Ғазал екен ешбір шайыр жазбаған
10.09.2019
1369
1

Хамит ЕСАМАН

ҚҰДАЙ

Жанымдағы ең бір мөлдір әуенмен,
Мен Құдайға табынамын әуелден.
Ол санаға сәуле құйған, себебі,
Оған қарай жақындағым келеді.

Мен Құдайды сағынамын ақ түнде,
Мұң шағамын шоқ жұлдызға, пәк гүлге.
Таңдандырып ғаламдағы сүгірет,
Тағдырымда теңдесі жоқ құдірет.

Сізді көрем ұлы Құран сөзінен,
Көрем Сізді мүминдердің көзінен.
Адам біткен ғалам сырын білсе егер,
Сонда да ол бола алмайды шын шебер.

Ай айналған шексіз аспан төбемде,
Гүл жайқалған қара жер бар төменде.
Шексіздікте жұлдыз бүрлеп, Күн иіп,
Ғалам бізге қарап тұрды жымиып.

Сізді мақтап құстар самғап барады,
Көздерінен керемет күй тамады.
Әлем дейтін – әдемі бір үйлесім,
Жүрек енді Сізді қалай сүймесін?!

Тағдырыма өлең берген Жаратқан,
Тамырыма әуен берген Жаратқан!
Ғаламда біз ғұмыр кештік ғаламат,
Жан да, тән де – Сізден келген аманат…

ТҮН

Ақын екен ақша бұлтты бұл аспан,
Келбетінде мөлдір өлең гүл ашқан.
Өмір шамы тәрізденген жұлдыздың
Әуені де ұлы күйге ұласқан.

Айдың сұлу дидарында түйір мең,
Сәулесіне сансыз сипат үйірген.
Құстар біткен мекен етіп аспанды,
Қанатымен қобыз тартқан, күй ілген.

Ғазал екен ешбір шайыр жазбаған,
Келбетінде күрең жалын маздаған.
Ақындардың мінезі ме, кім білсін,
Арманында өкініш бар аздаған.

Әсем гүл ме еш бойжеткен сүймеген,
Ерін табы, дем дірілі тимеген?
Көңілімнің бөлшегі ме әлде бұл,
Кеңістікте көркем сазға билеген?

Бұл қап-қара… Ерекше бір түн еді,
Ай сәулесі қара жерге сіңеді.
Қара шашын жайып тастап бір сұлу,
Терезеден қарап тұрды… гүл өңі.

Түн еді бұл… Өзге түннен сүттей ақ,
Дүниені көркем түспен шық бояп, –
Әлде, өзің ғашық болған сұлуды
Бір сүйіп ал, ештеңені күтпей-ақ.

Мұндай түнде болу керек бәрі де,
Қану керек тіршіліктің нәріне.
Содан кейін тұрған жақсы елтіп бір,
Әйбат қыздың әсемқоңыр әніне.

ҒАЗАЛ

Бір маңдайда сор да және бақ та бар,
Бұл қос ұғым көңілімді күйретті.
Жағдай жоқ енді ешкімге ақталар,
Бақ пенен сор ұлы өмірге үйретті.

Өмір кештік сол тағдырдың торында,
Тамырымда тайталасып тең ағым.
Күллі әлемнің кір-қоңы бар сорымда,
Ал бағымда…
Айта алмаймын не барын.

Екеуін де сөз қылуға сескенем,
Тасқа соғып алатындай маңдайды.
Адам мәңгі бүтін бақыт кешпеген,
Сорымен де бақытты алдай алмайды.

Сеніп туып, сеніп өлгем мен бұған,
Біреуге – сор, біреуге бақ – бағалы.
Жанымдағы жылап тұрған мөлдір ән
Қайда барып,
кімге мұңын шағады?

Қара түнде қарапайым қиялдың
Қияндағы түссіз даусын есіттім.
Мен бейкүнә сәттер үшін ұялдым,
Бақ пен сордың арасында кешіп күн…

ПЕНДЕ

Болғымыз кеп сүйген құлы Алланың,
Бірақ көңіл ақиқатқа сенбеді.
Мен өмірді шын мойындай алмадым,
Өлімді де мойындағым келмеді.

Алмас қылыш ақиқатты білмедім,
Шындығым да қандай екен алдағы?
Дүниені қақ айырып күлгенім,
Жылауға да еш мүмкіндік қалмады.

Құдайдың да құлы бола алмаппын,
Өмір осы өткелінен өткізбес.
Сезімімді сағымменен алдаппын,
Сағым, шіркін, дегеніме жеткізбес.

Бұл жалғанның сол бақытсыз қалпындай,
Көңіл менен көзімді арбап не ғажап.
Қымбат сәттер қызығымнан артылмай,
Ұсақталып бара жатыр шер-азап.

Маңдайымда жоқ бақытты ойладым,
Он тарам ой кеңістікке шашылып.
Өмір, мені пенде қылып қойғаның,
Бақытты да болмысыңа жасырып.

БІР ТҮП ЖУСАН

Даламның дегдарлығы өзіңде еді,
Жаныма содан жылы сезілгені.
Жырымды оқып бердім саған келіп,
Мұңымды таныдың ба көзімдегі?

Бір түп жусан, сен мені естідің бе?
Өзіңмен ұғыса алсам бес күнімде.
Ауылға келмегелі көп болды ғой,
Қалмағандай іздейтін ешкімім де.

Домбырам жоқ даламның күйі сіңген,
Жоқ күйді қайталадым жиі ішімнен.
Еліктіріп тұратын, желіктіріп,
Бір түп жусан, айналдым, иісіңнен.

Көп болды ғой ауылға келмегелі,
Көңілімнің содан ба шөлдегені?
Есіркейтін сияқты барлығы да,
Түсіндіре аларсың елге нені?

Бір түп жусан, алқоңыр мұңымдасың,
Мойындадым, амал жоқ, ұғынғасын.
Сағынып жырға қостым сені бүгін,
Жасымда жаныңа кеп жылынғасын.

Керуен-күнге ілесіп кетті бәрі,
Күй толғайды көңілдің көк құрағы.
Ақ бұлағы жанымның ауыл жақта,
Кешірмейтін сияқты боп тұрады…
Бір түп жусан…

АҚЫРАП

Аспанда ақ бұлт баяу ғана жүзеді,
Жанарынан мөлдір тамшы үзеді.
Сүмбіленің сыры қандай бір жұмбақ,
Бұл жұмбақты алып келген күз еді.

Әйбат қана әлдилеп тұр мұң мені,
Осындай күй тебірентті күндегі.
Қалтырайды жапырақтың жаны да,
Кеңістікте дірілдейді гүл демі.

Салқын тартқан Ай сәулесін мол іштім,
Қара ағаштың қайғысымен бөлістім.
Таң шығымен ұшқын түсті кеудеме,
Жүрегімде жыр ойнатты сол ұшқын.

Сарғайғанмын күздің жырын жазғалы,
Гүлдей сезім Нілдей болып боздады.
Салқын ғана сыбырлаған сүмбіле,
Көңілдегі күрең бұлтты қозғады.

Арман кештім ақыраптың түнінде,
Аяулы ән бар мұңға ғашық гүлінде.
Басқаларға білінбеген бір сәуле
Күрсінеді жүрегімнің түбінде.

* * *

Жапырақтар үзіледі бұтақтан,
Тылсым ойда тебірентіп ғаламды.
Әсем өлең жоғалады кітаптан,
Күнәһар қып ақын менен қаламды.

Заманалар салқынымен өше ме,
Ақ қағазға берген серті қаламның?
Естелік боп елес қалды көшеде,
Жалқы күйі секілденіп даламның.

Жаздың жұпар жаңбыры ылғи жауады,
Тамшысында тіршіліктің тәтті әні.
Ақ өлеңге тиеді оның сауабы,
Қызғалдақ гүл бүр ашқандай бақтағы.

Ұмытылып бір кездегі әдемі ән,
Кеңістікке тұрар көркін сүйгізіп.
Естелікпен сырласады және адам,
Ғасырларды кеудесіне сыйғызып.

Өткен күндер өксиді ылғи өлеңде,
Өңіріне мұңнан тұмар тағынып.
Мен де жалғыз жүрмін енді әлемде,
Өзім білмес бір нәрсені сағынып…

ҚЫЗЫЛ БӨРІК

Өлеңді мен жазайын мөлдіретіп,
Қалсын бір тау теңселіп, көл дір етіп.
Ауылыңның сыртына келіп тұрмын,
Алдымнан шық үкіңді желбіретіп.

Басыңа киіп алған қызыл бөрік,
Жүрегіме жыр түсті жүзің көріп.
Бұрымыңнан бір сүйген бозбала едім,
Үзілді ән көңілден, бұзылды ерік.

Ауылыңа сәлем де дұғай-дұғай,
Мені ойлай жат кешқұрым, шырайлым-ай.
Кемді күн көңіл қосып ойнап-күлсек,
Көріспейтін шығармыз бұдан былай.

Шіркін-ай, қызыл бөрік салдырған ән,
Беріп кеткен талайлы тағдырға мән.
Сәулем-ай, ол кімдерді өртемеген,
Ол кімдердің жүрегін жандырмаған?..

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.12.2023 | 07:23

Құдайды сағынған ақынның кәусар ғазалдары ұнады. Құдайды сағынуы шынайы. Қоспасыз сом, кесек түскен туындылар. Аман жүр, шайыр!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір