«ЖАҢА РОМАНЫМДЫ АЯҚТАП ҚАЛДЫМ»
03.09.2019
904
0

Дидар АМАНТАЙ:

– Аға, «Жасыл тыныштық» әңгімеңіздің стилистикалық құ­рылымында өзгешелік бар секілді. Яғни, ұзақ құрмалас сөйлемдерді мақсатты түрде көп қолдандыңыз ба?
– Мен жайма-шуақ жаз маусымын, шілде айы­ның тамылжыған күнін, жа­ра­тылыстың таңғажайып атмосферасын оқырманға қаз-қал­пында жеткізгім келді. Та­биғат тыныс-тіршілігін, жа­сыл орман тыныштығын көз алдыға мейлінше дәл елестетуді ойладым, сондық­тан болмыстың сипатын ашу мақсатында құрмалас сөйлемдерге жүгіндім. Әр сөзбен әңгіме мазмұнының әрін кіргізіп, бояуын қанық, бейнесін анық көрсетіп, әрекеттер арқылы бұл мезетті оқырман өз басынан кешіп отырғандай күйге түсіретін деңгейде кейіптеуге талпындым. Жеміс ағаштарының жұпары, қалың қау, жайқалған шалғын көріністері, сүрлеу-соқпақтар адамды бір алабө­тен көңіл-күйге бөлейді. Ба­қыт ұғымының бір өлшемі тыныштықта деп білемін.
– Әңгімеңіздің желісіне орай туындайтын тағы бір сұрақ: «Жасыл» түс сіз үшін қандай мәнге ие?
– Жасыл түс – иман бел­гісі ғана емес, өмірдің боя­уы, пейіштің түсі. Жасыл­дан жақсылық күтеміз. Жасыл желекті табиғаттың өзі Тәңірдің жалауы секілді.
– Сіздің шығармала­ры­ң­ыз­ды оқығанда байқалатын бір нәрсе, ол әңгімелеріңіздің романдарыңызбен желілес болып келуі… Бұл әңгімелеріңіз де болашақ романыңыздың үзінділері болуы мүмкін бе?
– Құдай біледі, әзірше бұл үзінділерді белгілі бір романға қосу ойымда жоқ, десек те, Тәкен Әлімқұлов пен Габриэль Гарсиа Мар­кес­тің қаһармандары бір шығармасынан екінші бір шығармасына емін-ер­кін көшіп жүреді. Мен денсау­лы­ғыма байланысты екі романды жазуға мүмкіндігім, жағдайым келмей қалғанда, қос еңбекті әңгімеге айналдырып жібергенмін. Сіз соны меңзеп отырған шығарсыз.
– «Біз білмейтін жақтарда» әңгімеңізде Зәуре мен Дәмірдің диалогы арқылы олардың ішкі күйін жеткізесіз. Алайда Дәмірдің денсаулығына кері әсерін тигізген жиырма жыл бұрынғы жағдай жұмбақ күйінде қалған секілді?
– Авторға себебін айту, оқырманға салдарын білу – міндетті емес. Мәселе – атмосферада. Оқыған адам бір сәт күмәнданбайтын ситуация кейіптелуі тиіс. Бұл жерде жалғыздық мәселесі көтеріліп отыр. Ғұмырдың жалғандығы туралы әңгіме қозғалады.
– Шығармаларыңызда ке­й­іп­­кер­лерді көбіне фи­ло­со­фия­лық ойлармен сөйлетесіз. Оның мәні неде?
– Өзім – философпын. Кәсіби мамандығым бар, арнайы білім алғанмын. Егер де Сіз алға тартқан пәлсапалық ойлар елге қызықты болса, онда бұл сөздердің – орнымен айтылғаны, жөнсіз келтірілген ой-пайымдар, керісінше, шығарманы Сізден алыстатып, өзін әлсіретіп жібереді, ол фальштен немесе пафостан көрінеді. Сондықтан, ойды дәл білдіретін сөз, сөзді нақ байытатын ой жазылуы тиіс, оқырман – қашанда сақ, сергек, аңғарымпаз. Жалған сөзді, жаңсақ ойды, ұшқары пікірді тез байқап қояды.
– Сіз қандай да бір шы­ғар­маңызды жазып бас­та­ға­ныңызда, туын­дыңыздың тұтас композициясы, қалай басталып, қалай аяқталатыны өзіңізге алдын-ала белгілі бола ма немесе жазылу барысында ойға келе ме?
– Мен әуелі мұрат тұтқан жаңа туындының тақырыбын табамын, сосын, финалын іздеймін, сол кезде сұлбасы көрінеді. Енді алаңдамай, жұмысқа кірісе беруге еш бө­г­ет жоқ. Сұлба жетелеп отыра­ды.
Әр жазушының өз жұмыс тәртібі болады. Жасырын. Ол жылдар өте келе қалыптасады. Бір атауы – шеберхана. Құпия ұстағанда, шығарма жақсы жазылады. Сондықтан тіс жармау қажет деп ойлаймын.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Негізі, ізін суытпай күн­де жазамын, көп оқимын. Роман, повесть, әңгімелерден өзге сын, техника философиясы, БАҚ құбылысы секілді тақырыптар туралы, метафизикалық мәселелер жайлы ой толғаған ұнайды. Әдебиеттану мен философия тарихынан да өз танымымды тереңдете, кеңейте, жетілдіре отырып, білгенімді көпшілікпен бөлісуді бір сәт ұмытпаймын.
Қазір «Он сегіз мың ғалам жарық жолы» атты романды аяқтап қалдым. Күрделі туынды болғалы тұр.
– Оқырманның күтетіні анық. Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір