Ұлт тілін ұлық тұтқан…
23.08.2019
3204
0

Әлемде әдеби тілі қалыптаспаған, бір жүйеге түспеген, соның кесірінен өзге тілдің ықпалында күн кешіп, өз тілдерін дамыта алмай отырған халықтар көп. Олардың бәрі бодан ұлттар деп айтуға тағы да болмайды.

Әдеби тіл дегеніміз – көркем шығарманың ғана тілі емес, ол жалпы ғылымның, білімнің, іс-қағаздың, ақпараттың, баспасөздің, құжаттаманың ортақ ережелерге бағынған тілі. Ғылыми бірізділік, бұлжымас заңдылық болмаған жерде тілдің дамуы, өсуі, заманға сай бейімделуі өте қиынға соғады. Қазақ тілінің ғылыми негізін алғаш қалаған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы болса, өткен ғасырдың орта тұсынан бастап Ақаңның жолын ары жалғап, кемелдендіріп, ғылыми өрісін шегендеп, бүгінгі деңгейге жеткізуге зор үлес қосқан санаулы тұлғалардың бірі – Рәбиға Сыздық апамыз. Бүгінде тоқсанның белортасын еңсерген, саналы ғұмырын ұлттық тілдің күрмеулі де нәзік түйіндерін ғылыми тұрғыда шешуге арнаған ғалымның Ана Тілдің өркендеуі үшін қосқан үлесі ұшан-теңіз. Көз майын ұлт тілінің көсегесін көгертем деп тауысқан ғалымның тұжырымдамаларын орындап, қазақ тілін шын мәніндегі Мемлекеттік тілге айналдыру – елдік парыз! Сонда ғана алыптар армандаған дәргейге көтерілеміз.

Редакциядан


Рабиға Сыздық бар қазақтың назары көркем әдебиетте, жазба туындыларда болған 80-жылдардың басында эфирден, сахнадан, радиодан естілетін сөз жалпақ жұрттың құлағын үйретіп, тілін «түзеп» қоятынын, сондықтан алдымен осынау ортаның ойды дұрыс, тілді анық, пікірді айқын, сөзді сазды жеткізулерін қолға алу керектігін ескерткен еді. Қазақ тілінің өміршеңдігі «оның әлеуметтік қызметін ауызша түрде өтеумен тіке байланысты» екенін осыдан 80 жыл бұрын тіліне тиек етті, бірінші болып айтты. Жұртшылықтың ауызша әдеби тілде (қараңыз: тұрмыстық тілде емес!) жаппай сөйлеуін басты мәселелердің бірі ретінде атап өтті. «Бұрын, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанға дейін, ауызша сөйлеудің кеңістігі болмады, енді ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде танылуы ауызша сөйлеудің жоғары деңгейде көрінуіне табан тірейді», – деді зерттеуші.

Сондықтан Р.Сыздық «қазақ тілінің әлеуметтік қызметін ке­ң­ейтуде тек кеңсе тілін дамыту, ғы­лымды қазақша сөйлету, қазақ тілінде кітап жазып, лекция оқу жеткіліксіз. Ең кенже қалып, кө­ң­іл аударылмай келе жатқан сала – ауызша сөйлеу тіліне баса назар аударылу қажет. Күрестің бір майданы осы ауызша сөйлеу майданы болсын», – деді. Ғалым бұл күрестің жолындағы әрекеттерді белгілеп те қойды: «Ол үшін ең алдымен мектепті қолға алуымыз керек. «Қазақ тілінде ауызша сөйлеу деген пән енгізу керек» деген міндет қойды. Болмаса, мектеп бағдарламасына бірнеше тақырыптар енгізілу қажеттілігін, орфографияға қалай мән берілсе, орфоэпияға сондай деңгейде мән берілу керектігін; тіл ұстартуға тек қазақ тілі мұғалімі емес, барлық қоғам мүшелері, отбасы, басқа пән мұғалімдері жұмылдырылуы тиістігін баса айтты. «Тәрбиенің дәл осы түріне мүлде мән берілмей келе жатқанын, «баланың тілі шықты, ары қарай сөйлеп кетпегенде қайтеді деген тоғышарлық түйін жасалатынына» алаңдады. «Үлкендер өз сөздеріне қа­ра­уыл қоюын» сұрады. «Топ ал­дын­­да мүдірмей шешен сөй­леу­­ дәстүрінен айрылып қал­ға­нымызды, бойымыздағы бар­лық жағымсыз қасиеттер мен сүйкімсіз қылықтарымызды за­ман мен саясаттан көруді әдет­ке айналдырғанымызды тоқ­татуымыз керек екенін ерекше ескертті. Р.Сыз­дық әу баста-ақ орта білім бағдар­ла­масының өзінде қазақ орфоэпиясына мүлде көңіл бөлінбегенін және бұл жағымсыз үрдістің жал­ғасы үзілмей келе жатқанын ашық айтты: «Орфоэпия мектепте дұрыс қойылып, мән берілген болса, адам есейген соң, сөйлеу мәнері әдейі бұзбас болар», – деді. Университеттерде, педагогикалық инс­титуттарда шешен сөйлеуге, әсем сөйлеуге, оның ішінде сөздерді дұрыс дыбыстауға үйрету дегеннің атымен болмай келе жатқанының сазайын кейін тартатынымызды ескертті. Міне, кесірін тарттық.
Тілдерді қолдану мен да­мыту­дың 2011-2020 жылдарға ар­налған Мемлекеттік бағдар­ламасында «Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату» деген үлкен мақсат болды. Онда «Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу дәреже саналып, әсіресе жастар үшін бедел, абырой және сәнге айналуы тиіс», – деп көрсетілді. Алғашында екі және үш тілде әдеби, ресми деңгейде еркін сөйлесе алатын жас­тар қатары көптеп көрінді. Ана тілінде қызмет көрсетуді бедел, абырой көретін жастардың қоғамдық санасы қалыптасып қалған еді. Қазақ әдеби тілінің ауызша тү­рі­­нің өзіндік сөйлеу мәдениеті қалана бастаған. Отбасы, көше, қоғамдық ортада қазақ тілінде сөйлеу кеңінен көрініс тапқан еді. Бірақ соңғы 2-3 жылда
ауызша тілді жетілдіру, әсіресе, Астана (Нұр-Сұлтан), Алматы қалаларында өз өрісін тарылтты. АНА тілдің абыройы мен беделін түсірудің БАС ҚАЛАЛАРДАН бастау алып отырған осындай ке­леңсіздіктерінен басқа қандай оңай жолы бар?
Аталған бағдарламада «Мем­ле­кет­тік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді отбасы құнды­лығы ретінде көпшілікке таныту» деген өзекті міндет қойылған еді. Бірақ бұл міндеттің де орын­далғаны шамалы. Беделді бейнені қалыптастыратын телевидение мен радио үлгі алатын, еліктейтін тілдік тұлғаларды жасай алмады. Өйткені тілдік біліктілігі, бі­лімі, қарым-қатынас ортасын сезгіштігі, логикасы мықты те­лерадиожурналистердің өзі саусақпен санарлық. Елбасы Н.Назарбаевтың, ел азаматта­ры И.Тасмағамбетовтың, Мұх­тар Құл-Мұхаммед, Нұрлан Ора­залин, Амангелді Айталы, Бек­болат Тілеуханов, Әлихан Бәйменов, Жармахан Тұяқбаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Елеусіз Сағындықов, Қырымбек Көшер­баев, Әлімбеков, Бердібек Сапар­баев­тардың тілдік тұлғаларын жұрт­шылық танып қалған еді. Бірақ билік басы, ел тұтқасын ұстап отырған тұлғалардың тілдік біліктілігінен екі не үш тілде бірдей шешен сөйлеу талап етілгелі тағы да қазақ тілі кейінге ысырылғанын көреміз.
Тәуелсіздік бізге нарықтық мәдениет, батыстық мәдениетпен бірге келді. Жазба сөзден де,
ауызша сөзден де алынып тасталған цензура шаршы топ алдында сөйленген сөзге қарапайым сөйлеу тілін, оның ішінде дөрекі сөзді де варваризмдерді де қосты. Қазақ тілі эфирге орыс тілі араласқан, қарапайым сөйлеу тілі, тұрмыстық қатынастағы ауызекі сөйлеу тілі түрінде және қазақ жазба тілінің негізінде тілді жаңа үйреніп не меңгеріп жүрген жоғары үкімет қызметшілері, депутаттар, «жұл­дыз­дардың» жасанды, орыс тілі ойлау жүйесімен сөйлеген, қысқа сұхбат-интервьюде берілетін қыз­меткерлер мен қоғам қайрат­кер­лерінің тыңдаған құлақ түсініп, тұшына алмайтын асығыс сөздері түрінде шықты. Оны ести-ести қазақ тілін дұрыс қабылдай алмайтындар әдеби тілдің негізгі нормасы осы екен деп, соған еліктеуге көшті.
Міне, кезінде бағдарлап, бол­жап, сақтандырып, күреске шақырып қойған академик Р.Сыз­дықтың айтқаны келді.
Байырғы қазақ тілі қалай сөйленетіндігін алғаш жоқтаған да, шешендіктің тілін зерттеген де Рабиға апамыз. Байырғы қазақ десе, қазақ тілі десе, аңыз қылып айтуға даярмыз. Бірақ қазіргі жазылған көркем проза тіліне қарап, ауызша тілдің бар асылы жазбаға түскенін көреміз. ХХ ғасырдың басына дейін
5 функционалды стильдің жүгін ауызша қазақ тілі бір өзі арқалап келді. Профессор Нұргелді Уәли қазіргі стильдер бөлінісі (сөйлеу стилі, шаршысөз стилі, көркемсөз стилі, ғылыми стиль, іскери стиль) 5 түрлі қоғамдық санадан шығады дейді. Олар: тұрмыстық сана (сөйлеу стилі), эстетикалық сана (көркемсөз стилі), әлеуметтік сана (шаршысөз стилі), кәсіптік сана (іскери стиль) және ғылыми сана (ғылыми стиль). ХХ ғасыр басына дейінгі қазақтың тұрмыстық санасы мен эстетикалық санасы, әлеуметтік және кәсіптік санасы бірдей және бірегей болған әрі жоғары болған. Егер бір отбасында әкесі, шешесі, атасы, әжесі және бір баласы бар деп, бес отбасы мүшесін мысалға алсақ, бесеуінде де тұрмыстық сана мен эстетикалық сана жоғары және толық болған деп ұялмай айта аламыз. Тұрмыстық сана өз ішіне кәсіптік сананы да ала кетеді. Бұның бәрі ұлттың тілінде,
ауызша тілінде, яғни ауызша әдеби тілінде көрініс тапқан.
ХІХ ғасырда, 1862 жылдан бастап, қазақ жерінің шығысын, Іле, Сырдария жерін, Верныйды, Ақсуды аралаған Ресей шы­ғыс­танушысы, этнограф, археолог, Петербург Ғылым Акаде­мия­сының академигі В.В.Радлов: «Қырғыздар, жалпы алғанда, сөйлеу өнерін өте жақсы мең­гер­ген, әңгімелесуді жақсы кө­ре­ді. …Қатты әзілдесетін. Олар­дың әңгімелері өте ақылды… Қырғыз­дар өздері­нің көршілерінен шешен сөй­леуі­мен ерекшеленеді. Кез келген қырғыздың сөйлеуі өте жатық және еркін. Қырғыздар сөйлеу өнерін (шешендік сөзді) жақсы меңгерген. Олар өте ұзақ өлеңдерді оқи алады, сонымен қатар олардың қарапайым сөйлеуі де белгілі ритм­мен құрылған және олар, көбінесе, өлеңдерге ұқсастығымен ерекшеленеді. Ойлары ашық және нақты, сондықтан қырғыздарды толық негізде «Батыс Азияның француздары» деп атауға болады», – деп жазған. Және «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлегіштігі таң қалдырады… Қазақ тілінің тазалығы мен табиғылығы, сон­­­дай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің кө­­бі­рек жинап, оған әдебиет нұс­қаларынан құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне, қазақтың басқа бауырластарына қарағанда, сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті», – деп жазды (19-20 б.). Өйткені сол тұста ауызекі сөйлеу барысында да қарапайым тілде емес, әдебиге жақын тілде сөйлесті. Сөйлеу тілі мен көркемсөз стилін атасы, баласы, немересі – үш ұрпақ бір­дей меңгерген ауызша әдеби тіл болды.
В.Радловтың назарына қазақ үшін СӨЗдің – ӨНЕР болуы бекер түскен жоқ. А.Байтұрсынұлы өз заманындағы кез келген қазақ кісісі тіл қисынын (сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп қолдануды), сөздің кестесін келтіріп айтуды, сөз талғауды (сөз дұрыстығы, тіл тазалығын) білді дейді. Ғалымның бөлуінше, жалпы қазақ сөзі қара сөз бен дарынды сөз болып шығып жатты. Қара сөз қазіргі фразеологизм қатарында да саналмайтын, сөз тіркесі де болып табылмайтын кесек да­йын үлгілерден тұрған. Қазіргі тұрақты тіркестер тұрмыстық сана қазанында қайнап барып, әдеби тіл кеңістігіне өткен.
Ғалым: «Сөйлемдерді жалғау­лықсыз байланыстыру жалпы ауызша сөйлеу нормасына сай келеді, мұнда жалғаулықтың орнына дауыс ырғағы қызмет ете алады: жалғаулықтың түсірілген тұсы сәл тыныстаған интонация­мен айтылады», – дейді (78 бет).
Ғалым тағы бір тұста: «Ауызша айтылған тұтас сөздің бөлік­терге, әсіресе интонациялық топ­тарға ажыратылып құрылуы тыңдаушы назарын аудартады, шешеннің айтпағын «рет-ретке бөледі», «тәртіптейді», рет-реті­мен, тәртіппен ұсынылған дүние айқынырақ, түсініктірек болып жеңіл қабылданады, жеңіл қабылданған ой (сөз) тыңдаушыға ләззат береді», – деп, ұлттық сөйлеудің өзіндік ерекшелігі мен айқындығының шындығын жайып салады (сонда, 100 б.). Тыңдаушыға ләззат беретін сөз тұрмыстық және эстетикалық санасы берік әр қазақтың аузында болғанын бүгінгі хатқа түскен туындылар да дәлелдейді. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы» романын қазақ ауызша әдеби тілі мен жазбаша әдеби тілінің тоғысқан аралығында хатқа түскен қазақтың дәстүрлі сөйлеу мәдениетінің үлгісі деуге болады: онда құрмалас сөйлем аз, жалаң, жайылма сөйлемдердің екінші бөлігі тұрақты сөз орамдарынан тұрады. Мысалы, Құнанбай сез­ді де, енді жүйемен ұтпақ боп қуғынға салды. Мұндағы «жүйе­мен ұтпақ боп қуғынға салу» сол дәуірдің жаппай әлеуметтік санасы үшін – ашық құрылым, бүгінгі ұрпақ үшін – жабық, кілттелген құрылым. Бұл оралымдар – жазушының қалыпты сөз саптауы болған, сондықтан тұрақты сөздер сөздігінің реестріне фра­зеологиялық бірлік түрінде тіркелмеген, қазіргі ата буынның ғана санасында бар және тілінде сақталуы мүмкін оралымдар. Мәселен, «Баж еткенмен ықтап кеткен сықылды» деген сөйлемдегі «ықтап кету» деген тіркес арқылы малға қатысты, боранды күні жел жоқ, сай, таудың ығын іздеп кеткен малға қатысты айтылатын тұрмыстық санадағы реалийі бар көріністі елестете отырып, жазушы адамдар арасындағы сөзбен шарпысуда қарсы шыға алмай, беті қайтып кетуді суреттейді.
70-80 жылдары «көпсөзділік­тен сақтануды» ескерткен Р.Сыздық «тыңдау, оқуға қа­ра­­ғанда, кісіні тез шаршатады. Көпсөзділік тыңдаушының зейінін шашыратып, ақпаратты жинақы, түгел және шапшаң қабылдауға үлкен кеселдік кел­тіреді, жалықтырып жібереді, тез шаршатады», – деп дабыл қаққан. Бірақ көпсөзділік сөйлеу нормамызға сіңіп кетіп, енді «көпсөзділіктен сақтану» емес, «көпсөзділіктен қалай құтылуды» қарастырар күн туды.
Р.Сыздық қазақтың сөйлеу мәнерін нормалайтын тетіктер – сахна және бүгінгінің құлағы мен тілі – телерадио хабарлары деп, жас актерлер мен дикторларға, журналистер қауымына қазақ сөзінің орфоэпиясы, сөз сазы туралы ұзақ жылдар дәріс оқыды. Тіл білімінде бірінші рет қазақтың ауызша айтылымының заңдылықтарын, орфоэпиялық ерекшеліктерін жүйелеп жазған «Сөз сазы» атты еңбек жазды.
Түйіндеп айтарымыз: Қысқа, нұсқа, дәл, сазды, әсем, шешен сөйленетін қазақтың ауызша сөйлеу тілін қалпына келтіру үшін Рабиға Сыздықтың қалап берген программасын қолға шындап алсақ, ауызша тілдің мәртебесі биіктер еді. Мектепке дейінгі мекемелерде балаға әріп үйретудің орнына, ауызша сөз машығын дамыту; 1-сыныпқа кірген баланың ауызша сөйлеуін жазба тіл арқылы тоқыратпау, ұштай түсу, қазақ тілі пәндерінің бағдарламасына ауызша сөз, орфоэпия, pronunciationді әр тақырыпқа қосып отыру, бүгінгі оқыту әдістемесінің басты міндетіне айналуы тиіс.
«Өсетін елдің қарты қазына болар, өшетін елдің қарты қазымыр болар» дегендей, 95 жасқа толып, көз қуаты төмендесе де, бар назарын радио мен теледидарға тігіп, қазіргі ауызша тілдің ертеңгі болашағына қатты алаңдап отырған абыз анамыздың бүгін де айтатыны – ОСЫ.

Құралай Күдеринова,
ф.ғ.д., А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас
ғылыми қызметкері,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір