«БАЛАЛАРДЫ ЖАЗУШЫ БОЛУҒА БАУЛИМЫЗ»
04.09.2019
966
1

Паулина Гейбл-Кравц – израильдік ұстаз әрі балалар жазушысы. 48 жылдан бері ағылшын тілі пәні бойынша ұстаздық етіп келеді. Шығар­ған еңбектері оқыту тәсілінің тиімділігінің арқасында сұранысқа ие болған соң, жазушылық қыры да ашыл­ған. Ресейде дүниеге келген. 2000 жылдан бері Израильде тұрады.

– Паулина ханым, мен сізді балалар жазушысы және ұстаз ретінде танимын. Бұл салаларға қалай келгеніңізді айтып беріңізші.
– Өзімді әуелі ұстаз, содан кейін ғана жазушымын деп санаймын. Өйткені мен Барнаул пединститутын бітірген соң, еңбек жолымды мектеп мұғалімі болып бастадым. Ал Мәскеуде Жоғары педагогикалық курстарды (диссертация қорғау талап етілмейтін аспирантура) тәмамдағаннан кейін ЖОО оқытушысы болдым. Ағылшын тілін үйрету тәсілім оң нәтиже бере бастаған соң және мен жазған оқулықтар мен еңбектер мұғалімдердің, студенттердің, тіпті ата-аналардың да кәдесіне жарайтынын ұғынғаннан кейін жазушылық қырым да ашыла бастады.

– Сіздің Ресейде туғаныңызды білеміз…
– Өткен ғасырда Сібірде тудым. Әкем – инженер, ал анам есепші болатын. Сонымен қатар, әкем – керемет суретші еді. Шығармашылық дарын маған сол кісіден дарыған болу керек. Бірақ мен қылқаламмен емес, сөзбен өрнек саламын. Мамандығым – ағылшын тілінің мұғалімі екенін жоғарыда айттым. Оқушы кезімде ағылшын тілі пәнінен сабақ берген ұстазым тіл меңгеруге деген икемділігімді және есте сақтау қабілетімнің жоғары екенін байқап, оқу бағдарламасынан тыс дүниелерді ақысыз үйретіп, білімімді жетілдіре түсті. Мен де «ағылшын» болуыма себепкер болған Алевтина Гавриловнаның ісін жалғастырып келемін. Ресей мен Израильде ағылшыншаны үйрету саласында 48 жылдық тәжірибем бар. Екі ұлдың анасымын, тәп-тәтті алты бүлдіршіннің әжесімін. 2000 жылдан бері Израильде тұрамын. Семинарлар мен вебинарларды жиі ұйымдастырамын. Басты ісім – балалар мен ересектерге ағылшын тілін үйретуді мақсат ететін Халықаралық Балалар Университетінің (EFU) негізін қаладым. Біздің ұранымыз – «For kids and by kids», яғни «Балаларға арналған дүниелерді балалармен бірге жасаймыз». Нақтырақ айтқанда, EFU-да 1-2 жыл оқып, дайындықтан өткен соң, әр оқушының келесі кезең – «Жас жазушылар» бағдарламасы бойынша қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндігі бар. Яғни, біздің шәкірттеріміз әрі ағылшын тілін үйренеді, әрі ағылшын тілінде өзі кітап жазып шығады.

– Қанша тіл білесіз?
– Орыс тілі – ана тілім; ағылшын тілі – ол да ана тілім секілді. 9 жасымнан бастап ағылшынша да сөйлеймін; иврит тілінде еркін әңгіме-дүкен құра аламын; французша аздап сөйлесе аламын және жеңіл кітаптарды оқимын.

– «Профессор Фроггимен бірге ұшу табақшасына мініп, бүкіл әлемді аралаймыз» («On the Plate Around the World» With Professor Froggie») деген кітап шығардыңыз. Бұл кітаптың мазмұны қандай?
– Аталған кітап қазір жазылып жатқан «Сиқырлы глобус» («Magic Globе») деген туындының бірінші бөлімі іспетті. «Сиқырлы глобуста» бақа кейіпкеріміз – Профессор Фрогги глобусты айналдырып отырып, саусағы тиген мекеннен көзді ашып-жұмғанша шыға келеді.
Сіз сұраған «Профессор Фроггимен бірге ұшу табақшасына мініп, бүкіл әлемді ара­лаймыз» деген кітапты Халықаралық Балалар университетінің (EFU) шәкірті екеуміз бірге жаздық. Мұнда қызықты жұмбақтар, өлеңдер, сөзжұмбақтар, сұхбаттар, балаларға арналған т.б. материалдар топтастырылған. Аталған еңбек «Бұл кітапты өзің секілді бала жазды! Ендеше сенің де қолыңнан келеді! Бас­та!» деп жас оқырмандарға ұран тастағандай әсер қалдырады. Бұл кітап 200 данамен Сингапурде басылып шықты. Таныстырылымы Израильде өтті. EFU-дің Қазақстандағы шәкірттері үшін сіздің еліңізде де 200 данасын шығардық.

– Әріптестеріңіз туралы айтып беріңізші. Бақа кейіпкер – Профессор Фроггиді балалардың назарын аудару үшін ойлап таптыңыз ба? Неге бақаны таңдадыңыз?
– Менің бас серіктесім – АҚШ-тың Флорида штатында тұратын кәсіпкер әйел – Елизабет Фортун. Біз бір-бірімізді 2007 жылдан бері танимыз. Ағылшын тілін үйретуге байланысты жобаларымызды бірге жүзеге асырамыз.
Бақа кейіпкер – Профессор Фрогги туралы балаларға былай айтамыз: ол бастапқыда өте кішкентай бала бақа бола­тын. Уақыт өте келе, өсіп, ақылы толысып, біздің Халықаралық Балалар университетінде оқып, ағылшын тілін жетік меңгерді де, серіктесімізге айналды. Сөйтіп, өзге шәкірттерге үлгі бола білді. Сондай-ақ, бақаның жасыл түсі жастықты, дамуды, жарқын болашақты меңзеп тұрғандай.

– Тағы басқа қандай кітаптарыңыз бар?
– «Кішкентай бақа», «Бақалар мектепке барады», «Заманауи балаларға арналған заманауи ағылшын тілі», «Менің шағын кітапшам», «Заманауи балаларға арналған заманауи әліппе» т.б. еңбектерімді Израиль мен Қазақстандағы шәкірттеріміз қолданып жүр. Әлі көптеген дүниелерді шығару жоспарда бар. Тіпті, жазушылық пен кәсіпкерлікке қызығатын балаларға арналған мультфильм­дер сценарийлері де дайын тұр.

– Нұр-Сұлтанда өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» форумында балаларға арналған халықаралық әдеби форум өткізгіңіз келетінін мәлімдедіңіз. Жоспарыңыз жөнінде нақтырақ айтып берсеңіз.
– Иә, форумда бұл ойымды жеткіздім. Сол жерде көптеген адамның қызығушылығы оянып, бірге жұмыс істеуге келістік. Жас жазушылар форумы 2020 жылдың маусымында Израильде немесе Қазақстанда өтеді. Шара екі күнге созылмақ. Содан кейін 3-4 күн жазғы лагерь ұйымдастырылып, түрлі әдеби тақырыптарға байланысты дәрістер өткіземіз. Сондай-ақ, форумда ағылшын тілін меңгерудің жеңіл тәсілдерін, мақсат қою мен оған жетудің жолдарын үйретеміз; балаларды өз қабілетіне сенуге тәрбиелейміз. Әзірше, Израиль мен Қазақстан жастары қатысады деп жоспарлап отырмыз. Форум аясы бұдан кеңеюі де мүмкін. Егер «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы ақпараттық қолдау білдіремін десеңіздер, жобамыз жайлы толығырақ мәлімет жариялауға әзірміз. Жамбыл облысындағы Қордай ауданында, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында форумға дайындық жұмыстарын бастап та кеттік.

– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?
– Көңіл-күйіме, жағдайға байланыс­ты әртүрлі авторларды оқимын. Жаңа жылдың алдында немесе жаңа жыл түнінде Николай Гогольдің «Диканька маңындағы қыстақтағы кештер» шығармасын оқып, балалық шағыма қайтадан сапар шеккенді ұнатамын. Ал қатты шаршағанда немесе бір мәселенің шешімін таппай қиналғанда мысығымды құшақтап диванға жатамын да, поляк жазушысы Иоанна Хмелевскаяның детектив жанрындағы туындыларын оқимын. Сол сәтте айтарлықтай сергіп те қаламын. Сондай-ақ, мені мазалаған қиындықтың да түйіні тарқатыла кетеді. Лингвистика не болмаса бизнес саласында ізденгім келсе, Роберт Аллен, Виктор Марк Хансен, Роберт Кийосаки, Дональд Трамп, Бодо Шефер секілді авторлардың еңбектерін қолыма аламын.

– Ал қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді оқыдыңыз?
– Қазақстандық сайттардың бірінен қазақ қаламгерлерінің ең кең тараған 13 кітабы туралы оқып, өзім үшін тізім жасадым. Мен келешекте оқуым керек еңбектердің арасында бірінші орында, әрине, қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» тұр. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумында сөз сөйлеген Олжас Сүлейменовтің шығармашылығымен танысуға да біраз уақыт арнағым келеді. Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтандағы бөлімшесінің директоры Дәулеткерей Кәпұлының кітабын сыйлыққа алғанымды да айта кетейін. Елдеріңізге келесі барғанымда балалар әдебиеті бағытындағы шығармаларды алуға тырысамын.

– Қазір израильдік ақын-жазушылар не жазып жүр? Олармен тығыз байланыс­та шығарсыз?
– Өкінішке қарай, отандас қаламгер­лермен аралас-құраластығым жоқ. Бәрі де алда деп ойлаймын.

– Израиль халқы, әсіресе, жастар кітап оқи ма? Еліңізде әдебиеттің қай саласына сұраныс күшті?
– Біз зиялы отбасында тәрбиеленген балалармен және жастармен тығыз жұмыс істейміз. Шәкірттеріміз өздері таңдаған мамандық немесе кәсіпке байланысты танымдық әдебиеттерді иврит, ағылшын тілдерінде ғаламтордан, смартфоннан, планшеттен оқиды.

– Алматы, Шу қалаларында ағылшын тілін үйрету курстарын ұйымдастырған екенсіз. Демек, белгілі бір уақыт аралығында Қазақстанда тұрдыңыз. Қазақстан Сізге қандай әсер сыйлады?
– Жобаларымды жүзеге асыру үшін мені Қазақстанға бірнеше адам шақырып, күтіп алып, қолынан келгенше көмектесті. Кейін олармен дос болып кеттік. Екі жылдан бері білім беру саласында Қазақстанмен тығыз байланыс орнаттым. Осы аралықта Израильде 19 жылда тапқан достардың санымен бірдей жора-жолдас, әріптес таптым. Осының өзі көп жайды аңғартса керек. Бізбен тілдескісі келетін оқырмандар «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы арқылы байланысқа шықса болады.

– Дәстүрлі сұрағымызды қояйын. Газетіміздің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Жоғарыда айтқанымдай, мен әуелі – ұстаз, содан кейін – жазушымын. Ана тіліңіз – қазақшадан бөлек, орыс және ағылшын тілдерін де жетік меңгеруге кеңес беремін. Бауырлас халықты бұл мақсатқа EFU-мен бірге жетуге шақырамын. Өйткені «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан А.ФАЙЗОЛЛА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.01.2024 | 23:10

Өте керемет сұхбхат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір