ГОРИЛЛА – АДАМ
23.08.2019
1823
1

Бейсенбай Сүлейменов

Жүз жылда бір өтетін Ұлы жиынға Аң біткеннің асыл ұрпақтары түгел жиналып, табиғаттың әділетсіздігіне өз наразылықтарын білдірді. «Адам маймылдан жаралған» деген тұжырымның орындалмай жатқанына сенімсіздік танытып, ендігі тәжірибені өздері жүргізуге бел буды.

– Біздің адамнан қай жағымыз кем, – деді алып Горилла, төсін сабалай.
– Сенің артық жақтарың көп. Тепсең, темір үзесің. Ақы­лың да өзіңе сай.
– Қазіргі заманда ол қасиет негізгі кемістік емес. Бәрін электроника басқарып, роботтар атқарады, – деді маймылдың баласы шешесінің төсін бір сорып, бананды бір тістеп.
– Онда тәжірибені бізден бас­тайық. «Орман адамы» атанып жүр­гені­міз тегіннен тегін емес, – деді Оран­гутанг шәңкілдей, мақтанышы қойнына сыймай.
– Жоқ, жо-оқ! – деп ора түрегелді Шимпанзелер. – Адамның ДНК-сына алты-ақ пайыз жетпегеніміз болмаса, жол біздікі. Жунгли заңы қайда?
Ағаш-бұтаға шыбын-шіркейдей жармасқан Шимпанзелерден жер қайысады. Айқай-шуынан орман күңіреніп кетті.
– Не деген көп едіңдер! –деді Горилла қасындағы үйірлестеріне сыбырлап. – Біз сапа қуып, шалқия өмір кешіп жүргенімізде, құмырсқадай көбейіп алыпты ғой…
– Тынышталыңдар! Бәріміздің түпкі ата-тегіміз бір – маймылдармыз. Бірақ біз – аға баласымыз. Жол – біздікі. Оның үстіне, кеше ғана дүние есігін ашқан кішкентай нәрестеміз де бар. Тура адам баласынан аумайды. Аппақ қардай, –деді насырға шауып бара жатқан даудың алдын алған Горилла.
Маймыл біткен шуласып, бет тыр­насуға дейін барды. Джунглидегі жайма-шуақ тіршілік қазан болудың алдында тұрды.
– «Сабыр түбі – сары алтын» – деген. Ғасыр тәжірибесін біз бастаймыз, – деді Горилла әрі үлкендігін, әрі маймыл тектілердің ішіндегі «арыстандай» айбаты барлығын пайдаланып.
– Онда, кетеміз! Еншімізді бер­мей-ақ қойыңдар. Сендерсіз де күн көрерміз, – деді Шимпанзе ашуға басып. Төстерін дауылпаздай сабалап, айналаны күңірентіп жіберді.
– Ал, олай болса, біздің еншімізді беріңдер, – деді Орангутанг булығып, тілін шайнай жаздап. – Кетеміз, көз көр­мейтін, құлақ естімейтін жерге. Бүйтіп туысқан болғандарыңа!..
– Тоқтаңдар! Сабыр, сабыр етің­дер, – деді Горилла орнынан тұрып, адам сүйсінетіндей үш құлаш бойын мақтана көрсеткендей.
– Алыңдар еншілеріңді. Қа­ла­ғандарыңша. Бірің Азияға, қалға­ның Америкаға кетіңдер. Ал біз адамзаттың атамекені – Африкада қаламыз!
Алты күнге жалғасқан талас тоқ­­тады. Бір-бірін ренжітсе де, ат құйрығын кесісуге қыймайтын ағайын­дар осылай тарасты. Алда кеше ғана дүниеге келген кішкентай Горилланы қайткенде де адам етіп тәрбиелеу міндет-тәжірибесі тұрды.
Қарт Горилла немересін бауырына басып, құлағына сыбырлады. «Сен Джунгли мен Саваннаның ғана емес, бүкіл Жер шарының әміршісі боласың. Аң-құс сенің құзырыңда. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құпия-байлық енді сенің болашағыңа жұмсалады. Асыл арманымыздың орындалу жолында ештеңеден аян­баймыз. Бір ғана тілек: Аман бол! Адам бол! Соңыңнан ерген пен­делеріңе қамқор бол! Ұмытпа, енді сенің есімің – Гор-Би, Гор-Би, Гор-Би! Әумин!..»
Адамдар баласын тұзды суға шо­мылдырып, бесік жырын айтса, олар бал қосылған кокос жаңғағының сү­тіне шомылдырды. Джунгли аңыз­дарын үйретумен болды. Көсем Го­рил­ла қарамағындағылардың бәріне арнайы, сонымен қатар өте құпия тапсырма берді. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан аң-құстың өмір сүру қағидасы, қиыншылықты жеңу сабақтары еді. Қасқыр қайсарлықтың, Арыстан айбаттылықтың, Қабылан ептіліктің,Түлкі айлакерліктің, Піл төзімділіктің, Керік алысқа қа­рап, болашаққа бағдар жасаудың ше­берліктерін үйрететін болды. Міне, осылайша, орман мектебі ғасыр тәжірибесін жасауға батыл кірісіп кетті…
Гор-Би күн санап өсті. Ақыл-ойы сағат санап толысты. Сүйкімді бала бозбала кейпіне де жетті. Ата Горилла немересін жетектеп, маңайдағы ауыл өмірімен таныстыруға кірісті. Балаға адамдардың өмірі өте қызық көрінді.
– Сен де осы адамдар сияқты тір­ші­лік кешетін боласың, – деді атасы.
– Қашан? Мен ертерек адам бол­ғым келеді, – деді немересі.
– Шыда, жақсы өмірге асыққан­мен, аптықпай жету керек. Бұл да өнер.
Ауыл балалары Гор-Биді көріп, қатарларына шақырды. Доп қуды, асыр салып ойнады. Ол шаршау дегенді білмеді. Жаңа баланың болмысына риза болған жеткіншектер оның ертең тағы да келуін сұрады. Бірақ…
– Жоқ, балам, мұндай ойын ойнауға саған әлі ерте. Қанша зерттесем де, адамдардың болмысын түсінбей-ақ келемін. Олар мақтап отырып, мақтамен бауыздай салады. Бір атар қулығы ішінде бүгулі тұрады. Тілдері ащы, көздері өткір. Соны байқамай қалыппын.
– Ол не? – деді бала Горилло.
– Қалай түсіндірсем екен. Бәдік­тің сөзі, сұғанақтың көзі өтіп кетпесе екен деп қорқамын.
Ата Горилланың күдіктенгені рас болып шықты. Сол түні баланың қызуы көтеріліп, сандырақтаумен болды. Ана сүтімен келетін, горил­ла­лардың бәрі білетін, он алты дыбыс – сөз Гор-Бидің тіліне енді ғана орала бастады.
– А-аа, у-уу!..
– Сен адамның перзентісің, ол сөздерді есіңе алушы болма, – деді атасы. – Бірақ қалайша айтып қойғанымды білмей қалдым. Аузымнан шығып кетті.
– Сабыр сақта, әрбір сөзіңді ойланып, байыппен айт. Ешкімнің алдын орағытпа. Сенің бар мүмкіндігіңді басқа адамдар білмейтін болсын. «Асықпаған арбамен қоянға да жетіп­ті» деген халық даналығы. Менің немерем әлі-ақ әлемді таң қалдырады. Қазірше шыда, шыда, балақай!
Араға ай салып ата мен бала ауыл­ға тағы келді. Бұл жолы баскетболдан үлкен жарыс өтіп жатыр екен.
– Гор-Би, Гор-Би! Біз ұтылып жатырмыз.
– Көрші ауылдың командасы кілең ересек балалар. Шаршадық. Көм­ектес?
Гор-Би төрешіден рұқсат сұрап, алаңға шыққаны сол еді, ойын өрнегі өзгеріп сала берді. Екі-үш ұпайлық доптар көбейе түсті. Қарсы жақтың ойын­шылары алдын кескестеп, тір­сек­тен теуіп, шалумен болды. Гор-Бидің денесінде сау жері қалған жоқ. Көк-ала қойдай. Бірақ намысқа тырысып, берілмеді. Жейдесі малмандай су болды, жап-жаңа кроссовкасы жыртыла бастады.
– Аһ, – деді атасы. –Баламысың деген, айтып едім ғой, дараланба деп.
Бірақ бәрі де кеш еді. Енді ше­гінетін Гори-Би емес. Қайсарлығы атасына тартқан. Өліспей, беріспейді.
Желке жағынан пысылдай жақындаған біреу шалып құлатпасы бар ма? Кім болды екен деп қарап еді, өзінің командаласы. Қасқиып, миығынан күліп тұр.
– Біз де ойнайық та?
Түсінсе бұйырмасын, жеңіс ортақ емес пе?
Осы бір тыныштықты пайда­лан­ғ­ан қарсылас жақ допты алып, корзинаға лақтырмасы бар ма? Міне, міне, доп корзинаға түсіп бара жатты. Доп түссе, ұтылады. Оны көрген Гор-Би ышқына жүгіріп, кіріп бара жатқан допты іліп алды да, қарсы бағанаға қарай бар күшімен лақтырды. Бес қарғып, допты жолдан іліп алды да, корзинаның төбесінен шегелей кіргізді. Ойынға қызып кеткені сол, бағана тақтайдың үстіне қарғып мініп, демін басты. Көрермендер – риза. Одан кейін алаңда не болғанын түсінсе, бұйырмасын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кейпі. Алаңдағы бар бала Гор-Биге қарсы ойнап жүргендей. Итереді, енді біреуі шалып құлатады. Тұрғызбады. Итше тепкілеп тастады. Көрермендердің ішінен бір-екеуі келіп, түйгіштеп өтті.
Төрешінің зарлы ысқырығы шалынып, ойын тоқтатылмағанда, жабылыс жалғаса берер ме еді?
– Ойын тәртібін бұздыңдар. Барлығың бір балаға жабылып… Ал, сен, балақай, кәсіпқой ойыншылар сияқты ойнайды екенсің.
Жарыс уақытынан бұрын тоқта­ты­­лып, Гор-Би ойыннан аластатылды.
Атасы «шашылып» қалған, шала­жансар немересін арқалап, ор­манға қайтты. Маңайды бастарына көтеріп, аң біткен шуласа, құстар қиқуға басып, алдарынан шықты.
– Біз бұлай қалдырмаймыз!
– Соғыс жариялаймыз, басын­ғандары ғой!
– Өзенге аяқ бастырмаймын, балық аулауды ұмыттырам. Суға шо­мылып көрсін, – деді қаз-қатар тізілген Қолтырауындар тістерін қайрап.
– Түнде барып, егістік алқап­та­рын таптаймын, – деді Піл ашуға басып, ақыра.
– Жер шарын мекен еткен триллион қара қарғаларды шақырып, үс­терінен қара бұлт шүйліктірем. Күн тұтылып, Айды көруге зар бола­ды, – деді кәрі Қарға. – Жынымды келтіре берсе, зәр-қоқыспен көміп тастаймын. Жүрсін тұншығып, сасық атанып.
– Жоқ! – деді көсем Горилла. Өмірден көргені де, көңілге түй­гені де молдығын пайдаланып.
–Адамдармен ерегісуге болмайды. Зұлымдықтың көкесі солардан шы­ғады. Олар аямайды. Ал біздің түпкі мақсатымыз басқаша. Оны бәрің жақсы білесіңдер. «Сабыр түбі – сары алтын» деген.
Бала Горилла: «Қарға – Қарғаның көзін шұқымайды», «Қасқыр да бөлтірігін жолда тастамайды» деп үйреттіңіздер. Бұл – Джунгли заңы, мейлі. Ал адамдардың да өз заңы бар емес пе? Ізгілік пен тәртіпке бағышталған. Мен мынаны түсінбеймін, адамдар өздеріне өздері киянат жасайды. Өкпелерін түтінмен улайды. Сәт сайын. Таңертең ұйқысынан ояна сала, аман-саулық жоқ, темекісін тартудан бастайды. У қосылған тентек су ішеді. Бұл қылықтарын мақтан тұтады. Мұны да кешірер ем, олар – адамдар өтірік айтады екен. Сол өтіріктеріне өздері сенеді. Алдайды, арбайды. Жолдасын жолда тастап кетуге де бар. Адам баласы үшін бұдан асқан қатыгездік бар ма? Бұның бәрі Джунгли заңына да, Дала занына да қарсы. Сонда маған қандай заңмен жүр дейсіздер? Олармен қалай дос боламын. Оған арым да, бала намысым да жібермейді. Жетер, енді!..
Бала Горилла адам бола бастағалы дәл бүгінгідей ашуланып, жан баласына ренжіген жоқ-ты.
Ол бар күшін жинап, өмірінде бірінші рет ұмыт қалған өз ана тілінде, маймыл даусымен айқайлады. Жан­түршігерлік жанайқайы орман-даланы, елді мекендерді мұң құшағына баурап алды. Тылсым табиғат бір сұмдықтың болатынын сезгендей еді…
Сол түні аң біткен көз ілген жоқ…
Болған оқиғаны тамашаламай қалған ауыл тентектері орманның шетіне от қойып, әбігерге салмасы бар ма? Аң баласы тілсіз жаумен алысуға, құрт-құмырсқа бас сауғалап, қашуға кірісті. Құс біткен қанатымен су тасумен болды.
– Еһ-һ, адамдар, айналайын адамдар! – деді көсем Горилла. – Біз бәріміз Табиғат-Ананың перзенті емеспіз бе? Аһ-һ!..
– Жоқ, менің адам болғым кел­мейді! – деді немересі Гор-Би атасының жанайқайын шегелей.
– Болды енді, дүние төңкеріліп кетсе де. Джунглиді топан су басып, Саваннаның бәрі өртеніп бітсе де, алған бетімнен қайтпаймын! Адам болғым келмейді, адам болғым!..

***

Таңертең ұялы телефон ұста­ған­дардың бәріне: «Жан баласы аяқ баспаған жерлердің бірінде Орангутангтар құпия тәжірибе бастапты», – деген SMS түсті…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.09.2021 | 22:34

Гариланың баласының аты кім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір