ШЕТЕЛДЕН ӘЛІПБИ ҮЛГІСІН ИМПОРТТАУДЫ ҚОЮ КЕРЕК
Жаңа латын әліпбиі әзірлеу мен енгізу жұмыстарынан тұрады. Біз енгізу кезеңіне кірісіп кеттік. Білім және ғылым министрлігі 2021 жылы бастауыш сыныпқа арналған әліппені латын қарпімен шығармақшы. Жоғары оқу орындарына латынды үйретуге сағаттар бөлініп қойды. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық орталығы ересектерге арналған латын әліпбиі мен емлесін үйрететін курстардың бірнешеуін ұйымдастырып тастады. ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ЖОО оқытушыларына арнап курс ұйымдастырып жатыр. Ал емлеміз тұрмақ, әліпбиіміздің өзіне біраз түзетулер керек екендігі баршамызға белгілі. Әсіресе, әліппеміз қандай болу керектігі жөнінде пікір көп. Автор осы мәселелер жөнінде ой тарқатады.
РЕДАКЦИЯДАН
(Ақаңның әліпбиін темірқазық етсек, адаспаймыз)
ӘЛІПБИ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?
Осы біз өзгеден көзсіз көшіруге әуес-ақпыз. Қазіргі бірінші сыныпта қолданылып жүрген «Сауат ашу» әріптерді үш тоқсан бойы танытып, зорға тауысады екен. Ондай ұзақ оқыту тәсілін қайдан алғаны белгісіз. «Сауат ашудың» ішіне бала тілін дамытуға қатысты материалдарды да салып тастаған. Ал Ақаң: «Әліппенің басты мақсаты – керек сөзді жаза білуге, жазылған сөзді оқи білуге үйрету», – деген еді. Иә, әліппеде басқа мақсат болмауы керек. Бала тілін дамыту тыңдалым, айтылым арқылы Әліппемен қатар жүруі керек. Ол хрестоматияда (атауын әлі ойлану керек) алдымен тыңдалым материалдары өтіліп, барлық әріптермен танысып, әліппені аяқтағаннан кейін оқылым материалдары жүйеленіп ұсынылуы керек. Өйткені әліппенің оқу материалдары әріп таныту, буындарды, жеке сөздерді, шағын сөйлемдерді түсініп оқуға шақталған. Оның әріп танытуға арналған материалдары 300 сөзге де жетпейді. Ал монотілді баланың сөздік қоры одан асып төгіліп жатады. Мәселен, ғылымда дәлелденген тұжырым бойынша, 6 жастағы баланың тілінде 5 мыңнан аса сөз бірлік болады екен.
Кеңес дәуірінде әліппенің құрылымы әріптермен танысуға дейінгі кезең, әріптерді танып оқу кезеңі және әліппеден кейінгі кезең деп бөлінетін. Әліппе екінші тоқсанда аяқталып, «Ана тілі» деген оқу кітабы басталатын. Осы күні ел бастаған көсем де, жұрт алдына шыққан шешен де сол әліппеден қара таныған еді. Бірақ бұл әліппеде де Кеңес одағына кірген ұлттардың ерекшеліктері ескерілмей, жалпыға ортақ стандарттар үстем болған. Мәселен, орыс тілінде хат таныту, қазақ тіліне қарағанда, қиындау. Орыстардың дыбыстық жүйесінде түрлі шарттылықтар көп. Басқасын былай қойғанда, бірдей таңбалардың екпін арқылы мағына ажырататындығын түсіндіруге біраз уақыт керек: заˊмок, замоˊк. Ал қазақ тілінің жүйесі мүлдем бөлек. Біздің тіл, типі бөлек орыс тілін былай қойғанда, туыстас түркілерден де біршама ерекшеленеді. Бұл оның 20 ғасырға дейін жазуға байланбай, еркін жетілгендігінен.
қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде шашау, артық тұрған ештеңе жоқ. Жұп-жұбымен, жүйе-жүйесімен, әр дыбыс өз табында, әр әріп өз тобында тұр. Мұнда бөтен, жат дыбысқа орын да жоқ. Бұл жүйеге зорлықпен бір дыбыс енгізсең, вирус кіргізгендей тілдің артикуляциялық базасын бұзасың. Тілдің ұлттық сипатын ұстап тұратын да осы жүйе. Кез келген жат дыбыс тәртіптелген кестенің сәнін де, мәнін де кетіретіні анық. Жұптасып тұрған осы жүйеден қазіргі сөздіктердегі екі-үш сөзде ғана қолданылатын һ таңбасына орын табу мүмкін емес. Немесе бірде дауысты, бірде дауыссыз болады деген И мен У-ды дауыстылардың жуан-жіңішкелік парадигмасына кіргізе алмайсың. Жүйе қабылдамайды.
Иә, қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Олар сөздің басында, ортасында, аяғында өзінің жеке тұрғандағы дыбысталу қалпын сақтайды. Ал бізге үлгі болып отырған ағылшын, орыс тілдерінде кейбір әріптер көзге көрінеді, бірақ дыбысталмайды немесе мүлдем басқаша айтылады. Мәселен, ағылшын тілінің A, E, I, O, U, Y секілді алты дауысты дыбыс төрт жерде төрт түрлі дыбысталады. Яғни, алты дауыстыны жиырма төрт түрлі оқу керек. Осыны балаға ұқтыруға қанша уақыт қажет? Ал 1926 жылы бүкіл әлемнен Бакуге жиналған оқымыстылардың (Бартольд, Руденко, Миллер, Шобан заде, Самойлович, Малов, Ашмарин, Менсель, Шерба, Яковлев, Ольденбург және т.б.) алдында Ақаң орыс тілі жөнінде: «Правописание большей частью зависит именно от языка, от свойства языка. Если возьмем, например, язык русский, употребляющий этимологический принцип, то мы должны сказать, что этот язык хаотический, анархический, потому что одни и те же слова, при изменении ударения, принимают совершенно другие формы. Например: «вада», «воды», ударение изменилось, где раньше стоял звук «а», теперь появился «о». Это самый анархический, хаотический язык», – дегені тарихи деректерден баршаға белгілі. Осы жиында мүйізі қарағайдай орыс профессорлары, әсіресе Щерба мен Яковлев түркі әліпбилерінің ішіндегі ең озығы қазақтікі деп таныды. Кейін Н.Ф.Яковлев Ахаңның әліпбиіне қызығып, әрі қарай зерттей түсіп, қатты тәнті болып, «Математическая формула построения алфавита (Байтурсыновский алфавит)» деген мақала жазды. Бұл басқа түркілерге үлгі болып, жиырмасыншы жылдың соңында олар да өздерінің ұлттық әліпбилерін жетілдіруге кірісіп кетті. Иә, бізде Ақаң салған дара жол бар. Соған қайта айналып түсуіміз керек, бізге әліппе жазу бойынша өзгенің тәжірибесіне сүйенудің еш қажеті жоқ. Бұл жолды Кеңес үкіметі 1929 жылдан бастап жауып тастаған еді. Енді өз қолымыз өз аузымызға жеткенде сол сара жолды қайта айналып табуға өзге емес, өзіміздің ішіміздегі қағынан жерігендер кедергі болып, өзімізде бар нәрсені менсінбей, сырттан әдістеме импорттап, адасып отырғаны жанымызға қатты батады. Қазіргі министріміз Асхат Аймағамбетов Ахмет Байтұрсынұлының әліппесін қайтарамыз деді. Баяғыда-ақ тәуелсіздік таңы атысымен сөйту керек еді. Иә, ештен кеш жақсы.
АҚАҢНЫҢ ӘЛІППЕСІ НЕСІМЕН АРТЫҚ?
Біріншіден, Ақаңның әліппесімен сауат ашу өте оңай әрі тез. Бұл туралы Телжан Шонанов былай дейді: « …дети постепенно находя сходства и различия слов, легко и свободно, без особой поддержки учителя, незаметно для себя переходят от легкого к трудному, от простого к сложному, научаясь в то же время читать самостоятельно. Практика показала, что для того, чтобы научиться писать и читать по новому букварю, вполне достаточно 4 недель при средней способности детей». Яғни, біз Ақаң салған жолмен оқитын болсақ, онда әліппені үш тоқсанда емес, өте жылдам бітіретін боламыз. Екіншіден, өзге тілдің ерекшелігіне арнап жазылған әдістемені тастап, Ақаңның өзінің сан жылдар сабақ берген тәжірибесіне сүйеніп жасаған әдістемесін басшылыққа алатын боламыз. Ол әдістеме тіліміздің табиғатына толық сәйкес келеді. Қазіргі жаңартылған бағдарламада қолданылып жүрген интербелсенді әдістердің барлығы Ақаңның мұғалімдерге арнап жазған «Баяншысы» мен «Тіл жұмсарында» айтылған.
Ақаң қазақтың дыбыс жүйесін тәртіптеген алғашқы құралын Орынборда 1912 жылы шығарғанымен, әліппесін отызыншы жылға дейін Орынборда, Ташкентте, Қызылордада 10 шақты рет қайта бастырып, үнемі жетілдіріп отырған. «Баяншысы» бүгінгі мұғалімдерге арналған нұсқаулық немесе мұғалім кітабының қызметін атқарған. Онда Ақаң әріптестеріне өзінің талай жылғы бала оқыту тәжірибесі мен мол біліміне сүйеніп, балаларға әліппені қалай үйретудің жолын бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп көрсетеді. Ал «Тіл жұмсарында» баланың сөйлеу тілін дамытады, емлені игеріп, жазылым дағдыларын жетілдіреді. Тілдің жалпы тұрмысқа қолдануға керек бөлшектерімен, яғни тіл құрылысымен біртіндеп таныса бастайды. Ең маңыздысы, 1 сыныпқа арналған осы үш кітап бір-біріне байлаулы. «Тіл жұмсардағы» тапсырмалар әліппедегі мәтіндер арқылы орындалады. Сөйтіп, Ақаң сол кездің өзінде-ақ 1 сыныпқа арнап әдістемесі озық, материалдары жатық, бір-бірімен байланысты үш кітаптан тұратын (Әліппе, Баяншы, Тіл жұмсар) оқу кешенін жазып шыққан.
Жаңа таңбамен 2021 жылы енетін әліппенің бағдарламасы енді сырттан импортталмасын. Басқаны қайтеміз, Ақаңды темірқазық етіп ұстасақ – адаспаймыз.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК