«Семей қасіреті»
06.08.2019
4386
0

Жазушы Медеу Сәрсеке 1989 жыл­дың ақпан айында басталып, екі жарым жылға созылған халықтық күрестің барлық ащылы-тұщылы кезеңдерін жерлестерімен бірге кешіп, әскери нояндармен жүрген ауыр айқастың алдыңғы легінде болған.

Қаламгер сол халықтық күрестің бас­ты қозғаушысы болған білікті профессор, дәрігер Бақия Атшабаровтың, денсаулық министрі Сибуғатулла Қарынбаевтың, солардың ядролық полигонға қарсы күресін қолдаушы ел жанашыры Мұхтар Әуезов пен ҒА президенті Қаныш Сәтбаевтың туған ел тағдырын жеңілдету жолындағы күресін нақты айғақтармен ашады. Әлбетте, бұл 1950-60 жылдары жұрт көзінен тасада жүрген күрестің жеті құлыптың астында қалған жайттары… Ядролық полигонды біржолата жабуға бағытталған күрес 1989 жылдың ақпан айында Семей облысының сол кездегі бірегей басшысы, осы елдің өз тумасы Кешірім Бозтаевтың батыл әрекетімен өрбіді. Мысалы, оның КСРО билеушісі М.С.Горбачевке жолдаған алғашқы жеделхаты мен сол күресті бірден қолдаған Олжас Сүлейменовтің батыл әрекетін айрықша атауға болады.
Сол күрес екі жарым жылға созылып, жеңіспен аяқталды. Мәскеулік билеу­шілердің өзара қырқысып, билік тағына таласып жатқан дүрбелең жағдаятты әжетіне жаратқан Нұрсұлтан Назарбаевтың билік құзырымен Ертіс алқабындағы ядролық полигонды жабу туралы жарлығы 1991 жылғы 29 тамызда жариялағаны мәлім. «Біз, семейліктер, сол жарлықты үйімізде дастарқан жайып, шарап ішіп, отбасылық зор қуаныш ретінде жаппай тойладық. Сол жарлық бізге Мәскеуден емес, асқақ Алатаудың ту төрінен келген таңғажайып сыйлық секілді болды, ту-талақай тарсылдан тұншығып, әбден есеңгіреген есімізді өмірге қайыра құлшындырғандай әсер туғызды. Мың да бір рахмет Елбасына!..» – деген мерейлі лебізбен қортындылайды автор тарихи кітабының «Семей полигонын кім жапты» деп атаған тарауын.
Алайда деректі жанрдың бүге-шігесін әбден игерген автор шерлі оқиғалары ерекше мол, саяси да, тарихи да мәні зор кітабын нақ осы полигонның жабылған тарихын егжей-тегжей баяндаумен аяқтамайды. «Семей қасіретінің» соңғы тарауы «Адасулар, өтірік және ақиқат», – деп аталған. Бұл тарау атомдық жарылыстардың ел мен жерге тежеусіз жасаған мың жылдық зобалаңын ашып көрсетеді. Деректі жанрға қаламы төселген М.Сәрсеке (Медеу аға академиктер Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов және тарихшы Е.Бекмаханов туралы ғұмырнама кітаптардың авторы) шер мен мұңға толы, ел тарихының аса қиын кезеңін сипаттай келе, «Семей қасіреті» жайлы өзгеше бір жайттарды баяндайды. Зиялы қауымның, әсіресе, ғылым иелерінің – яғни дәрігерлер мен ел басшыларының Ертіс өңіріндегі ядролық полигон таратқан аса қатерлі физикалық зиянды бөлшектер мен бүлдірулерді қалай анықтағанын, қандай әрекетпен шұғылданғанын нақты айғақ, жазбаша ғылыми деректермен талдауға көп көңіл бөледі. Мысалы, 1989-1991 жылдардағы күрес кезінде өзін ел мүддесін қорғаушы, полигон таратқан зиянды бөлшектерді тұңғыш анықтаушымын деп жариялаған, алты орденнің иегері, академик Сайым Балмұхановтың 1961 жылғы Мәскеуде өткен үш күндік ғылыми конференцияда ел мүддесін сатқан зиянкестігі осы тарауда нақты айғақтармен әшкереленді. Жалғыз ол ғана емес, осы ғұмырнамада есімдері аталған кейбір күрескерлердің шешуші сәтте ел мүддесіне қарсы шығып, азаматтық ой-пікірлерінен айныған күйкі жайттары да нақты айғақтармен сөз болады. Қысқасы, М.Сәрсекенің 15 тараудан тұратын шерлі оқиғалармен өрілген деректі кітабы – оқырманды бей-жай қалдырмайды. Өкінесің, лағнет айтасың, сөйте тұра, ел мүддесін қорғап, әскери кешеннің генерал-лейтенант, маршал бастықтарымен айқасқа түскен ат төбеліндей ер-азаматтардың есімдерін, ерліктерін танып, ерекше сүйсінесің.
«Семей қасіретін» шығарған баспа иесі Темірғали Көпбаевтың авторға сыйлаған кітаптары Ертіс жағасына жуықта келді. Соған орай Семейдегі өлкетану мұражайы қалалық ардагерлерді, зиялы қауым өкіл­дерін шақырып, тұсаукесер рәсімін өткізді.
– Соңғы үш жылда Медекеңнің осы кітабы зор сұранысқа ие болып, үш тілде бірдей жарияланды. Рас, таралымы баяғыдай оң мыңдаған емес, шағын түрде. Дегенмен «Қазығұрт» баспасы әзірлеген кітаптың таралымы бес мың болғанына тәубе дейміз. 2015 жылдан бері бұл кітап ШҚО өңірінен алысқа ұзамаған еді. Енді, міне, алматылық баспа жариялапты. Демек, біз, семейліктер тартқан мұң мен шер Қазақстанның күллі облыстарына мәлім болады. Бұл жайтты біз зор ризалықпен қабылдауға тиіспіз…
– Ескерту қажет: кітаптың авторы – инженер, ғылым тілін біледі, оған қоса, ядролық физиканың түйткілдерін түсінетін қаламгер. Сондықтан да ол «Семей қасіретінің» бүркеулі сырларына бойлап еніп, жан-жақты ашып жазған. Ең ғажабы, Ертіс бойындағы қалың ел, Семей ғана емес, Өскемен, Павлодар және Алтай өлкесіндегі миллиондаған жұрттың полигоннан тартқан азап-шерін қалтқысыз түрде жеткізе білген. Рақмет дейміз. ҚР Үкіметі былтыр Медекеңді «Парасат» орденімен марапаттады. Біздіңше, жерлес жазушымыздың осы еңбегі Мемлекеттік сыйлықпен марапатталар деңгейдегі үлкен де озық дүние. Мен осы жайтты Жазушылар одағының жаңа басшыларына құлақ қағыс ретінде айтып тұрмын.
– Естуімше, Мәдениет министрлігі біршама кешеуілдеп, «Семей қасіретін» биыл ғана республика аймағына таратуға шешім қабылдаған. Рахмет дейміз. Енді осы кітаптың орысша нұсқасын да жариялау керек. Мына айғаққа көңіл аударыңыздар: кітаптың ағылшынша нұсқасы өткен жылы жарық көрді. Қазір де сол кітаптар Еуропаны кезіп жүр, АҚШ елінен де атан түйедей қалап сұрағандар болыпты.
Осы тақылеттес пікір айтқан профессор Арап Еспенбетов, шежіреші Молдабек Жанболатов, қоғам қайраткері Зейнулла Тоқаев және басқалар жерлес авторды жаңа басылыммен құттықтап, ауыр еңбек пен зор ізденістен туған «Семей қасіретінің» жаңа қадамына қуаныш білдірді.
Мұражай ұжымы семейліктер өмірін қырық жылдан астам уақыт дамылсыз тарсылдармен тығырыққа тіреп, көңілдерін өксіткен атомдық, ядролық жарылыстармен мыңдаған жанның өмірін ерте үзген қасіретті бүкпесіз, қаз қалпында шерткен жерлес қаламгерге ризалық білдіріп, шапан жауып, басына бөрік кигізді.
Кітап авторы өз сөзінде: «Енді мен естеліктен өзге ештеңе жазбаймын, алдағы өмірім осы еңбегімді одан әрі әспеттеуге арналады…» – деді.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір