БАЛАЛАРДЫ ҚАНДАЙ КОНТЕНТТЕР ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ?
22.02.2023
211
0

Уақыт ағымы алға озған сайын заманның сипаты да, сұранысы да мүлде басқа арнаға бет бұруда. Адамзат көші қанша дәуірлер мен ғасырларды, мыңжылдықтарды артқа тастады. Қоғам да қаншама өзгерісті бастан өткеріп келеді. Қай кезеңді алсақ та бала тәрбиесі, баланың қалыптасу барысы өзектілігін жойған емес. 

Бір кездері қаланың, ауылдың төрт көзі мен балаларды өзінің алдына тапжылтпай отырғызған көк жәшік те бұл күнде көненің көзіне айналып бара жатқандай. Бұлай деуге ерте, әлбетте. Десе де қазір балалар ғана емес, үлкендер де теледидарға көз салғаннан гөрі, қолдағы алақандай телефонға үңілуді әдетке айналдырған.
Еліміздегі басты мәселелердің бірі – қазақ тілінің ахуалы да ғаламтор иектеген қазіргі қоғамда да күн тәртібінен түспей тұр. Нарықтың талабына сәйкес, ата-ананың көп уақыты жұмыста өтеді. Осындай кезде балаға дұрыс бағыт көрсетіп, ойын дамытатын контенттер маңызды. Телеарналарда кішкентайларға арналған мультфильмдер, бағдарламалар аз емес. «Балапанмен» өсіп, «Балапанмен» тілі шыққан бүлдіршіндер де көп. Тіпті өткен жылы Қырғызстан депутаты Нұржігіт Қадырбек Жогорку Кенеште балаларының дәл осы арнаны қызыға қарап жүріп, қазақ тілін меңгеріп алғанын мәлімдеген болатын. Өзге де шетелдіктердің осы арна арқылы қазақ тілін тез үйренгені жайлы ақпарат та естіп қаламыз. Дегенмен балақайлардың теледидар тамашалап отырып, үлкендер көз ала бере телефонға телміретін әдет тапқанына да біршама уақыт. Ұялы телефондағы әртүрлі орыстілді контенттерге тәуелді болып қалған балалардың санасы да орыс тілін сіңіріп алып жатыр. Бұған тосқауыл болатындай нендей амал жасамақ керек?
Осы төңіректе өткен жылы бірнеше «Алқа» отырысын ұйымдастырған едік. Сонда белгілі журналист Жанар Оразымбет: «Қазақ» және «Шалқар» радиолары  қашанда балаларға арналған бағдарламалардан кенде болған емес. Өзіміз дәл осы «Қазақ» радиосынан «Ерден атайдың ертегілерін» естіп өскен ұрпақпыз. Қазір де балаларға арналған бағдарламалар жетерлік. Соның біреуіне ғана тоқталып өтейінші. Біздің «Шалқар» радиосынан мектеп жасындағы балаларға арналған «Жанартау» деген бағдарлама жүреді. Журналист Гүлбағыш Бостанның авторлық бағдарламасы. Бұл – балаларға мотивация беріп, ынталандыру, баланың рухын көтеру  бағытында жасалынып жатқан хабар. Ол хабардың ерекшелігі де сол, хабарда Республикалық, халықаралық олимпиадаларда жетістікке жеткен, білім, өнер бәйгесінде оза шапқан балалар, жас өнертапқыштар, жас ғалымдар туралы  айтылып, сондай талантты, өнерлі, білімді балалар  насихатталады. Ондай хабарлар, әлбетте, басқа балаларға шабыт береді, қиялына қанат бітіреді. Хабарды тыңдаған оқушылардың сондай балаларға ұқсағысы келіп, өнер-білімге, спортқа деген ынтасы артады.  Хабар арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту деген, міне, осы! Баланы қазақша сөйлететін – баланың өзінің тілі, өзінің сөзі. Балаға тілді баланың өзінің тілімен сіңірудің бір тәсілі – осындай бала үшін қызықты бағдарламаларды тыңдату, көрсете білу», – деген еді. Жанар ханымның: «Менің немерем екі-ақ жаста. Қолымнан келетіні, көлікте отырғанда радионы қосып қоям. Ондағы ойым, ең болмаса, құлағына қазақша сөз сіңе берсін деймін. Бірнәрсені ұғынып-түсіну үшін ол әлі тым кішкентай  ғой. Бірақ бәрібір ақырындап қазақша сөйлеу мәнері құлағына сіңе береді. Байқаймын, кейде күй ойнап жатқанда кәдімгідей тыңдап қалады. Демек, оған ұнайды. Әуен, домбыраның үні ұнайды. Өйткені оның қаны – қазақ! Ол қазірдің өзінде домбыраны біледі. Ағасы домбыра тарта бастағанда: «Домбыла!» – деп айқайлап жібереді.  Біздің тіліміз, өнеріміз бізден басқа ешкімге керек емес. Ал ұрпағымыз қазақша сөйлемесе, домбырамызды тыңдамаса, онда тіл туралы, ұлттық құндылықтарымыз туралы әңгіме қозғаудың да қажеті шамалы. «Қазақ» және «Шалқар» радиолары қазақ әні мен күйінің алтын сандығы ғой. Балаңызды күні бойы радионың алдына байлап қойыңыз деп отырған ешкім жоқ. Ең болмағанда, көлікте отырғанда осылай ән-күй тыңдатып отырсаңыз, балаңыздың құлағы үйренеді қазақшаға, қазақтың әуеніне. Сөйтіп, балаңыздың жаны қазақиланады.  Ал жаны қазақиланған бала міндетті түрде қазақша сөйлейді», – деп айтқаны да немерені, кішкентайларды нағыз қазақылыққа, қазақы танымға баулудағы – үлкен мектеп. Расында, бұрынғылардан таңды таңға ұрып жырлайтын жыршыларды, ауыз әдебиетіндегі батырлар жырын, ғашықтар жырын, аңыз-қиссаларды тыңдап өскенін, осынау бай қазынаны бала кездерінде жаттап алып, ата-әжелеріне жиі қайталап айтып бергендерін естиміз. Әрі осылай өскен кешегі балалардың бүгінде осалы жоқ екенін байқаймыз. Яғни ұлтының әдебиетін бойына, ойына сіңірген жас өскіннің ұлттық тілі дамып қана қоймай, ішкі тәрбиесі де берік, мығым болмақ.
Әлемжелідегі, ютуб арналарындағы, тик-токтағы түрлі контенттерді шектеусіз қараған балалар тіл мәселесімен ғана емес, психикалық, менталдық тұрғыдан да қилы проблемалармен бетпе-бет келуде. Сан алуан ойындарға арбалған жасөспірімдер қатыгезденіп бара жатыр деп әлем дабыл қағып отыр. Әртүрлі елдерде мектеп жасындағы балалардың арасында сан алуан келеңсіз жайттар туындап жатқаны да жасырын емес. Олай болса, бұл дүрбелеңге тоқтау болу үшін баланы қызықтыратын оң бағыттағы контенттерді қалай көбейту керек?
Ең бастысы, интернет әлемінде балаларға арналған контенттердің саны мен сапасын арттыру маңызды екені анық.
Бұл тақырыпта Сізді не толғандырады, қадірлі оқырман?

М.РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір