Қазақ әлемін сақтап қалу – басты мәселе!
23.08.2019
1140
0

«Бетпе-бет»

Біз батырлар жырымен өстік. Шам түбінде ата-әжесіне дастан оқып жатқан қаршадай баланың суретін салар болса, сол бала біз едік. Сурет демекші, біз оқыған батырлар жырына, ғашықтар жырына, бәрімізге етене жақын «Ақсауыт» кітабына сурет сызған Әлімхан Смағұлов екенін бертінде ғана білдік қой. Ал ол кезде сол суреттерге қадалып қанша отырдық? Бұл даңғаза өмірден байқалмай ғана өтіп кеткен сол Әлімхан ағаны өткен жылы бір еске алып, туындыларын жариялап едік. Бүгін көрнекті суретшінің ізін басқан тұяқты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

***

Толқын Табысбек, 1986 жылы 21 ақпанда дүниеге келген.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
ҚХР, Күйтің қаласындағы Көркемөнер колледжін «Кескіндеме» мамандығы бойынша;
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кескіндеме» факультетін «Станокты графика» мамандығы бойынша;
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Сәулет-құрылыс» факультетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша аяқтаған.

***

«Ер Жәнібек» сериясымен салынған суреттерімен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлдегері;
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «Лирикалық қиял» Халықаралық көрме-байқауының «Алтын бүркіт» иегері;
Республикалық «Тәуелсіздік танытқан таланттылар» фестивалінің Бас жүлдегері;
Қытайда өткен «Қоршаған ортаны қорғау» атты жастар фестивалінің Бас жүлдегері.
«Ер Жәнібек» сериясымен салынған суреттері Жапон елінің Токио университетіне, Мусашино өнер университетіне, Англияның Лондон университетіне, Түркияның Стамбул өнер университетіне тапсырылды.


Толқын Табысбек

***

– Толқын, екеуара шағын сұхбатымызды «Кімді ұстаз, кімді үлгі тұтасың?» деген сұрақпен бастағым келіп тұр.

«Ер Жәнібек»

– Алғаш сурет өнерін көрсеткен, үйреткен әкем болатын. Әттең, өмірден ерте кетті. Әкем – жақсы суретші еді. Анам да өнерге жақын болды, қолөнер шебері еді. Қазақтың ою-өрнектерін, түскиіз, сырмақ, текеметтерін өте шебер жасайтын. Сондайда мені жанынан тастамай, әр шаруаны мұқият түсіндіретін. Ал кәсіби дәріс беріп, мені үлкен жолға салған – Кәдірбек Кәметов. Сол кісіні үлгі тұтам, ұстаз деп бағалаймын. Ол кісіден көптеген талантты суретшілер тәлім алған. Солардың бірі – Қажыбек Әжібекұлы, Сембіғали Смағұл, Талғат Тілеужановтар.
Жалпы, кескіндеме өнерінде, графика саласында маған Исатай Исабаев, Мақұм Қисамединов сынды суретшілер ұнайды. Соларды үлгі тұтам. Мені өзінің ұлындай көріп жүрген Жұмақын Қайранбаев ағамызды айрықша айтқым келеді. Әкем сияқты болды, әкем жоқтықтан шығар, мен ол кісілерді ерекше бағалаймын. Олар өмір жолында болсын, өнерде болсын тәлім-тәрбиесін аямады.
– Тарихи тақырыптарға баруға не түрткі болды?
– Тарихи тақырыптарды таңдауыма қазақ болып туғаным басты себеп деп ойлаймын. Өйткені қазақ боп туған адам өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігін алғашқы орынға қояды. Қазір бізге қазақ әлемін сақтап қалу ең негізгі мәселе болып тұр. Ең бірінші, ұрпақтық парыз ретінде біз тарихты анық танып-білуіміз керек. Менің қазақ болып тууыма себепкер болған арғы ата-бабамның жүріп өткен жолдары, тарихи кезеңдер, қантөгіспен келген жеңістер мен үшін өте құнды. Соны жарқырата көрсету – менің парызым!
– Туындыңды сатып алуға ұсыныстар түсті ме? Ең қымбаты нешеге бағаланды?

«Мұзбалақтар»

– Туындыларымды әр кезде әртүрлі бағаға саттым. Рас, бағасы әр кезде әрқалай болды. Сондықтан оны құпия сақтағым келеді. Шетелдегі коллекция жинайтын жандар да, еліміздегі мұражайлар да сатып алды. Жеке тұлғалар да талай хабарласты. Ең бастысы, суреттерімді арзанға да, аса қымбатқа да сатпадым.
– Сурет салуға қай мезгілді, қай кезді қолай көресің?
– Сурет салуға егер шабыт келсе, мезгіл мен уақыт та, жағдай да қажет емес. Ең бас­тысы, суретшіге тыныштық керек. Жүрек тыныштығы керек.
– Бір суретіңнің салыну тарихын айтып берші?
– Суреттердің ішінде өзіме қатты қымбаты және қызығы – дипломдық жұмысым. Махаббатпен, ерекше сезіммен салған суретім сол. «Ер Жәнібек» атты бес сериялық сурет. Яғни, бес жұмыс. Батырдың туғанынан бастап, ерліктерін көрсеткен еңбек болды. Негізі, бала күнімде кітапты көп оқымағам. Бірақ ауыз әдебиетін естіп, жаттап өстім. Тарихымызды көп тыңдадым. Қазақ баласы ауыз әдебиетімен ержетеді ғой. Сол арқылы ұятты біледі, обал-сауапты біледі. Қазіргі балалар да солай өссе деген арман бар. Қысқасы, кейін келе көптеген романдар оқыдым, мұражайларды араладым. Батырлардың сауыт-саймандарын, аттарының ер-тұрманын, әбзелдерін зерттедім. Қайсысы қай жақта тұрады, оны қалай пайдаланады? Әр деталіне дейін шұқшидым. Әрқайсысының атқаратын рөліне дейін анықтадым. Сол дипломдық жұмысым ары қарай ізденуіме, оқуыма себеп болды. Композициялық құрылым, кескіндемелік шеберлік дегенді сол кезде көңілге тоқыдым. Сондай кезде де білгенін үйретіп, жанымнан табылған Кәдірбек ағам болды.
– Суретшілік кәсіп пе, сүйікті ісің бе?
– Мен өзім сурет салуды кәсіп ретінде емес, қызығушылық ретінде бастадым. Сол қызығушылық, сол сүйіспеншілік маған осы кәсіпті біржола таңды.

Сұхбаттасқан
Қ.ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір