Бақытжан Сағынтаев ҚР Жазушылар одағына келді
18.08.2019
1326
2

Жұма күні Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағына келіп, қаламгер қауыммен кездесті. Бүгін де шығармалары көптің жүрегінен орын тапқан ақын-жазушылардың басын қосып, жиын өткізді. Кездесуге Алматы қаласында тұратын ақын-жазушылар қатысып, әкіммен әдебиет, тіл, шығармашылық жағдай және қала тіршілігі туралы ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін айтты. 

Биыл қасиетті қара шаңырақ саналатын одаққа 85 жыл толғалы отыр. Торқалы той алдында қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылды. Алматы ғана емес, жалпы қазақ тарихында алар орны ерекше Жазушылар одағы ғимараты ескіргендіктен, күрделі жөндеуден өтетін болды. Ұлтымыздың дамуына үлес қосқан алыптардың ізі қалған қасиетті орданы жөндеу үшін биыл жергілікті бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінеді. Келесі аптада Мәдениет басқармасы конкурс жариялайды. Кейін компания таңдалған соң, реставрациялық жұмыстар басталады.

«Әдебиет – ардың ісі» дегендей, қазіргі «Қазақ әдебиеті» газетінің қиын материалдық жағдайы ескеріліп, мерейтойлық жылда көмек көрсетіледі», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.Сондай-ақ, биыл қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығы. Жиналғандарды мерекемен құттықтаған қала басшысы жазушылар туралы анықтамалық кітаптың жарыққа шығуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Алматы – біздің талай ұлылардың ізі қалған, халық жүрегінен орын алған құтты мекен. Сондай-ақ, жастардың сүйікті қаласы екені анық.

Осыған орай, қала әкімі жас қаламгерлердің шығармашылық құлшынысын арттыру мақсатында қыркүйек айынан бастап, 30 ақын-жазушыға арналған грант бөлу де жоспары барын айтты. Әзірге оның нақты сомасы мен кімнің оған қол жеткізе алатыны белгісіз. Қала әкімі лайықты жас ақын-жазушыларды анықтауды аға буынға тапсырды.

Қала әкімі жас ақын-жазушыларға берілетін 30 гранттан бөлек, драматургия конкурсын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, әдебиетшілердің өздерінен ұсыныс түсетін болса, одан өзге де ауқымды іс-шараларды қолға алуға ынталы екенін жеткізді.

Алматы қаласы әкімінің жазушылармен кездесуінің толық нұсқасын газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 18.08.2019 | 14:16

30 жазушыға грант берілсе дұрыс болған екен. Сол грант жастарға берілсе игі еді.

Аноним 18.08.2019 | 14:55

Иии гранттың бәрін шалдар қағып алатын шығар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір