ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕЗГІЛІ
05.07.2022
307
0

Ұлытау облысының құрылуын аудан халқы жылы қабылдады. Қаймағы бұзылмаған қазақы болмыстың қайнар көзіндей Жаңаарқа жері Орталық Қазақстанның кіндігінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі аграрлық аудан болғандықтан, халықтың жаңа өңірдің құрылуымен көп жаңғырулар ілесе келетініне үміт артуы да заңдылық іспетті. Шаруашылықтардың өсіп-өркендеуіне үлкен мүмкіндіктер туындап, өңірде тың леп есіп, соны серпін болатынына сенім күшті.
Жаңаарқа ауданының құрамында 34 елді мекеннің басын қосатын 12 ауылдық округ пен 2 кент бар. Жер көлемі 6 миллион гектарды құрайтын байтақ өлкені алып жатқан ауданымызда кейінгі 25 жылда мал басы еселеп өскен екен. Қазір бір ауылдық округтің жылқысы ширек ғасыр бұрын бүкіл ауданымызда болған жылқы санымен шамалас болып тұр. Жалпы алғанда, жылқы ғана емес, төрт түлік түгелдей 245-450 пайызға дейін өсім беріпті. Бұны құрғақ көрсеткіштер ретінде қабылдамай, өңіріміздегі негізгі сала саналатын мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін жаңа жолға қоятын уақыттың келгені деп түсінген жөн. Ұлытау облысының құрылуымен бірге өңірімізге аса ірі өндірістік компаниялар қайта тіркеліп, облыстағы осындай келешегі күшті салалардың дамуына өз үлесін қосса керек. Әл-ауқаты жоғары корпорациялар облыстық бюджетті мейлінше толықтырып жатса, қосалқы салалар мен ауыл шаруашылығының да әлеуеті толықтай ашылып, әлеуметтік ахуалымыз да жақсара түсер еді.
Ақтау және Орынбай ауылдық округтерінің жерлерінде асыл тұқымды қой өсіріп, етті салқындата өңдеп, арнайы қаптамада экспортқа шығару жобасын қолға алған «Бірлестік» шаруа қожалығы мен «Кәсіпкерлікті қолдау» картасына енген, қазір өсіріп отырған асыл тұқымды қой, сиыр және жылқы етін болашақта консервілеп шығаруды жоспарлап отырған тағы бір үздік шаруашылығымыздың тәжірибелері өзгелерге өнеге болары сөзсіз. Инвестор шығып, қаражат көзі табылып жатса, ет пен сүттен бөлек, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік бар бізде. Теріскей өңірлердегідей аса ауқымды егістік алқаптары болмағанымен, белгілі деңгейде егін егіп, жеткілікті мөлшерде малдың жем-шөбін дайындап отырған біздің аудан үшін бүгінгі күннің оң өзгерістерін дұрыс пайдалану міндеттері «мен мұндалап» тұр. Жем-шөп дайындауды күшейтіп, артылған көлемін басқа өңірлерге шығарсақ, малдың жүні мен терісінің өнімдерін ұқсатып, жылыжайлар салып, өңірімізге қажетті көкөніс-жемісті өсірсек, көптеген жоспарларымыз орындалар еді. Алайда барлық игі бастамалардың іске асуына сол қаржы мүмкіндіктерінің шектеулі болғандығы жасырын емес. Ұлытау өңірі тарихының су жаңа парақтары Жаңаарқа жұртшылығы үшін де жаңа мүмкіндіктер мезгілі болып, мемлекетіміздің көркейе түсуіне барынша атсалысатынына сенімдіміз. Еліміздің болашағы жарқын болғай!

Ғазиз Төлеуов,
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы
әкімінің міндетін атқарушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір