АУЫЛЫМ КӨШІП БАРАДЫ…
06.08.2019
2609
0

Нұролла САҒАТБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Кешірімді бола біл

Албырт сезім асау толқын емес пе,
Жарға соққан қалтылдаған қайықты.
Бірін-бірі түсінбесе, егесте –
Екі жақ та айыпты.

Ерік беріп, алақұйын ашуға
Ыза буса, көзіңе жан көрінбей.
Өкінішің алдан есік ашуда,
Тозағыңның төріндей.

Қызулықпен бармақ тістеп «қап», – деме,
Ізгіліктің ауласы кең, тола гүл.
Өмірдегі қандай қиын сәтте де,
Кешірімді бола біл.

Анаға тағзым

Талайдан бері көрінбей кетіп,
Шалғай жер.
Жеткенім осы, жанарым – жасты,
Маңдай – тер.

Өңімдегідей түсімде көрдім, ардақтым,
Жатырсың бірақ ішінде «темір шарбақтың».

Қашан да болсын, шала ғой ісі баланың,
Жүз жасасам да, өз ұлың болып қаламын.

Өткенімді ойлап, мұңайып, кейде жасимын.
Зиратыңа келіп, тағзым жасап, бас идім.

Ұмыта алмадым, өткелі жылдар көп болды,
Сапарыңа соңғы шығарып салған
көктемді.

Жанымның жасыл бағынан ұшып сен кеттің.
Көзімнің жасын көкала бұлттай селдеттім.

Жыр қылып бүгін көкірек шерін төгемін,
Жотасына шығып, сен жатқан
«қызылтөбенің».

Жарығын шашып, тұрса да қанша басыңда ай,
Өзіңе деген сағынышым жүр ғой басылмай.

Өкінулі әлі артыңда қалған ұл, қызың,
«Жаға алмадық», – деп кезінде
үміт жұлдызын.

Күндерімді аңсап мейіріміңе бөленген,
Арқамды сүйер іздедім тірек өлеңнен.

Желімен қырдың жас пенен терім тез кепті,
Мәңгілік қайтып оралмасыңа көз жетті.

Сезесің бе, ана, тұрғанымды келіп қасыңда,
Тұп-тура алпыс жетіге толған жасымда.

Адамның тағдыры

Таптаумен жүргенде тіршілік жолдарын,
Адамның тағдыры болды тек толғарым.
Дүние тұтқасын ұстады босатпай,
Өмірдің жалына жармасқан қолдарым.

Зулаған уақыт таптырмай бір тыным,
Көз жазбай қарауда, қақпастан кірпігін.
Қайғыны бөлісіп, сүйендім қаламға,
Жырыммен жамадым, қамкөңіл жыртығын.

Келмейтін секілді, көп жерде, беу, неге,
Байлықты бақыттың кепілі деуге де.
Ғаламдық жүйенің шешілмес жұмбағы,
Күйініш, сүйініш сыйған бір кеудеге.

Мәңгілік кереғар жаралған сор, бақтың
Керегін өзіне көндірмек зорлап, кім?
Өзгені риза қылуым арқылы,
Өзімнің жаныма тыныштық орнаттым.

Ауылым көшіп барады…

Қанат қағып, талпынып өрге кілең,
Ойында өсіп, қырында ер жетіп ем.
Топырақ қалып орнында төбе-төбе
Ауылым көшіп барады жер бетінен.

Келешегін күйттеп, көзге қанық,
Талқысына тағдырдың төзгені анық.
Ауылым көшіп барады, амалсыздан,
«Болашағы жоқ», – деген сөзге қалып.

Шұғыласын шығыстан жамыратқан,
Атушы еді бір кезде жадырап таң.
Бес-алты үйдің сұлбасы қараяды,
Елу, алпыс кешегі шаңырақтан.

Ай, жылымды жеткенде санаттырып,
Жанарыма жас толды қарап тұрып.
Еске түсер ештеңе көрінбеді
Балалықтан жарысқан балақ түріп.

Ақшатаудың жайлаған етегін кең,
Кеткенде алыс өкіндім мекенімнен.
Елі кетіп, жұтаған жұрттан көрдім,
«Жаһандану» дегеннің не екенін мен.

Қанша екені бегісіз ғұмыры да,
Қалмас ешкім ілінбей құрығына.
Жұтынғанда жартысы жалғаныңның,
Жұқ болмайтын секілді жұмырына.

Кезең болса, кездейсоқ құр өтпелі,
Кешіре де кетер ем бір өкпені.
Қалып қойған қараусыз қараша үйлер
Мұңды қозғап жіберді жүректегі.

Жайлау қалды иесіз, шайыры – құт.
Қайдан қонсын басына қайыр, үміт.
Ауыл дейтін аяулы мекенімнен
Қалғанымды енді ұқтым айырылып.

Өткенді ойлап аһ ұрам, аласұрам.
Сыздатады ұйықтатпай жарасы жан.
«Қайта келсем, орынын таба алам ба?» –
Деп қорықтым қараған арасынан.

Жаратқанға не жаздық жазалыдай,
Кетуменен болды ғой мазаң ұдай.
Кеңдігімен жеріңнің жанды сақтап,
Көшіп, қонып күн кешкен, қазағым-ай!..

Келешегі көрінбей көзге қанық,
Талқысына тағдырдың төзбеді анық.
Ауылым көшіп барады қала жаққа,
«болашағы жоқ» деген сөзге қалып…

(Толық нұсқасын газеттің №29-30 санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір