АҚЫН ДЕПУТАТ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА КЕЛДІ
21.07.2023
132
0

Қазақстан Жазушылар одағында Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, көсемсөзші Қазыбек Исамен кездесу өтті. Кездесуде шығармашылық бірлестіктерді қолдау және дамыту мәселелері талқыланды.

Қаламгер, жазарман қауымның жағдайын жақсы білетін, Парламент қабырғасында елдік, ұлттық мүддені жиі көтеретін депутат Қазыбек Иса қызметіне кіріскелі қабылдануына өзі атсалысқан кейбір заң жобалары туралы әңгімелеп берді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов депутатты шығармашылық бірлестіктің жұмысымен, алда жүзеге асырғалы отырған түрлі жобалармен, өткізіліп жатқан шаралармен және басқармаға қарайтын басылымдардың қазіргі жағдайымен таныстырды. «Мемлекет басшысының қабылдауында  болғанымда «Мәдениет туралы» заңға отандық жазушылардың шығармаларын басып шығаруға және кеңінен насихаттауға ықпал ететін толықтырулар енгізуді ұсындым. Жазушылардың өздеріне, баспаларға, сондай-ақ таралымдарға да бөлек ережелер қарастырылуы керек. Алдағы уақытта айтылған өзгерістер мен жоспарлар бойынша біз депутаттық корпустың қолдауын күтеміз», – деді Мереке Құлкенов.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Иса айтылған ұсыныстарды және әдеби қызметкерлер мәртебесін көтеруге бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ көптеген қоғамдық ұйымдардың ішінде Қазақ­стан Жазушылар одағы секілді одақтарға мемлекет айрықша көңіл аудару керек екенін айтып, бұл мәселені Парламент мінберінде де талқыға салатынын айтты. Сонымен қатар қазақ тіліндегі басылымдардың бүгінгі жағдайы да талқыдан тыс қалған жоқ.
Кездесуде Жазушылар одағының мүшелері, жиналысқа қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов қазақ тіліндегі тәуелсіз отандық басылымдарды дәріптеу мен оқырман аудиториясын кеңейту мәселелеріне тоқталса, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат алдағы уақытта Парламент Мәжілісінде қаралатын «Баспасөз туралы» заңның идеологиясын нақтылап алудың қажеттілігі мен шығармашылық еңбектің адамдары туралы ҚР «Еңбек кодексіне» нақты заңдық күш бар қосымша нормативтер енгізу керектігін айтты.
«Простор» журналы бас редакторының орынбасары Любовь Шашкова еліміздегі мектептер мен  ЖОО-ның кітапхана қорларын «Жұлдыз»,  «Простор» сияқты әдеби басылымдармен толықтыру керегін атап өтті.
Кездесу соңында Мереке Құлкенов Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрған  депутатқа алғысын жеткізіп, оған «Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы» куәлігін табыстады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір