Ақиқатты ардақ тұтқан Әшағаң

Әуелі, сөзім бісміллә…
Бала кезімізде «Қыдыр атаны түсіңде көрсең бай боласың» дейтінді еститінбіз. «Оның аппақ сақалы, қара шапаны бар және көк есекпен келеді» дейтін. «Атаны көргенде: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем беру керек. Егер ата: «Уағалейкумассалам!» – деп қайырса, онда өмірде дегенің орындалады». Кейіннен, өсе келе «Қырықтың бірі – Қыдыр» дегенді, яғни Қыдыр ата түсте емес, ояу, шын өмірде кездесетіні жайлы білдік. Сөйтсек ол кісі өмірде бір-ақ рет емес, көп, тіпті жиі кездеседі екен: күнделікті өмірде кездесетін қырық адамның бірі – Қыдыр ата болуы әбден мүмкін. Бірақ бейнесі оның белгісіз, түстегідей ақ сақал, қара шапан, көк есекте емес, әртүрлі адамның бейнесінде, мысалы, жақын туыстарыңның, дос-жарандарыңның, бәлкім жауласып жүрген адамың бейнесінде келуі мүмкін. Сондықтан оған теріс мінезіңді көрсетпеген жөн. Ата кездескенде сенің ниетіңді, ойыңды, әрекетіңді бағалайды. Сол себептен қырқыншы адамды санап жүрместен, өзіңе кездескен кез келген адамды Қыдыр ата деп қабылдап, оған сый-құрмет көрсетсең, жылы ниет танытсаң, сенің өміріңде кепілдендірілген жақсылық пен молшылықтың кеңінен болатыны еш күмәнсіз.
Бүгінгі прагматикалық өмір шындығында бұл әфсанауи айтылым шындыққа бес қайнаса сорпасы қосылмайтын қиял ретінде көрінуі әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, осындай тәмсілдер, түсініктер бір кездері бабаларымыздың ұстанған философиясы, даналығы еді. Бір жақсысы, ол із-түзсіз жоғалып кетпей, біздің кезімізге дейін жетті. Бірақ біз оған әлі де жабайылық, қараңғылық ретінде қарап жатқанымыз жасырын емес. Ал таза, материалдық мүдделер араласпаған, рухани ұстындарға сүйенген ұлттық философияның түсініктері, оның ұстанымдары ізгі де ынтымағы жарасқан қоғам болмысының негізін құрайды және ол ғылым мен философия тарихында сан мәрте дәлелденген аксиома. Одан бөлек, мұндай этикалық категорияларға басымдық берген философия, оның қағидалары, нормалары жеке адам мен қоғам өмірінде биік те озық ойлардың тууын қамтамасыз етеді. Қазақтың дәстүріндегі тектілік, жеті атаға дейінгі некелік тыйым, «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» ұғымдары біз қазір үстірт қарап жүрген бабаларымыз философиясының жемісі және жетістігі болатын.
Ой дегенің, бір қарағанда, яғни үстірт қарағанда, түкке тұрғысыз нәрседей көрінеді. Ал, шын мәнінде, ой құбылысы тірі ағза тәрізді: туады, өседі, жетіледі, нығаяды, әлсірейді. Мықты ой ерекше күтім мен шарттарды, талаптар мен машықтарды қажет етеді. Мықты ой мықты адам сияқты, бірақ одан мың есе күшті. «Білекті бірді, білімді мыңды жеңеді» демей ме. Оның үстіне адамның физикалық өмірі әрі кеткенде бір ғасырды құрайтын болса, мықты ойдың өмірі мыңдаған жылдар бойына жалғасады. Ойдың қуатын Парменид есімді данышпан дүниенің өзегіне балайды. «Болмыс пен сана парапар» дейді, яғни дүние – тау, тас, жапырақ, топырақ, ғаламшар, жұлдыз, машина, кибернетика, жасанды интеллект барлығы-барлығы әлдеқандай ойдың көрінісі. Менің ойым – менің болмысым. Мен нені ойлаймын, нендей ойға дейін бара аламын, соны дұрыс деп санаймын, соны жүзеге асырамын».
«Білім және Еңбек» – «Зерде» журналы қазақтың ақпарат кеңістігінде өзіндік орны, бағыты мен бағдары бар ғылыми-танымдық басылым болғанын бүгінгі қоғамдағы орта және аға буын өкілдері жақсы біледі. Басылымды ұзақ жылдар бедерінде Әшірбек Амангелді есімді ұлтжанды азамат басқарып, елімізде ғылыми-танымдық журналистика мектебінің дамуына едәуір үлес қосты. Құнды ойларды іздеу мен табуды және оларды ұтымды пайдалануды Әшағаң басылымның басты мақсатына айналдырды. Құнды ойлардың қоғамды нығайтатынын айтып қана қойған жоқ, ол идеяны жүзеге асыруда өзі бас болып, белсенділік танытып, ізденістер жасады. Өзгелерден – «Білім және Еңбек» – «Зердедегі» журналистерден, авторлардан оны талап етіп, керек жерінде көмектесті. Өскелең буынға оны үлгі етті.
Таным мен бақыт тең ұғым
Теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты терең ойдың танымдық әрекеттен басталатынын антика дәуірінде білген. Мейлі сезімдік, мейлі интуитивтік, мейлі рационалдық болсын, таным үдерісі адам баласына дүниенің құрылымы, оның қағидалары, тәртіптері хақында ақпар береді. Эмпирикалық, сезімдік көрсеткіштерге иек артқан танымдық әрекет сонау, есте жоқ ерте замандарда мифологиядан бастау алғаны белгілі. Мифология таулар мен тастарды, жұлдыздар мен бұлттарды, жалпы ғаламат, шеті мен шегі жоқ ғарыш пен табиғатты адаммен қарым-қатынасқа түсірді, жеке адам мен көпшілік жұрттың көкейіндегі қарапайым да күрделі мәселелерді шешуге қатысты және сол мифологиялық таным әрекеті алдына қойған өз міндеттерін сәтті орындады. Соның нәтижесінде адамдар ортақ бір рухани ортаға бірікті, салт-дәстүрлер, наным-сенімдер қалыптасты. Бір қызығы, танымның дөрекі сатысы саналатын мифология тұсында пайда болған наным-сенімдер, ырым-жоралғылар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жаңа босағаны аттағанда отқа май құю, тасаттық беру, бойтұмар және т.б. Бертін келе ол діни, философиялық танымның түрлерімен толығып, адамзатты мәдениет, өркениет сатыларының деңгейлеріне дейін көтерді.
Ғылыми таным – таным атаулысының ең жоғары сатысы. Одан биік таным жоқ. Ғылыми таным уақыт сынына төзімді, уақыт ағымымен өзгере бермейді. Демек ғылыми таным ақиқатты танудың, ақиқатқа жетудің ең дұрыс және төте жолы. Ал ғылыми-танымдық журналистика ғылыми танымның құрамдас бөлігі. Ғылыми-танымдық журналистиканың ерекшелігі, ол ғылым мен көпшілік қауым арасындағы дәнекер: ғылым әлеміндегі құндылықтар мен жетістіктерді көпшілік қауымға, ал көпшілік қауымның ой-пікірін ғылыми ортаға жеткізеді, яғни кері байланысты қамтамасыз етеді. Олай болуы заңды да. Өйткені ғылым, бір жағынан, жекелеген адамдардың емес, көпшіліктің ісі. Ол дегеніміз, ғылыммен кез келген адам айналыса алады. Екінші жағынан, көпшілік қауымның ойы, егер ол дұрыс ұйымдастырылған болса, ғылыми идеялардың генераторы болып табылады. Сондықтан ғылым негіздерінің, оның жетістіктерінің көпшілікке насихатталуы одан әрі жаңа, тың идеялардың пайда болуымен сипатталады.
Қазақстанда ғылыми-танымдық журналистика 1960 жылы бой көрсетті. Сол кезде ғылыммен оның мүмкініктерін жақсы түсінетін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев елімізде ашылғалы тұрған «Пионер» деген басылымды тоқтатып, оның орнына жастарды ғылым мен білімге баулитын «Білім және Еңбек» деп аталатын журналдың жарық көруіне мұрындық болды. Содан бері қазақ жерінде журналистиканың тың жанры пайда болып, дами бастады. Жаңа бағыттағы журналистика жанрында көптеген дарынды жандар еңбек етіп, тәжірибе қалыптастырды. Камал Смайылов, Ақселеу Сейдімбек, Абдулхамит Мархабаев, Бейбіт Қойшыбаев, Есенғали Раушанов сынды азаматтарды мұндайда айналып өтуге болмайды. Олардың әрқайсысы ұлттық ғылыми-танымдық журналистиканың қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосты, оны жақсартуға тырысып бақты. Салдары елімізде аға буын өкілдері арасында ғалымдар шоғырының пайда болуына алып келді. Көптеген ғалымдар, жазушылар, инженерлер мен техниктер «Білім және Еңбек» журналынан ғылым мен техника әлемі жайлы мол мағлұмат алғанын, өздерінің ғылымға келуіне осы басылымның орасан зор ықпал еткенін айтты, жазды да. Әлі де осындай ойдағы азаматтар қоғам өмірінде жеткілікті.
Әшірбек Маханбетқұлұлының басқа журналистерден айырмашылығы – оның осы салаға бүкіл саналы ғұмырын түгелімен және тұтасымен арнағаны. Ғылыми-танымдық журналистика, танымдық әрекет ол кісінің кәсібі де, хоббиі де, дастарқан басындағы әңгімесі еді. Әшағаңның отбасылық дастарқанда үйіне келген қонақтарға Әлихан Бөкейхановтың балалық кезін әңгімелегені бар. «Ә.Бөкейхановтың мектепте оқып жүрген кезі болса керек. Сол орыс-қазақ мектебіне Жетісу өңірінің генерал-губернаторы Г.Колпаковский келеді. Балалардың білімін байқайын деп губернатор сұрақ қояды: «Балалар, осы Қарқара мен Омбының арасы бәленбай шақырым. Егер күймемен жолға шығып, Омскіге жол тартатын болсақ, оған жеткенше арбаның дөңгелегі қанша рет айналады?» – дейді. Ешкім үндемейді. Бір жағынан, ойланатын есеп, екінші жағынан, губернаторға сөйлеуге рух керек. Шамалы үнсіздіктен кейін Ә.Бөкейханов қолын көтеріп: «Ол үшін бізге арба дөңгелегінің радиусы керек», – деп, губернаторға жауап айтады. Жауапқа риза болған генерал: «Тегінде мына дарынды баладан бірдеңе шығады. Сен мектепті бітіргеннен кейін Омбыдағы кадет корпусын, одан кейін Петербургтегі университетті оқы», – деген екен». Ағамыз журналистикалық кәсіби шеберлігін шыңдау үшін сол кездегі одақтың астанасы Мәскеудегі «Правда» газетіне барып, тағылымдамадан өтеді. «Барғанда: «Қай бөлімге жіберейік?» – деп сұрады. Өзіме түсініктірек болар деп «Ауыл шаруашылығы» бөлімін таңдадым. Бөлімге барсам онда қарапайым журналист деген жоқтың қасы. Барлығы ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ғылым кандидаттары, докторлары. Таңғалдым. Есесіне көп нәрсені үйрендім», – деп өткен жолдарын еске алатын. Содан да болар, Әшағаң «Зерде» журналына инженерлер мен техниктерді, математиктерді, физиктерді тартуға жұмыс жасады. Осылай, ағамыз ғылыми-танымдық атмосферада ұзақ жылдар бойында тәжірибе жинақтады, ысылды, шыңдалды. Журналдың қатардағы редакторлығынан бастап, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып жүріп, бас редактордың қызметіне дейін жетті. Басшылық қызметті ұзақ жылдар жемісті атқарды.
Ғылыми-танымдық журналистика жан-жақты білімділікті талап етеді. Қаламгердің физикадан, математикадан, биология мен химиядан, сонымен қатар гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдардан хабары болмаса, мақалада өрескел қателердің орын алу мүмкіндігі жоғары. Жалпы, ғылыммен айналысатын адамның жан-жақтылығы туралы француз философы Рене Декарт: «Ғылыммен айналысатын адам мен қолөнершінің айырмашылығы – қолөнерші бір іспен шектеледі, ал ғалым адам жан-жақты болуы тиіс. Егер етікші тек етік тігетін болса, онда оның шеберлігі етік пен қасықты қатар жасайтын шеберден әлдеқайда озық болады. Өйткені өмір бойы етік тігетін адам етіктің бүкіл бүге-шүгесін, қыр-сырын жетік біледі. Ал етік пен қасықты қатар жасайтын адам екі немесе одан да көп заттарды жасауды біледі, бірақ оның етігі тек етікпен айналысатын кәсіпқой етікшіге ілесе алмайды. Ал ғылымда бұл жайт дәлме-дәл қарама-қайшы: ғылымда бір тақырыппен шектелетін адамның қолөнершіден ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол өз тақырыбынан басқа ештеңені білмейді, оның басқа салалармен байланысын сезбейді де. Өйткені ғылым жан-жақты, кешенді байланыс жүйелерінен тұрады», – дейді.
Кездейсоқтық – танылмаған үдеріс
Дүниеде кездейсоқтық деген болмайды. Кездейсоқтықтың астарында әлі танылып бітпеген әлдеқандай заңдылықтар жатады. Әшірбек Маханбетқұлұлының ғылыми-танымдық журналистикаға келуі де жайдан-жай емес. Әшағаң мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде оқу пәндерін үздік оқып қана қоймай, одан әрі күрделі, бейтаныс салаларға қызығушылық танытудан жалықпаған. Ұстаздарға ерекше сұрақтар қоюмен қатар, қосымша кітаптарды оқуды ермек еткен. «Бір күні, бала кезімде, мектептің кітапханасынан К.Маркстің «Капиталын» оқуға алдым. Оқыдым. Ештеңе түсінбеймін. Қайта оқимын. Түсініксіз. Бірнеше рет оқимын, сонда да түсінбеймін. Бірақ не жазылғаны мен үшін қызық, білгім келеді. Оны кейіннен университетте оқығанда бір-ақ түсіндім. Сондағы «Капиталдың» мәні – өндірістік қарым-қатынас, еңбекті бағалау мен оған ақы төлеу және әділдік пен теңдік принциптері екен. Тепе-теңдік теңгерімі сақталмаған кезде, яғни капитал иелері жұмысшыларға «мен мықтымын, білгеніңді жасап ал» деп, мұрнын шүйіре берсе түбінде ол ірі көлемде сілкініс, жанжал, қырқыстарға ұласады екен. Ондай үдерістің іс жүзіндегі көрінісін ресейлік қоғамның революциялық жағдайлары көрсетті. Қызық болғанда, капиталистік мемлекеттер Маркстің «Капиталынан» сабақ алып, өздерінің өндіріс кешендерінде жұмысшыларды қанау, олармен санаспау принциптерінен бас тартты», – дегені бар кейіпкеріміздің. Жалпы ағамыз барлық пәндерді үздік меңгергенін мектепті алтын медальмен тауысқаны дәлелдейді. Мектепте алған білімі оның жадында өмір бойы сақталды. Қай пәннен болсын, қай тақырыптан болсын пікірталас, дәлел, аргумент тарту барысында, Әшағаң нақтылы деректерге сүйенетін. Островскийдің геометриясында ол былай, ал Погореловтің геометриясында былай, Державиннің математикасы, Пышкалоның алгебрасы деп, өзі оқыған әдебиеттерін айтып қана қоймай, оқулық авторларының кейінгі нұсқаларындағы ерекшеліктерін тізбектеп, «сенбесеңіз барып қараңыз» дейтін. Осы білім Әшірбек ағамыздың журналистік шеберлігінің іргетасы болды дей аламыз. «Зерде» журналының редакциясына қай саланың маманы келсе де, ағамыз оған қоятын сұрақтарды табады. Сұрақтарды қоюмен шектелмейді, маманның, ғалымның сұраққа берген жауабын бағалайды. Маман түсініксіз бірдеңелерді айта бастаса оны тоқтатып, қисынды жауаптың ретіне қарай жетелейді.
Ғылым мен әпенділік
Әшекең көп жылдар ғалымдармен араласты, сөйлесті, пікірлесті, мақалаларын жариялады. Сөйтіп жүріп нағыз ғалым мен жалған ғалымның айырмашылығын ажыратты. «Ғылыммен шын айналысатын адамдар көбіне әпенділеу келеді. Олар көпшіліктің айтып жүрген парадигмаларымен, стереотиптік картиналарымен келіспейді. Өзіндік жөн-жолмен өмір сүреді. Олардың бақыты мен шаттығы да, қайғысы мен мұңы да сол» дейтін ағамыз. «Зердеге» неше түрлі адам, неше түрлі мақалалар келеді. Басқа басылымдарға жариялай алмай жүрген авторлар «Зердеге» келіп, мауқын басады, мақалаларын қалдырады.
Бір күні редакцияға Жақаш Ілиясов деген кісі келді. Өзі құрылысшы екен. Бірақ физикамен айналысады. Физика болғанда жай механикалық немесе электрлік емес, теориялық физика. Мақала авторы Альберт Эйнштейннің салыстырмалы теориясындағы қателіктер жайлы айтады. «Эйнштейннің теориясына сенетін болсақ, әлем, дүние, түзу сызық – барлығы-барлығы шектеулі. Тіпті жарық сәулесінің қозғалысы да ғаламат көлемде болса да шектеледі. Ол дұрыс емес. Ол теория әлемді, дүниені шектеп тастайды. Ал дүние деген шектеулі емес, шексіз», – деп Эйнштейннің есептерін терістейтін есептер мен эксперименттерін, сызбаларын көрсетеді. Жарық сәулесін шағылыстыратын Майкелсон-Морлидің тәжірибесін дәлелге тартады. Біз мақаланы алып, ҚазҰУ, ҚазҰПУ физиктерінен түсініктеме сұраймыз. Олар автордың есеп-тәжірибелері дұрыс емес, физикадан хабары жоқ адам екенін айтады. Бас редакторымыз сонда бізге: «Мақаланы жариялаймыз. Мейлі, ғалымдар оны терістесін. Бірақ бұл автор тамақ, ақша деп емес, ешкім (қарапайым адамдар. – Автор) түсінбейтін, ешкім керек етпейтін Эйнштейннің теориясына күмән келтіріп тұр. Эйнштейннің есебінің мәніне үңіліп, түсініп, қорытынды шығарып тұр. Бұл деген нағыз құрметке лайық әрекет. Бәлкім, дұрыс нәрсені айтып тұрған шығар», – дейді бас редакторымыз.
Намаз Алтаев есімді теориялық физика маманы да математикадағы жіберілген қателіктерді түзету керек деген мақала әкелді. Мақала ішінде формулалармен өрнектелген есептер, геометриялық сызбалар, кестелер. Еңбекті қарап отырсақ, қазіргі қолданыстағы математикада қателіктер, соның ішінде өрескел қателіктер бар. «Математиктер оларды білмейді, білсе де, ештеңе істемейді». Мақаланы алып Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарына бардық. Алатын жауабымыз сол баяғы: «авторларыңның пікірі қате». Осы тақырыпта Ұлттық ғылым академиясында арнайы пікірталас та өтті. Ол жердегі ғалымдардың аргументі: «Егер математика қате бағытта болса, қолданыстағы машиналар, механизмдер, су, әуе, ғарыш кемелері қалай ұшып жүр? Ғимараттар, байланыс құралдары да мінсіз жұмыс істеп тұр. Егер қателік болса, мұндай жетістіктер болмайтын еді». Алтаевтың оларға айтатын уәжі: «Егер математикадағы мен айтқан қателіктер болмағанда, біз қазіргі күні тек су, әуе, ғарыш кемелерімен шектелмейтін едік, одан да жоғары, биік, тіпті ойымызға келмеген жетістіктерге қол жеткізген болар едік. Бүгінгі күнгі техногендік апаттарға соқтықпас едік…» Ол кісінің мақаласы да «Зердеге» жарияланды.
Платон менің досым, бірақ…
Философия ілімінде ақиқат деген түсінік бар. Шындық құбылмалы, ал ақиқат – шексіз уақыт өтсе де мызғымайды, тұрақтылығын сақтайды. Әр адамның, әр заманның өз шындығы бар. Ақиқат жалғыз. Шындық пен ақиқат екеуі алма кезек араласып, өріледі, адамдық істің сапасын анықтайды. Іс-әрекетінде шындыққа емес, ақиқатқа ұмтылғандардың нәтижелері, өз кезінде түкірігі жерге түспей тұрған басшылыққа, «мықтылыққа» ұнамаса да, сапасын сақтайды, түптің түбінде әділ бағасын алады. Құрмет пен қошеметті иеленеді. Өкінішке қарай көп адам мызғымас ақиқаттың емес, құбылмалы шындықтың жетістіктеріне қуанып, мәз болады, соны місе тұтады. Мысалы, кезінде социалистік реализмді насихаттағандар, одан кейінгі тәуелсіздік кезінде де өткінші саясатты ұрандатқандар қазіргі күні ұмыт болды. Оларды ешкім керек етпейді. Ал ақиқатқа жақын идеяларды, жетілген әрекеттерге ұмтылғандар қашанда құрмет пен ілтипатқа бөленеді. Ясауи, Шәкәрім, Кердері, Мұсабек, Майлықожа сынды жандар соның айғағы. Әшірбек ағамыз мұны жақсы түсінді және өзінің шығармашылық бағытын қазақ, түркі даласында ақиқатқа, асқар шыңға қол созған адамдар жайлы, олардың өмірі мен тағдырындағы ғибрат алатын тұстарға арнады. Елдің рухани қуаты, мемлекеттің мызғымастығы өткінші, нәпсілік құштарлықтарды қанағаттандыратын немесе басшылыққа жағынуға арналған туындылардан емес, терең мазмұнды, уақыт ағымымен құбылмайтын тұрақты құндылықтарға негізделген шығармаларға тәуелді екенін жақсы білді.
Әшірбек Маханбетқұлұлының шығармашылығындағы биік мақсатты кейіпкерлердің бірі – Махмет Құлмағанбетов. Махмет Құлмағанбетов – қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде оған қарсы шыққан тұлға. Ол – қазіргі Қазақ ұлттық университеті философия факультетінің 1954 жылғы түлегі. Қоғамның, мемлекеттің теориялық құрылымдарын жетік меңгерген философ кеңестік мемлекетте орын алған кемшіліктерді сынға алған. Теория жүзінде социалистік мемлекетте адамдардың құқықтары, ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыда қорғалуы тиіс. Кеңестер Одағында адамдардың құқықтары шектелген, сөз бостандығы жоқ, колхозшы мен жұмысшылардың еңбек ақылары дұрыс бағаланбайды және тағы басқалар. Сол жайттар жөнделмейінше азаматтардың еліне деген шынайы сүйіспеншілігі болмайды, қоғамдық әлеуеттің нығаюы екіталай. Совет үкіметі ол сынды мемлекеттің тұтастығына зиян келтіруші элемент ретінде қабылдап, авторды түрмеге тоғытқан. Түрмеден шыққаннан кейін М.Құлмағанбетов елден кетіп, Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған, өмірінің соңына дейін сонда болған.
Ә. Амангелді ағамыз осы адамның тағдыры жайлы журналистік зерттеулер жасап, КГБ архивтерімен жұмыс істеп, философқа таққан қылмыстық істі қараған, тіпті Мюнхендегі радиода жұмыс істеп жүрген Махмет Құлмағанбетовтің өзімен телефон арқылы тілдескен.
«Тағы да Маркс пен Энгельстің іліміне сүйенсек, социализмде таптар, таптық айырмашылықтар болмауы тиіс. Ал бізде бір-біріне қырғиқабақ (антогонистік) таптар, жұмысшы мен буржуазия болмағанымен, жұмысшылар мен колхозшылар бар. Сондай-ақ таптық айырмашылықтар да жойыла қойған жоқ. Неге бұлай?» деген Әбдіжаппар Қалшабеков деген тарихшының даусы да кеңестік мемлекеттің шарықтап тұрған шағында шыға келді. Кеңестік кездегі осынау қос қайсар тұлға Әшағаңның ғана шығармашылығынан баспасөз беттерінен көрініс тапты. М.Құлмағанбетов туралы «Білім және Еңбек» журналында, ал Қалшабеков туралы «Өркен» газетінде көлемді мақала жарияланды. Бір өкініштісі, Құлмағанбетов, Қалшабеков туралы әлі күнге дейін философтар да, тарихшылар да тіс жармайды, бағаларын берген емес.
Бертін келе ағамыздың қаламы Өзбекәлі Жәнібеков, Еркін Әуелбеков, Нәзір Төреқұлов, Бағдат Сүйменбаев, Сейілбек Қышқашев сияқты тұлғаларға ауысты. Нәзір Төреқұлов – алдымен, Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы, одан кейін Кеңестер Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі қызметін атқарған тұлға. Н.Төреқұловтың білімділігі, көптілділігі, дипломатиялық шеберлігі екі елдің арасындағы достықты бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтереді. Ол кезде Америка Құрама Штаттары, Еуропа елдері Кеңестер Одағындай арабтардың сеніміне кіре алмаған. Тіпті Сауд Арабиясы өзінің мұнайын өндіруді Н.Төреқұловтың құрметіне орай, Кеңестер Одағына беруге дайын болады. Алайда КСРО-дағы 1937 жылғы репрессия саясатының жалыны Н.Төреқұловқа да тиіп, жазықсыз құрбандардың қатарында кете барады. «Аяныштысы сол, 1937 жылы оған пантүркілік ұйымдармен байланысып, Кеңес үкіметіне қарсы әрекеттер жасады деген айып тағылып, ең ауыр жазаға кесіліп, атылады. Нәзір бауыры туралы бұл хабарды Сауд Арабиясының королі әл-Сауд қатты қайғыра қабылдады. Сондықтан қол жетімді дипломатиялық каналдар арқылы бұдан былай басқа өкілетті елшіні көргісі келмейтінін білдірді. Сол сәттен бастап екі ел арасында байланыс іс жүзінде тоқтатылып, тек беріде, 1990 жылы ғана қалпына келтірілді», – деп жазады Әшірбек ағамыз «Қоқанда туған қазақ Нәзір Төреқұлов туралы не білеміз?» деген мақаласында.
Ұлттық тарих, ұлттық тұлғалармен қоса ағамыздың қызығып, қалам тартатын тақырыптарының бірі – түркілік тарих болатын. Бұл бағытта ол Мұрат Әжінің «Жусанды қыпшақ даласы» атты кітабын өзі ғана оқып қоймай, «Зерде» журналының оқырмандарына да ұсынды. Редакцияға келген, кеткен қонақтармен, авторлармен, дос-жарандарымен М.Әжінің кітабында жазылған мәліметтерді қуана және мақтана айтып отыратын: «Орел дегенді өр жол», – дейді Мұрат Әжі. –Бұл – түркінің, қыпшақтың тілі!»
Ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету мерекелік шаралар мен дастарқандарда бұрынғы бабалардың ұлылығын айтып сөз сөйлеу, болмашы іске марқайып, марапат алу емес. Ұлтты сүю – ең алдымен, ұлттың мүддесіне қызмет ету. Адал да шынайы қызмет ету. Әшағаң басқарған қазақтың ғылыми-танымдық журналистика мектебінің мәні де ұлтқа, ұлттың мүддесіне кіршіксіз қызмет ету болатын. Қалғаны маңызды емес. «Біз оқырманға терең мәнді, сапалы мағлұмат беруіміз керек. Сөзбұйдалықты емес, салиқалы сөзді жеткізуіміз міндет!» – деп алдымызға нақтылы кәсіби талап қоятын. Ұнамаса – басқа жолдан бақыт іздеуге болады. Журналға жазған мақалада мәнді ештеңе болмаса, қабылданбайды. Мақалаңды Әшағаң оқып шығып, сұрақтар қояды. Тақырыпқа қатысты кейде оңай, кейде қиын, кейде, тіпті қиын сұрақтар қойылып жатады. Мақалаң өтсе, ол бір кәдімгідей кішігірім мейрам. «Әшекеңнің сұрақтарына жауап бере алсаң, кез келген тақырыпта докторлық диссертацияны қорғауға болады», – деп «Зердедегі» журналистер өзара қалжың айтатынбыз. Қарап отырсақ, ол жай ғана қалжың емес, қазаққа қажет ақиқатқа ұмтылыс екен. Сайып келгенде ол журналистке ғана емес, сонымен қатар күллі оқырманға, тұтас ұлтқа қажет үлкен құндылық болатын…
Әулиелік – адамдық биік қасиет
Әшағаңның қасында жүрген жылдар, жұмыстар, іс-әрекеттер көп нәрсені үйретті, көп нәрсені ойға түйдірді. Таңданатын нәрселер де аз болған жоқ. Бір күні жас шамасы жетпістерді ауқымдап қалған, марқұм Сейілбек Қышқашұлы дейтін «Білім және Еңбек» – «Зерденің» тұрақты авторы, инженер-өнертапқыш ағамыз, Әшекең екеуі бірін-бірі қатты сыйласатын, Мақатаев – 22-үйде орналасқан «Жас Алаш» газетіне бара жатып, Жібек Жолы – 50-дегі «Зердеге» соғады. Әшекеңе кіріп, газеттің редакциясына қоңырау шалады. Бас редактор орнында болмаса, ол жаққа барып, әуре болмастан үйіне қайтпақ. «Жас Алаштың» қабылдау бөлмесіндегі қыз телефоннан бас редактордың орнында жоқ екенін айтады. «Жарайды онда», – деп тұтқаны қойып, басқа шаруаға қарай бет ала бастаған Сейілбек ағаға қарата Әшағаң: «Секе, мені тыңдаңыз. Редактор ешқайда кеткен жоқ, кабинетінде отыр. Сенбесеңіз барып көріңіз», – дейді. Сейілбек аға да бала сияқты ғой: «Шыныңды айтып отырсың ба?! Сен оны қайдан білесің?! Қазір барамын. Егер болмай шықса бар ғой, көрсетемін саған!» – деп шығып кетеді. Көп уақыт өткен жоқ, өнертапқыш ағамыз көнерген портфелін қолына ұстап, «Зердеге» келді де, Әшағаң отырған кабинетінің есігін аша сала: «Әй, сен әулиесің! Әулиесің! Пәленше шынымен де кабинетінде отыр екен! Әй, әулиесің ғой сен!» – деумен болды. Сөздің қадірін жақсы білетін Әшағаң жауапты созбай: «Секе, тірі кезде адамды мойындамайсыздар ғой!» – демесі бар ма. Мұндай жауапты күтпеген Сейілбек ағамыз, әлде басқа сөз таппады ма, әлде ең жақсы сөзді әулиелікке балады ма: «Әй, әулиесің ғой, әулие!» – деген сөздерін қайталаумен болды. Редакцияның іші ду күлкіге толды.
Әулие сөзінің мәні арабтың оқымысты, ғалым деген сөзінің ұғымын білдіреді екен. Діни тұрғыда әулие болмаса да, Әшірбек Амангелді ағамыздың кәсіби, өмірлік тұрғыда әулиелік деңгейде ғұмыр кешкеніне көзі көргендер, тіршілікте қарым-қатынаста болған жандар толығымен куә…
Шермат Аширбаев,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
ПІКІРЛЕР3