Тұлпардай жүрген шідермен…
06.08.2019
970
0

Құлтас ДОСТАНОВ

ӘКЕ

Жүзіңді, әке, көруге тағдыр жазбапты,
Отызға жетпес көрер жарығың маздапты.
Анам болған соң, білінбей орның тұрса да,
Көршінің ұлы еркелеп жатқан наз батты.

Бір-бірімізді сүйрелеп жүріп жетілдік,
Екі ұл мен бір қыз – тас түйін болып бекіндік.
Қолғабыс болдық апама қолдан келгенше,
Тым ерте бізді есейтіп кетті жетімдік.

Таңдай қақтырып өтіпсің әке бар маңды,
Жалғаумен келем өзің жетпеген арманды.
«Мына баласы айнымай қалған Әбсадық», –
Деп, маған жұртың қаншама
мәрте таң қалды.

Сондай шақтарда кеудемді шаттық кернейді,
Белгісіз сезім бесігіне алып тербейді.
Оңаша қалып, жансыз бейнеңе қараймын,
Қолымнан әттең ештеңе өзге келмейді.

Жыр қысып кей түн атады әзер, зорға таң,
Өзің жайлы да, өмір жайлы да толғатам.
Ұқсайтын саған ұлыңнан қалар бір белгі,
Ескерткіш жырдан өлмейтін мәңгі орнатам.

ЖҰБАНЫШ

Қошы кеткенде көңілден,
Отырам үнсіз, жәй налып.
Жалығып кетсем, өмірден,
Өлеңге келем айналып.

Содан табамын алданыш,
Құштарлық артып қайтадан.
Жалғасып бітпей қалған іс,
Шаттыққа толы айтам ән.

Қарадай кейде қысылып,
Таба алмай қалсам жұбаныш,
Жүзімнен мұңды ысырып,
Жасаймын қолдан қуаныш.

Алдағы күнге сенемін,
Аз емес тағдыр сынағы.
Қашанда ару өлеңім,
Жаныма келіп тұрады.

Болса да жанның қалауы,
Жұмбақтар қанша шешпеген.
Жанымның болған жалауы,
Болмаса жырым, не істер ем.

БҮГІН

Жүректе не бар, білер ме ең,
Сан күйге сәтте енем көп.
Тұлпардай жүрген шідермен,
Естісе дүбір елеңдеп.

Кеткен жоқ өтіп шаттығым,
Әр түнде шашып шапағат.
Жүрсем де ұмытып нақ күнін,
Өлмейді бірақ махаббат.

Сезім де бүгін салмақты,
Түсінесің ғой, қарағым.
Бағалап қолда бар бақты,
Қолға алар таз да тарағын.

Тырнамай аузын жараның,
Ұмытып өтіп кеткесін.
Азая берер алаңың,
Көнбістеу жасқа жеткесін.
Сүймесең ару, сылқымды,
Сезбейсің бастан өткермей.
Кім ойлап тапсын бұл күнді,
Тұрады ішім жек көрмей.

ЖОЛҒА ШЫҒАМ…

Өмірде мына мән болса,
Кетпеспін оған бекер кеп.
Ес жиып балаң алғанша,
Жетсейші жүзге лекерлеп.

Бір биік, бірде ылдилап,
Табылмай жолдың түзігі.
Балаңды, апа, жүр қинап,
«Көрсетем», – деген қызығы.

Еңсеңді енді түсірме,
Атады әлі-ақ ақ таңым.
Балаңның, апа, ішінде,
Білсең ғой, ненің жатқанын.

«Көрінбейсің», – деп, «көп неге»,
Беріле берме уайымға.
Апармасам да Меккеге,
Ойым көп өзің жайында. 

Мақтанар ана ұлымен,
Жалғаған ісін көргенді.
Сағынып жүрмін шынымен,
Шықпасам болмас, жолға енді.


Айнұр ОРАЗБАЙҚЫЗЫ

ТІЛЕК

Күн жарықтық қызуын бұлдамайды,
Жанарына серік қып сырғалы айды.
Құйын заман күркеме көзін сатса,
Ой-өлкемді бір бүлік тырмалайды.

Күн еңкейіп жиекке жетерінде,
Куәгер боп қайтады екі өлімге.
Ажалды мен аңғал жұрт жер құшады,
Азғын тобыр мінгенде есегіне…

Тірлік – мыстан алады жаналқымға,
Мұрса бермей сананы тазартуға.
Бал жинатып бар мен жоқ кесесіне,
Құлқын-обыр түсірер қара суға.

Күн мәңгілік зырлаудан бір танбайды,
Құбылысқа мас қылып жыр таңдайды.
Перісі жоқ бейбақ күн көшесінде
Пенделіктің бөксесі бұлтаңдайды.

Тәңір берген таза өмір – таразыда,
Қарын тойса, мұз бітер қабағыңа.
«Шындық» дейтін торғайды түрмедегі,
Бай түгілі, байқұс алмас назарына.

Көтерілсе, жиектен күнім аман, 
Шуағына толқиды ұлы далам.
Қайыр кеткен орданың бекетінде
Жұртым отыр ұйқысын түн ұрлаған!

Күн санатпас, қызығы дүниенің,
Алтын сыйға алсаң да күніне мың.
«Құлқын үшін қызығым сатылма», – деп,
Құдыретке мың мәрте жүгінемін!

АРМАН

Сыбыр-сыбыр көктеменің жаңбырынан ояндым,
Мөлдір-мөлдір тамшылардың жарлығынан ой алдым.
Жақұттайын уақыттың ұйқасына айналған,
Мамық мінез маусымдардың мақамына боялдым.

Сылдыр-сылдыр су сияқты сыңғырының сыры жоқ,
Ай, қасқалар мандымай тұр, майдалардың күні кеп.
Күлдір-күлдір кісінеген күйгелек жыр шауып жүр,
Күз бораны қуалаған жапырақтай дірілдеп.

Жиі-жиі төгілгенде көктем-қыздың моншағы,
Табиғатпен сырлас тағдыр аш бөрідей жортады.
Асқар-асқар асулардан талмасын деп қанаты,
Қамшыл көңіл қайтқан құстың қатарынан қорқады…

Ауық-ауық ауған бұлттың қабағынан сыр тамып,
Қайнай-қайнай қазан-көңіл қаңсып бітті жұқарып.
Қара Ертістен қарғып өтіп, қанды жанар қасқыр ел,
Көктөбеде көз ілер ме, көзі ашық бір ұл тауып…


Бақытжан АБЫЗОВ

Тораңғылды тоғай

Сырғасы жез жамбыдай тораңғылдар,
Сендер қайдан топтанып оралдыңдар?
Балапан бұтақ болып сыбдыр еткен,
Тоғайым нуға айналар, қалар жылдар.

Бүршік атқан жас демің жанымда тұр,
Өткенді ойға ап қараймын сағымға құр.
Шіркейліден көш түзеп Жалағашқа,
Жол бойында қол бұлғап қалып жатыр.

Айырбасқа бермес ем – мың қайыңға,
Сені көріп сол бір кез тұрды ойымда.
Жамырап жарысасың менен қалмай,
Қол ұстасқан шоқ тоғай Сыр бойында.

Ұлан жолда сан тағдыр, мың көлік бар,
Ырғалады сәлем сап, бүрленіп тал.
Боқыраудың суығы ұрмай тұрып,
Қанекей, ілес маған, үлгеріп қал!

Қыркүйек. Мен. Қасқа жол

Күрең мезгіл. Сылқ-сылқ күлген Қыркүйек,
Кербезденіп Тоғысқа иық тұр сүйеп.
Нар қамыстар сар кекілі дудырап,
Ызыңдаған жел екеуміз – бір күй ек.

Сол күй қайда, бебеулеген қанымда,
Бозқырауда сібірлеген таңым ба?
Дөңгеленген жапырақтай баянсыз,
Мазаң күйім, енді сен де дамылда!

Қыркүйегім – әлдилеген өз әнім,
Әнімді мен алты қырға созамын.
Алтын алқап. Сабан басы тоғайып,
Іңір түсті шоғындай боп қозаның.

Сұлу сүгірет сезім тербеп толқытпақ,
Қимасымнан көз жазардай қорқып қап.
Қасқа жолда қалың ойдың үстінде,
Мен келемін Қыркүйекті қолтықтап…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір