ҚАЗІРГІ АДАМДАР ҚАЛЖЫҢДАСПАЙДЫ
04.09.2019
1712
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Нұрлан Қабдай:

The Proust Questionnaire (Пруст сауалнамасы) – бұл адамның жеке өмірі туралы сауалнама. Оның атауы сұхбат нысаны ретінде француз жазушысы Марсель Прусттың жауаптарымен байланысты әлемге кең таралған. Адамның ішкі дүниесін ақтаратын осы бір тағылымды сауалнама әдеби ортада күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Біз «Пруст сауалнамасы» үлгісін ұстана отырып, арамызда жүрген ақын-жазушылардың, өнер иелерінің ішкі «менін» ашуға тырыстық. Төмендегі сауалдардың ішінде Прусттық стильдегі сұрақтар мен «Қазақ әдебиетінің» өз сауалдары да бар. Аталған сауална­маның бүгінгі қонағы – жазушы Нұрлан Қабдай.

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Бола алатыны…

– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
– Қорғау инстингінің бары.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Біткен іс пен басталар істің арасы шығар.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Өзімнің Шыжығым. Мен оны аяймын.

– Ең басты кемшілігіңіз не?
– Тіпті еш себепсіз болса да, сенгім келмей тұрады.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Кітап оқимын. Кино көрем. Ұйықтаймын. Ішем.

– Өмірге екінші рет келсеңіз кім болуды қалар едіңіз?
– Осы қалпым да жаман емес.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Жақсы елде өмір сүргім келеді.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Мықты аспаз болғым келеді.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Алдымнан полиция шық­са, жанарымды қайда алып қашарымды білмей тықыршып кетем.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Дұрыс түсінем.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Ойыма ештеңе келмей тұр. Шын айтам.

– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Менің бір ағаларым бар, бірін-бірі сыртынан боққа аунатып, кездескен жерде «жан досым-айлап» сүйісіп жататын. Өте жиіркенішті!

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Сталин.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Біреуді Құдай қаңғы­р­тады, біреу Құдайға көнбей өзі қаңғырады».

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Анда-санда: жақында­рымнан айырылғанда.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі…
– «Мен көрдім дүние деген иттің көтін».

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Қазіргі адамдар қалжың­даспайды.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– О кісілер шетінен мықты ғой.

– Жас қаламгерлердің бо­йынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүр­сіз?
Артықшылығы – білімді­лігі, кемшілігі – жазған­дары кедір-бұдыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір