ТУҒАН ЖЕРДЕЙ ЖЕР БОЛМАС
19.07.2019
143
0

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық – алтын, қайтып келмес
күнімде,
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
Жаратылдым топырағыңнан,
сен – түбім.
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар, Шолпан, Айым,
сен – Күнім.
Тәтті суың – дәмі аузымнан еш кетпес,
Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
Жазу болып адамзатқа ер жетпес!..
Балақ түріп, қозы қуып, жарысып,
Батпағында тең құрбымен алысып,
Түнде – ақсүйек, алтыбақан, ал күндіз
Үйретем деп асау тайға жабысып.

(Мағжан ЖҰМАБАЕВ)

Кешегі Абай, Мағжандар бастаған ұлы ақындардан тартып, қазіргі сөз ұстаған сүлейлерге дейін туған жер туралы тебіреніп жыр жазу – ұрпақтық парызға айналды. Себебі, туған жер, өскен өңір – әр ұрпақ үшін алтын бесік, құт орда саналады. Сол үшін де қазақ халқы әлімсақтан бері туған жерін қорғау, оны жат қолына бермеу үшін «мың өліп, мың тірілді». Елінің үмітін ақтау жолында ұлт батырлары мен ел иелері «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» жер қорғады. Осының бәрі «туған жерге туыңды тік» дейтін халық даналығы мен ұғымына саятын ізеттілік пен ізгілік болмақ.
Сол бабалардың жүрген жолы мен қалдырған мұралары бізге Отансүйгіштікке тән айқын қасиет сыйлады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өзекті мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деген маңызды әрі рухты сөз бар. Осы мақаланың аясында еліміздегі әр азамат өз туған жерінің дамуына үлес қосып, туған мекенін гүлдендіруге атсалысуы жөнінде арнаулы бағдарлама басталған еді.
Осы бағдарлама аясында туған ауылына барып, адал еңбек етіп, елінің дамуына бір кісдей үлес қосып жүрген азаматтар қаншама? Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы  Қайрат ауылының әкімі – Ержан Бітниев сонау Ұлыбританияда алған білімі мен тәжірибесін туған жерін түлетуге жұмсап жатыр екен. Әрине, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген халық сөзін жадына түйген азаматтың осы бір игі ісі ел болып мақтануға татиды.
Қазір Ержан Бітниев өзі өскен Қайрат ауылдық округінің әкімі болып жұмыс атқаруда. Шетелде оқып келген жас маман ауылдастарын ауылын дамыту үшін бірге жұмыс істеуге жұмылдыруда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жерге тағзым» акциясы да көпшіліктің көңілінен шыққан оң бастама болып жатыр. Осы бастама көтерілгеннен бері көптеген азаматтар өз туған жерін дамытуға ынталы болғаны шындық.
Айталық, Аманөткел елдімекенінде жеке кәсіпкер өз қаржысымен жаңа мешіт салып берді әрі осы елдімекен жастары үшін футбол алаңын қоршап, мәдени демалыс орнына арналған сахна құрылысын жүргізді.
Сонымен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның жеке кәсіпкер­лері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүргізуде.
Аталған бастама аясында ауыл азаматта­рының туған жерлеріне деген мейірімі мен шапағаты айтып тауысқысыз. Туған жер мен өскен елдің қадірін біліп, оны гүлдендіруге күш қосуға дайын әр саладағы азаматтардың әлі де көптеп табылатыны сөзсіз.

Ж.АДЫРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір