Сафар Абдулло: Иран– бірқұдайлықты ұстанған алғашқы мемлекет
21.08.2019
1603
0

Шығыстанушы ғалым, Иранның парсы тілі мен әдебиеті академиясының толық мүшесі, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры, ирантану саласы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы, ширек ғасырдан астам уақыттан бері түрлі рухани-тарихи тақырыптарда, әсіресе, Шығыс мәселесі төңірегінде пікір алысып, ой бөлісіп жүрген досым Сафар Абдулломен сұхбаттасқым келіп жүр еді. Сафар Абдулло – Иран мен Дешті Қыпшақ арасындағы рухани-тарихи байланыстарды зерттеуде (бұл тақырыпта Алматы мен Тегеранда бірнеше кітап жарық көрді) әртүрлі елдердің ғалымдары арасында тығыз қарым-қатынас орната білген адам. Жақында Сафар Абдулло үздік ирантанушы ретінде ЮНЕСКО, ISESCO және Иранның Ғылым және білім министрлігі бекіткен Әл-Фараби атындағы сыйлықты иеленді. Міне, осы жайт себеп болып, екеуміз кездесіп, сұхбаттасып, бұл әңгімемізді қағазға түсірудің сәті түсті.

Қазақтардың өткен тарихы… Парсы тілінде жазылған

– Сафаржан, мен сені халықаралық сыйлық алуыңмен құттықтаймын! Осыған орай, сенімен біздің елдегі гуманитарлық ғылым, нақтырақ айтсақ, ирантану ғылымының дамуы туралы әңгімелескім келеді. Өткен ғасырларда біздің ирандықтармен өте тығыз қатынаста болғанымызды мен жақсы білемін. Себебі, тарихи тұрғыдан Иран елі қашанда бай мәдениетімен, парсы тіліндегі ұлы әдебиетімен тартымды ғой. Осы туралы аздап әңгімелеп берсең.
– Рақмет, қымбатты Сейдах­мет! Мен тек Иран туралы емес, жалпы қазақтарға ирантанушы ғалымдар не үшін қажет деген маңызды мәселені де көтере кеткім келеді.
Мамандарға жақсы белгілі, ежелден-ақ Қазақстан мен Иран арасында тығыз қарым-қатынас, рухани-тарихи байланыс болды. Көптеген маман ғалымдардың пікірінше, түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың тарихы мен мәдениеті жайлы жазылған алғашқы жазба дереккөздердің басым бөлігі парсы тілінде жазылған. Шығыста бұл тіл ертеден-ақ маңызды рөл атқарған, көптеген халықтар үшін лингва франка тілі – халықаралық қатынас тілі болған. Көптеген түркі динас­тиясы сарайларында ресми және іскерлік тіл ретінде парсы тілі қолданылған. Бұл тілдің түп негізі – үнділік субконтинент ағылшындардың колониясына айналып, ағылшын тілі парсы тілін ығыстырып шығарғанға дейінгі Үндістандағы Ұлы Моғол тілі.
Түркі халқының оншақты таны­мал өкілі өз туындыларын парсы тілінде жазды. Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығын атап өтерде біздің ел осы парсы тілінде жазылған шынайы деректерге сүйенді. Атап айтсақ, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» және Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Бұқара халқының сыйы» және т.б., қазақтардың өткен тарихы жайлы жазба деректердің, шамамен, сексен пайызы парсы тілінде жазылған.
Сонымен қатар мамандар парсы сөздерімен сәйкес келетін қазақтың 4000-ға жуық сөзін анықтаған. Қазақтар арасында парсы тілінен енген кісі есімдері жүздеп саналады. Мұның бәрі қазақтар мен ирандықтардың ежелден тығыз байланыста болға­нын дәлелдейді. Тіл – халық­тар арасындағы өзара ықпал­дастықты айғақтайтын ең сенімді куәгер екені белгілі.
Олжас Сүлейменовтің сөзімен айтар болсақ, тіл – көшір­мешілер­дің рақымсыз­дығынан құтыла алған тарихи ақпараттың ең бай резервуары. Дереккөздер – ең әділ дүние. Ол мәдениеттер ықпалдастығын танытуда тарих­шылардың сұрықсыз нобайынан гөрі, әлдеқайда шынайы сипатын көрсете алады. Расымен, қазақ тілінде мыңдаған парсы сөздері мен кісі есімдерін кездестіруге болады және, керісін­ше, парсы тілінен жүздеген түркі сөздерін таба аласыз.
Парсытілді әдебиеттің түркі халықтары жазба әдебиетінің қалыптасуына тигізген әсері жайлы шетелдік ғалымдар көп жазды, дегенмен, біз үшін маңыздысы, «бұл мәселеге отандық ғалымдардың көзқарасы қандай?» деген мәселе. Сонымен қатар түркі тілдерінің парсы тіліне тигізген ықпалын тереңірек зерттеу қажет. Себебі, бұл екіжақты, бірін-бірі толықтыратын ықпал болды.

– Сенімен келісемін. Сенің айтып отырғандарыңның бәрі маған жақсы таныс әрі түсінікті. Шығыста парсы тілі мен мәдениеті ерекше әлеуетті болды және көптеген халықтардың өмірінде маңызды рөл атқарды.
– Бұл тіл Шығыста лингва франка тілі болды! Жақында Мәскеуде қазіргі жетекші ирантанушылардың бірі Берт Г.Фрагнердің «Персофония» деген танымал кітабы жарық көрді. Б.Фрагнер ұсынған «Персофония» термині парсы тілінің басымдыққа ие аумағын көрсетеді, парсыша айтқанда «каламрави забони форси» («парсы тілінің таралу аймағы»).
Шығыстанушылардың пікі­­рінше, Орталық Азиядан Үндістанға, Ираннан Қытайға дейінгі мекендегі «парсытілді ойкумена» елдер үшін ең маңыз­дысы – ұлан байтақ аймақ­тағы ерекше руханият және саяси шекаралардың ашықтығы мен ешқандай мәдени шектеулердің болмауы болды. Ғалымдар исламға дейінгі кезеңде Ұлы Жібек жолының бойында соғды мәдениеті мен лингва франка (lingua franca) ретінде соғды тілінің үстемдігі қалыптасты деген пікір айтады. Бір таңқаларлығы, мұсылмандардың Иран мен Орта Азияны жаулап алуы араб мәдениеті емес, парсы мәдениетінің кең таралуына себеп болды. Парсы тілі – ислам мәдениетінің қуатты тіліне айналды, Орта және Таяу Шығыс, Күнгей Кавказ аймақтарын байланыстырушы басты элемент ретінде қызмет етті.
Иран – өркениеттің көне әрі аса бай ошақтарының бірі. Тарихи Иран қашанда бүкіл әлемнің назарында болды. Қандай да бір саяси себептерге байланысты шетелдіктер Иранның ұлылығы мен қуаттылығын елемеуге тырысқанымен, басқа бір себептер олардың Иранға деген қызушылығын арттырып, назарын салуға мәжбүрледі. Әсіресе, ежелгі дәуірде Иран өзіне ерекше назар аудартқан ел еді. Өйткені, оның басқа ешбір көне Шығыс елдерінде болмаған қуатты әрі әлеуетті мәдениеті, басқа да көптеген құндылықтары бар. Иран өз мәдениеті мен өркениетінің бірегейлігімен және көнелігімен, әртүрлі тарихи дәуірлердегі – аңызға айналған ежелгі шахиншах патшалығы кезеңіндегі мемлекетті басқару жүйесінің өзгешелігімен, сондай-ақ діни дүниетанымның ерекшелігі тұрғысынан да таңғал­дырды, себебі Иран бірқұдай­лықты ұстанған алғашқы мемлекет болды.
Иран өркениетінің көрсеткіші ретінде тек оның басқа елдерді – гректер мен византиялықтардан бастап түрік, араб, еуропалықтарға дейін тәнті еткен саяси күшін қарастыру жеткіліксіз, сонымен қатар Ирандағы интеллектуалдық әлеуетті айта өткен жөн. Бұл – өнер, батырлық мифтер, зороастризм (ұлы пайғамбар Заратуштра негізін қалаған), манихейлік, митраизм сияқты діни ағымдар, кейінгі ғасырларда пайда болған несториан діні, суфизм мен ирандық ирфан – осының бәрі терең романтикалық және діни сезімдерді оятып, кейінгі ғасырларда Батысқа дейін жетіп, кірігіп, түрлі елдердің мәдениетіне өз ықпалын тигізді.

Батыстан шығысты төмен етіп көрсетеді

– Ирантану Батыста да, Ресейде де ертеден жолға қойылған. Ал біздің елде бұл кенже қалған сала. Мен советтік кезеңді айтып отырмын. Бұл туралы не айтасың? Советтік кезеңдегі ирантанудың жай-күйі қандай еді?
– Алғаш болып Иранды зерттеуді қолға алған ел – гректер. Содан соң византиялықтар, сириялықтар, армияндар мен арабтар, кейінірек еуропалықтар – ағылшындар, француздар, немістер, славяндар (әсіресе, орыстар), скандинавтықтар, итальяндықтар, венгерлер, ең соңында жапондар мен американдықтар жалғастырды. Нәтижесінде ежелгі авторлардың көптеген еңбектері пайда болды.
Иран жайлы еуропалық авторлардың саяхат барысында жазған жолжазбалары мен кітаптарын ескерсек, онда Еуропадағы ирантанудың 300 жылдық тарихы бар деп айтуға болар еді…
Еуропаға шамалас уақытта Ресейде де ирантану ғылымы дами бастады және бұл елде үлкен істер атқарылды. 2001 жылы РҒА Шығыстану институты «Ресейдегі ирантану және ирантанушылар» атты ұжымдық монография дайындап шығарды. Бұл кітаптың екі тарауында Ресейдегі ирантанудың даму үрдісі мен ресейлік ирантанушылардың осы ғылым саласына қосқан үлесі жайлы жан-жақты айтылған. Алғашында Иран өркениетін зерттеуді Қазан және Санкт-Петербург университеттері қолға алды. Баршамызға белгілі, ирантану Ресейде ХІХ ғасырдың басынан, парсы әдебиетінің классиктерін аударудан бастап дами бастады. Осы кезде А.С.Пушкин, А.С.Грибоедов, М.Ю.Лермонтов және т.б. ақындар шығармашылығында парсы мотивтері пайда болды. Иран тақырыбы Ресейдің қоғамдық журналдарында үнемі насихатталып отырды.
Қазақстан мен Қырғызстанда ирантану ғылымы бұл елдер тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қарқынды дами бастады. Кеңестік кезеңде біздің өміріміздің басқа салалары іспетті ғылым да орталықтандырылған болатын. «Орталық» қай республикада ғылыми мекеме ашылуы қажет деп тапса, сол міндетті түрде жүзеге асатын. Дегенмен мамандар мен үздік ғылыми кадрлардың болуы барынша қадағаланатын. Мәселен, ҚазССР ҒА-да мәскеулік немесе ленинградтық университеттердің түлектері, үздік синологтар қызмет етті. Сонымен қатар бұл мекемеде іргелі ғылыммен айналысатын түрколог-тарихшылар жұмыс істеді. Мәселен, Ю.А.Зуев пен В.П.Юдин сияқты көрнекті ғалымдарды атауға болады. Парсы тілін меңгерген шығыс­танушы-тарихшылар да болды, олар – И.А.Пишулина мен И.В.Шуховцов, көрнекті синолог К.Ш.Хафизова. Араб тілін меңгерген мамандар да болды, мәселен, Б.И.Кумеков. СССР тарап, Қазақстанның шет елдермен, нақтырақ айтсақ, Шығыс елдерімен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі пайда болған кезде бұрынғы кеңестік Ұйғыртану институтының негізінде орталық құрылды, кейін осы орталық Шығыстану институтына айналды. Қазір Қазақстанда тек екі университетте ғана парсы тілі оқытылады. Орталық Азия мен Күнгей Кавказ елдері мәдениетін зерттеуде парсы тілі мен әдебиетінің маңызы зор екенін мамандар жақсы түсінеді. Бұл аймақтар жүздеген жылдар бойы Иран мәдениетінің аумағы болды, ал ортағасырда парсы тілі ресми түрде ислам әлемінің араб тілінен кейінгі екінші тілі болып қабылданған болатын. Парсы тілі осы аймақтағы көптеген халықтар өмірінде зор рөл атқарды. Бұл тілде парсытілділер ғана емес, басқа халықтар да, атап айтсақ, түркілер де өз шығармаларын дүниеге әкелді. Қазақ халқының ұлы өкілі Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты танымал кітабын парсы тілінде жазды. Орталық Азиядағы түркі халықтары, соның ішінде қазақтардың тарихы мен мәдениеті жайлы жазба дереккөздердің 70-80 пайыздан астамы парсы тілінде жазылған. Парсы дереккөздерімен марқұм Тимур Бейсембиев жұмыс жасаған еді. Ол Қоқан тарихнамасын жетік меңгерген, А’уфидің тарихи әңгімелерін орыс тіліне аударды. М.Х.Әбусеитова және басқа да ғалымдар өз ғылыми еңбектерінде парсытілді дереккөздерге сүйенді…
2006 жылы Қазақстанда Ж.М.Төлебаеваның «ХIII-XIX ғғ. қазақтар мен Қазақстанның тарихы жайлы парсытілді дереккөздер» атты монографиясы жарық көрді. Бұл – парсы тіліндегі қазақтар мен Қазақстан тарихы жайлы толық әрі маңызды мәліметтерді қамтыған ауқымды жазба дереккөздер қарастырылған алғашқы монографиялық еңбек.
Әрине, әлемнің түкпір-түкпірінде жарық көріп жатқан әртүрлі шығыстанушылардың көлемді еңбектерінің бәрі бірдей мінсіз емес, жетістігі де бар, кемшілігі де бар. «Шығыстық деспотизм», «Шығыстық артта қалушылық» және т.б. сол сияқты қалыптасқан біржақты көзқарастағы еңбектер де бар. Міне, осындай шығыстану ғылымы Батыспен салыстырғанда, Шығысты төмен етіп көрсетеді. Алайда Батыстың алғашқы ілімнің көп бөлігін Шығыстан алғанын ғалымдар жақсы біледі.

– Мен сенің саяси шығыстану туралы пікіріңді білгім келеді.
– Қазір, өкінішке қарай, классикалық шығыстану жоқ десек те болады. Көп елдерде оның орнын саяси шығыстану басқан. Саяси шығыстану Шығыс мәдениетімен таныстырумен айналыспайды, әсіресе батыс­тықтар, олар Шығысқа менмен­дікпен қарайды, сес көрсете сөйлейді, сөйтіп, екі әлемді бір-біріне қарама қарсы қояды.
Айтайын дегенім, Батыстың саяси шығыстануы – «Шығыс халықтары Батыстың айтқаны бойынша өмір сүрсе екен» деген ұстанымда. Әрине, бұл ирантануға да қатысты. Түрлі саяси амал-тәсілдерге қарамастан, бір нәрсені айқын ұғынған жөн: Иранның ежелгі тарихы, таңғажайып жазба мәдениеті мен әдебиеті басқа халықтар мәдениетіне игілікті ықпалын тигізді. Иран өркениетінің аса бай мұрасы қазір де зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес, болашақта да қызығушылық кемімейді.

«Иранның әлемге айтары бар!»

– Сафаржан, парсы тіліндегі әдебиет – бұл, шын мәнісінде, бірегей құбылыс. Бұл – әлемдік деңгейдегі әдебиет. Өзіңмен дәл осы әдебиет жайлы әңгімелесу мен үшін ерекше қызық…
– Парсы тіліндегі ұлы әдебиет (иран-тәжік әдебиеті) – көптеген әлем халықтары әдебиетіне орасан зор ықпалын тигізген әдебиет. Бүгінгі күнде адамзат баласы Сағдидің даналыққа толы нақылдарына, Хафиздің баурап алатын газелдеріне, Фирдоусидің кемеңгерлігіне, Румидің тылсым сырларына және Хайямның рубаяттарына ерекше мұқтаж.
Сөз жоқ, мамандар ирандық­тардың әлемдік өркениетке қосқан зор үлесін жақсы біледі. Ертеде біздің ата-бабаларымыз, бізге қарағанда әлдеқайда қарапайым өмір сүрген. Өмір өзгерді, бірақ адам жады ары қарай дамуға қажетті дүниелерді ешқашан ұмытпайды. Иранның ежелгі әдебиеті мен өнері бұрынғы ықпалын жоғалтқан жоқ. Иран өркениетінің тарихы саласының ірі маманы Ислами Надушан ұстаздың сөзімен айтсақ – «Иранның әлемге айтары бар!»
Көне иран философиясы – Жақсылық пен Жамандықтың күресінен тұрады. Және бұл күрес Фирдоусидің таңғажайып эпопеясы «Шах-намеде» көркем кестеленген.
Адамның сезімі мен жүрегіне негізделген ежелгі ирандықтар пәлсапасы Жаратушыны – Ахура-Мазда Даналық Құдайы деп тануына қарама қайшы келмейді. Ұлы Хафиз былай деген: адам баласы «достарына – кеңпейілді, ал дұшпанына – ұстамды» бола білуі керек. Міне осы пәлсапа Иран мен иран өркениетін талай ғасырдан бері сақтап келеді. Болашақта да ирандық мәдениет Иран халықтарына да, жалпы азамзат өміріне де игілікті ықпа­лын тигізеді деп сенеміз.
– Мұның бәрі дұрыс қой. Өзің сияқты жоғары деңгейдегі білікті маманымыз бар екенін ескерсек, шындығында, біз парсы тілін оқып, үйренуге жеткілікті мән беріп отырмыз ба?
– Білім мен ғылым мәселесі – келесі бір сұхбатқа арқау болуы керек. Себебі, бұл – менің жаныма ерекше бататын мәселе. Өкінішке қарай, парсы тілін оқытуға ұзақ жылдар бойы дұрыс мән берілмеді. Ал бүгінгі күні Қазақстан жаһандану үрдісінде дамып, нығайып келе жатқанда бізге өз негізімізді жақсы біліп, тарихымызды жетік меңгеру қажет. Ол үшін осы салада мамандар даярлау ісін жолға қою керек.
Абылай хан атындағы Қаз­ХҚжӘТУ шығыстану факуль­теті бірнеше жылдан бері парсы тілі мен ирантану саласы бойынша білім береді. Парсы тілі бөлімі, сол сияқты басқа да топтар қаржыландырылмайтындықтан (грант бөлінбейді), студент саны аз… Тиісті құрылымдар Қазақстан үшін парсы тілі мен парсы мәдениетін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін әлі толық түсінбеген тәрізді. Бұл тілді Абай, Шәкәрім, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Мұхтар Әуезов және т.б. ұлттық интеллигенцияның даңқты тұлғалары жетік білген. Қазақстан үшін парсы тілі – көрші елдің тілі ғана емес, осы аймақтың тұтас бір мәдени қабаты. Бұл тілдің таралу жолында түркітектес елдердің падишахтары үлкен рөл атқарған. Бұл тілде қаны түркі қаншама ақындар өз шығармаларын тудырды… Бір сөзбен айтқанда, меніңше, бұл өңірдің толымды тарихын жазу үшін ана тілімен қатар парсы тілін де білу қажет.

– Мен сенімен толық келісемін. Бізде жоғары дәрежелі маман, парсы тілінің білгірі, ТМД-дағы жалғыз академик, Парсы тілі мен әдебиеті академиясының толық мүшесі Абай мен Әуезовті парсы тілінде сөйлеткен Сафар Абдулло қызмет етеді! Біз, барынша, сенің мол білімің мен тәжірибеңнен үйренсек дейміз.
– Жылы лебізіңе көп рақмет… Бұған дейін де айтқанмын, тағы да қайталаймын, мен Қазақстанға шексіз ризамын, Қазақстан – менің екінші Отаным, бұл жерге қарыздармын. Достарыма қарыздармын… Мен өз ісімді одан әрі жалғастыруға дайынмын. Ал парсы тілі мен әдебиеті менің ана тілім, мен сол білімімді өз шәкірттеріме сіңіруге тырысамын. Тағы да атап айтқым келеді, бұл сала қолдау мен қаржыландыруға мұқтаж. Егер осы мәселе дұрыс жолға қойылса, онда біздің қолымыздан бәрі келеді. Мен дәріс оқитын университет түлектері Ирандағы Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінде, Сыртқы істер министрлігінде және еліміздің басқа да мемлекеттік мекемелерінде табысты еңбек етіп келеді. Егер парсы тілін оқитын студенттерге мемлекеттік грант бөлінсе, біз парсы тілін еркін меңгерген білікті мамандар дайындай алар едік. Олар оқуын тәмамдаған соң, мамандығы бойынша алған гранттарын толық ақтап, еңбектерімен өтеп берер еді.
Біз мына мәселені ескеруіміз керек, бірнеше миллион халқы бар көрші Иран болашақта Қазақстанның маңызды экономи­калық серіктесі бола алады, сонымен қатар аймақтағы, нақтырақ айтсақ, Ауғанстандағы мазасыз жағдайды естен шығаруға болмайды. Осыған орай, бізге қазір шығыстанушы мамандар, соның ішінде парсы тілін жетік меңгергендер аса қажет, ал болашақта оларға деген сұраныс тіпті жоғарылайды. Иранға, Иран өркениетіне деген қызығушылық күн өткен сайын арта түспек… Ресейде, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі университеттерден басқа оншақты ЖОО-да парсы тілі оқытылады. Бізде де парсытілді әдебиет пен мәдениетке деген қызығушы­лық қайта жанданады деп үміттенемін…
Әңгімемізді парсытілді ұлы ақын Низами Гәнжәуидің «Жеті портрет» поэмасының бір шумағымен аяқтағым келеді:

همه عالم تنست و ایران دل
نیست گوینده زین قیاس خجل
چونکه ایران دل زمین باشد
دل ز تن به بود یقین باشد

Бүкіл әлем – тән,
ал Иран – жүрек,
Мен бұлай деуге
еш қысылмаймын.
Иран – бұл жердің жүрегі,
Жүрек, әрине, тәннен жоғары!

Әңгімелескен
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір