақ бүгінде бір топ дарынды жас «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасымен кең байтақ еліміздің әр қиырын шарлап, жаңа шығармалар жазып жүрсе, тағы бір топ зерттеушілер ТМД елдерінің архивтерін ақтарып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Олардың бәрі ұлт руханиятының дамуына атсалысып, қазақ әдебиетінің мол қазынасына ұтымды дүниелер қосатынына мен сенімдімін. Мәдениет және ақпарат министрлігі қаламгерлер қауымын қолдауда Жазушылар одағымен бірлесіп, жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді. Барлығыңызға шалқар шабыт, мол игілік пен шығармашылық табыс тілеймін.
Құрметпен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева» делінген құттықтау хатта.
Қазақтың көрнекті жазушысы Бибігүл Иманғазина талантты талапкерлердің бұл қадамына қуанышты екенін жеткізіп: «Біз нағыз талантты ақын Мұқағали мен бүгінде өзімізді таңертең гимнімен оятатын Шәмші Қалдаяқовтың азаптарының куәсіміз. Жақында «Жұлдыз» журналында шыққан Тұрысбек Сәукетаевтың «Тірісінде таптап, өлгеннен кейін мақтап» деген мақаласын бір рет емес, үш рет оқып жыладым. Дарынды бала өзінің дарынды екенін біліп өседі. Солай бола тұра, дарынсыздардың жолы болғыш. Соны көреді де, таланттар іштей ашынады, өзін-өзі мүжиді.
Мен қызымның талантын 4 жасынан байқадым. Консерваторияның фортепиано сыныбын аяқтап, Мәскеудің әйгілі оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, Абай атындағы опера және балет театрында 16 опера қойды. Осы жылдар ішінде, қызымның басынан өткен қияметтер бір маған және Аллаға ғана аян. Талантты балаларды қолдау деген Қазақстан Жазушылар одағында бірінші рет болып отыр. Бұған мен қатты қуандым. Себебі олардың қолдаушысы болады, қорғаушысы болады, ата-аналарымен де тікелей байланыс орнайды.
Балаларымыз біздің көрген азабымызды көрмесе екен, Алла берген таланттарының қызығын көрсе екен деп тілеймін. Жолдарың болсын, айнайындар!» – деп ақ тілегін ақтарды.
Түркияның Мугла Сыткы Кошман университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Екрем Аян: «Әдебиетте аударма мәселесі өте күрделі», – дей отырып, тәржімаланатын шығармалардың тізімін жасау керегін, ортақ терминология құрастырудың мәні зор екенін нығарлап өтті әрі қос елдің әдеби байланысын нығайту тетіктері жайлы ой толғады. Авторлардың аты-жөнін жазуда да бірізділіктің болуы дұрыс екенін айтты.
Сондай-ақ жазушы Алмаз Мырзахмет, АҚШ-тың Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры, профессор Рафис Абазов, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын, аудармашы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапянов, белгілі ғалым Құлбек Ергөбек сөз сөйлеп, аталмыш жобалардың маңыздылығына тоқталса, жоба жетекшілері – Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай өздері көшін бастар жобаның жоспары мен күтілер нәтижесі жайлы баян етті. «Жазушылар одағына үміткер» жобасына қатысатын жас қаламгерлердің, ата-аналардың, тәлімгерлер мен ұстаздардың атынан ақын Гүлнұр Зұлқаршын лебізін білдіріп, Президентке арнайы жазған алғысхатты жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағына қабылданған қаламгерлерге мүшелік билеттер табысталды.
Қазақ әдебиетін жаңа туындылармен байытып, тыңға түрен салған зерттеу еңбектерімен толтырар жобалар хақында жоба қатысушыларынан сұрап көрдік. Одақ ғимаратына келіп, ірі-ірі қалам иелерінен дәріс алып жүрген жас жазушы Бақытгүл Сәрмекова:
«Бұрынғы классик жазушыларға мемлекет тарапынан өте жақсы қамқорлық, қолдау көрсетілді ғой. Алаңсыз жазуы үшін, шабыт шақыруы үшін Кеңес үкіметі кезінде қаламгерлерді түрлі курорттарға жіберетінін, жазушылардың айлап жатып шығармаларын жазып келетінін естіп өстік. Біз қазір қатысып жүрген шеберлік мектебін сол үрдістің жалғасы, жазушыларға қолдау көрсетудің игі бастамасы деп қабылдадым. Кішкентай-кішкентай облыстарда, шығармашылық ортадан алыста жүрген жас қаламгерлердің басы қосылып, өзара сөйлессін, пікір алмассын, барлығы бір жерге топтассын, тығыз араласу арқылы да бір-біріне қажетті нәрселер алып қалсын деген мақсатта ұйымдастырылып отыр деген ой түйдім. Көптеген тәжірибелері бар әдебиеттанушылар, әдебиет сыншылары, жазушылар сабақ беріп жатыр. Танымал Ресей жазушысы Гузель Яхина ерекше ұнады. Сүйікті жазушымен бетпе-бет отырып сөйлесу, кез келген әдебиетке жаңа қадам басып келе жатқан талантқа сенімділік береді. Гузель Яхина мен үшін үлкен тау тұлға болып көрінетін. Оның кітаптарын оқу арқылы өзі қандай адам екен деп ойлайтынмын. Ол кісімен бір үстел басында отыру маған «мен де сондай үлкен шығармалар жаза алуым мүмкін ғой» деген сенімділік дарытты.
Белгілі қазақ жазушысы, екі буынды да көрген Жүсіпбек Қорғасбектің де лекциялары ерекше әсер етуде. Өткен ғасыр классиктерінің де шетін көрген және қазіргі буынның да шығармашылығын жақсы біліетін, екі буынды да қатар ұстап отырған Жүсіпбек ағаны қазақ әдебиетіне баға бере алатын аз тұлғалардың бірі деп есептеймін. Міне, осындай кісілерден сабақ алу –үлкен жетістік.
Айналамнан: «Алаңсыз жазуымыз үшін тұрмыс-тіршілігіміз мұрша бермейді. Бар ойымызды шығармашылыққа бөле алмаймыз, себебі күн көруіміз керек, сол үшін де түрлі жұмыс жасап жүрміз», – деген сөздерді жиі естимін. Жазушылар одағы осындай жанайқайларға тоқтау болар жобалар жасап жатыр», – деп қорытындылады өз сөзін.
Ал алаштанушы, зерттеуші ғалым Елдос Тоқтарбай: «Менің қолыма біраз жылдан бері іздеп, таппай жүрген деректер түсті, яғни Мәскеудегі Ресей Әдебиет және өнер архивінің (РГАЛИ) қорынан Ілияс Жансүгірұлының «Сыйлық» деген балаларға арналған кітабы табылды. Дәл осы қордан ақынның «Күй», «Күйші» поэмасының қолжазбасы және оның орыс тіліне аударылған нұсқасының қолжазбасы табылған. Орыс тіліне жолма-жол аударманы ақынның өзі және жазушы Мұхтар Әуезов жасағанын анықтадым. Сонымен қатар А.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының жазушы архивінен әр жылдары А.Горькийге жазылған хаттар арасынан қазақ жазушыларының (М.Жұмабай, С.Сәдуақасұлы, І.Жансүгірұлы, т.б.) хаттарын тауып алдым. Әсіресе өзімнің зерттеу нысанам – Ілияс Жансүгірұлына қатысты мол деректер таптым. Сондай-ақ Саяси архивтен (РГАСПИ) Ілияс Жансүгірұлының партияға өтуі, мүшелік билеті, оның газет шығару жұмысына қатысуы, жазушылардың І съезіне қатысуы турасында беймәлім дерек, фотосурет табылды», – деп жұмыс барысымен құлақтандырды.
Әлі талай рухани байлыққа кенелтіп, қазақ әдебиетін, мәдениетін теңдесіз асылға көмкерер, жаңа белеске көтерер жобалардың жемісін де көретін күн жақын. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға табыс тілейміз.
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
Қазақтың бай тарихы Омбыда жатыр
«Кешегі күндері алыптар алшаң басып жүрген қаланың біреуі – Омбы еді. Ұлы Шоқан, Абайдың көркем мінезді інісі Қалиолла, көсем Әлихан, өткір Міржақып, әйбат Әбікей, алғыр Айдархан, сері көңіл
Сейітұлдары, қайсар Қошке, маңғаз Мағжан, сәнді Сәкендер болған, Сібір шамшырағы Омбыда Отыншы атамыз да жадырап күліп, жамырап жүрген-ді.
Омбы дегеніміз – байырғы қазақ даласы, қиыр жайлап, шет қонған ата-бабаларымыздың мекені. Орыстар қару мен әскердің күшіменен алып, бекініс салып, өзіне қаратыпты. Алтын орда ыдырап, Ақ ордадан кейін дәуірлеген Сібір хандығының түбіне Ермак жетіп, Ертістің бойына ағаш бекіністерін салуды бастайды. І Петр кезінде Бухгольц деген қолбасшысы келіп, қазіргі қаланың іргесін қалайды…
Омбыға табанымыз тиген 12 тамыз – Зайсаннан алған білімін Омбыда жалғап, қызмет бастаған, кейіннен Алашорданың үлкен, көрнекті қайраткеріне айналған Отыншы Әлжанұлының туған күні!
Аруақты асыл ер осыдан тура 151 жыл бұрын Тарбағатай тауының бөктерінде, сол кездегі Нарын болысының алтыншы ауылында дүние есігін ашыпты. Оның ел-жұрты – Абайдың ұлы нағашылары, Зере әжеміздің төркіні еді. Құнанбайдай пірадарға серік бола алған атақты Ізғұтты мен Отыншының әкесі Әлжан екеуі, бір атадан тараған жақын жұрағаттар болады.
Отыншының ізі Омбыда сайрап жатыр. Оның азамат болып қалыптасуы, қайраткерлік қабілетінің басталуы, осы қаламен тікелей байланысты. ХХ ғасыр оқығандарына тән қайраткерлігі қаламмен ұласып, соңына екі тілге бірдей жүйріктігінен әдеби-публицистикалық мол мұра қалдырды. Әскери істердегі алымдылығы, қазақ даласын, Жетісу өлкесін большевиктермен өліспей-беріспей қорғауы, оның ардақты есімін Алаш кезеңі тарихына ғана емес, тұтас ұлт тарихына өшпестей етіп жаздырды.
Осындай бабамыздың басқан ізімен, жүрген жолымен біз де, Омбыға келіп жеттік. Таң ата Омбы облыстық тарихи архивіне барып, тіркеліп, қажетті құжаттарымызды алғандағы қуанышымыз бір басқа. Отыншы атамыздың өміріне байланысты, оқуы, алғашқы еңбек жолы, халық санағына қатысуы сияқты тарихи құжаттар молынан екен.
Түс ауа біз Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік кітапханасына барып, көне кітаптар мен ескі газет-журналдардың ізіне түстік. Отыншы Әлжанұлының мақалалары үзбей жарияланған «Дала уәлаяты» газетінің түпнұсқасын қолмен ұстап көріп, марқайған сезімді бастан кешірдік.
Омбы қазақтың ізі, қолтаңбасы тұнған жер екен. Біз ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында білім алған, қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің ізімен қаланы шарладық. Бұл қалаішілік экскурсиямызға Омбыдағы бас консульдық басшысы Керім аға, Серікқали арнайы көлік бөліп, «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы серкелерінің бірі Қуаныш Елеутаев доспен жүріп өттік.
Омбы дегенде, алдымен, Шоқан бабамыздың ойға оралатыны заңдылық. Ол оқыған Сібір кадет корпусы оқу ордасының ғимараты консульдық үйінен алыс емес екен, ақ шаңқан зәулім ғимараттың сыртынан Шоқан Уәлихановтың есімі жазылған тақтайшаны көрдік. Шоқанның замандастары «атақты қарт Потанин», Катанаев, Корнилов, Карбышев, Куйбышев сияқты тарихи тұлғалардың да белгілерін тамашаладық.
Ертістің оң жағасындағы Омбының қақпасына да арнайы баруды жөн санадық. Кезінде қаланың төрт жағынан кіретін-шығатын төрт қақпа орнапты, соның бірін, түпнұсқасын осы бір ел аяғы көп жүретін жерге қойып, туристік алаңға айналдырып отыр.
Әсіресе маған қатты ұнағаны – Орыс Географиялық қоғамы Омбы бөлімінің музейі. Онда бір кездері ұлт көсемі, осы ұйымның белді мүшесі болған Әлихан Бөкейхан да серіктерімен, достарымен, орыс зиялы қауымы және аристократтарымен бірге тарихи фотосуретке түскені белгілі, сол сурет музейдің басты ескерткіштерінің біріне айналыпты. Өлкетанушылар, ғалымдар, жиһанкездер мен зерттеушілердің еңбектері қойылған, мұндағы заттардың көбі сол заманның белгісіндей өзгерместен тұрғаны кәдік. Бұл орданың табалдырығын Әлихан бабам талай аттап, талай мәрте келді ғой деген ой түйдік.
Ендігі қазақ Омбыға бара қалған жағдайда, соқпай кетпейтін тарихи орынның біреуі – Омбы мұғалімдер семинариясы. Мұнда біздің бабамыз, Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлы 1890–1894 жылдары білім алған. Әбден күйдірген қызыл кірпіштен өрілген, еңселі оқу ғимаратында өзге де көптеген қазақ азаматтары оқыған, біз оның он беске жуығының кімдер екенін анықтадық. Жасы үлкені Отыншыдан (1890) бастап, ең жасы кішісі Абдолла Байтасұлына (1917) дейінгі аралықта небір қазақтың жақсы-жайсаңдары білім алыпты. Күні кеше ғана 100 жылдық мерейтойы аталып жатқан тіл білімінің білгірі, академик Рәбиға Сыздық апамыздың әкесі Сәтқали Құтқожаұлы да бар еді. Семинария ғимаратының сыртына тек Сәкен Сейфуллин мен Нығмет Нұрмақұлының есімдері жазылған тақтайша ілінген екен. Осы оқу орнының мұғалімі болған Седельников жайлы да көптеген материалдарға қанықтым, Әлиханмен пікірлес болған бұл тұлғаның қазақты іш тартып, жанашырлықпен қарағаны байқалады.
Омбының бүгінгі зиялылары ғана емес, алыс-жақын орыс шығармашылық қауымы түгел мойындаған қазақ суретшісі Амангелді Шәкеновтің сурет көрмесі жүріп жатыр екен, билет алып, бас сұқтық. «Екі елдің мәдениет елшісі» атанған суретші артына мол мұра қалдырған, қазақ халқына деген сағыныштан, ұлттық колоритке малынған, бай туындылары көз суарады, көңіл семіртеді. Бұл марқұм суретші ағамыз жайлы арнаулы мақала жазуды да түйіп қойдық.
Омбы қаласындағы күндерім босқа кеткен жоқ. Бұл қаладан жаңа достар таптым, «Омбы қазақтары» ұйымының белсенді жастары, Қуаныш пен Торғын бастаған қазақ бауырлармен танысып, әріптестік байланыс орнаттық. Бұл сапарымызды барынша қолдап, үлкен демеу берген, архив пен кітапханаларды жұмыс істеуімізге септігін тигізген Қазақстанның Омбыдағы Бас консулы Керім Қуандықұлына, Серікқали Қанатқалиев замандасқа зор алғысымызды білдіреміз!
Пушкин атындағы Омбы облыстық мемлекеттік ғылыми кітапханасында біраз күн еңбек еттік, біраз жәрдем берген тарихшы Андрей Петрұлы Сорокинге, бөлім басшысы Галина Евгенийқызына, елгезек библиограф Наталия Николайқызына да рақмет айтамыз!
Жазушылар одағының «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы мен үшін үлкен тәжірибе, үлкен сабақ, тағылым алаңы болды. Жоба үйлестірушісі, қадірлі Қасымхан аға Бегманов үнемі байланыста болып, жағдайымызды сұрап, тамаша үйлестіре біліп, іссапарлардың ойдағыдай жүруін бақылап отырды.
Бір барғанмен бәрі бітіп кетпейді, Омбыға әлі талай келу керек екен деп кеттік. Біздің бай тарихымыз, мұрамыз жатыр, қаны бір, жаны бір, туыс қазағымыз өмір сүріп келеді. Алаш көсемдерінің бірі болған Отыншы Әлжанұлының туған күнінде жоқ іздеген жолаушыдай түртініп, ізденіп, тірнектеп жүргеніміз, кездейсоқ емес-ау деп түйдік. Отыншыдай ұлт бағына туған ерлердің жаны жай тапсын! Асыл арманы, ойлары ұрпақтан ұрпаққа жете берсін!
Заңғар Кәрімхан,
«Қазақстан жазушыларының
ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары»
жобасына қатысушы ғалым,
алаштанушы, әдебиет сыншысы