«ШЫРЫЛДАҒАН ҚАЗАҚ ЖАНЫНЫҢ СҰЛУЛЫҒЫ»
06.08.2019
997
0

Айгүл ІСМАҚОВА,
әдебиеттанушы, ғалым

Атақ алуға құмар, бір-екі жұқа жинағымен ғана танымал ақындардан жас прозаиктердің айырмашылығы – проза бірден оқырман назарына ие бола алмауында. Бірақ сапалы проза: көркем тілі бар, мағыналы ғибраты мен айтар ойын бүгінгі оқырманға қажетті заманауи дискурспен жеткізе алғандары өз оқырманына ие. Соңғы кезде мен үңіліп оқыған «Жылқы атылған жаз» жинағы – осындай қасиетімен ерекшеленеді.

Ырысбек Дәбейдің сөз саптауы Жүсіпбек Аймауытұлын еске салады. Бұл прозада қаймағы бұзылмаған анық қазақ тілі бар. Мен бұл кітапты асықпай оқыған себебім: ешкімге еліктеу жоқ; автор мен кейіпкерлер – өз сөздерімен сөйлейтін тұлғалар; бұл мәтіндерде кезінде шекара асуға мәжбүр болған ар жақтағы қазақтың біз білмейтін қиын өмірі бар; бұл өмір леп белгісі жоқ құсалық шынайылығымен ерекше. Бұл мәтіндер – ұрпақ арасындағы қазақтар үшін қай заманда да аса маңызды әдеп пен этикалық кодтар нақтылануымен маңызды проза: әке мен ұл арасындағы ер-азамат қана бере алатын тәрбие «сабақтары»; ұлды – ұлша, қызды – қызша өсіретін ұлттық тәрбие амалдары; адамдық пен кісілікті жай сөзбен емес, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттермен ұрпағының санасына сіңіре білу: оң мен солды ажырататын, ез емес ұл өсіру үшін қатал әке болу сияқты көбіміз үшін ұмыт қалған атаның ақылды істері сөз етілген. Жинақтағы  қысқа әңгімелер – «Қарға тамған көз жасы» сияқты метафоралық xикаяты мен шағын, бүгінгі xронотоптық дискурста жазылған «Жылқы атылған жаз» романында автор оқырманды жалықтырмайтын ширақ баяндауды ұстанған. Кітап жанры: эссе, xикаят, роман. 1-1,5 беттік эсселер оқылуы жеңіл, мазмұнды, көпмағлұматты.
«Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсседе баяндаушы автор ата тегін айта кетеді: «Әкем Қытайда басталған «Мәдениет төңкерісінде» тауға қарап ұлыған бөрінің бөлтірігі саналып, оқудан шығарылып, жастайынан ауыр еңбекке жегіліпті. Көрген қорлығы мен шеккен азабын жыр қылып айтып отыратын. Ұшқан құс құтыла алмайтын құм арасындағы Тарым түрмесінде жиырма жыл өмірі өксіп келген атамыз (әкемнің атасы) бұғаудан босап келген жылы мен туыппын да, маған әулетімізге ырыс келген құт жылдың құрметіне азан шақырылған Ырысбек деген есім бұйырыпты… Қағаз бетіне атымызды қиқы-шойқы жазуға дәрежеміз жеткен шақта мен аттас балаларға еліктеп, есімімді Рысбек деп өрнектегенімде, әкем қатты ашуға басып: «Кебенек киіп кеткен атаңның кебінге оралмай келгеніне ырымдап қойған атты дұрыс жазуға еріндің бе?! Ырыс келді деп Ырысбек қойған, жазған-ау, – деп томсарып қалатын». Бұл сөздерде де Әке бір-ақ сөзбен жеткізген аманаты тұрғандай. «Бүкіл әулеттің бас көтерер азаматтарын түрмеге тоғытып, мал-мүлкін Қытай олжалаған кезден бұрынғы оқиғаны ылғи айтатын: «Жүкей ауылы (ауылымыз солай  аталатын  көрінеді) жайлаудың сонысын жеп, күзеулікке көшер алдында құстар да тізбек-тізбек ауыл үстінен ұшып өтетін. Киіз үйде мылтығын майлап, оғын сайлап отырған атаңның сенімді серігі түстікке бет түзеген тырналар керуені шаңырақтың тұсына келгенде, не сайтан түртті екен, алдыңғысын көздеп басып қалады. Бастаушысы қанаты жалбырап жерге құлағанда, қаз-қатар қалықтап бара жатқан тырналар ұйма-жұйма бірінің үстіне бірі құлайды. Бүкіл ауыл шу-шырқан болып, құстың шуылы зәремізді алды. Үлкендер жағы имандарын үйіріп, мылтық кезеген тентектің жағасына жармасты. Ақыры мал айтып сойып, Тәңірге тасаттық беріп, құстарды әзер ұзатып салдық. Сол жылы қар қалың  жауды. Көктем шыға үдере көшкен ауылдың алдынан қытай әскері лап қойып, көш кері бұрылды. Өмірдің біз ойлап көрмеген тарғалаң жолы басталды».
«Ауылдағы күйбең тіршілікке жегілген әкейдің жұмыстарына қолғабыс тигізуге жараған шақта елбектеп сол кісінің қасында жүруші едік». Осы ретте әкесінің Жұмақан деген досының әңгімесі де әңгіме ішіндегі әңгіме етіп берілген. «Жұмаxан, сен осы темекіні қалай шегіп кеттің? – деп әкем де құтқуырлап қоймап еді, Жүкең темекісін ширатып, ұзақ әңгімесін бастап кетті: «Жайлауда  отырғанымызда, қар суымен кеткен біреудің қылқұйрығы біздің үйірге қосылып, көздің құртын оятты. Бір күні екі кештің арасында жануарды ақыры алып соқтым. Басын кесіп, жәукемдеп жатқаным сол еді, тасырлаған ат тұяғының дүбірі естілді де, суыт жүрісті ақсақал қасыма келді. Дәстүр бойынша, сәлем беріп, аттан түсірісіп, ұрлықтың үстінен түскен қария жеңіл қимылдап, қонышынан кездігін суырып, көмектесуге ниет танытты. Ақыры бірге жәукемдедік жануарды… Тамақ піскенше шалдың жөн-жайымен таныстым. Жылқы жоғалтыпты. Бөгенайынан жаңағы өзі сойған қылқұйрық екенін сезіп, қылпылдап отырмын. Шалым үндемейді, ештеңе сезбегендей сыңай танытады. Сезбеді десем, жылқының басына, ен-таңбасына сұқтана қараған қырағы көзді қалай ұмытам… Төретабақ жал мен жая алдымызға келіп, ықылас білдіргенде де жүзінен титтей өзгешелік байқалмады. Қиялай турап, құмайдан соғады. Тас шайнағандай боп мен отырмын. Түні бойы асқазанымды түйреген мазасыздықтан арыла алмай, тұрып кеттім. Шал да оянып, намазын оқып, аттануға қам жасады. Кетерінде аты-жөнін, тұратын ауылын тағы бір қайталап айтып, кете барды. Аңырып мен қалдым. Жанымды иектеген беймазалықтан арыла алмаған соң, бір жорғаны жетекке алып, шалдың ауылына тарттым. Ақсақал ширақ қимылдап, бәйек боп жатыр. Шай ішілді, әңгіме айтылды. Бірақ сойылған жылқы туралы мен де, шал да жақ кірісін ашпадық. Аттанып кеттім. Жол бойы кеңсірігім ашып, өмірі шекпеген темекі деген пәле ойымды бөле берді. Тауып шектім. Ішім кеңігендей сезіндім. Сол күйі қалтадан тастамайтын болдық қой бұл боқты. Әй, сол шалдың кісілігі есіме түссе, өзімнен өзім ұялам».

(Толық нұсқасын газеттің №29-30 санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір