Мен өзіңе ораламын, ауылым, Періштелер жетектеген жаңбыр боп…
17.06.2024
310
0

2003 жылы 15-тамызда Ұлытау ауданының Пионер ауылында дүниеге келген. Жезқазған музыкалық колледжінің дәстүрлі ән мамандығы бойынша түлегі. Облыстық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері мерзімдік басылымдарда жарық көрген. Қазіргі таңда Пионер ауылында «№5 негізгі орта мектебінде» музыка пәні мұғалімі болып қызмет атқарады.

 

Мәди ОЛЖАБАЙ

АУЫЛҒА САПАР

Жаспен жуып бетімді,
Жылап-сықтап күтіп алды көк аспан.
Жанар талып мені күткен секілді,
Жол бойында жабырқаулы ағаштар.

Арман дейтін көңілімнің наласы,
Қараң қалғыр, қалада өмір сүретін.
Ұшып бара жатқан құсқа қарашы,
Ауылымды менен жақсы білетін.

Қалғаны ма өкпелеп,
Басын кері бұрып апты қамыстар.
Жұлқынады жатырқаған көктөбет,
Азуын ол көрсетеді алыстан.

Кемпірлердің жайып қойған киізін,
Көрген кез­де жанардан жас жиі ақты.
Сиыр жатыр, сынық екен мүйізі,
Қаладағы сүрген өмір сияқты.

Тапшандағы тәтелердің өсегі,
Жазылмаған өлеңдерім құсаған.
Құдайым-ау, күндер қайда кешегі,
Өлер ме екем құсадан?!

Самалы да зымыстандай заулайды,
Бәлкім, менен басын ала қашады.
Қазір жатқан қабірінен аумайды,
Қирап қалған Сапар шалдың ошағы.

Қалтаның да қалыңдайтын түрі бар,
Аңқаулардан көп асырдым айламды.
Үйіме де түсе алмайды ұрылар,
Есік жіппен байлаулы.

Көңілімнің көкке жайып қанатын,
Сенен жырақ жетектейді арманым.
Өмір бақи құшағыңда қалатын,
Менен гөрі бақыт­тырақ тауларың.

Естеліктер елеуресе жадымда,
Жанарымнан жас тамады өлең боп.
Тірлігімнің тепкіге алған шағында,
Жаныма да жылу алам сенен кеп.

Тағдырыма еніп алды тағы мұң,
Жүрегімді жұлқылаған ән-жыр көп.
Мен өзіңе ораламын, ауылым,
Періштелер жетектеген жаңбыр боп.

ОҢАШАДАҒЫ ОЙ

Жүрегіңе батса-дағы шыны осы,
Тәуелсіздік – сан соқпақтың куәсі.
Абайдайын әлем білген ақын бар,
Есімде жоқ мұрасы.

Алыппын – мен, қынға салмас
қылышын,
Жау көретін жат­тан гөрі туысын.
Өз елімде, өз жерімде, білмеймін,
Өмір сүріп жүргенімді кім үшін…

Өзін-өзі күндеген,
Жасқанатын сырт­тан келген кірмеден.
Тәуелсізбін, егеменді елмін мен,
Азат­тықтың не екенін білмеген.

Адамдықпен қас болған,
Аяқтары салбыраған аспаннан.
Төледе­йін төбе бимін төрдегі,
Ақиқат­тан жасқанған.

Арғымағын арытқан,
Отан үшін күресуден жалыққан.
Абылайдай Шарышты да сұлатып,
Шартараптан қорыққан.

Дертің бар-ау шалдыққан,
Жесір жылап, жетімдерін қаңғытқан.
Отандасын сатып жүрген опасыз,
Қазағы үшін қан жұтқан.

Ай оңымнан туар күнді күт­тім мен…
Жау тізесін бүктірген.
Төрт құбылам қорыққанмен біздерден,
Төрт қабырға қамап алған ұлтпын мен.

АУЫЛДАҒЫ ҚЫС

Биыл суық ерте түсті ауылға!
Бірақ маған рұқсат жоқ тоңуға.
Ку тірліктің қабат­тасқан шағында,
Тоңдым деуге жібермейді арым да.
Биыл суық ерте түсті ауылға…

Биыл суық ерте түсті ауылға!
Қат­ты аяздан қатса-дағы қолым да,
Әр бейнет­тен жүдегенмен жаным да,
«Жату» деген жаман ырым ауылда.

Қыс туғанда – малға азық, қи, көмір,
Баста бейнет, жұқарады жүйке құр.
Аппақ қармен арпалысып күн кешіп,
Қу жаныңды қажытады ит өмір.

Қыс туғанда қат­ты ауырып қалсам да,
Тоңа алмаймын (неге екенін) тоңсам да.
Қармен бірге енгендей боп жаңа заң,
Маған тыйым салыныпты шаршауға.

Қажысам да бітпейтұғын істерден,
Күрсінумен шығармаймын іштен дем.
Көктемге де жоспар құрып қойғанмын,
Қар ауылға жаңа ғана түскенмен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір