1916 ЖЫЛҒЫ ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ «ҚИЛЫ ЗАМАН»
09.08.2019
2381
0

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПОВЕСІ

(Басы 28, 29-30 сандарда)

* * *

Ол жаққа елдің қалай өткені мен бас­тан кешкен ауыр жағдайларын аз да бол­са елестету үшін Қарақол түрмесіндегі қырғыннан тірі қалып, соның бәрін өз басынан өткерген Әубәкір Сұлтанбекұлының естелігінен үзінді келтірейік: «…Түнде Сарықырдағы үйіме келдім. Ел бөлініп, қазақ та, қырғыз да қалмай үркіп кетіпті. Қатын, баламды жиып алып, мал-мүлік, үйді тастап, елдің артынан Құмбелде қуып жеттім. Жұрт қалмаққа тарту тартқанда, 2000 сом ақша (10 аттың құны) беріп, ары өттім. Қас деген өзеннің бойына бардым. Дәрібай деген Қызай ақалақшысының (болыс) қасына қыстадым… Ол жақта көрмегенді көрдік. Қалмақ еріксіз тонады. Оның үстіне қолдағы көлік пен мал жұтады. Малдың көбі жұртта қалған. Албан алды болмасам да, тәуір дәулетім бар еді. 1917 жылдың жазында 2 сиыр, 16 ат, 2 жылқымен қонысқа келдім. 17-жыл бостандық болды деп қонысқа келгенде шеке қызған жоқ. Бостандық казак-орыстікі болған екен. Келген соң, бар малымды және сыпырып алды. Екі жыл атысып жүріп, тақыр кедей болдым…».
Естелік иесі болыс болған, көзі аш­ық, көкірегі ояу, дәулеті бар адам. Ал үріккен елдің көбінің көрген күні бұдан әлдеқайда ауыр еді. Әсіресе Бедел асуын асып, Үштұрпан, Ақсу өңіріне барған босқындардың тағдыры тіпті мүшкіл болыпты. Бұл туралы Ресейдің Қашқар консулдығының қызметкерлері былай деп баяндапты: «Үштұрпанға қашқандар негізінен Пржевальск пен Пішпек уездерінің көтеріліске қатысқан болыстарының адамдары еді… Оларға жан бағып отырған малын тастай қашуға тура келген. Ал айдап шыққан малдары болса, жол бойында қырылған. Бедел асуында он мыңнан астам малынан айырылып, Қытай жеріне аш-жалаңаш келді».
Бұл өңірге үркіп барған босқындардың өз ұл-қыздарын сатуға мәжбүр болғандары да, 1917 жылы елге қайтарда оларды қайта сатып алғандары да болыпты. Оны біз Қытай деректерінен көреміз. 1917 жылы мамырдың 22-сі күні Ақсу аймағының әкіміне жоғарғы құзырлы орыннан мынадай бір жеделхат келіпті: «Қытай азаматтарының Ресей азаматтарының ұл-қыздарын сатып алуы екі мемлекеттің келісімінсіз істелген. Сондықтан бұл бүтіндей жеке адамдардың сауда ісі болып табылады… Қазір балаларын қайта сатып алуға барынша кеңшілік жасалады… Бірақ, қандай болғанда да, әуелгі сатылған бағаны қайтарып алу көзделсін!..»
Патша үкіметі Қытайға ауған қазақ, қырғыздардың сол жақта-ақ түбіне жетіп, оларды қайта оралмастай етуге тырысқан. Сондықтан Қытайдың шекарадағы әскери күшінің аздығын пайдаланып, үріккен елді «жазалау» мақсатымен Бычковтың пулемет көтеріп, зеңбірек сүйреткен бір мыңдай әскері Қалжат шекарасынан Қытай жеріне басып кірген. Сөйтіп, Іле дариясын өрлей «жазалау» жорығын жасаған.
Сол сияқты Үрімшідегі Ресей елшілігі Жетісудағы көтеріліс басшылары мен олардың сыбайластары деп 54 адамның тізімін беріп, жергілікті Қытай өкіметінен оларды ұстап беруді сұраған. Және ондай «ұстап бер» дегендері үсті-үстіне көбейе берген. Ол туралы 1917 жылдың 12 қаңтарындағы бір Қытай дерегінде: «Олардың «ұстап бер» деген адамдары барған сайын көбейіп, Ресейден қашып келгендердің бәрінің басына қауіп төніп келеді», – деп жазыпты.
Патша үкіметінің Қытайға өтіп кеткен босқындар жөніндегі пиғылын Түркістан өлкелік губернатор кеңсесінің инспекторы Г.И. Бройдоның сөзінен де көреміз. Ол: «Ресей үкіметі қазақтарды Қытай жерінде әбден титықтатып, қайта оралмайтын етіп, олар мекендеген кең өңірді «жаңа жерге» айналдырғысы келді», – деп жазды.
Патша үкіметінің «жаңа жер» туралы бұл мақсаты Жетісудағы көтерілісті тез басу жөніндегі стратегиялық жоспарында да бар болатын. Көтеріліс аяқталуға таяған кезден-ақ оны жүзеге асыру шаралары қолға алына бастады. «Қарақол, Қарқара өңірінде қарсылық көрсететін жау қалған жоқ», – деген хабарды естісімен өлке губарнаторы Куропаткин Алматыға келді. 16 қазан күні тікелей өзі басқарып, облыс губернаторы мен жер, көші-қон, жерге орналастыру және басқа жөніндегі басшыларды қатыстыра отырып жиын өткізді. Онда Ыстықкөл жағалауы, Кеген жазығы, Қарқара өңірі, Текес, Шәлкөдесу өзендерінің аңғарын бұратаналардан тазарту, бұл жерлерді тек қана орыстар мекеніне айналдыру мәселесі қаралды. Осылайша Қытайға ауған елді қайта өткізбей, мұнда қалғандарын басқа жаққа қуып, кең өңірді «жаңа жерге» айналдырып, онда тек орыстар ғана тұратын жаңа Пржевальск уезін құру жөнінде қаулы қабылдады.
Патша үкіметі осындай есек дәмемен жүргенде қаһарлы да қасіретті 1916 жыл өтіп, төңкеріске толы 1917 жыл келді. Ресейде Ақпан төңкерісі болып, сәтсіз соғыстармен елді ауыр күйзеліске, аш-жалаңаштыққа ұшыратқан, бодан халықтарды қырғынға, шетке босып кетуге душар еткен царизмді аударып тастады. Патша үкіметі құлады. Николай ІІ де, оның қолшоқпарлары да өздері қазған көрге өздері түсіп тынды.

* * *

Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болған халық мұны естіп, елге қайтуға ұмтылды. Қы­тай үкіметі де Ресейден босып келген халқын қайтарып әкетуді талап етті. Уақытша үкімет Албандар мен қырғыздарды елге қайтару мәселесін 1917 жылдың мамыр айында шешіп, Жетісу облысының босқындары сол уақыттан бастап елге қайта бастады. Ол көш сол жылдың қыркүйек айына дейін созылды, бірақ кеткен ел түгел келе алмады. Әртүрлі себептермен ол жақта қалып қойғандары да аз болған жоқ. Қытайдағы Ресей елшілігінің мәліметі бо­йынша, Үштұрпан жақта 8 мыңдай қырғыз, қазақ, дүнген, Құлжа округінде (Іле аймағы) 50 мыңдай қазақ қалып қойыпты, яғни 1916 жылы Жетісу облысынан Қытайға үркіп кеткен 420 мың адамның 15 пайыздайы қайта оралмапты.
«…1917 жылы бостандық болды деп қонысқа келгенде шеке қызған жоқ. Бос­тандық казак-орыстікі болған екен. Келген соң, бар малымды және сыпырып алды…» – деп Әубәкір Сұлтанбекұлы айтқандай, елге келгендер тағы да теперіш көрді. Уақытша үкіметтің жергілікті билігіне кіріп алған бұрынғы казак-орыстар енді Уақытша үкімет атын жамылып, бұрынғы жаулығын қайта істей бастапты. Оны мұ­рағат құжаттары мен естеліктерден анық көреміз.
1936 жылы жазған «Албан көтерілісі» деген естелігінде Сабырбек Қосжанұлы өз көзімен көрген төмендегі оқиғаларды айтыпты: «Орыс атамандары жиында: «Біздің мал-мүлкімізді алып, Қытай жеріне өтіп едіңдер… Қытай сендерді айдап өткізіп берді. Енді сендердің барар жерлерің жоқ. Сондықтан түтінімізге 100 қой, 15 қарадан бересің, егерде бермейтін болсаң, қара шаруа, кедей бұқараңды қырып, өндіріп алуға шамамыз келеді», – деді. Қазақ бұқарасын билеп отырған би-болыстар оған «жарайды» деп, кедей-кембағалдардың сауындық сиырын, міністік аттарын тартып алып берді… Кедейлер 1917 жылдың күз айында жабайы өскен астықтың масағын тере бастады. Қаны қас бұзықтар әр жерде масақ теріп жүрген адамдарды атып кете беретін болды. Мысалы, Өзбек деген кісіні Қақпақта масақ теріп жүрген жерінде атып өлтіріп кетті». Тағы да осы естелікте «мал алатын саудагерлер едік», – деп 10 адам келіп, Құрысай деген жерде отырған 3 үйдің 23 адамын (үшеуі қонақ) өлтіріп, мүліктерін тонап, үйлерін өртеп кеткені де айтылған. Одан Оразай деген 14 жасар бала ғана тірі қалыпты.
Мұндай жағдайды мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың жазбаларынан да кезіктіреміз. Тұрар 1917 жылы көктемде Мер­кіге қайта оралады. Сондағы бір естелігінде былай деп жазыпты: «…Уақытша үкіметтің комитеттеріне қарсы әрекет ете бастадым. Мұның себебі – бұрынғы чиновниктер мен орыс кулактары орнығып алып, комитет атынан 1916 жылдың бүлігі үшін әр қазақ болыстарына 400–500 мың сомнан (2500-дей аттың құны – Т. Ж.) контрибуция сала бастады. Уақытша үкімет атынан қырғыздарды қанға бөктіру жалғасып жатты…» («Егемен Қазақстан», 14. 10. 2014).
Міне, патша үкіметінің «жазалаушы» күштері зеңбірекпен атқылап Қытайға өтуге мәжбүр еткен қазақ, қырғыздар 1917 жылы азып-тозып елге оралғанда осындай теперіш пен қырғынды да бастан кешіпті.

* * *

Сонымен, Қарқара көтерілісінің, Мұ­хаң­ның өз сөзімен айтқанда, «1916 жылғы Албан көтерілісінің» «Қилы заманнан» кейінгі тағдыры осындай болды. Ол Ресейде царизмді жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне ұласа барып аяқталды. Осы арада «Бұл көтерілістің бастапқы жеңісті кезеңін жазған Мұхаң оның кейінгі жағын білген бе, білсе неге жазбаған?» деген сұрақ болуы мүмкін. Енді соған өз ойымызды айтайық.
Ленинград университетінің соңғы курсына көшкен студент Мұхтар 1927 жылдың жазында «1916 жылғы Албан көтерілісін» зерттеу, жазуға дайындалу мақсатымен Алматыға келді. Ең алдымен сол көтеріліс туралы Ілияс Жансүгіров жинап, Фатима Ғабитқызының қолында сақталған материал­дармен танысты. Одан кейін көтерілістің ошағы болған Қарқара жайлауына барды. Онда жүрген Ілияс Жансүгіровтің өзімен де кездесті, әңгімелесті. Қарқара жәрмеңкесінде болып, жиында мұнда келген мақсатын айтып сөз де сөйледі. Көтеріліс басшылары Жәмеңке қария мен Ұзақ батырдың ауылдарына барды, жайлау-жайлауды аралады. Соңында Бөлексазда отырған көтеріліс басшыларының бірі Серікбай Қанайұлының ауылына келіп түсті. Серікбайдың әйелі Қаныкей (Көкшегір) апамыз құрметті қонағын үлкен баласының үйіне жайғастырып, бар жағдайды жасады. Мұхтар осында жатып, көтеріліске қатысқан, оны көзімен көрген көп адамдармен әңгімелесті, керекті деректерді жазып алды. Жас Мұхтар той-жиындарға, ұлттық ойындарға қатысып, жігіттермен бірге аңға да шығып, көтеріліс жасаған елмен де, көтеріліс болған жермен де емін-еркін танысты. Алматыға қайтарда ұзатқан қызына келе жатқан Қаныкей апамызбен бірге жүріп, Асыға да соқты. 1916 жылы Қызылбөрік болысы көтеріліс жасаған жерлерді көріп, ол туралы әңгімеге қанықты. Содан Алматыға келіп, Ілияспен тағы да бірге болып, екеуі Асы жайлауына және барып қайтты. Одан кейін Қызылордаға соғып, онда біраз аялдады да, оқу басталарға жақын Ленинградқа келді. Алдымен «Қараш-Қараш оқиғасын», одан кейін әйгілі «Қилы заман» повесін жазды.
«1916 жылғы Албан көтерілісін» осылайша егжей-тегжейлі зерттеген Мұхаң ол көтерілістің тағдырын соңына дейін білмеуі мүмкін емес деп ойлаймыз. «Ендеше оны неге жазбаған, жазу ойы болмаған ба?» деген сұраққа жауапты ұлы жазушы өзі айтып кетіпті. Енді соған қысқаша тоқтала кетейік.
«Қилы заман» повесі 1928 жылы «Қазақс­тан» баспасынан басылып шыққанда ол бастырушының: «…Мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес… Ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап, жоғын жоқтап жүр… Мұн­дай аты басқа, заты бөлек, беті теріс адамнан тарихи оқиғаны түп-түгел Маркс жолымен, еңбекшілер жолымен жазылуын күте қою мүмкін нәрсе емес…» – деген алғы сөзімен құйрығына шала байлап жібергендей болып шықты. Одан кейін «Қилы заман» «зиянды шығарма» деген жаламен «қамауға» алынды да, 44 жыл бойы қайта қағаз бетін көрмеді, ауызға да алынбады. Ол кездегі әдебиет оқулықтарынан, тіпті «ғылым-білім жинағы» дейтін энциклопедиядан да «Қилы заманның» атын таппайсыз. Мысалы, тұңғыш «Қазақ совет энциклопедиясы» (ҚСЭ) «Әуезов» деген көлемді мақаласында Мұхаңның барлық шығармаларын кезең-кезеңімен тізіп келіп, «Ленинградта оқыған соңғы жылында Әуезов екі тамаша повесть жазды. Олар – «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927) мен «Көксерек» (1928)», – деп өте шығады (ҚСЭ. 2-т., 55-б., 1973). Ал шынды­ғын айтсақ, бұл екі шығарманың ортасында «Қилы заман» повесі жазылған болатын. Повестің 1928 жылы Қызылордадан шыққан тұңғыш басылымында: «Ленинград, декабрь-январь 1927-28-інші жылдарда», – деген арабша жазу бар. Міне көрдіңіз бе, мақала оны әдейі аттап кетіп отыр.
Мұхаң «Қилы заманын» ерекше жақсы көріпті, оны орыс оқырмандарына, орыс достарына, орыс тілі арқылы дүние жүзіне жеткізуді арман етіпті. Сондықтан 1960 жылы, яғни өзі қайтыс болардан бір жыл бұрын, орыс жазушысы, аудармашы Алексей Пантиелевті Ыстықкөлдегі саяжайына шақырып, «Қилы заманды» орыс тіліне аудартады. Сол орыс досы кейінірек Мұхаң туралы «Жайсаң жазира жыршысы» деген көлемді естелік жазады. Осы естеліктің бір жерінде А.Пантиелев Мұхаңның өзіне айтқан мына бір сөзін келтіреді: «Әуезов: «Қилы заман» – ойға алған трилогияның бірінші бөлімі, екінші бөлімінің геройы – Серікбайдың Азамат соғысына қатысқан баласы, ал үшіншіде Серікбайдың Отан соғысына қатысқан немересі болуға керек…» – деуші еді» («Біздің Мұхтар», Алматы, 1976, 104-б.).
Осында екі рет аты аталған Серікбай басқа емес, жоғарыда айтылған Қарқара көтерілісі басшыларының бірі – Серікбай Қанайұлы еді. Ал оның «Азамат соғысына қатысқан баласы» Мырқасым деген үлкен ұлы болатын. Ол 1897 жылы дүниеге келген. 1910-16 жылдары Пржевальскіде мектепте және училищеде оқыған. 1916 жылғы көтеріліс кезінде патша жарлығы бойынша, майданның қара жұмысына алынатын жаста екен. Үй іші, ел-жұртымен бірге үкі­мет­тің аяусыз «жазалауын», көтерілістің трагедияға толы тағдырын бастан-аяқ өз басынан өткерген жігіт. Мұхаң өзі айтқандай, «трилогияның екінші бөлімінің геройы» етіп Серікбайдың осы баласын жазса, 1916 жылғы Қарқара-Албан көтерілісін аяғына дейін бейнелеуі мүмкін еді.
Амал қанша, тағдыр оны әдебиетіміздің маңдайына жазбаған екен. Ұлы тұлға 1961 жылдың жазында, 64 жасында дүниеден өтіп кетті. Сөйтіп, Мұхаңның өзі «трилогияның бірінші бөлімі» деп атаған – «Қилы заман» повесі жалқы шығарма болып қала берді.
Ол аттай 44 жылдан кейін ғана «қамау­дан» шықты. А.Пантиелев аударған орысша нұсқасы Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен 1972 жылы «Новый мир» журналының 6-санында, қазақшасы Ә.Шәріповтың алғы сөзімен 1974 жылы «Жұлдыз» журналының 8-санында жарық көрді. Ал жеке кітап болып екінші рет 2006 жылы, үшінші рет 2016 жылы «Ан-Арыс» баспасынан басылып шықты. Француз және басқа бірнеше ұлт тілдеріне аударылып, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылды.
Сөйтіп, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қилы заман» тарихи повесі – 1916 жылғы ерлік пен елдіктің үлгісін көрсеткен, трагедиясы ауыр Қарқара-Албан көтерілісінің көркем шежіресі әрі еңсесі биік ескерткіші болып мәңгіге қалды.

(Соңы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір