Алматының сұлулығы А.Дячкиннің көзімен
21.12.2023
145
7

Андрей Дячкин – графика өнерінің барлық техникаларында жұмыс істеген көрнекті суретші. Оның өнері Қазақстан бейнелеу өнері әлемінде өшпес із қалдырады. Суретшінің жұмыстары Ресейдегі және шетелдегі мұражайларда, АҚШ-тағы, Германиядағы, Франциядағы, Израильдегі, Жапониядағы жеке коллекцияларда да бар. Бұл мақалада біз осы талантты суретшінің өмірі мен шығармашылығына тоқталамыз. Сондай-ақ оның көптеген жұмыстарына шабыт сыйлаған Алматы қаласына суретшінің көзімен қараймыз.   

Андрей Дячкин Украинаның Донецк облысындағы Лозовая станциясында дүниеге келген. 1950 жылы ол Ворошиловград көркемсурет мектебін сәтті бітіріп, 1945-1956 жылдар аралығында Харьков өнер институтының графика факультетінде қосымша білім алды. 1956 жылдан бастап Дячкин өзінің шығармашылық қызметін Қазақстанда бастаған және оның өнері ең алғаш рет Алматыда танылды.
Сонымен қатар А.Дячкин 1957 жылдан бастап КСРО Суретшілер Одағының мүшелігіне енді. Ал 1981 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Суретші 1956 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін осында қырық жылдай өмір сүрді. Мұнда ол суретші ретінде қалыптасты, көптеген туындылар жазды.
1993 жылы қылқалам иесі Мәскеуге қоныс аударуға шешім қабылдайды, бірақ ол туындыларында сақталған қала образы арқылы Алматының суретшісі болып қала бермек. Себебі Андрей Дячкин шығармашылығының негізгі аспектілерінің бірі – оның Алматыға арнаған сырға толы картиналары. Оның шығармаларынан осы көркем қаланың көшелерін, саябақтары мен сәулет өнері туындыларын тамашалаймыз. Аталмыш жұмыстар көркемдік шеберліктің көрінісі ғана емес, сонымен қатар қала өмірінің шежіресі іспетті.
Дячкин шығармашылығында Алматының архитектурасы табиғаттың ажырамас бөлігіндей көрініс береді. Мысалы, суретшінің ерекше назарына ілінген Достық даңғылында орналасқан Республика Сарайының суретін алайық. Ол архитектуралық формалардың сұлулығын берумен ғана шектелмейді, керісінше архитектураны табиғи әлеммен біріктіру арқылы оларға ерекше мағына береді. Республика сарайы бұл шығармада қала фонындағы сәулеттік құрылым болудан арылып, табиғи формалар мен сызықтардан туындағандай тірі органикалық элементке, табиғаттың бір бөлігіне айналып шыға келген.
Алматымен тығыз байланысты Алатаудың биік шыңдары да Дячкиннің туындыларынан ойып тұрып орын алған. Суретші бұл тауларды қалалық ландшафтың ажырамас бөлігіне айналдырады. Таулар табиғат пен қала құрылысының ерекше симбиозын құра отырып, адам жаратылысымен үйлесетін табиғат күшінің символына баланған. Бұл көрерменге сәулет пен табиғат арасындағы жарасымдылықты сезінуге, қала мен таулардың бірлігін сезінуге мүмкіндік береді.
Тау тақырыбын Андрей Дячкин «Медеу мұз айдыны» линогравюрасында жалғастырады Суретте Алатау тауларының биіктігі мен ұлылығын айшықтауға тырысқандай. Бұл өнер туындысы таудағы мұз айдынын бейнелеп қана қоймай, оны биіктік пен масштабтың символы етіп кескіндеген.
Суреттің төменгі кішкене ғана бөлігін алып жатқан мұз айдыны композицияның әр сантиметрін толтырып тұрған таулардың ұлылығын көрсету үшін шағын ғана кеңістікті иемденген. Автор тауларды биіктіктің баламасы ете отырып, кеңістікті тек биіктікпен ғана емес, масштабпен де толтырған. Бұл сурет бізді тауларға қарап қана қоймай, олардың құдіретін сезінуге шақырады және ақ бас шыңдардың әсемдігін паш етеді.
Андрей Дячкиннің картиналарында табиғи ландшафт пен сәулеттік бөлшектерден бөлек, мәдени және тарихи элементтер де көптеп кездеседі. Олардың арасында оның «М.Әуезов театрында» атты шығармасы ерекше орын алады.
Офорт техникасында орындалған бұл сурет – автордың ең көрнекті жұмыстарының бірі. Театрдың адында отырған М.Әуезовтің ескерткіші мүсіндік бейне ретінде ғана емес, композицияның орталығын алып жатқан рухани символ ретінде де бөлек әсерге бөлейді. Картинаның сол жағында орналасқан қазақ жазушысының «биіктігі» композицияның оң жағынан орын тапқан құдіретті таулармен теңестіріледі. Бұл тепе-теңдік адамның жаратылысы мен табиғат арасындағы байланысты көрсетеді және шығарманың рухын танытатын күшке ие. Тауды айнала көшкен бұлттар суретке динамизм мен жеңілділік дарытса, ал олардың өзгеше формалары уақыттың өзгергіштігін аңғартып, эмоционалды шиеленіс сезімін тудырады.
Алматыны лирикасыз елестету мүмкін емес. Бұл – махаббат, музыка және өнер қаласы. Дячкин де Алматыны дәл солай көрді. Оның «Опера және балет театры» атты офортына қарай отырып, біз оның бұл қаланы шынымен жақсы көретінін және оның мәдени мұрасына деген сүйіспеншілігін айқын байқаймыз). Идиллия мен лирикаға толы картинада қаланың атмосферасы айқын сезіледі және әр бөлшек тарих пен сұлулыққа толы болып көрінеді. Суреттің алдыңғы планында орналасқан көне ағаштар – уақыт сақшылары іспетті. Олар өткен мен бүгінді байланыстыру арқылы, осы идиллиялық пейзаждың негізгі бөлігін құрап тұр.
Зонтик ұстаған адамдар мен жердегі жаңбырдың суына шағылысқан ағаштар, ғимараттардың бейнелері суретке романтикалық нота қосады. Қаланың сәулеттік келбеті Алматының шығармашылық энергиясының бір бөлігі ретінде пейзажға бекітілгендей.
Жалпы, опера театры көбіне қаланың бай мәдени және тарихи дәстүрінің символы болып есептеледі. Бұл жерде классикалық музыка ойналады, опералық шығармалар орындалады. Көптеген өнерсүйер жандардың сүйікті жанрына жан бітірген дарын иесі осы туындысымен мәдени мұраның маңыздылығын көрсеткісі келген сияқты. Жалпы, суретші өзінің графикаларында Алматының сұлулығын бейнелей жүріп, осы тарихи қаланы өзінің жадына да мықтап сақтап алғаны даусыз.

Санжар СЫРҒАБАЕВ

ПІКІРЛЕР7
Аноним 16.01.2024 | 20:43

жарайсың Санжар.

Аноним 30.01.2024 | 22:27

Керемет жазылған екен! Бұрын соңды естімептім бұл суретші жайлы…

Аноним 30.01.2024 | 23:15

Жақсы талдау жасапсың, Санжар! Бізде бейнелеу өнерін де, суретшілерді де бағалай білмейді. Сондықтан өнердің осы бір саласы осындай мақалаларды көбірек жариялап отырған жөн. Дячкиннің қолтаңбасы ерекше екен.

Аноним 30.01.2024 | 23:21

Керемет жазылған мақала!!! Келесі мақаланы күтеміз)

Аноним 30.01.2024 | 23:28

Өте жақсы және танымды түрде талдаулар жасалынатын. Керемет.

Аноним 09.04.2024 | 18:55

Суретшілер жайлы көбірек мақалалар күтеміз!

Аноним 09.04.2024 | 18:56

Суретшілер жайлы көбірек мақалалар күтеміз!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір