ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕ АШЫЛМАҒАН АРАЛДАР КӨП
23.08.2019
2629
0

Амангелді КЕҢШІЛІК,
сыншы:

Соңғы жылдары әдеби сын жазылмай жүр, жас сыншылардың қатары мүлдем аз деген сөз жиі айтылып жүр. Әдеби сын – әдебиеттің бүгіні мен кешегісін сарапқа салып, ертеңге бағыт-бағдар сілтер күрескер жанр. Демек, әдеби сын мен талдау жоқ ортада, жібі түзу әдебиет те болмайды, мезеттік шығармалар мен «заманға күйлеген» жазарманның дәурені жүріп, талғам мен танымның бәсі пәс тартады, әдеби ортаны салғырттық пен бойкүйездік жайлайды. Осы ретте, бүгінгі қазақ әдебиеті сынының ахуалы, сыншының міндет-парызы хақында белгілі сыншы Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ­мен әңгімелесудің орайы келген еді.

Сын жазылуы үшін соған лайық шығарма жазылуы керек

– Аға, қазіргі қазақ әдебиетіндегі сын жанрының жай-күйі туралы не айтасыз? Қалам­герлер сыншы пікірімен санаса ма?
– Жақсы деп мақтануға әлі ерте. Жаман деп ауызды қу шөппен сүртудің де қисыны шамалы. Әдебиет бар жерде, сын да бірге өмір сүреді. Оқырман санасында сілкініс туғызатын сындар жазылуы үшін, соған лайық шығарма да тууы тиіс. Өкінішке қарай, дәл қазір бізде ондай әдебиет болмай тұр. Нағыз кәсіби сыншылар аз. Ал баспасөз бетінен оқып жүрген, бір-бірін кейде орынды, кейде орынсыз мақтап немесе жамандап, жоққа шығарып жатқан дүниелерді әдеби сын ретінде қабылдай алмаймын. Бізде қазір ақынның немесе жазушының шығармашылығына қатысты сын айтылса, олардың қолдарына қалам алып, өз шығармашылығын қорғай жөнелуі қалыпты құбылысқа айналды. Бұл дұрыс емес. Оның ақыры жеке басқа тиісушілікке дейін кетіп қалып жатады.
– Бүгінде әлем әдебиетімен қазақ оқырмандарын етене жақын таныс­тырып жүрген әдебиетшілердің бірі – өзіңізсіз. Осы орайда, әлем әдебиетіндегі қазақ әдебиетінің алар орны қандай?
– Қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің ең озық үлгісі деп айтуға әлі ертерек, көштен қалып барады деуге де болмайды. Өкінішке қарай, төл әдебиетіміздің насихаты кемшін. Оның түрлі себептері бар. Совет заманында Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» секілді ғажайып шығармалар кеңінен насихаттала қоймады. Мұхтар Әуезовтің бір-екі шығармасы ғана аударылғаны болмаса, оның сүбелі еңбектерін дүниежүзіне танытатындай сыншылар болмады бізде. Мысалы, «Абай жолы» романының бірінші томының өзі қандай ғажап. Менің ұғымымда, әлем әдебиетінде мұндай керемет дүние жазылған жоқ. Ал ол өз деңгейінде талданып, шетелдік оқырмандардың назарына ілікпеді. Осындай олқылықтардың әсерінен әлем сыншылары мен қаламгерлерінің біздің әдебиет хақындағы пікірлері жоғары болды деп айта алмаймын. Батысты айтпағанда, мына тұрған Ресейдің мүйізі қарағайдай сыншыларының ешқайсысы да қазақ әдебиетіндегі бірде-бір ақынды немесе жазушыны аузына алмайды. Тіпті, Абай мен Әуезовті де. Біздің ақын-жазушылардың шығармалары әлем нарығының теңізіне шығу үшін, олардың шығармашылығы туралы жазылған жақсы мақалаларды да шетелдің әдеби журналдарына аударып берген абзал.
– Қазіргі таңда «Шығармалар көпсөзділіктен ада болу керек. Күрделі сөздерден де оқырман тез жалығуы мүмкін», – деген пікірді алға тартатындар бар. Керісінше, «көркем шығарманың негізгі жаны – көркем тілінде. Жазу­шы­ның әлеуеті мен қаламының қарым­дылығы сөз қолданудағы шебер­лігімен өлшену керек» – деген пікірді ұстанушылар да көп. Сіз осы екі пікір туралы не айтасыз?
– Көркем шығарманың басты құнды­лықтарының бірі – көркем тілінде екені рас. Солай бола тұра, көркем тілді көп қызықтап кетуге де болмайды, сол секілді келісті, кестелі тілсіз көркем шығарма жазу да мүмкін емес. Бір жазушылар бар, тілі – өте көркем. Бірақ шығармасын оқыған кезде, көркем тілінен өзге түк таппайсың. Енді бір жазушылар болады, айтар ойы да бар, оқығаны мен тоқығаны, зерттегені көп. Шығармалары арқылы көп нәрсені айтқысы келеді. Бірақ олар жазған туындыда ойды оқырманға түсінікті әрі тартымды етіп жеткізе алатын көркем тілдің құдіреті болмай жатады. Оның шығармасын оқи бастағанда-ақ дәмсіз ас секілді тамағыңнан өтпей қалып, айтқысы келген ойын асқазаның қорытпай қояды. Әрине, көп оқыған да, көп ізденген де дұрыс. Бірақ бойында Құдай берген таланты болмаса, ондай адамнан бәрібір үлкен суреткер шықпайды. Бізде ғана емес, жалпы әлем әдебиетінде жазған дүниелері оқырманға әсер етпейтін, «книжный» жазушылар көп. Өте көп.
Қазақ әдебиетінде сөзге, сөздің кесте­лі­лігіне, көркемділігіне қатты мән беріледі. Ол кейде көпсөзділікке ұласып, шығармаға жан бітіретін, әсерлі ете түсетін психологизм, ситуация, полифония т.с. дүниелер екінші планға кетіп қалып, қазақ прозасына динамика жетіспей жатады. Бір адамды сипаттау үшін, оның ішкі күйін беру үшін бірнеше бетті алатын көпсөзділікке ұрынған туындылар аз емес. Прозаға жаңа стиль мен ықшамдылықты алып келген жазушы Эрнест Хемингуэйдің «айсбергтің шыңы» теориясын біздің қаламгерлеріміз де жаңа дүниесін бастарының алдында есіне алып отырса, ұтылмас еді. Хемингуэйдің айтуынша, егер жазушы өзі жазып жатқан дүниені өте жақсы білетін болса, білетін дүниесінің бәрін түгел жазбай-ақ қойғаны абзал. Егер ол шығармасын шынайы етіп жазатын болса, көп дүние айтылмай қалса да, оқырман оны ішкі түйсікпен сезетін болады. Айсберг қозғалысының ғаламаттығы, оның сегізден бір бөлігі ғана судың үстінен көрініп тұрады. Сол сияқты әдебиетте де көп дүние шығарманың бетіне қалқып шықпай, тереңінде бұғып жатуы тиіс.
Көпсөзділікке ұрынған үрдісті XIX ғасырда француз әдебиеті де басынан кешкен. Француз жазушылары әлеуметтік романдарын баспасөз құралдарына лайықтап жазды да, оқырманды тарту үшін, шығарманы мақсатты түрде ұзартып, газет-журналдың әр санына үзінді-үзінді етіп жариялап отырды. Бертін келе Батыс елдеріне проза жазуды үйреткен ірі қаламгер – Тургенев еді. Оның алғашқы туындылары жарық көрген сәтте-ақ, Флобер, Золя сияқты Батыс жазушылары өз романдарын қайта жазып, артық тұстарын қысқартып, аз жазса да, саз жазуға бет алды. Бүгінгі Батыс әдебиетінде де – осы ұстаным, олар әр оқиғаны, детальды сығымдап, елеп-екшеп береді.
Жақында ғана тілі өте көркем қазақтың бір жақсы жазушысының шығармасын оқыдым. Көңілімді қынжылтқаны сол, ол өз романында дастархан басындағы әңгімелерді, біреудің біреуге бата бергенін, біреудің біреумен әзілдескенін – бәрін тізіп жаза береді. Тілінің көркем болғанына қарамастан, отызыншы беттен кейін әрі қарай оқи алмайсың. Ішің пысып кетеді.
Дұрысы – шығарма мейлі, көлемді болса да, әр сөз, әр сөйлем шығарманың мәнін айқындауға, тереңдігін түйсінуге қызмет етіп, кейіпкердің характерін, психологиясын ашуға, қақтығыстар мен ситуацияны дәл беруге көмектесу керек. Төгіліп тұрған тілді осы бағытта жұмсай алсақ, ұтарымыз да көп.

Стиль – жазушының табиғатынан туады

– Әдебиетшілер арасында дәстүрлі проза үлгісін де ескірдіге балайтындар бар. Бұл көзқарасты жақтаушылардың қатары молайып келе жатқан секілді. Сіз «дәстүрлі проза» дегенді қалай түсінесіз?
– Мен «дәстүрлі проза» дегенді шартты ұғым ретінде қабылдаймын. Проза да, оның стилі де үнемі жаңарып отыруы тиіс. Дегенмен, жаңару барысында ұлттық болмысқа қайшы дүниелерді жөн-жосықсыз тықпалай беруге, тілдік норманы бұзуға болмайды.
Жалпы, талантты суреткер кезекті бір шығармасын жазуды қолға алғанда оны қандай стильмен жазамын деп басын аса қатырмайтын болса керек. Стиль – жазушының табиғатынан туады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығын алған жазушы Кадзуо Исигуро дәстүрлі прозаны да жатсынбайды, жаңашылдықтан да қашпайды. Жақсы дүние еш уақытта да бір-біріне бөгет жасамайды.
 – Қазір шығарманың композициялық құрылымы мен оны талдау үлгісі де өзгеше қалыпқа енгендей. Бірсыдырғы оқиғадан, түсінікті сюжеттен қашады.
–  «Жанр» деген ұғымның өзі де салыс­тырмалы дүние болып кетті ғой. Кеңес Одағы тұсындағы кеңестік филологияның шарттылықтары бойынша, әр жанрдың тек өзіне ғана тән жазылу стилі, композициясы болатын. Бүгінде бір романның желісінен детективтің де, зерттеу еңбектерінің үлгісіндегі үзінділердің де, әртүрлі психологиялық қақтығыстар мен лиризмнің де көрініс табуы – таңқалатын нәрсе емес. Қазір әдебиетте жанрдың шекарасы жойылып кетті десек те болады.
Әлем әдебиетіне үңілер болсақ, бүгін ғана емес, XX ғасырдың басындағы модернизмнің негізін қалаған Франц Кафка, Джеймс Джойс секілді жазушылар әдебиетке қаншама жаңалықтар алып келді?! Модернистік проза дамып-дамып келді де, оған ілесе  постмодернистік бағыт пайда болды. Уақыт желісімен ол да ескіруге айналып, қазір әдебиет жаңаша бір өріс іздеп жатыр.
– Модернистік, постмодернистік нышандар қазақ әдебиетінен көрініс тауып үлгерді ме?
– Әрине. Модернизмнің сипаттарын, әсіресе, Асқар Сүлейменовтің прозасынан көптеп көре аламыз. «Адасқақ» романында  заманның ағысын қалай керемет сипаттайды. Оны оқырманның бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін, сонысымен де – құнды. Жалпы, әдебиетті биікке көтергісі келетін қаламгер экспериментке барудан қорықпау керек. Осы тұрғыда, Асекеңнің  эксперименттерге батыл барғанын білеміз. Төлен Әбдік те модернистік тұрғыда көптеген эксперименттерге барды.
Постмодернизмнің белгісі бар туынды­лардың өзі әртүрлі бағытта жазылады. Тіпті ойын үшін жазатындар да бар. Олар үшін әдебиет ойынға айналған. Адамзаттық игілікке бастайтын идеялар мен ойды жеткізу үшін де постмодернизмдік көріністегі детальдарды қолданатындар көп. Батыс қазіргі кезде «ойын үшін» жазылған постмодернизмдік шығармалардан бас тартып, әлеуметтік шындық пен терең ой айтатын постмодернистік дүниелерге қатты көңіл бөле бастады. Осыған мән беру керек.
Габриэль Гарсиа Маркес әдеби кеңістікке «магиялық реализм» деген түсінікті алып келгенде, жұрттың бәрі оны жаңалық кө­ріп, аузын ашып таңқалды. Ал мұндай «жаңа­лыққа»  біздің әдебиетіміз әлімсақтан тұнып тұр емес пе?! Ертегілеріміз бен аңыздарымыз толып тұрған магия емес пе?! «Жаңашылдық» дегеннің өзі – өткенді жоққа шығару емес, өткенді жаңаша жаңғырту. Сейіт Қас­қабасов құрастырған «100 ТОМДЫҚ ФОЛЬКЛОРЫМЫЗДЫҢ өзінен үлкен бір шығармаға арқау болатын көптеген азық табуға болады. Мифологиядан тамыр тартып, көне әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдерге жан бітіріп жазып жүрген жақсы жазушыларымыз бар. Келешекте солардың ішінен үлкен жанрларға қалам тербеп, тың образдарға түрен салатын қаламгерлер шықса, әдебиетіміздің көкжиегі кеңейе түседі ғой деп сенемін.

Адамзаттық құндылықтың қайнар көзі ұлттық құндылықтарда жатыр

– Жалпы, көркем туындыда ұлттық құндылық үстемдік құру керек пе әлде адамзаттық құндылықтың десі басым болу керек пе?
– Күрделі сұрақ. Бір нәрсені баса айтқым келеді, ұлттық құндылық пен адамзаттық құндылық қарама-қайшы ұғымдар емес. Бізде осы екі түсінікті бір-біріне қарсы қойғысы келетіндер бар, ол – қате көзқарас. Өйткені адамзаттық құндылықтың қайнар көзі осы ұлттық құндылықтардан бастау алады. Қандай ғажайып шығарманы алып қарасақ та, онда осы екі құндылық та қатар өрбиді. Мысалы, неміс жазушысы Томас Манның «Буденброктар» романын алайық. Онда немістердің үнемділік, есептілік сияқты бюргерлік қағидаттарға арқа сүйеген ұлттық құндылықтарының қалай жойылып бара жатқаны асқан шеберлікпен суреттеледі. «Буденброктар» әулетінің күйреуі арқылы адамзаттық құндылықтардың да қалай құлдырай бастағанына көз жеткізе түсеміз. Төл әдебиетімізде Төлен Әбдікұлы «Әке» повесінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу арқылы ғана жалпы адамзаттық игілікке қол жеткізуге болатынын әдемі жазды.
– Аға, сіздің ойыңызша, талант туа біте ме әлде ізденіс пен еңбектің нәтижесінде қалыптаса ма? Мықты шығарма туу үшін суреткердің бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Алла-Тағала әр жаратылыс иесінің бойына әртүрлі талант дарытатын секілді. Адам өз бойындағы талантын тани алғанда, қандай өнерге икемі бар екенін түйсініп, сол саланы ары қарай індетіп алып кеткенде, жемісті де нәтижелі еңбек етеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, өзін «жазушымын» деп есептеп, сол үдеден шыға алмай қалғандар бізде баршылық. Меніңше, асқан білімдарлықтың иесі болып келетін мұндай жандар өзінің интеллектуалдық мүмкіндігін толықтай әдеби сын жанрына, ғылым саласына арнағанда, әдебиетке анағұрлым көп пайда әкелер ме еді. Кім білсін?!
Ақын болу, жазушы болу – кез келгеннің маңдайына жазыла беретін бақыт емес. Ал сол Құдай берген талантты ары қарай жетілдіру жүйелі ізденіс пен табанды еңбекті талап етеді. Бұл екеуі болмаған жерде, құр талант далада қалады.
Жақсы шығарма туғызу үшін, қаламгердің бойында ең әуелі өнеріне, шығармасына деген адалдық болуы керек. Екіншіден, кез келген қалам ұстаған жан өз шығармасына сын көзбен қарай білгені жөн. Жазушы қандай мықты дүние жазса да, оны бірнеше мәрте қайталап оқудан, түзетуден жалықпаған кезде, оның туындысы да көп қырланған гауһартас секілді жарқылдай түседі. Бізде қазір неліктен үлкен, керемет дүниелердің тууы сиреп тұр? Себебі, жазушыларымыздың көбісі шабыттың екпінімен жазылған туындыны сол қалпында оқырманға ұсынуға асығады да, оны қайта ой сүзгісінен өткізуге ерінеді. Орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың айтатыны бар емес пе?
Не верь, не верь себе, мечтатель молодой,
Как язвы, бойся вдохновенья…
Оно — тяжёлый бред души твоей больной
Иль пленной мысли раздраженье.
В нём признака небес напрасно не ищи:
То кровь кипит, то сил избыток!
Скорее жизнь свою в заботах истощи,
Разлей отравленный напиток!
Құр шабыттың жетегінде кетіп қалу шығармашылық адамы үшін –үлкен қауіп. Күні-түні ізденіп еңбектенбесең, бойыңда Құдай берген талантың болған күннің өзінде ештеңе тындыра алмайсың. Әдебиет тарихына үңілсек, кешегі өмірден өткен Ғабит Мүсірепов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақтар болсын, бүгінгі Төлен Әбдікұлы, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетовтер болсын, қай-қайсысы да өз талғамдарының тезінен өткізіп барып, жазғандарын оқырманға ұсынған.
Мен де осы ұстанымдағы адаммын. Қандай дүние жазсам да, ол, міндетті түрде, бір-екі ай бойы тартпамда жатады. Біршама уақыт өткеннен кейін көз салып, ұнамаса – қайта жазудан ерінбеймін. Әбден кемеліне жетті-ау дегенде ғана жариялауға тәуекел етемін.
Суреткерге керек тағы бір басты қасиет – батылдық. Бірақ батыл айтамын деп, шығарманы публицистикаға айналдырып алмау керек. Бізде қазір әдебиетіміздегі сақа буын өкілдерінің өздері көркем дүние мен публицистиканың ара жігін ажырата алмай адасып қалды. Бастан өткерген оқиғаларды қаз-қалпында қағазға түсіре салған беллетрис­тиканы «әңгіме» деп бере салатын болдық. Билікті сынаған өлеңдер мен жер-көкке сиғызбай мақтаған одаларда да көркемдік шындықтан гөрі, публицистикалық сарын басым. Шындықты киіндірмей, оны жалаңаш күйінде бере салу үшін үлкен таланттың қажеті жоқ.
Әдеби шығарманың бір қасиеті – қоғам­дағы мәселелердің, өмір шындығы­ның символдар арқылы берілуінде.  Мысалы, Шыңғыс Айтматов «Ақ кемесін­де»  қоғамдағы келеңсіздіктер мен түйткілді мәселенің бәрін символдар арқылы сипаттайды. Шығармадағы «ақ кеме» – баланың жанын білдіретін символдық белгі. Сол арқылы адамдардың іштарлығының, көре­алмау­шылығының кесірінен бала жаны­ның қалай күйінгенін, теңізге қалай батып кеткенін астарлап жеткізеді. Қылышы­нан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде шын­дық­ты жеткізудің қиюын тауып, қиыстыра білген.
Абсурдтық картиналар арқылы да шындықты жеткізуге болады. Адамның миына қонбайтын көріністерді көркем үйлестіре отырып, ақиқат биігінен көз салатын туындылар бар. Орайын келтіре білу, келістіре білу – суреткердің шеберлігіне байланысты
– Қаншама ұлы қаламгерлердің шығармашылық жолы мен ғұмырына зер салып келесіз. Шығармашылығымен қоса, өмірімен де қайран қалдырған тұлғалар бар ма?
– Қаламгерлердің қай-қайсысының да өмірі мен шығармашылық жолы – ғажап әрі тосын оқиғаларға толы. Бірақ біздің әдебиетімізде шығармашылық адамдарының жүріп өткен жолын тақтайдай тегіс етіп, біржақты ғана сипаттау басым. Қандай ұлы тұлғамыз болсын, оның аяғын жерге тигізбей мақтай жөнелеміз. Оның қайшылықты тұлға екенін, өмірінде қандай ауыртпалықтар мен кедергілерге ұшырағанын, оның қандай адасушылықтардың жолынан өткенін ашып айтуға батылымыз бара бермейді. Ал әлем әдебиетіндегі ұлы француз, ағыл­шын жазушыларының өміріне арналған ғұмырбаяндық эсселерді оқитын болсақ, онда қаламгерлердің артықшылығын да, кемшілігін де талдап жазып, тұлғалық болмысын ашуға талпынады.
Бірнеше жыл бұрын Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» деген үлкен еңбегін қазақ тіліне тәржімаладым. Сонда, бір таңқалғаным, Ромен Роллан Толстойдың кемшіліктерін де айқын көрсетеді. Оның кейбір өнер түрлеріне деген пікірлерінің аса терең болмағанын да, классикалық музыканы түсінбегенін де жасырмай жазады. Бірақ одан Толстой болмысына ешқандай көлеңке түсіп тұрған жоқ. Керісінше, жан-жақты сипаттау арқылы Толстойдыің «өз ғасырының генийі» екенін айшықтап береді.
Стефан Цвейк болса, ұлы Бальзак туралы романында оның әпенде болғанына шейін ашық айтып, қандай үлкен қарыздарға батқанын, алаяқтардың құрығына қалай ілініп қалғанын жан-жақты зерделеп жазады. Бұдан біздің Бальзак шығармаларына деген махаббатымыз суып қалған жоқ қой. Керісінше, қызығушылығымыз арта түсті.

Әдебиет ұятын жоғалтып алды

– Қазіргі қазақ әдебиетіне көз салғанда қандай ой түйесіз? Әдебиеттің көшін алға сүйрейді деп кімдерді атар едіңіз?
– Әдебиет суалып қалған жоқ. Қазір де жанына қаламын серік еткен талантты ақындар мен жазушылар бар. Бірақ ат төбеліндей ғана… Дей тұрсақ та, соңғы отыз жылда Әбіш Кекілбай, Тәкен Әлімқұлов, Төлен Әбдікұлы, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкейлердің деңгейіндегі мықты прозаиктер, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсыновалардың поэзиядағы биігін бағындырған ақындар әдебиетімізден төбе көрсете қоймады. Бүгінгі әдебиетке келіп жатқан ақын-жазушылардың көбісі өздерінің мықты талант екеніне қатты сенімді. Бұл – қорқынышты құбылыс. Шығармашылық адамы – өмір бойы өзіне күмәнмен қарап өтуі тиіс. Әлі ештеңе тындырмаған бір жас жазушы газетке берген сұхбатында «Мен көп жазбаймын. Чехов сияқты екі том жазсам – маған сол да жетіп жатыр», – деп кеудесін қағады. Құдай-ау, Сайын ағамның тобығына да жетпей жатып, өзіңді Чеховпен салыс­тыратындай, сен кімсің? Сосын Чеховтың жазған барлық дүниесі екі том дегенді оған кім айтқан? Чеховтың толық шығармалар жинағы отыз томнан асады. Енді біраз уақыт бізде жөні дұрыс әдебиет болар ма екен деген сұрақ туады. Оның ең басты себебі – әдебиет ұятын жоғалтып алды.
Уақыттың қатыгездігінен де болар, бәлкім. Кейінгі жиырма-отыз жылға көз салатын болсақ, үлкен-үлкен дүниелердің тумауына әдебиетке еш жағдайдың жасалма­уының да тигізген салқыны көп. Балапан – басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқсаныншы жылдарда ақындардың көбісі әртүрлі саладан ризығын теріп кетті. Тек қана шығармашылықпен айналысып күн көру мүмкін болмай қалды. Сол кезеңдерден бастау алған тоқыраудан әдебиетіміз әлі толық сытылып шыққан жоқ. Қазақ әдебиеті ғана емес, орыс әдебиеті де, жалпы әлем әдебиеті қазір үлкен тоқыраудың құрсауында тұр. Кембағалдық құбылыс деуге бола ма, білмеймін, қазір бір жылт ете қалған дүние көрсек, бәріміз бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Бұл – жетістіктің көрінісі емес. Өйткені оқырман да, әдеби орта да сондай сүбелі туындыларға шөліркеп қалды. Ал қырық-елу жыл бұрын күнде тумаса да, жақсы-жақсы шығармалар легінің толастамауы қалыпты құбылыс болатын. Ашығын айтқан жөн, кеңестік кезеңде жазушы бір кітабының қаламақысына екі-үш жыл алаңсыз өмір сүре алатын. Сондықтан ол кезде ақындар тентек болды, ешкімді менсіне де қоймады. Бүгінгідей әкімдерді мақтап ода жазу деген олардың миына да кірмейтін. Ондай қажеттілік болған жоқ, өйткені.
Сондықтан бүгінгі таңда әдебиетімізге үлкен қолдау ауадай қажет. Мемлекеттің қазынасында, шүкір дейік, әдеби-мәдени құндылықтарға деп, азын-аулақ болса да, қаржы қарастырылып жатыр. Қазір баллада жанры немесе дәуірдің көрінісін беретін эпикалық поэмалар жоғалып кетті. Уақыттың тынысын танытатын, жаңа заманның кескін-келбетін бедерлейтін романдар да жазылар сәтін күтіп тұр. Осы ретте, арнайы гранттар бөлініп, шынайы таланттардың шығармашылықпен еркін айналысуына, жазушылар мен ақындардың үлкен көлемді жанрларға қалам тербеуіне, тіпті қаламгерлердің қызметтен бір жылдық шығармашылық демалысқа кете тұруына да мүмкіндік туғызған жөн. Бәрі бірдей керемет туындылар жаза қоймауы мүмкін, ішінде шын мағынасында мықты деген екі-үш дүние жарық көріп жатса, мұның өзі әдебиетіміз үшін – үлкен олжа.
Жалпы, қазақ әдебиеті – өз потенциалын сарқымаған әдебиет. Әлі де ашылмаған аралдар, қозғалмаған тақырыптар бізде өте көп.

Нобель сыйлығы – әдебиеттің өлшемі емес

– Аға, көп жылдардан бері әлемдік беделі зор «Нобель сыйлығының» иегерлері туралы зерттеулер жүргізіп, радио арқылы да, басылым беттерінде де, кеңінен ой қозғап келесіз. Бұл бастаманы қолға алуыңызға не түрткі болды?
– Он жыл бұрын «Нобель сыйлығы кім­ге керек?» деген үлкен зерттеу мақала жаз­дым. Бұған Шыңғыс Айтматовтың түркі басылымдарына берген сұхбатында Нобель сыйлығына пара-пар болатын түркі мемлекеттерінің өзіне тән сыйлығын ұйымдастыру керек екенін айтқан пікірі түрткі болды. Ресей баспасөзіндегі, өзге де шетелдіктердің осы сыйлық үшін болып жатқан даулы мәселелеріне үңіле келе, сыйлық иегерлерінің шығармаларын зерттей келе, мен де «Түркі әлемінің өз сыйлығы болу керек», – деген тұжырымға тоқтадым. Себебі, Нобель сыйлығы – сол ғасырдың басында дүниеге келген сәтінен бастап, саясаттанып кетті. Көп жағдайда бұл сыйлық саясатқа қатысты себептермен беріліп жатады. Әрі әлем көз тіккен бұл сыйлықты әдебиетке берілген әділ баға деп, өз басым қабылдай алмаймын. Шынайы өз иесін адаспай тапқан кездері де болды, әрине, бірақ әрдайым емес. Әдебиет саласында ең алғашқы тағайындалған «Нобель сыйлығын» француз ақыны Арман Сюлли-Прюдом иеленді. Ал сол кезде бірден-бір алуға тиіс адам натуристік әдебиеттің атасы – Эмиль Золя еді. Л.Н.Толстойдың алмай қалғаны – тіпті күлкілі.
– Л.Н.Толстой өзі бас тартқан деседі ғой.
– Толстой бірден бас тартқан жоқ. 1906 жылы бас тартты.
1902 жылы әлемге әйгілі марапатты тарихшы Теодор Момзен алды. Швед академиясы беделді сыйлықты Толстойдан қағылдыру үшін, тарихшы екеніне қарамастан, мақсатты түрде оны Момзеннің қанжығасына байлап берді.
– Толстойға бермеуінің қандай себебі болған?
– Оның да саяси астары бар. Өйткені Л.Н.Толстой христиан дініне қарсы біраз дүниелер жазды. Сол жылдары ұлы жазушының «Воскресенье» романы жарық көрді. Өз шығармасында ол шіркеуге ашық түрде қарсы шықты. Сол кезде Швед академиясының бас­шысы осындай әрекеттері үшін Толстойға «Нобель сыйлығы» беріл­мейтінін ашықтан-ашық айтқан болатын. Соған қарамастан, ол бірнеше жыл қатарынан үміткер ретінде ұсынылды. Алайда 1906 жылы Толстой өзіне Нобель сый­лығы берілген күнде, одан бас тартатынын айтты. 1910 жылы ұлы жазушы дүние салды.
Одан кейін де, аты да, заты да ұмыт болған, Толстойдай нағыз классикалық дүниелер жаза алмаған талай жазушының еншісінде кетті бұл сыйлық. Осындай жайларды талдап-таразылап, Нобель сыйлығының лауреаттарының шығармашылығы мен жүрген жолын арқау еткен кітап жазып жатырмын. Кітап қорын танымдық тұрғыдағы қызықты деректермен молайту үшін, жүздеген мақалаларды, романдар мен әртүрлі жанрдағы шығармаларды оқу керек болды. Құдай қаласа, биыл Нобель сыйлығы лауреаттары туралы жазып жатқан үлкен еңбегімнің бірінші томының нүктесін қоямын. Онда Прюдомнан бастап Фолкнерге дейінгі ақын-жазушылардың шығармашылығы қамтылған.
– Осы тұрғыда көбіне қандай дерек көздеріне сүйенесіз?
– «Нобель сыйлығының» лауреаттары жөнінде орыстар өте көп зерттеген, кандидаттық диссертациялар мен мақалалар жазған. Қалай дегенде де, Ресейде ғылым жақсы жүйеге қойылған ғой. Мысалы, оларда әлем әдебиетін зерттейтін тұтас институт бар. Әлем әдебиеті институтында әр елдің әдебиетін жан-жақты қарастыратын арнайы мамандар шоғыры қалыптасқан. Үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, кеңінен қолдау тапқан Ресей әдеби-ғылыми орталықтарымен салыстырғанда, біздің жағдайымызды өлместің күні десек те болады. Осыдан кейін қалай үлкен әдебиет туралы әңгіме айта аламыз?
– Яғни әдебиетіміздің ғылыми тұрғыда қанат жаюына да үкімет тарапынан қолдау керек қой?
– Әрине, қолдаусыз ешбір саланың өрісі кеңеймейді. Өнер де, әдебиет те, мәдениет те, тіпті саясат та қолдаусыз дами алмайды. Дегенмен, үмітсіз –шайтан дейді ғой халқымыз. Биыл Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани салаға баса назар аударуы мені қуантып отыр. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде өткізуге ден қойғаны – көрегенділіктің белгісі. «Әдебиет – ұлттың жаны». Жаны өлген халықтан жақсылық күтуге болмайды. Жазушының баласы Тоқаевтың осыны түсінгені мені қуантады. Егер де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын талантты өнер адамдарына грант беріп, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасаса, әдебиетімізде үлкен дүмпулердің туатын күні алыс емес.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір