«ШЕГЕ ҚҰМДА» АУЫЛЫМ…
25.09.2024
395
0

Белгілі публицист, әдебиет­танушы-ғалым Бауыржан Омарұлы өзінің замандастары туралы портрет­тік эссе жазудың бүгінгі хас шеберіне айналды дер едім. Қазақ әдебиетінде замандастары жөнінде осыншалық портрет­тік эссе жазған қаламгерді білмейді екенмін, әлде бар ма еді? Әрине, тиіп-қашып жазатындар баршылықпыз. Бірақ соңына түсіп жазатынды Бауыржаннан көрдік.

Әбіш Кекілбайұлы тарихи тұлғалар туралы портрет­тік-тарихи эссе жазудың майталманы еді. Баяғы Фридрих Шиллер өзімен замандас опера әншілері мен композиторлар туралы эссе жазудың майталманы болған. Поляк Ян Парандовский замандасы туралы да, қаламдасы туралы да, олардың адам таңғаларлық, кейде күлкіңді келтіретін мінез-құлықтары мен шығармашылық шеберханасы туралы да екі-үш томға жүк болған эссе-новелла қалдырған шебер еді. Ал аустриялық Стефан Цвейк – ақын-жазушылардың шығармаларын олардың мінез-құлықтарымен ұштастыра психологиялық эссе жазудың классигі. Тағы кімдер бар еді?
Бауыржан Омарұлының кейіпкерлері де – ерекше адамдар. Былайғы жұртқа жай бір стандарт­ты адамдар сияқты көрінетіндердің өзгеше қырын, жұмбақ сырын ашып береді. Бұл да – адамтанудың классикалық үлгісі. Бауыржанның бір өзі журналистік-жазушылық әлемнің либеральды қоғамы сияқты. Жас та, жасамыс та, академик те, тракторшы да – оның ең құрмет­ті кейіпкерлері. Олар – жан дүниесі таза адамдар. Олар – кейде дана, кейде бала. Олар – «толқыған теңізді көрсе де таланты таситын», «шоршыған шабақты көрсе де шабыты қысатындар». «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт секілді едәуір уақыт «үнсіз отырып» ой толғайтындар. «Шөптің дәрісін емес, сөздің дәрісін қолданатын мамандық» иелері. Олардың біреуі – «папкасы жалпақ тарлан­боз», біреуі – «ежелгі дәуірдің елшісі», енді бірі – «Қазалының қазағы». Былай қарағанда, оның кейіпкерлерінің көпшілігін өзіміз де білеміз. Бірақ біздің танитын-білетініміз – Бауыржанның баяндауымен салыстырғанда, әліп­пенің алғашқы әріптерін танығанымыз сияқты ғана нәрсе.
Жақында жарық көрген «Шеге құмын» оқыдым. Мына «Жүзжылдық жылылық» деген тақырыбының өзі тамсантатын эссе Сафуан Шаймерденов туралы екен. «Ол кім еді?» дер, бәлкім, ке­йінгілер? Сосын, іздей бастар. Туындының танымдылығы деген осы – іздет­тіретінінде. Бауыржанның тағылымды туындылары талайға осындай сұрақ туғызады. Әр жазғаны көңіліңе көркем ойларды қаптатады. Ол журналистің жылдамдығын «жеделдігі жеті желаяқты жолда қалдыратын» деп, дәл сурет­тейді. Көз алдыңа жеті желаяқ елестеп, қазіргі шапшаңдық дәуірінің журналисіне қандай қасиет керек екенін сездіртіп өтеді. Оның туындыларында басқа бір шығармалардағы оқиғалар эпитет­тің немесе метафораның рөлін еркін атқарып тұра береді. «Төлегенге жыны келіп, басын қасып отырған Базарбай секілді» дегенінен амалы құрып, басын сипап үнсіз отырған адамның кейпін дәл табасыз. Кезінде футболды жақсы ойнаған Сауытбек Абрахмановты «қақпаның қара құлпы» болар еді деп тамсанады. Тұрсын Жұртбайдың бала «арманы орындалғанда, жазушы-ұшқыш болып жүрер еді» дегеніне де «қап, әй, а!» – деп қаласың. Өйткені аспан туралы жазған жазушы жоқ бізде. «Бірақ ешқашан бухгалтер туралы жазам деп ойламап­пын», – дейді бір тұста. Шынында да, бухгалтер туралы не жазасың? Бірақ Бауыржанға сондай бухгалтерлер жолыға ма, әлде есепке жоқ біз үшін бухгалтер ақша санағаннан басқа не істейді деп қана ойлайтын құт­тай түсінігімізден бе, әдепкіде екі ұдай күй кешіп отырасың. Алайда оның бухгалтерлер туралы жазғанын оқығанда, әлгі құт­тай түсінігіміздің арнасы кеңіп жүре береді. Өйткені ол бухгалтерияның «тұтас бір әлем» екенін баяндайды. Сөйтіп, сол әлемнің ішіндегі бухгалтерлердің жаңаша моделін кескіндейді. Тіпті өзің де бухгалтер болып кеткің келеді. Есімі таныс ежелгі Джон Рокфеллердің, Пьер Карденнің, Герберт Уэллстің, О. Генридің, Карл Маркстің, Александр Вертинскийдің және есімін біз естімеген Мик Джаггер, Роберт Плант деген шоу жұлдыздарын атап-атап, тізімді Тұрсын Жұртбай ғұламаның бухгалтер болғанына де­йін жетелеп алып келеді. Сосын, «есеп-қисабымыз түгел болмаса, бүкіл өміріміз өзгеріп кетеді» деген түйінін оқып, оның қалай өзгеретінін ойлағанда ғана жақсы болмасын сезінесің де, бухгалтер атаулыны құрмет­тей бастайсың.
Ендігі кезек кітапханашыларға келеді. Тағы ойлайсың: кітапханашы туралы не жазуға болады өзі? Бауыржаның ой толғамын оқып аласың да, таныс кітап­ханашыларыңды еске түсіресің. Баяғы Иван Крыловтың, Хорхе Луис Борхестің, Гетенің және т.б. ұлылардың кітапхана ұстағандары туралы деректер бүгінгі кітапханашы Талғат Тілеулесов туралы баянға ұласады. Сөйтіп, кітапханашылардың өзіндік элитасын түзіп шығады.
Жалпы, Бауыржан Омарұлы – әңгімені әріден қозғап ұластырудың шебері. Төтесінен емес, тас табаннан бастайды.
Сол кез­де оның кейіпкері кітапханашы болса да, сауыншы болса да, журналист болса да, ғалым болса да, әйтеуір жан-жағы мол, ұстанған жолы алып бәйтеректің тамырларындай тереңдіктер мен шексіздіктерге кетіп жатқан құбылыстың бел ортасындағы тұлға болып шыға келеді.
Сол кез­де оның кейіпкерінің бағасын өзің-ақ бере бастайсың.
Сол кез­де әр маман иесінің мына қоғамның әрбір тетігін ұстап тұрған қазық екеніне көзің жетеді.
Сол кез­де Бауыржанның стиліндегі бұл туынды эссе жанрының күрделі де көркем формасына ұласқанын сезіп отырасың.
Оның кейбір кейіпкерлері болады, мысалы, небір тұлғалардың арғы-бергі бабаларын ру-сүйегімен, жиен-күйеуімен, жер-судың атауын жеті қабатымен, жетпіс жұмбағымен жатқа айтатын Светқалидың тіршілікке қажет құжат-мұжатын жоғалтып немесе қолындағының нендей құжат екенін де ұға алмайтын қырсыздығын айт­қанда, ол жай баяндау емес, юморлық-психологиялық-драмалық жанр сияқты оқылады. Болат Омаралиевтің фотосурет­тердегі кейіпкерлері туралы «кадрды тастап, тұра қашқысы келіп тұрады» деп жазған бір сөйлемінен комедиялық-драмалық қақтығыстар көз алдыңа келе қалады. Оның шағын-шағын дүниелерінің ішіндегі маңып бара жатқан метафораларды, үдемелiлiк сипат­тарды, әдемі юморды шарлап жүрудiң өзі бір ғанибет.
«Шеге құмды» оқып шығып, Бауыржанның өзін-өзі сынаудың да шебері екенін айтпай кете алмадық. Сәті түспей қойған сәлем берудің ұзаққа созылып, ақыры өзі құрмет тұтып жүрген жасы үлкен сол кісінің өзі сәлем беріп кіріп келгендегі ішкі күйін «не деген мисыз едім?!» – деп, өзінің шарасыздық кейпін дәл салады. Оқып отырып күлесің. Күлмей қайтесің, өз басыңда да сондай «мисыздықтардың» талайы болған.
Кітап соңында автор бұл кітаптағы дүниелердің бәрі де соңғы бес-алты жылдықта «ат­тың жалында, атанның қомында пісіп жетіліп, мида қорытылып, ойда өрнектелген соң ғана клавиатураға қонақтап, одан мониторға көшіп, мән құрап, мәтін болып түзілгенін» жазады. Қаламгердің өзінен кеткен, оқырманға жеткен «Шеге құмы» туралы біздің қысқаша баян осы еді. Оқыдық. Әлі мұның жалғасын да оқырмыз.

Оңайгүл ТҰРЖАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір