«УАҚЫТ БІЗДЕН ОЗА МА, БІЗ УАҚЫТТАН ОЗАМЫЗ БА?»
04.09.2019
987
0

Нассер әл-Дхаери – 1960 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әл-Айн қаласында туған жазушы, журналист. БАӘ Жазушылар одағының төрағалығына екі рет сайланған оның 14 кітабы жарық көрген. Сондай-ақ, Н.әл-Дхаери – 6 фильм түсірген режиссер. Жан-жақты дарын иесі ана тілінен бөлек, ағылшын, француз, испан тілдерін меңгерген. Ол жазда Елорда төрінде өткен Еуразия астаналары қаламгерлері бас қосқан алқалы жиынға қатысқан болатын. Қаламгер «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына ғаламтор арқылы жауап берді.

– Нассер мырза, біздің оқырмандарға Сіздің өмірбаяныңыздың қызық болары сөзсіз. Өскен ортаңыз туралы мағлұмат бере кетсеңіз.
– Мен Абу-Дабиден 160 шақырым қашықтықтағы бір жағын таулар, бір жағын шөл дала қоршаған әл-Айн атты тарихи қалада туып-өстім. Бұл – шұрат (оазис) болғандықтан, ғажайып мекен. Әкем – әскери офицер, ал анам – үй шаруасындағы әйел еді. Балалық шағым қиын уақытқа тап келді. Өйткені ол кезде мектептер мен ауруханалар жетіспейтін. Жолаушылар тасымалының жүйесі болған жоқ. Қаладағы жалғыз мектеп пен жалғыз аурухана менің үйімнің жанында еді. Бала кезімде күндіз орта мектепте, кешке діни оқу орнында «Құран» оқып үйренетінмін. Бозбала шағымда Абу-Дабиге барып, әскери мектепке оқуға түстім. Мұны бітіріп, орта білім алған соң, әл-Айнға қайтып келіп, университетте оқып, Медиа және француз әдебиеті салаларына мамандандым. Кейінірек Францияда «Француз өркениеті және журналистика» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

– Жазушы болуыңызға не ықпал етті?
– Бала күнімнен кітап оқуды, саяхаттауды, білімімді жетілдіруді армандап, қиялға шомуды, адамдардың іс-әрекеті мен қылықтарын бақылауды жақсы көрдім. Кештерде әжем айтатын ертегілерді тыңдауды жаным сүйетін. Сондай-ақ, мектеп табалдырығын аттамай тұрып, көкем маған оқу мен жазуды үйреткен еді. Шығармашылық адамына айналуыма тарих, театр өнері, араб тілі пәндерінің мұғалімдері де едәуір әсер еткен секілді.

– Қанша тіл білесіз? Шығармалары­ң­ызды қай тілдерде жазасыз?
– Көп тілді жақсы көремін. Ағылшын, француз тілдерінде емін-еркін және аздап испан тілінде сөйлесе аламын. Бірақ әдеби туындыларым мен мақалаларымды және кино саласындағы еңбектерімді арабша жазамын.

– Өзге тілдерді қалай үйрендіңіз?
– Ағылшыншаны үйрену үшін Лондонға, французшаны меңгеру үшін Парижге бардым. Меніңше, шет тілін жетік білу үшін сол мемлекетке барып, біраз уақыт тұру керек.

– Бүгінгі күнге дейін неше кітабы­ң­ыз жарық көрді? Әдеби шығарма­ларыңыздың басты тақырыбы не?
– 14 жинағым шықты. Кітаптарымда романдарым, әңгімелерім, эсселерім, мақалаларым, жолсапар очерктерім және мен түсірген фотосуреттер топтастырылған. Әдеби туындыларымда көбіне адам жаратылысы, уақыт және өмірдегі маңызды дүниелер жайлы жазамын.

– Сіздің режиссер екеніңізден де хабардармын. Кино саласында қанша еңбегіңіз бар? Туындыларыңыз не туралы?
– 6 деректі фильм түсірдім. Оның төртеуі – қысқаметражды фильмдер. «Су, пальма ағаштары және отбасы туралы хикая» деген алғашқы еңбегім 21 халықаралық марапатқа ие болды. Адам жаратылысы мен уақыт туралы «Уақыт құдайы» деген тағы бір фильмім – философиялық дүние. Онда «Уақыт бізден оза ма, біз уақыттан озамыз ба?» «Ақыр соңында адам жеңе ме әлде уақыт жеңе ме?» деген сұрақтарға жауап табуға тырыстым.

– Ал журналист ретінде не жаздыңыз?
– Журналистика – менің мамандығым. Біріккен Араб Әмірліктерінің күн сайын шығатын бас газеті «Әл-Итхад» басылымында 17 жылдан бері жүргізетін тұрақты айдарым бар. Сондай-ақ, ай сайын, кейде апта сайын араб журналдарында эсселерім жарияланып тұрады.

– Биыл шілде айында Нұр-Сұлтанда өткен «Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумында» ұйымдастырушылар сізді БАӘ Жазушылар одағының төрағасы деп таныстырды. Еліңіздегі қаламгерлерге қандай қолдау білдіресіздер?
– Бізде Жазушылар одағының төрағасы әр екі жыл сайын ауысады. Мен аталған ұйымның төрағалығына екі рет сайландым. БАӘ-де Жазушылар одағы қаламгерлерге шығармаларын басып шығару, аудару, әдеби-мәдени шараларға қатыстыру жағы­­нан көмектеседі. Сондай-ақ, одақ мүшеле­ріне денсаулық сақтау саласында жеңіл­діктер қарастырылған. Жалпы, Жазушылар одағы көптеген мекеме, ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді.

– Ал Жазушылар одағына БАӘ билігі қаражат бөле ме?
– Иә, әрине. Мемлекетіміздегі көптеген мекемелер, бірлестіктер, аймақтардағы жергілікті министрліктер, өңірлердегі билік өкілдері ақын-жазушыларға үнемі қажетті жағдайды жасап отырады.

– Сіздің сүйікті ақыныңыз бен жазушыңыз кім?
– Бұл – өте қиын сұрақ. Мұндай сауалды ұнатпаймын. Маған авторлардан гөрі, олардың шығармалары жөнінде сөз қозғаған ұнайды. Дегенмен, Расул Ғамзатов, Габриэль Гарсиа Маркес, Нагиб Махфуз, Антон Чехов, Виктор Гюго секілді ақын-жазушыларды атар едім. Жалпы, мықты қаламгерлер өте көп.

– Еліңізде халық кітап оқи ма? Әдебиет­тің қай жанрларына сұраныс күшті?
– БАӘ бұқарасы әдебиетті жақсы көреді. Әсіресе, поэзияны жаны сүйеді. Біздің жұрт көптеген тілде әртүрлі кітаптарды оқиды. Қоғамның әр табына арналған оқу бағдарламаларымыз бар. Жастарды ұдайы ізденуге баулу үшін, оларды қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп отырамыз. Тіпті, тауда, шөлде, шалғай аудандарда тұратын халыққа кітап тиеген арнайы керуендер жіберіледі. Сонымен қатар жыл сайын БАӘ аумағында ғана емес, күллі араб елдері оқырмандарының арасында байқаулар ұйымдастырылып, жүлдеге миллиондаған қаржы тігіледі.

– Ислам өркениетінің заманауи әдебиетке ықпалы бар ма? Яғни БАӘ-лік қаламгерлер діни тақырыптарда қалам тербей ме?
– Ислам діні біздегі өркениет пен мәдениеттің ажырамас бөлігі екені даусыз. Бірақ бізде өзгелердің таным-түсінігі мен наным-сеніміне құрметпен қарайтын, толеранттылықты ту еткен қоғам үстемдік етеді. БАӘ-де 200-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Елімізде мешіттер де, шіркеулер де, өзге діндердің ғибадатханалары да бар. Әркім өзі қалаған сенім бойынша құлшылық жасайды. БАӘ – толеранттылық мекені. Биылғы ұранымыз да – толеранттылық.

– Қазақ әдебиеті туралы не білесіз?
– Алғаш рет қазақ әдебиеті туралы материалдарды «Радуга» баспасынан шыққан еңбектің арабшаға аударылған нұсқасынан 1980 жылдары оқыдым. Бұл қазақ қаламгерлерінің әңгімелері топтас­тырылған жинақ болатын. Өкінішке қарай, қазақ әдебиетін арабшаға аудару мәселесі ақсап тұр. Нұр-Сұлтанда биыл өткен Еуразия астаналары қаламгерлерінің халықаралық форумынан кейін араб және қазақ әдебиеттерінің арасында, бәлкім, біз көпір болармыз.

– Біздің елімізде неше рет болдыңыз? Алған әсеріңізді айтып беріңізші.
– Қазақстанда екі рет болдым. Маған халықтың мәдениеті мен өмір салты ұнады. Қазақ халқы – өте қонақжай, жылы жүзді әрі кеңпейіл. Біздің мемлекеттеріміздің арасы қашық болса да, халықтарымыздың арасында көптеген ұқсастықты байқадым.

– Газетіміздің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Қазір көп адам кітап оқудан гөрі, электронды дереккөздерді немесе электронды кітапты жөн көреді. Мен кәдімгі басылып шыққан кітапты оқығанды ұнатамын. Қазақ оқырмандарынан сүйікті ақын-жазушысы кім екенін анықтап, олардың туындыларынан рухани азық алуын өтінемін. Өйткені қаламгерлер оқырмандарға шығармалары арқылы шырыны мен нәрін беретін жеміс секілді. Ал сізге мені «Қазақ әдебиеті» газе­тіне сұхбат беру мәртебесіне ие қылғаныңыз үшін алғыс айтамын.
– Сұхбат бергеніңіз үшін Сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір