Адамдар, мен сендерді жақсы көрем!
31.08.2026
46
0

                     

            Адамдар…
Тұрсың ба тұғырыңда, тақсыр әлем?!…
Тұрлаусыз тәлейіме бақ сұрап ем.
Тірлікте талай мәрте жылатсаң да,
Адамдар, мен сендерді жақсы көрем!
 
Білемін, өмірдің көп бұралаңы,
Пенденің қашан болған сұрағаны.
Жығылған-сүрінгені, құлағаны,
Адамдық осындайда сыналады.
 
Алсаң да сатқындықтың сабағын көп,
Жоғалтпау бет-бейнеңді  дара міндет.
Күресіп қу тірлікпен өтерің рас,
Өмірде  өз орнымды табамын деп.
 
Асылдай әр сөзіңді  алатын бар.
Және бар  айтқаныңды шала тыңдар.
Жанашыр адамдай боп аңдумен жүр,
Аңдатпай аяғыңнан шалатындар.
 
Барсам деп биіктерге сіз баратын,
Орныңды сайлап қояр құзға жақын.
Тіршілік заңы солай, адамдар бар,
Өзгеден ауаны да қызғанатын.
 
Жандар  бар саған жанын қиып берер,
Пенде бар жамандықты жиып-терер,
Аярлық адалдықтан басым түссе,
Баз кешер дүниеде күйіктен ер.
 
Әр ісің болса-дағы жақынға  үлгі,
Көкпардай көңіліңді тақымға ілді.
Баршаға бәрібір де жаға алмайсың,
Асылды көрмейтін бар  бақыр ғұрлы.
 
Бар ма өзі жер бетінде мият мекен?
Қалайша бұл қоғамды ұятты етем.
Шаттық-мұң араласып  жүрмесе өмір,
Дәмі жоқ тұзсыз тағам сияқты екен.
 
Адамдай сүйеуі жоқ,
тіреуі кем,
Жүрмейін төменшіктеп жүдеу үдем.
Өзгені айыптайтын жағдайым жоқ,
Пенденің өзім айтқан, 
Біреуі – мен!

                                    Жаңа өлшемдер
Айлар,
жылдар,
ғасырлар,
Аптығымды басыңдар.
Бағынбаған биік бар,
Алынбаған асу бар.
 
Мені тыңдап көрсеңдер,
Сөзге қонақ берсеңдер.
Уақыт емес, жасымды,
Өлеңіммен өлшеңдер.
 
Көрер болса көшімді ел,
Осылай деп шешіңдер.
Сүріп өткен жасымды,
Шақырымдап кесіңдер.
 
Аққа жүрер жуыс кім,
Ағайынмен у іштім.
Безбендеңдер жасымды,
Тілегімен туыстың.
 
Бірі емеспін бос ұлдың,
Десем де сан тосылдым.
Салмақтаңдар жасымды,
Сенімімен досымның.

Сырын білмей сырт үннің,
Алғы күнге ұмтылдым.
Шамалаңдар жасымды,
Алғысымен жұртымның!
 
Мені жатқа телімен,
Бүтініңнін  бөлігі ем.
Топшылаңдар жасымды,
Сезімімнің селімен.
 
Жырларымды түлеттім,
Жолдарыңа гүл ектім,
Санаңдаршы жасымды,
Лүпілімен жүректің!
 
Жанымда алау, жасын бар,
Жана алмасаң, қашыңдар.
Өзге менің өлшемім,
Айлар,
жылдар,
ғасырлар!..

                            Қоңыр…
Қоңыр түс көз ашқалы аңғарғаным,
Болды ма самғау көкке самғар халім?!
Қоңыр үй,
Қоңыр дала,
Қоңыр тірлік,
Қоңыр көзбен осының шалғам бәрін.
 
Көңілде сақтаймын деп ақ қалыпты,
Төрімді ұсыныппын жатқа күпті.
Еске алар өкінішпен тарихым да,
Қоңыр оймен жадымда сақталыпты.
 
Сағымдай бұлдыраған қоңыр дала,
Сан ғасыр тартты неге көңіл нала.
Ат үсті тірлік кешіп ғұмыр бойы,
Аттандым шоғырға да, тобырға да.
 
Жанымның терең еді дерті неткен,
Қоңыр ән әуеніне елтімеп пе ем.
Тірліктің қоңырсыған исі келсе,
Қоңыр самал желі кеп желпіп өткен.
 
Момын ем, білген дейсің содырды кім?
Сертім бар ширегіндей тобылғының.
Зұлматын ақ-қызылдың көргеннен соң,
Тілеуші ем тұрса ғой  деп қоңыр күнім.
 
Көңілді алаңдатпай қыр гүліне,
Бастадым осылай деп жырды, міне,
Тәубе деп жүріп келем қазағымның,
Қақ-соқсыз,  қоңыр-төбел тірлігіне.

                                    Айкезбе…
Жоқ менде сарыуайым,
татар қайғы,
Жат келіп жаралауға  бата алмайды…
Алайда іңір кірсе іргемнен кеп,
Миымда мың сан ойлар атойлайды.
 
Тосардай тұмса бақыт толып алдан,
Қиялда қилы әлемді жонып алғам.
Дөңбекшіп, кірпік ілмей түн баласы,
Үйімде айкезбе жан болып алғам.
 
Артқа сап асыл уақыт,
күн,
жыл,
айды,
Жырларым жазылмаған шын жылайды.
Елестер еркімді алып ертелі-кеш,
Бейкүнә балғын көздер тұнжырайды.
 
Болса да таңым жарық,
түн арайлы,
Бір күдік ертелі-кеш кінәлайды.
Белгілі мақсатыма жеттім десем,
Бір арман тереземнен сығалайды.
 
Күйгендер үрлеп ішер байқап шайды…
Япырмай, неге жаным жай таппайды?
Кешқұрым кіріп алған күшік ойды,
Балақтан қаптырмақ боп айтақтайды.
 
Осындай шайыр көріп күлдің бе сен?
Уақытқа кеткендей-ақ бұл күнде есем.
Бір күдік алқаға сап азаптайды,
Арыммен тату өмір сүрдім десем…
 
Болмай жүр тыныш ұйықтар жай кездерім,
Кел бері,
шайтан ойлар,
қайда өздерің?!
Алысқан ертелі-кеш елеспенен,
Мен бүгін өз үйімде айкезбемін!

                                                   Ақын ғана…
Жасығы не, бәрібір,
асылы не…
Кіріптар ғой пенделер нәсібіне.
Байқағаным, адамның мінез-құлқы
Тартады екен алдымен кәсібіне.
 
Көру болып арманы өрісті елді,
Кәсібінен талай жан жеміс терді.
Билік пенен қаржыға ие жандар,
Кез келгеннен көреді борышкерді.
 
Ізгі жандар көрсетсе үлгі істерді,
Қайсыбіреу кешіп жүр тұрмыс шерлі.
Прокурорға жолыға қалсаң егер,
Өн-бойыңнан іздейді қылмыскерді.
 
Таңып қайтем өзгеге бөтен ойды,
Адамды арман алдыға жетелейді.
Саудагермен базарда кездессеңіз,
Қаражатың біткенше көкелейді.
 
Тіршілікте болса да азбан бәрі,
Жаратқанның келеді жазған дәмі.
Дәрігермен дидарлас бола қалсаң,
Дертіңді айтар алдымен ағзаңдағы.
 
Алғыр да сол,
шетінен текті бәрі,
Мамандығы бойынша шеп құрады.
Мысалы, мұғаліммен кездессеңіз,
Оқытқысы өзіңді кеп тұрады.
 
Өкпе білдір,
кінәрат жүкте мейлің,
Келген ойды несіне бүкпелеймін?
Әрбір адам өзінше тылсым әлем,
Тылсымдыққа не деймін?
Түк демеймін!
 
Тартам деген лақ сынды тақымға ала.
Қарау ойың болса егер, жақындама…
Адамдардан іздейтін адамдықты,
Аңғарғаным, тірлікте,  ақын ғана!

                              Ана тілге араша…
                         (немесе қазақ қыздарына базына)
Айналайын, қыздарым,
балаларым,
Салмақ салды демеңдер санаға мың.
Айтайын деп қолыма қалам алдым,
Көңілімде айықпас нала барын.
 
Көксегенің болды ма табыс, пайда.
Сөз бен ісің бүгінде қабыспай ма?!
Еркіндік ап, еңсені тіктегенде,
Найзағайдай кешегі намыс қайда?!
 
Жігіттердің құятын жігеріне от,
Арулардың тылсымы, білері көп.
Қазақ қызы қашаннан жүрмеп пе еді.
Ермен қатар  Отанның тірегі боп!
 
Кімнен енді сұраймын хақтың құнын,
Қаңсығына біреудің қақтың күлім.
Дәруіштей дәріптеп не көрінді,
Өзге ғұрып,
Бөтен салт,
Жаттың тілін?!
 
Жұрт едік қой тарихын тәпсірлеген,
Сан ғасырлар күн кештік дәстүрменен.
Өзің керек қылмаған Ана тілі,
Керек пе екен балаңа ес кірмеген?!
 
Амал құрып, кетті ғой бастан айла,
Ата-баба назасы жасқамай ма?
Сұрыпталған сан ғасыр әсем тілді,
Күресінге ұрпағың тастамай ма?!
 
Базынам бар айтатын саған деген,
Кім едім деп келешек ғаламға енем?
Аманатын анаңнын мансұқтамай,
Өз тіліңде сөйлесші балаңменен?!
 
Өзгешелеу өзіңе құрдың ба әлем,
Тірлігіңнен кетпеді-ау бір дүрбелең.
Жарығым-ау, қазақша сөйлессеңші,
Ағайынмен,
Көршіңмен,
Құрбыңменен!
 
Жерімде егес басталған,
төрімде егес,
Ар-шыңынан әйтеуір көрінбе кеш,
Ана тілі – ананың ақ сүтінде,
Ана тілі – атаның белінде емес!

                                     Тіршілік…
Соңынан тіршіліктің ергенімде,
Кез болып кердалаға шөлдедім бе?
Келісім керегесін аулақ салған,
Келе алмай өз-өзіммен теңгерімге…
 
Аңғармай ақиқатты өңге мүлде,
«Мен ғана…
Маған ғана…
Мен…» – дедім бе?
Жанымнан жылу күткен жақсыларға
Мейірім бере алдым ба,
бермедім бе?!
 
Еш кетіп еленбестен еңбегім де,
Жүрдім бе жөнсіз істің шеңберінде.
Бақыр мен асыл жайын ұқпаған соң,
Бағасын білмедім бе теңгенің де?!
 
Өмір күрес,
жеңдім бе,
жеңбедім бе…
Бұрысты бұра тартып
«Жөн!» дедім бе?
Сарсылып су құйдым ба шыңырауға,
Айналмас баптасаң да шөңге гүлге…
 
Жат болып жақсы көрген,
сенгенім де,
Ақыры тағдырыма көнгенімде.
Аузына ақиқаттың су тамызып,
Адалды шынтағынан демдедім бе?!
 
Шатасып шақша басым келгенімде,
Шайырдан шындық іздеп, сенбе мүлде…
Жұртыма не деп айтып кетсем екен,
Бұл тажал, төбемнен кеп төнгенінде?!
 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір