ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӨТКЕНІН ЖАҢҒЫРТУ – ТҮРКІ ӘЛЕМІН ЖАҢҒЫРТУ
19.07.2019
872
0

Яһуда АМАНДЫҚОВ,
жазушы-сазгер, филолог-ғалым

«Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды. Сол себепті, оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – аса әлеуетті дүние. «Қарашаңырақ» иесі қазақ атасына қоса, дүниежүзіндегі түркі туыстарды оятып, мыңжылдық жан-дүниесін қайта жаңғыртудың қандай үлкен іс екенін ойлап көріңіз. Ұлы дала ұлысы – түркі әлемі адамзаттың дамуына қаншама игілікті үлес қосты. Осыны жер жүзіне мойындату – бұрын айтылмай келген және енді алдымызда тұрған парыз.

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӘН-БИ АНСАМБЛІН ҚҰРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Ең алдымен, болашақ дамудың тірегі ретінде «Дала фольклорының антологиясын» жасауға ұлт болып кірісу керек. Осы орайда жан-жақты жанрларымен елдің мыңжылдық тағдырын әрі жырлап, әрі айқын көрсетіп бере алатын өнер ордасы – Ұлттық ән-би ансамблін құруды ұсынам. Ол халқымыздың өшпеген өткенінің жаршысы болмақ. Осыдан тарихи санамыздың жаңғыруы басталады.
Елімізде түркі халықтарының мәдени күндерін кезегімен өткізіп отырсақ, игі үрдіске айналары сөзсіз. Жаңадан құратын Ұлттық ән-би ансамблін екі бағдарлама бойынша құрғанымыз жөн. Бірінші бағдарламада ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміздің қазіргі уақытта жалғас табуын туысқан елдермен тарихи байланыста көрсету. Екінші бағдарлама: Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың барлығының өз орталықтары бар. «Көппен көтерген жүк – жеңіл». Әр ұлт өз өнерпаздарын Ұлттық ән-би ансамбліне мүше етіп қосып, қаржыландырып отыруға шамалары жетеді. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тың бастамасын қолдаған ұлтаралық татулық пен бірліктің нағыз үлгісі болар еді.
Жалпы, өнерпаздар – бір-бірінен бөлек ұжым емес. Бәрі – Қазақ Ұлттық ән-би ансамблінің мүшелері. Олар екі бағдарлама бойынша да бірдей жұмыс істей алады. Егер Ұлттық ән-би ансамблін құру туралы ұсынысымыз мақұлданса, онда оған «Ұлы Дала тұлғаларының» бірі, қазақ халқының атын әлемге алғаш танытқан әнші Әміре Қашаубаевтың аты берілсе деймін.
«Ұлы Даланың жеті қыры» – Тұран төрі, атажұрт Қаратау мен Түркістаннан бастап, бүкіл түркі әлемін түп-тегімен жаңғыртудың күретамыр жолы. Ал ел тарихы қашаннан фольклор мен музыкадан іргесін ажыртпаған.
Екінші үсынысым: Тәулік бойы тұрақты жұмыс істейтін «Қазақ өнері» атты арнайы арна ашылса. Бұл жаңа арна Ұлттық ән-би ансамблімен бір бағытта болмақ. Халық фольклорын түрі мен тегіне қарай жүйелеп, халыққа жеткізуіміз керек. Сонда інжу-маржан әндеріміз әуелей самғап, қисса-дастандарымыз «қамаудан» босап, кеңістікте еркін көсілер еді.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» БАСТЫ ОРТАЛЫҚ БОЛАДЫ

Түркі халықтарының мәдени күндері жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Еліміз жүздеген жылдарғы жоғына жолығар еді. Дархан қазақ тереңде жатқан туыс-тамырларын тауып, түркі дүниелік жаңа жапырақтарын жаяр еді.
Осы айтылған игі істерді іске асыру үшін «Ұлы даланың жеті қыры» атты үлкен орталық құру керек. Оны ұйымдастыратын алқа мүшелері болады. Сонда тарихшылар, археологтар, архив мамандарынан бастап, ғалымдардың бәрі бір бағытта берекелі жұмыс істер еді. Ұлы арнаны құрайтын жылғалы жаңалықтар ұшан-теңіз байлықты жинары сөзсіз.
Бұл орайда Мәдениет және спорт министрі, Жазушылар одағының басшы­лығы мен ұлттық бай фольклоры­мыздың бесігі – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты осынау істің басы-қасында болып иелік етеді. Сонда Ұлы Даламыздың тарихи жаңа табыстары әр жерден бөлек дауыс көтермей, бірлікте болады. Жоғарыда айтқан ұйымдастыру алқасының ғылыми құптауынан кейін, күні өтумен жасырулы жатқан барлық түркі әлемінің дүниелері жарыққа шығады. Шығармашылық көрмелеріміз ғаламды аралайды.

«ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ: ТҮП-ТАМЫРЫНАН ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ДЕЙІН»

«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қарашаңырағы». Осыған байланысты, «Түркі мәдениеті: Түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Елбасымыз осы жоба аясында 2019 жылы Астанада түркітанушылардың дүниежүзілік конгресі өтетінін хабарлаған еді. Мұндай салтанатты әлемдік сахнаны «Ұлы даланың жеті қыры» негізінде құрылған Қазақтың Ұлттық ән-би ансамблі ашса – оңды іс. Бұған қосымша, думанды ортада әр ұлт өкілдерінің өнер көрсетіп қатысқаны да бірлікке жол болар дейміз.
Ең басты қуаныш – дүниенің түк­пір-түкпіріндегі түркітанушылардың атажұр­тына кеп аттан түсіп, құшақ жайып, бір-бірімен табысуы.

ПІКІР ҚОСУ