Ел ағасыз болмас
«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген ғой дана халқымыз. Ел ағалары, алдыңғы толқын ағалар дегенде – биыл 85 жасқа аяқ басып, саналы ғұмырын сапалы өткізіп келе жатқан, алдымыздағы ағамыз, асыл ата зейнетіне жеткен Сәпен Аңсатов ағамыз.

Хакім Абайдың бірінші қара сөзінде: қартайғанда қалам мен сияны таңдағанын, көрген, білгенімді жаза берейін, соңымдағылар керегін алар дегенін, он төртінші қара сөзінде: тіл жүректі тындаса қателеспейтінін жазғанын бәріміз білеміз ғой. Сәпен ағам өз өмірінде ақылмен дөп басып, Абай ғұламаның осы сөздерін өзіне темір қазық қылып алғандай.
Ағамыздың бүкіл ғұмыры, еңбек жолы, тіршілік, тынысы ел-жұрттың көз алдында, ізіндегі інілері біздерге үлгі болып өтіп жатыр, жазылып, айтылыпта жүр. Ал,мен өзім таныған, өзімнің жаныма, жүрегіме, санама жақын бір ғана қырын айта кетейін.
Қазақ әдебиеттанушыларының пайымдауынша, өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазақ әдебиетінің алтын ғасырына сәйкес келген уақыт болыпты. Біздіңше, әсіресе қазақ өлеңінің, қазақ лирикалық поэзиясының бұрын- соңды болмаған күйде мазмұндық әрі формалық жағынан жан-жақты дамып, тақырып ауқымы кеңейіп, ізденістер мен әлемдік әдебиеттің биіктеріне ұмтылуы мен қол созуының да тайға таңба басқандай көзге көріне түсетіні осы жылдарға тұспа-тұс келеді. Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, К.Ахметова, И.Оразбаев, И.Исаев, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова сынды дүлдүл лирик ақындарымыздың қаламгерлік қажыр-қайратпен қызмет еткен уақыттары да осы жылдарға дөп келеді. Топ жұлдыздардың ішінде өзінің дидактикалық, философиялық өлеңдерімен жарқырап көрінген Қ.Мырзалиев болды десек, бұған ешкім қарсы келе қоймас. Ақынның «Дала дидары», «Ой орманы» секілді өлең кітаптары қазақ поэзиясының шоқтығы биік туындылары болып қалды,қазақ әдебиетін биік белестерге көтеріп тастады.
Қадекеңнің өлеңдеріндегі афоризмдер, тіпті тұтас шумақтар күні бүгінде оқырманның ойында жаттаулы, жүрегінде хаттаулы. Оларды қарттар да, жастар да, жасамыстар да кез келген уақытта айтып жүреді, ауыздарынан тастамайды. Мысалы, мына өлең шумақтарына назар салып көрейік:
Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт
жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де
жылатып.
Жылайтыны туарда – жамандар бар
қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар
қимайтын.
Өлең шумақтарын ойдағы, ұғымдағы контрастқа құру арқылы өлеңде айтылмақ ойдың мән-мағынасын тереңдете, қоюлата түсуі – ақынның дара қолтаңбасы, ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі.
«Сұлу қызды көргенде ақылды қызды аяймын», – деген сияқты өлең жолдарын тек Қадыр Мырзалиев жазса керек.
Мәселен, жоғарыдағы өлеңдегідей: адамдардың өмірге жылап келіп, жылап кететіні де ақиқат қой. Ақын бізге өмірдің мән-мағынасын, ащы шындықты, ақиқатты тура айтумен ұғындырып отыр.
Поэзия тілі – барынша бедерлі де бейнелі, көркем де күрделі тіл.
Ал осы өлең өрнектерін ойлы оқырман тілімен жалпы оқырманға жеткізу – ғажайып көркемдікке ие тәсіл. Ақынның поэзиядағы жетістіктері сөз өнерінің сиқырына бойлай берілген Сәпең сияқты сезімі сергек, түйсігі терең ойлы оқырманның зердесі арқылы қайта қорытылып жатса, өзіндік әсер-ықпалы өзгеше болады.
Сәпен ағамыз қарапайым оқырман тұрғысынан Қадыр ақынның осындай ойларын түсініп қана қоймай, оқырманға айтылған тұжырым-түйіндерін жан-жақты, бүге-шүгесіне дейін түгел жеткізген.
Әдебиетті, оның ішінде поэзиялық дүниелерді түсіну үшін мәселенің формалық-құрылымдық жағынан гөрі мазмұндық сыр-сипатына көбірек мән беру керек секілді. Ақын не айтқысы келді, бұл мәселе бұрын поэзияда қалай айтылды, қазір қалай айтылып жүр, ақын суреткерлік тұрғыдан осы мәселені жырлауға қандай үлес қосты? Болашақ жаңа қазақ әдебиетінде бұл мәселе қай жағынан, қалай суреттелуі мүмкін?! Біз осы сұрақтарымызға Сәпен Аңсат ағамыздың «Жүрегіме жеткен жыр» кітабын оқып бірқатар жауаптар тауып, жанымызды жадыраттық, жан-жүрегіміз елжіреді. «Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді» деп Қадыр ақынның өзі айтқандай, Сәпен ағамыздың өнерсүйгіш-өлеңсүйгіш жүрегі – Қадыр ақын жырларына терең бойлапты. Қадыр ақынның жырларындағы сөздің сөлін тамыршыдай тап басып, танып, дәл тауып, олардың өлең контексіндегі қызметіне кәсіби маман қаламгердей терең үңілген, өзімен бірге өзге оқырманды да ақын әлеміне, ақынның философиялық-дидактикалық сарындағы шынайы шығармаларына шыңырау құдықтың түбін іздеп келгендей үңілткен екен.
Қадекеңнің «Даналықты қазаққа дала берген секілді» деген сияқты ұлттың жанына жан-жақты үңіле отырып сипаттама жасауы қазақ өлеңіндегі ұлттық мінезді танытатынын да Сәпең майдан қыл суырғандай байыпты баяндайды.
Тұтасымен түгелдеп айтар болсақ, Қ.Мырзалиев өлеңдері тек 60-жылдардың ғана емес, бүтін қазақ әдебиетінің өлшеусіз ерен, ерекше көркем туындылары, әдебиеттің ұлттық мінезін мәрмәр тасқа қашағандай етіп, кез-келген өлеңді әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатқа малындырып алып барып дүниеге келтіретініне Сәпен ағамыз дәлелді мысалдар келтірген.
Ал ендігі бір заңдылық оқырманы көп суреткер, ол ақын, прозаик не драматург болсын, ең бақытты, жолы болған қаламгер болып саналады. Әлімсақтан бері солай болған, солай бола береді де. Бұл жағынан келгенде де Қадекең алдына қара салмайды. Кітап дүкені сөрелерінде Қ.Мырзалиев шығармалары тұра бермейді, тез тарап кетеді.
«Жүрегіме жеткен жырды» оқығаннан кейін келетін бірінші ой оқырмандар мен ел ішінде анда-санда айтылып қалатын «қазір өлең оқылмайды» деген пікірлердің жаңсақтығы.
Екінші келетін ой – ел ішінде күні бүгінде өлең сүйіп оқитын табынушылар мен ойлы оқырмандардың бар екені.
Үшінші ой – біздің қоғамда оқырмандардың БАҚ құралдарында көркем шығармалар, олардың авторлары туралы пікір-ой айтуы кең етек алмағаны өкінішті-ақ. Осындай олқылықтардың орнын Сәпен Аңсат ағамыздың «Жүрегіме жеткен жыр» кітабы толтыратыны сөзсіз.
Сәпен аға! Қаламыңыз ұштала берсін, жақсылық жаршысы болып жүрген қалпыңызда жүз жасаңыз.
Сәке, Алла берген жасын осындай асқақ абыроймен, мерейіңіз үстем болып, Құдай қосқан қосағыңызбен, балалар, немерелермен, ел тыныштығын тілеген қалпынызда жасай беріңіз! Тілектеспіз, аман болыңыз!
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор