«АУЫЛЫМ» ӘНІМЕН ТҮРКІ ӘЛЕМІН ШАРЛАҒАН
Ақтангер ақындығымен айдарынан жел есіп, жусанды даламыздың желмаясы атанған жыр жампозы Жабайыл Бейсенов ағамыз «Кіндігімнің жас қаны, тамған жері ауылым» деп басталатын бүкіл елге танымал әннің сөзін 1972 жылы жазса, әнін Алматы облысына қарасты Алакөл ауданының тумасы, атақты сазгер Теміржан Базарбаев шығарып, жалпақ жұрттың ет жүрегін елжіреткені түркі әлеміне мәлім.
Ұзақ жылдар бойы ұлағатты ұстаздық пен тума талант ақындықты домбыраның қос ішегіндей қастерлеген Жабекеңнің шабытты шақтарын дәлелдейтін «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», «Алакөлім – ауылым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық бал күндер», «Тұсаудағы тума», «Жырлайды жылдар» және «Ауылым – алтын қазынам» атты жыр жинақтары бір төбе болса, туған жердің әнұранына айналған «Ауылым», «Қайран дәм», «Күндер-күндер», «Үржар вальсі», «Достық толғауы» және «Үржарым – құтты мекенім» атты ән мәтіндері де бір төбе.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», – деп Әйтеке би айтпақшы, ел мен жерін қанындай қастерлеп, емірене сүйіп жырлаған лирик ақын, ардагер ұстаз, тау тұлғалы ақсақал Жабайыл Бейсеновтің асқақ абырой, биік бедел иесі екенін ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі және Үржар ауданының Құрметті азаматы сияқты айшықты атақтарынан айқын тануымызға болады.
Ұлы дала елі атанған Қазақстан Республикасы күніне орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қарашада жасы 90-нан асатын абыз ақсақалымыз Жабайыл Бейсеновке Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев, орынбасарлары Серік Тілемесов, Әнет Тұрлыбеков, мәслихат төрағасы Асқар Омаров, Абай облыстық мәслихатының депутаты, жомарт жүректі кәсіпкер Мамырбек Қарашев, жергілікті ақындар ҚР Журналистер одағының мүшесі, Үржар ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Заманбекұлы мен Үржар аудандық өлкетану мұражайының директоры, айтыскер ақын Серікбек Туғанов және аудандық мәдениет үйінің директоры, сегіз-қырлы бір сырлы өнер майталманы Қанат Сатмұхаметовтер арнайы барып, Құрмет орденін салтанатпен табыстап, бұл марапат тек ақтангер ақын Жабайыл Бейсеновке ғана емес, Абай облысы мен Үржар ауданы үшін берілген ең жоғары марапат екенін оралымды ортақ ойларымен жан-жақты жеткізді.
«Еңбегі бағаланғанның бағы зор» дегендей, тоқсанның тұғырын қыран құстай бағындырып, Тәңіріне тәубе етіп отырған абыз ақсақал аудан әкімі Ақылбек Башимбаев бастаған азаматтарға риясыз көңілден ақ батасын төкті.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, қолындағы кенже ұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов пен І.Жансүгіров атындағы орта мектептің мұғалімі, «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дегендей, Эльвира Жүнісова қонақжайлық танытып, ақ дастарқанын жайып, мемлекеттік марапатты тапсырғандарға отбасының атынан алғыс сезімдерін жеткізе отырып, әкелерінің «Атамұра» баспасынан шыққан «Ауылым – алтын қазынам» атты жинағын естелікке тарту етті.
Амантай ОСПАНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Абай облысы, Үржар ауданының Құрметті азаматы