ЖАҚСЫЛАРҒА ЖАҚЫН ЖҮРГЕН
19.08.2019
1172
0

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі                                                                                                                                                                                                  Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары,                                                                                                                                                                                                               тарих ғылымдарының докторы, профессор


«Егер мақсатың болмаса,
түк те тындыра алмайсың,
ал мақсатың мардымсыз болса,
ешқандай көрнекті нәрсе тындырмайсың»

Д.Дидро,
француз философы


«Сыйласқанның суын іш» демекші, бүгін өзім әңгімелегелі отырған тәлімі терең, илеуі қанық, тіршілігі нұрлы азаматпен – Орынбек Ендібайұлы Жолдыбаймен ұзақ жылдардан бері аралас-құралас болып келеміз. Екеуміздің таныстығымыз сонау тоқсаныншы жылдардың орта шенінде басталып еді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, сыралғы сыйластығымызға сын түсіп көрген жоқ. Ол кезде мен Жоғарғы Кеңестің ХIII шақырылымына депутат болып сайланып, кейін Парламенттің тұңғыш сенаторы атандым. Қызмет бабымен араласа жүріп, кейін ара-қатынасымыз үлкен достыққа ұласып, жарасып кеттік.
«Тау басында отырған адам оның заңғарлығын ескермейді, ал етектегілер биіктіктің не екенін біледі, олардың сол асқарға өрлесем деген ізгі тілегі ойынан еш кетпейді» деген тәмсіл бар. Еліміздің ең үлкен саяси мінбері, заң шығарушы орган – Парламентте қызмет ете жүріп, Орекеңдей ақыл-ойы жүйрік, жандүниесі таза, қайсарлық пен даналықты бойына сіңіре білген, алтынның сынығындай, қазақы болмысты атпал азаматпен жолықтырған тағдырға ризамын.
Оның болмыс-бітімін, көре­ген­ділігін, адалдығын, сұлулық пен көркемдікті үйлестіре біле­тін ақыл-парасаты мен мәдениет­тілігін әріптестері құрмет тұтатын. Ол – көп оқыған, білімді, өмірден көргені, санасына түйгені мол, зерделі, көкірегі ізгілікке толы жан. Сертке адал, сөзіне мығым. Қазаққа тән мәрттігі, уәж сөзге құлақ аса білуі, еңбекқорлығы мен ізденгіштігі – табиғатынан жанына серік еткен мінезі. Сондай-ақ, өмір сүрудегі өзіндік қасқа жолы мен берік ұстанған қағидасы да ерекше.
Қайран өмір! Сынаптай сырғып жатқаны байқалмайды. Күні кешегі жігіт ағасы – Орынбек Ендібайұлы бүгінде қазыналы жас жетпісті де еңсерген екен. Осы арада Орекеңнің өмір жолына қысқаша шолу жасай кеткенді жөн көріп отырмын.
Ол 1971 жылы Қазақ мемлекет­тік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп,
1977 жы­лы осы факультетті тәмам­даған соң, Қазақ мемле­кеттік телерадио комитетінде аға редактор (1977-1982 жж.), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында әдеби қызметкер, жетекші редактор (1982-1992 жж.), Қазақстан Республикасының Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппараттарында аға референт (1992-1996 жж.) қызметтерін атқарды. 1996 жылдан бастап зей­неткерлікке шыққан 2012 жылға дейінгі аралықта Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты Аппа­ратының Редакциялық-баспа бөлімінде консультант, бас кон­сультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті.
Ал құрметті демалысқа шық­қан­нан кейін республикалық ардагерлер ұйымымен тығыз байланыс орнатып, тіл жанашыры ретінде осы мекемедегі іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге, сондай-ақ қарт адамдардың құқықтық, әлеуметтік жағдайын қорғауға шама-шарқынша атсалысып келеді.
Біз О.Жолдыбайдың еңбек жолын Қазақстанның мемлекеттік телерадио комитетінде аға редактор болып бастағанына ерекше мән береміз. Өйткені ол осында белгілі әдебиетші, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалиновтың басшылығымен Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясындағы «Халық қазынасы», «Шұғыла» әдеби телебағдарламаларының аясында халық театрлары, терме­шілер, жыршы-жыраулар жайлы ел ұйып тыңдайтын тартымды хабарлар ұйымдастырды. Манап Көкенов, Аяз Бетбаев, Әбілаш Әбуов сынды жыршылар, Рахманқұл Бердібай, Көбей Сейдеханов сияқты зерттеуші ғалымдар қатыстырылған мұндай хабарлар редакциялық лездемелерде өзінің лайықты бағасын алып жүрді. Жас журналист қазақ батырлар жырының желісімен телесценарийлер жазып, олардың сахналануына атсалысты. Көрнекті ақын-жазушылар Әбділда Тәжібаевтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Мұх­тар Шахановтың, Нығмет Ғабдул­линнің қатысуымен респуб­ликаның әдеби, мәдени өмірі туралы тартымды хабарлар жасады.
Көріп отырғанымыздай, қыз­меттік жолын республиканың әдеби, мәдени өмірімен ұштастыра бастаған О.Жолдыбай қайда қызмет істесе де, өмір бойы әдебиет пен мәдениет саласына қалам тартудан ұзап кете алмады. Сөз ретіне қарай, қаламгердің осы бағыттағы, аударма саласындағы кейбір еңбектерін атай кетелік. Ол «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сырым», «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындары» атты кітаптардың, мәдениет тақырыбына жазылған ондаған мақалалардың, телерадио хабарлардың авторы.
Бұдан басқа, орыстың белгілі тарихшысы А.М.Панкратованың «Қазақ КСР тарихы» кітабына байланысты ойларын, этнограф-ғалым Н.С.Трубецкойдың «Орыс мәдениетіндегі тұран нышандары туралы» ғылыми еңбегін, шетелдік зерттеуші ғалым-психолог Стефан Поссонидің В.И.Ленин туралы тұжырымдарын, публицист жазушы Рой Медведевтің И.В.Сталин заманында және одан кейінгі кезеңде ел басшылығының төңірегінде болған К.Е.Воро­шилов, Г.М.Маленков, М.А.Сус­лов, М.И.Калинин және А.Н.Ко­сы­гин жөніндегі тартымды мақа­ла­ларын, Кеңес мемлекетін бір жылдан сәл астам басқарған К.У.Черненко туралы қызықты материалдарды аударып, қазақ оқырманына жеткізді.
Соңғы жылдары қазақтың ХІХ ғасырдағы халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Құлыншақ Кемелұлының шығармаларына ден қойып, ақын туындыларын жинастырумен шұғылданып келеді. Соның нәтижесінде, 2006 жылы «Фолиант» баспасынан ақынның шығармалары мен ол туралы зерттеулерді қамтыған «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы…» атты кітапты жарыққа шығарды. Кейін ақынның шығармаларын қайта қарап, толықтырып, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қаржыландыруымен және бір жинақ дүниеге келсе, 2015 жылы Құлыншақ Кемелұлының 175 жылдығына орай «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бо­йынша, ақынның 1 томдығының басылып шығуына мұрындық болды.
Мемлекеттік қызметтегі табысты жұмысы үшін Орекең «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақ­стан Парламентіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақ­стан Республикасының тәуелсіз­дігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Сенат Аппара­тындағы үлгілі жұмысы ҚР Сенат Төрағасының Құрмет грамотасымен атап өтілді. Журналистік саладағы жемісті еңбегі үшін 2006 жылы Қазақстан Журналис­тер одағының сыйлығын алды. Ғылыммен шұғылдануға да уақыт тауып, филология ғылымдарының докторы, белгілі академик-ғалым Рымғали Нұрғалидың ғылыми жетекшілігімен «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі қазақ-түркі әдеби байланыстары» деген тақырыпта диссертациялық зерттеу жұмысын жүргізіп, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 2008 жылы О.Е.Жолдыбай Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері төсбелгісімен марапат­талды, ал биыл оған «Қазақстан­ның Құрметті журна­лисі» атағы берілді. Сондай-ақ астанадағы «Фолиант» баспасынан «Жолдас болсаң жақсымен…» деген көлемді мақалалар жинағы жарық көрді.
«Ниетіңе қарай несібең» демекші, О.Жолдыбай – асқаралы азаматтық тұлғасының қазаққа тән қоңыр мінезі, ақжарқын пейілі, сары даладай кең көңі­лі­нің арқасында ел арасында абыройлы жан. Олай дейтінім, бойындағы бар қайрат-жігерін, білімін, тәжірибесін, бүкіл саналы ғұмырын халқымыздың асыл қазынасы – төл мұраларын зерттеуге арнап келеді.
«Адам бойында үш қасиет ерекше жаралған, олар – дене құрылысы, жан құмарлығы мен ой-парасаты» деп ой түйіндеген әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың салиқалы тәмсілі замандас інім Орынбек Ендібайұлының бүкіл болмыс-бітімінен хабар беретіндей. Расында, Орекеңнің кәсіптегі табысы, шыққан шыңы, бағындырған биігі Құс жолындай жарқырап, сайрап жатыр десе де болады.
«Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» демекші, Орекең – үлгілі әке, қадірменді ата. Немересіне «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», – деп жырлаған көрнекті ақынымыз Сұлтанмахмұттың есімін беріпті. Оны Сұлтеке деп еркелетеміз. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, ержеткенде халқының қамын ойлар азамат болар деген үміт те жоқ емес.
Орекеңнің ұлы да – білімдар, сауатты жігіт. Кезінде Ата Заңға өзгерістер енгізуге атсалысып, үлесін қосқан. Одан қалды, жарасымды әзілі де бар. Сөз арасында «Біз осы шаңыраққа «квартирантпыз», бұл – әкеміздің ордасы», – деп әзілдеп отырады.
Бардың қадіріне жеткен, жақсыларға жақын жүруге ұмтыла­тын Орекең бір өлеңінде:
Жаны таза, ары таза адамдар,
Мойын бұрып, бір сәт маған
қараңдар.
Нұр мен шуақ, дүниеде
жақсылық –
Барлығы да Сіздейлерден
таралған.
Көз салыңыз күнге
күлген төбеде,
Ол жақсылық болмағанда,
немене.
Әрқайсыңыз – сол бір күннің
сынығы,
Шапақ төккен себезгілеп,
себелеп.
Тарап жатса, жер бетінде
ізгілік,
Содан тұрса, жұрт қуанып,
жүз күліп.
Сізден шыққан алтын сәуле
деп білем,
Көк күмбезден қуат төккен жып-жылы, – деп сыр ақтарады. Бұдан оның адамдарға деген, қоғамға деген жүрек лүпілі аңғарылады. Адам баласының бәріне тән көңіл күйі мен күрсі­нісін жырмен безендірген қарым­ды қаламгер Орынбек Ендібай­ұлына көсегесі көгеріп, абырой-атағы арта берсін, ғұмыр жасы ұзақ болғай деген ізгі ниетімізді білдіреміз. Аман жүр, жүзінен нұр төгілген, құшағы кең, абзал азамат.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір