Алтайда ауыл болған Мұқыр деген…
12.07.2019
377
0

Жазушы Әлібек Асқаровтың есімі қазақ оқырмандарына кеңінен таныc, аудармалары арқылы, мінеки, орыстілді аудитория – бізге де жетіп жатқаны қуанышты жағдай. Қаламгер шығармалары – бүгінгі таңдағы төл әдебиетіміздің төріндей талантты туындылар, кесек дүниелер. Солардың ішінде оқырманға бұрыннан таныс «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы (орысшасы — «Стон дикой долины» деп аударылған) 2018 жылдың соңында қайыра басылып, мектеп қабырғасында оқытуға ұсынылған екен.


Әсел ОМАР,
әдебиет зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты
(Мәскеу қаласы)

Бұл роман – Кеңес дәуірінің соңы мен ел Тәуелсіздігі таңындағы беймаза жылдарды, нарықтың әлегі мен қиындығын бастан өткерген ауқымды әрі асқақ эпикалық оқиғаларды қамтиды. Шығарма ауыл өркениеті мен адамдар тағдырын арқау ете отырып, терең пайымдарға, философиялық тұжырымдарға барған.
Романда қарт Алтай күрсінеді, күңіренеді. Күңіренген Алтайдың таңғажайып табиғаты аясынан мұржаларынан көк түтіні сыздықтап, уақыт ағынымен баяу жүзген Мұқыр дейтін шағын ауылды көреміз. Әңгіме ауаны – осы ауылдың қарасуға да разы қанағатшыл тұрғындары жайында, олардың таңды атырып, тауықты шақыртқан қарапайым тірліктері төңірегінде. Қаламгер қаламынан құйылып түскен бұл туындының тынысы жайлаудай кең, жанға жайлы, дертке дауа. Мұқыр сізге баяғыдан таныстай, бейнебір сіз осы ауылдың бел ортасында үнемі жүр­ген­дей, өміріңіз мұндағы ағайындармен қатар өтіп жатқандай сезінесіз. Бұндай етене жақындықтан оқырман Мұқырды гуманитарлық микрокосма моделіне ұқсатады, жер түбі Ойкүменнің бұйра шалғын отты өңіріне балағандай болады.
Романның сюжеттік құрылымы мен атмосферасы эпикалық жанр дәстүрінде реалистік бағытты ұстана отырып, эсха­то­логиялық тарихқа ұласады, ақырзаман жайындағы мифологиялық әпсанамен тұтасып кетеді. Колумбияның Макондосы сияқты қазақтың Мұқырын да болашақта салдырап бос қалу, қаңырап қирап қалу тағдыры күтіп тұрғанын білесің. Шығармаға бойлаған сайын кейіпкерлер шеңбері де кеңейіп, оқиғалары қоюланып, өмір суреттері күрделене береді. Көркімен күпініп, ажарымен аңызға айналған Хан Алтай – исі түркінің атажұрты, алтын бесігі екені аян. Осы алтын бесік Алтайдың қытымыр да қатал табиғаты романда қасиетті мекен, қастерлі кеңістік ретінде көрініс табады. Автор Алтай тарихының мифологиялық негіздеріне пәлендей екпін салмаса да, өрісі майлы, қонысы жайлы Мұқырды суреттеу арқылы елеусіз ғана ауылдың әлемдік даралығын, ғаламдық орнын аңғартады.
Уақыттан уақытқа ауысқан сайын оқыр­ман оқиғалар тізбегіне шырмала түседі. Полифониялық бұл роман адам өміріндегі оқиғаларды, оның психологиясын, мінезін, ойлау жүйесін, дүниетанымын, басқа адамдармен арақатынасын және ағымдағы уақытты ғарыштың дербес бөлшегі ретінде қарастырады.
Біз Мұқырдың пайда болу тарихына да, оның құндыздай құлпырған қызыққа толы жылдарына да, қотыр тайдай құты қашқан ақырға сәттегі күйіне де куә боламыз. Автор ауыл тынысын, тіршілік түйткілдерін қара­пайым да көркем суреттер арқылы ұдайы алдымызға жайып салып отырады: орман жиегiнде тiзесi шыққан олимпийкасын тыртита киіп Мырзахмет бүлкең-бүлкең желiп барады; жез шәйнегiн сүйретiп, борсаңдап Бектемiр молда қораны айнала береді; кітапханашы Дәулетхан Венеция мен пизандық мұнараны сақтап қалудың жобасымен әуре; ақсақ Нұрғали Семейден арнайылап сатып әкелген есегінен құтыла алмай қиналуда; етектегі Лексейдiң ауласынан «Ой, мороз, морозды» әуелеткен көңiлдi айғай шығады, іргедегі жабағы бет омарташы орыстар шала қазақ Лексейдiкiнде тойлатып жатқан сияқты…
Қазақ әдебиеті дәстүрінде эсхатологиялық дүниетанымның жарқын үлгілері баршылық. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қаһар­мандары қайғы-қасіретпен қол жеткізген әлемі өз иеліктеріне өтеді деп сенген, бірақ күткен үміттері көз алдарында құрып, жойылады. Эсхатология Асқаровтың кейіпкерлер әлемінде трагизммен емес, экзистенцияның өзімен ашылып, өмірдегі өзгерістерді «елмен көрген ұлы той, басқа түскен бәлекет» деп қабылдайды да, өткенімен саналы түрде қоштасады. Олардың бұлайша қабылдауы – қоғамдық құбылыстарға философиялық тұрғыда, тұрмыстық даналықпен қарауға мүмкіндік береді.
Романдағы апокалипсистік шарықтау – соғыс ардагері Әмірдің майданда алған марапаттары мен медальдарын өртеп жіберетін тұста айқын көрініс тапқан… Жер түбіндегі Мұқырда майданда қаза болғандарға арналған ешқандай белгі де, ескерткіш те жоқ-ты. Жергілікті биліктің де, жоғарғы жақтағылардың да бастарына бұндай идея ғұмыры келемесе керек. Соны түсінген Әмір шал автомат ұстаған солдаттың бейнесін өзі ағаштан шауып, оны ауыл маңындағы қырқаға қасқайтып орнатып қояды. Бірде, сол ескерткіштің домалап шошқа тімтінген күресінде жатқанын көрген майдангер қатты қорланып, өзінің «өткен өмірін» отқа лақтырады.
Романдағы күйкі тірлікке күле қарайтын қарапайым, жер-жаһанның жан естімеген бір тұйығында ғұмыр кешіп жатқан кішкентай адамның талайлы тағдыры бүкіл адамзаттың қасіретіне ұласқандай. Шындығында, біздердің кейде жанымызды қоярға жер таппай жабырқайтынымыз, мәңгілік алдында жалғыздығымызды сезінетініміз, жетім балаға ұқсап жүнжіп кететін кездеріміздің де болатыны рас қой!
Алдымен бұғы бағып, балын сауып отырған жоғарыдағы бөлімше тарқайды. Ақар-шақар жетпіс үйден жеті үй ғана қалады қаңырап. Соңынан еңістегі етектей ел – совхоздың да таратылатыны белгілі болады. Түбінде ауыл ғана емес, аудан да құритынын аңғарысады. Сөйтіп, өздерінің ежелден шиырлаған шағын әлемі мәңгілік келмеске кетерін ұққан кезде – Мұқырдың соңғы демі ғаламдық мәселе сипатына ие болады. Кейіпкерлердің әрбіреуі атан түйенің жүгін арқалаған. Олар жиі-жиі жиналып кеңес құрады, тығырықтан шығар жол іздейді, тірліктерін бағамдап, қорытындылар жасайды. Кеңес кезіндегі өмiрлері бiреулер көкiп жүргендей зая да болмаған шығар, десе де, арбалған санамен алданған ғұмыр кешкендерін түсінеді. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуiр бәрiнің тышқаншылап, ұсақталып бара жатқанын сезеді. Жастардың қағынан жерiген құландай қалаға қашып жатқандарына қынжылысады. Өсер елдiң – арманы көп, өшер елдiң жанжалы көп боларын бағамдап, мектепке ат қою үшін басталған ағайын арасындағы шарпысты, кеңірдек қыздырған дау-дамайды басуға тырысады. Ең соңында «барымыз да осы, бағымыз да осы, ендi бiздi тезге салғанмен тү­зелмеспiз», – деп түйеді. Тәуелсіздікке қол жеткізген кейінгі ұрпақтың амандығын тілеседі. Ауыл үлкендерінің кезекті бір кеңесі шолақ аяқ Нұрғалидың әңгімесімен аяқталады. Оның ағайынға жорытқан түсінде ғаламдық ауқымдағы ойға жетелейтін бейнелі теңеу, эпикалық метафора жатқандай: «Түсiмде жапырағы жайқалған бiр мәуелi бәйтеректі көрдім. Сол бәйтерек шайқатылып-шайқатылып тұрды да, менiң көз алдымда ұзынынан сұлап, гүрс етiп құлап түстi. Қарасам – бәйтеректiң тамырын быжынаған қалың құрт кемiрiп жеп жатыр екен…»
Табиғатпен етене болу, оның дүлей мінезіне көндіге отырып қоян-қолтық тіршілік ету, өмір салты мен табиғат ырғағының үйлесуі, туған жерге деген шексіз махаббат пен перзенттік құрмет сынды Асқаровтың кейіпкерлеріне тән қасиеттер бұл туындыны Мелвиллдің «Моби Дик», Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» романдарымен үндестіреді. Яғни, «Өр Алтайдағы…» арпалысқан уақиғалар ауқымы, адам рухының жеңілмес қуат-күші, өмірге деген құштарлық – осы ойымызға дәлел.
Ауылдастың көбісі соғыстың қанды қасабынан оралмады, біршамасы сталиндік зұлмат жылдары жазықсыз атылды, жаламен түрмеге жабылды, аман қалғандары итжеккеннен мүгедек боп оралысты. Қазақтың ауылы сонда да тұралап қалған жоқ, жылдар жарасын жазып, еңсе көтерді, етек жапты. Нарық келіп тағы да ел иесіз, езу киесіз қалғандай күйге түскенімен, бір замандарда бұл ауылдың анау айтқандай «алтын ғасыры» да болғанын автор еске салады…

«Казахстанская правда» газетінен
ықшамдап аударған
Алмаз Мырзахмет

(Толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір