ШЕРМЕНДЕ ШАЙЫР САРЫШОЛАҚ
02.04.2026
53
0

 

Әулие Мөңке айтқаны,
Айнымай келді алдыма.
Бағымның неден қайтқаны,
Құдайдың көңілі қалды ма?
Елімді билеп алды ғой,
Кешегі келген қаңғыма.
Бұл – Ақтөбе уәлаятының Шалқар аймағында дүниеге келген Сарышолақ Боранбайұлының ғазалы. Ол бұл жерде «кешегі келген қаңғыма» дегенде «есіктен келіп, төр менікі» деп ойына келген ойранын салып жүрген патша заманындағы орыс отаршыларын айтып отыр.
Біз ашқан жаңалық емес, егер сен ең алғаш шақалақ дауысың шыр етіп, кіндік қаның топырағына тамған, Жаратқан Иеміз әуел баста сенің ата-бабаңның иелігіне шет-шексіз жомарттығымен жарылқап берген, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын туған жерің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатса, өзің шыбын жаның шырқыраған шын шайыр болсаң, осылай деп шерменде күйге түспегенде қайтер едің?! Демек, нағыз ақын – өзі өмір сүріп отырған заманда тамағы тоқ, киімі көк, билік жақтан берілген азын-аулақ жүлде-пүлде мен атақ-даңқ-сымаққа, сый-сияпатқа мәз болып өмір өткізетін пенделерден мүлде басқа жаратылыс. Әсіресе жер-суына кез келген келімсек, ожар отаршы ортақтасып додаға салмақ болып жатқанда, қашан да нағыз ақын ғана жұртына, ұлтына басқа жұмырбасты пенде атаулының бәрінен бұрын ұран тастайды. Міне, тәуелсіздігіміз Иса пайғамбардың жасынан асып кетсе де есімін әлі күнге елеусіз қалдырып, нағыз ел болып ескерерлік деңгейде көтере алмай келе жатқан есіліміздің бірі де бірегейі осы – Сарышолақ Боранбайұлы деп табан тіреп тұрып айта аламыз. Әйтпесе:
Қалмақтан қиын болды да,
Орыстың салған ойраны.
Қазақ деген сорлыға,
Батып тұр қатты «сайраны».
Алты ата Әлім баласы,
Он екі ата Байұлы.
Жағалбайлы Жеті ру!
Күнде жасып жүргенше,
Көзден аққан жас кепсін.
Орысқа құл болғанша,
Қанжығада бас кетсін, –
деп мірдің оғындай отпанды сөздерін туған жерін нағылетті ниетпен аттаған ата жауының атын атап тұрып, Сарышолақ Боранбайұлынша қай кезде, қай ақын айта алып еді?! Ол – осы аты аталған Кіші жүз тайпаларының ішіндегі Әлімнің Шектісінің Тілеу деген, кемеңгер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқандай, ең бір жаугер руының ұрпағы-тұғын. Оның «әулие Мөңке» деп отырған елінің жүз жылдық болашақ тағдырын көзбен көріп, қолмен ұстаған, әулиелікпен болжап, сол болжамының бәрі бүгінде дәл келіп отырған Мөңке би Тілеуұлы да осы Тілеу руынан болатын.
Иә, Тәуелсіз заманды қайдам, бірақ қазақтың басынан өткен небір «зар-замандарда» жатжерліктер салған зорлық пен зобалаңды зар мен запыран ғып төгіп, төгіп қана қоймай, азаттық үшін жан алып, жан беріскен ғазауат шайқасқа ең әуелі ең адал ұлдары – ақын-шайырлары шақыратын болған. Сол сияқты өткен XX ғасырдың бірінші ширегінде дүниеден озған Сарышолақ шайыр туралы сөз қозғағанда, оның есіміне «шерменде шайыр» деген қосымшаны қосқың келеді де тұрады. Оның кеудесінде күндіз-түні тыным таппай дүрсіл қағып тұратын жұдырықтай жұмыр еті-жүрегі «елім», «жерім», «тілім», «дінім» деген шер мен шеменге толумен өтті. Оның өмірінің көбі патшалық Ресейдің қорлық-зорлығында өтсе, қалғаны кеңестік Ресейдің алғашқы жылдарының ырың-жырыңымен, ақ пен қызылдың алма-кезек алақұйын шапқыншылығының астында болды. Расында, мына біздің аталарымыз бен әкелеріміздің де өмірінің көбі солай өтті. Десек те соның бәрін дәл Сарышолақ шайырдай бірде шер мен шемен қылып, бірде аттан салып атойлап айтқан ақынды өз басым естіген де, көрген де, оқыған да емеспін (Махамбет ертерек кетіп қалды ғой…). Оның біз айтып отырған шері мен шемені Ресейдің құрсауына түскен қос дәуір қоғамындағы қазақтың тілі, діні, мәдениеті, ұлттық ар-намысы сияқты рухани құлдыққа және жер-суынан айырылып, қанау мен тонауға, яғни рухани да, материалдық та құлдыққа түсуінен туған шер-шемен болатын. Дүйім бірнеше ғасыр қазақ душар болған адыра заманды қарһәлләзи жадыра заманға айналдыру өзі күн кешіп жүрген қоғамда да енді мүмкін болмай бара жатқанына көзі жеткесін қабарып қалған көріпкел көңілі жетімсіреп, жүректегі уытын жыр ғып төгумен өтіпті ол. Сондықтан да:
Жүретін желіп, шаңғытып,
Ерлерім жүр қан құсып.
Қанды кек буып жүректі,
Бермей тұр Құдай тілекті.
Зығырданым қайнаумен,
Шапқынмен күнім құр өтті.
Отарба келді ойрандап,
Көк түтінін шұбалтып.
Әскері жүр тайраңдап,
Шалқар көлден құр атып, – деп отаршылдықтың қабындап тұрғанына күйінсе, енді бірде:
Кәпірден келген зауалдан,
Талай қыршыным жұлынды.
Алпаң да алпаң арыстар,
Мылтықты көрсе бұғынды.
Атжақсы мен Жайынды,
Ырғызбенен Қайыңды,
Ұлы Борсық, Біршоғыр,
Әлімтау, Тобылғы сайыма,
Орыс еркін жайылды.
Қылп еткенге түрмесі,
Шынжырлы бұғау сілтесі!
Шен үшін талас-тартыс боп,
Бүлінді елдің іргесі, –
деп Ырғыз, Шалқар, Арал, Ұлы Борсық құмы алқабына орыс үстемдігі орнағаны аз болғандай «шен үшін талас-тартыс болып», қазақтың ұлттық, милеттік сана-сезіміне, мәдениеті мен ұлттық тәрбиесіне, тұтас руханиятына залал келе бастағанын ол сол заманда-ақ ақындық қырағы да сергек сезіммен болжап білген тәрізді. Болжап білген демекші, жер сатпақ немесе жатжерлікке пәлен жылға жалға жер бермек түгіл, қазақ даласының бір уыс топырағына орыс әскерінің етігінің ұлтаны тигеніне күйінетін ақын Шалқарға тақау маңдағы Жомарт көлінен орыстардың құс атып жүргенін көріп:
Жомарттан ұшқан үйрек-қаз,
Орысқа болды-ау несібе.
Мақтанып өңшең ақылы аз,
Байлық айтады несіне?–
дейді де:
Біткен кезде жарқын жаз,
Қыс түседі есіне.
Жүк артқанға мәз болып,
Ілеседі байдың көшіне, –
деп ел ішіндегі байсымақтардың ел қамын емес, қарақан басының ғана қамын ойлайтынына күйінсе, екінші жағынан, қарапайым, қитабан қазақтың ертеңгі ұрпағы кім боларын ойламай, ақжағалылар не айтса, соны қоштап, көшке ілесіп жүре беретін тайыздығына ашу-ызасы келіп, осындай қазақы болмысты бір түйреп өтеді. Олай болса, Сарышолақ Боранбайұлының әр жыры қандай заман кетіп, қандай қоғам келіп орнығып жатса да сол заман, сол қоғам қазағының маужыраған ұйқылы-ояу санасына самал соқтырып, ұлттық сезімін сергітерлік өте киелі де қасиетті жыр-дұға, ұлттық намыс пен ұлттық кекке суарылған семсерсөз дүние емес пе?! Әттеген-ай… Ұтыры келгенде ұмытпай айта кетейік, тәуелсіздік алғанымызға соншама жыл өтіп, ақылы толысқан шаққа жетті десек те, Сарышолақ шайырдың бүгінгі жас ұрпағымызға да, келер ұрпаққа да аса қажет ұлттық, тілдік, діндік, дәстүрлік, ақырында ақындық-азаматтық намыстың ұраны дерлік ұлағаттарды жырмен жазғаны туралы не мектеп, не жоғары оқу орындары оқулықтарында әлі де сыңар ауыз сырлы сөз жоқ. Оның нақты себебі біздің ғасырлар бойы Ресей отаршылдығында болып, санамызға сіңіп қалған бодандық, құлдық мінезден әлі де болса толық арыла қоймағанымызда жатқанын жасырмақ болсақ та, жасыра алмаймыз. Әсіресе «ат үстінде өлсем арман жоқ» деп келетін бұл жаужүрек шайырдың әр жырында «орыс», «кәпір» деген сөздер жиі кездесетіні тәуелсіздік алғанға шейін Сарышолақ Қорабайұлының атын айтқызбайтын кедергі болып келді. Ал, шындығында, Сарышолақ бұл екі сөз арқылы бүкіл орыс халқын күстаналап отырмағаны, сол замандағы сөз қолданысы, стилі, ел ішінде қалыптасқан ешқандай жаман ниеті жоқ үйреншікті «орыс» деген атау арқылы қазаққа қорлық пен зорлықтың алуан түрін емін-еркін жасап отырған тек патшалық Ресейді ғана айтқаны сол кездегі бес жасар балаға да түсінікті болатын. Осы бір-екі ауыз атау септік арқылы-ақ ақын өзінің әлеуметтік-философиялық дүниетанымын көрсетіп отыр. Ол замандағы қарапайым қазақ ешқашан «жерімізді Ресей басып алуда» немесе «Ресейден жәбір-жаба шектік» деген емес, үйреншікті «орыс» немесе «кәпір» деген сол заманға тән екі сөзді қолданған. Мысалы:
Ретті жерде ұмтылмай,
Орынсыз босқа сыңсыдық.
Қамытты өзіміз кигенше,
Өлгеніміз дұрыс жұлқынып.
Кәпірдің ойы не екен деп,
Ісінен бұрын құлқын ұқ.
Дұшпанға қарсы ер азайды,
Бас көтерсе құртылып.
Кәпірге жайған дастарқан,
Шұлғау болды-ау жыртылып.
Қалдырмай істі ертеңге,
Бастайық істі тындырып.
Ойқастап жаудың ордасын,
Салалық ерлер бір бүлік, –
деп азаттық үшін орыс халқына емес, отаршылдыққа қарсы ашық айқасқа шақырады.
Тағы да ұтыры келгенде айта кетейік, Сарышолақ шайыр бұдан басқа да, мейлі табиғат лирикасын, мейлі, махаббат лирикасын жырына арқау етіп алса да, Алла Тағала оған ақындық атты өте киелі өнердің ауызбен айтып жеткізгісіз небір қыры мен сырына қанық шеберлікті аямай-ақ ағыл-тегіл бергені көрінеді де тұрады. Оның әрқайсысы – өз алдына көлемді тақырып қып талқылауға тұратын дүниелер. Біз бүгін оның тек өз заманында Ресейдің озбыр да ожар құлдық-отарлық саясатының құрбаны болып, қорлық-қасірет шеккен туған халқының зарлы, запыранды зарын жыр ғып төгіп қана қоймай, «азаттық үшін ат үстінде өлсек арман жоқ» деп ұлы күреске шақырған жырларын ұрпаққа үлгі болар деген үмітпен ұсынып отырмыз. Өйткені оның Ресей отаршылдығына, «орыс озбырлығына» қарсы бас көтеруге шақырған отты жырлары әлі де болса ел арасына кеңінен таныла қойған жоқ. Оның «озбыр орыс», «қаңғыма», «кірме», «кәпір» деген сөздерін, яңни сол замандағы әдеттегі атауды қалай өзгертіп беруді білмей «басы қатып» жүргендер әлі де бар. Ұмытпасам, 2000 жыл ма, әйтеуір Ресейден тәуелсіздік алғанымызға он жылдан астам уақыт өткенде, Сарышолақтың төрт-бес өлеңін таңдап алып, бір басылымның өзіме таныс қызметкеріне «Осыны жариялашы» деп бергенім бар. Арада үш-төрт күн өткенде әлгі досым телефон шалып: «Өлеңдері керемет екен, бірақ…» – деп ар жағын айтпай тұрып қалды. «Ей, не болды?» – десем: «Сен өзің де ақынсың ғой, мынаның ішіндегі «орыс», «кәпір» деген екі сөзді өзгертіп берші», – деп қара-а-а-п тұр. Не айтарымды білмей аузыма қазақша сөз түспей, тұрып-тұрып: «Кетші, әй…» – деп аяғын орыстың айналайын «аталы» боғауызымен бітірдім де, телефонды өшіре салдым. «Сірә, шерменде шайыр Сарышолақтың заманында да менің сол досым сияқты сауысқаннан сақ, жорғатілді жоралары аз болмаған шығар» деген ойға оның мына бір өлең жолдарын оқығанда кеткенім бар:
Ат ерттемес тотайлар,
Батырсынып қағынар.
Басқа жұртқа бас ұрып,
Шалтаң қағып жалынар.
Есі барлар бас шайқап,
Бармағын шайнап қамығар.
Турасын айтқан ерлерді,
Сыртынан күліп күндейді.
Ортаға түссе сұңғыла,
Қадірін байқап білмейді, –
деп ел ішінде ара-тұра болса да ұшырасатын ездерге назаланады да, енді бір сәтте өрекпіген дұшпанды «Алла бір берген қуатпен өрден төмен түсірер» күнді аңсайды:
Қариясы өкінер,
Ел бастайтын ұл тумай.
Балапан қалай жетілер,
Ата жауға ұмтылмай.
Сенімін артып өскінге,
Атой салар күн туғай!
Бұғауды үзе бұлқынбай,
Дұшпанға қарай жұлқынбай.
Төбеге шыққан төбеттер,
Қылшадан мойны қырқылмай,
Елін сатқан нағлеттер,
Билеп алды-ау ырқымды-ай.
Ат сауырына тер қатып,
Еңірегенде жауларым
Көрсем-ау сонда сұрқыңды-ай.
Сарышолақ шайыр осылай дей келіп, аңқау да момын қазақ елін орыс патшасының сұрқия саясаты қалай өз ішінен ірітіп бара жатқанын сарабдал сұңғылалықпен аңғарып:
Көрген соң ынжық түріңді,
Аяққа басып дініңді.
Шүлдірме қылып тіліңді,
Зар етіп шығар күніңді,
Айдап салды: «Үр, айттап!»
Біріңе соғып біріңді,–
деп шерменде күйге түсіп шерлі жыр төгеді.
Жасыратын несі бар кешегі кеңестік дәуірде қазақты тілінен, дінінен, ең әуелі ұлттық салт-дәстүрінен, ұлттық тәрбиесінен безіндіру саясаты сол патшалы Ресей заманында-ақ басталса, оған қазақтың өз ішінен шыққан атқосшы алакүлік, екіжүзді сол кездің орысқұмарлары да қосылғаны рас-тұғын. Соны ақынға тән сергек сезімді жүрек иесі Сарышолақ та байқап:
…Өзіңе басшы сайлады,
Араңда жүрген залымды
Сұрамай алды малыңды.
Кешегі туған көрдемше
Сақалдан алды шалыңды, – дейді.

***
Шынтуайтына келгенде, кешелі-бүгінгі қазақ поэзиясында Ресейдің қазақ миллетіне жасаған шет-шегі жоқ қорлық-зорлығы туралы тиіп-қашқан бірлі-жарым өлеңдер болмаса, үш ғасырға созылған сол қасіретті отаршы елге деген кек пен өшпенділік көкірегін кернеп ақтарыла айтқан, дәл Сарышолақ Боранбайұлынша жеткізіп айтқан ақын болды ма, білмейміз.
Өтті ғой ғұмыр жылаумен,
Патшадан теңдік сұраумен. Ояз көрсек шұлғыдық,
Аяғын құшып құлаумен.
Ар да, ұят та қорлайды,
Сорлы көз соны көргесін,
Кеудемде кегім шарлайды.
Бір зұлыммат биледі,
Қазағым көрген жер-көкті.
Алдым – түпсіз, артым – жар,
Көзімнің жасын селдетті… –
деп зар илесе, одан әрі:
Әй, орыстар, орыстар,
Биік тең бе дөңеспен?
Еліме келдің қоныстап,
Патшаң берген кеңеспен.
Аштарыңды тоқ қылып,
Мекен берген мен емес пе ем?!
Тойындың ба бұл қалай?
Дін-мұсылман дейді ғой:
«Адамзатқа қайғы ортақ».
Соны сендер білсеңдер
Бірігіп қам жемес пе ең?
Сендерде бар қайыршы,
Біздерде де жетеді.
Орысым, ойлап қарасаң,
Адамның жоқ бөтені.
Адам Ата ұрпағы,
Тату болса нетеді?
Адамзаттың бәрінің,
Құдайға жоқ бөтені, –
деп әрі басалқы терең, әрі тұңғиық, адамзат атаулыға ортақ ой айтады.
Ресей отаршылдығы хақындағы өлеңдері қазақты қорлау мен зорлауға қарсы қанды кекке ашықтан-ашық шақырып, ұран салған Сарышолақтың атын атауға ресми орта әлі күнге дейін тартынады. 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысында Дулат, Шортанбай, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Ғұмар Қараш, Балқы Базар, Шәңгерейлердің «озар елді тозар қылатын» кертартпалар санатында есімдері жарияланды. Кейін, арада жылдар өткенде Құдай беріп солардың бәрі ақталды. Бірақ Сарышолақтың есімі ешкімнің аузына іліккен емес. Оның мұндай «кешірілмес күнәһар» болуына өлеңдерінде «орыс» деген сөздің жиі ұшырасатыны себеп болғаны сөзсіз. Сол тұста «Ал ол «орыс» деген сол заманның қалыптасқан ешқандай ерсілігі жоқ сөз саптауымен патшалық Ресейді айтты ғой» деп бір ауыз араша сөз айтар тірі пенде, не ғалым не «ұлы жазушылар» шықпады. Иә:
Патша таққан айдардан,
«Бұратана» болдық болысқа.
Әскері көп қой демесең,
Ақымақ көп қой орыста, –
деген орыс ұлтына емес, Ресей отаршылдығына қарсы сол кездегі үйреншікті сөзді ол кезде қай «белсенді» қазақ құптасын?..
Алла Тағала ақындық қасиет берген адамның бойынан, егер ол шын ақын болса, әулиелік те, көріпкелдік те, болашақты болжап білетін сәуегейлік те қылаң беріп тұратын көрінеді. Тіпті Жаратқан Иеміздің сүйікті пенделері пайғамбарлардың ішінде де өлең жазғандар аз болмаған. Ал енді осы Сарышолақ шайыр:
Дос болып келген кешегім,
Соңыма түсті найза алып.
Қару ұстап сайланып,
Жау болды бүгін алданып.
«Бұратана халық» деп,
Әр нәрсені ойға алып, – дегені жатжұрттық отаршы, қанаушыдан күндердің күні болғанда сол «бұратана қазақтың» азаттық алмай көзі ашылмайтынын болжаған сыңайлы. Оған оның Ресейдің қол астындағы ауыр хәлді суреттей келіп:
Таң атар әлі теңгерме,
Қан менен жастың сұрауы,
Ағыны қатты селден де,
Бәйтеректер де құлауға.
Сол кезде қазақ топтасар,
Асылдарын жоқтасар.
Кекқуар шығар елден де
Жазасын сосын тартқызар,
Менменсіген кердеңге, –
деуі оның ел келешегін, ұлт келешегін болжайтын көрегендігіне, Тілеу Мөңке биден тараған әулие тектес ұрпақ екеніне дау туғызбас дәлел болса керек.
Сарышолақ Боранбайұлы – Абайдан сегіз жылдан кейін дүниеге келген екен, яғни Абайдың замандасы. Абай өз ұлтын орыстың ғылым-білімін үйрену арқылы онымен теңесуге үндеді. Қазақтың басындағы сол заманауи ауыртпалық атаулыны оқу мен ғылым үйрену арқылы аластамақ болды.
Ал Сарышолақта неге ондай деген сыңар ауыз сөз жоқ. Бұны, бір жағынан, қос шайырдың екі түрлі ортада ес біліп, етек жапқанынан деп те түсінуге болатын шығар. Өйткені Сарышолақ туып-өскен өлкеде орыс отаршылдығына қарсы ұлы жойқын көтерілістер дүркін-дүркін болып тұрған еді. Оның үстіне қаламы мен кекке суырылған қылышын қатарынан қару қылуға ант берген Сарышолақтың ең басты ұраны өзінің аталасы, отаршылдыққа қарсы сол өңірдегі көтеріліс басшысы Мырзағұл би Шыманұлы губернаторға айтқан «бұл жер – әуелі Алланыкі, сосын қазақтікі» деген сөз болатын.
Несін айтасыз, өмірден осылай «қазағым», «миллетім», «жерім», «елім» деп, жаттың жәбір-жапасына көніп отыра бермей, «Күнде жасып жүргенше, көзден аққан жас кепсін. Орысқа құл болғанша, қанжығада бас кетсін» деп өмірі арпалыспен өткен Сарышолақ Боранбайұлының есімін тәуелсіз елінің көгіне көтеріп, баршаға мәшһүр етуге енді исі қазақ атсалысса да артық болмас еді. Оның есімі Абай, Махамбет, Әбубәкір Кердері сипаттас ұлт алыптарының белортасында тұруға әбден лайық.
Өзім Сарышолақтың ұлт-азаттығы жолындағы күрескерлігі Махамбеттен еш кем емес екенін ара-тұра бір-екі ауыз өлеңдерін білетіндерден бұрын да байқап қалып, тереңірек білуге қазақи «мойын жар бермей» жүрген болатын. Кейін оның өлеңдерін (шамасы 15-17 баспа табақтай-ау) дүниеден озған шалқарлық Нұрғали деген жерлес досымнан алып оқып едім. Нұрғали ол кезде Талғар қаласында тұратын. Сосын ол қолжазбаны інісі Нұрлығалидың қолынан көрдім. «Жарыққа шығарайық», – деп едім бермеді. Тағы бірде Сарышолақтың кім екені айтылып: «Ақынның жырларын кітап етіп бастырайық», – деп жоғарыға, ел басқару жүйесінде жүрген қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің үлкен жанашыры болған азамат И.Тасмағамбетовке хат жазылды. Әне-міне деп жүргенде оның да сәті түспеді.
Бүгінгі әңгімеге тиек болып отырған кітапты сонау жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, бір кездері Шалқар ауданын басқарған марқұм, әдебиет пен өнердің жанашыры, ұлтшыл азамат Жеткерген Оралмағамбет берген еді.
Біз бұл жолы ақынның бүкіл қазақ миллеті атынан адыра заманды жадыра қылуды арман еткен рухты жырларынан ғана үзінді келтірдік. Шерменде шайыр Сарышолақтың ел азаттығын аңсаған азаматтық жырлары, жыл маусымдарын суреттеген сыршыл табиғат лирикасы, ұлттық тәрбиеге көбірек бет бұрғызатын жырлары мектеп, жоғары оқу орындары оқулықтарына енгізіліп, есім-сойын туған елінің көгіне көтере құрметтеп, ұлықтау керек. Өйткені оның бар ғұмыры қазақтың бүгінгі азат өмірін аңсаумен өтті.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір