ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ ШАРЫН ШАТҚАЛЫ
12.07.2019
12034
18

Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі… Осы сөзді қазақ қалай айтқанын бүгінгі ұрпақ толық мағынасында түсінеді деу қиын. Жаз болса саяхаттап, құрлық аттап, Анталья мен Мысырға, Дубай мен Дунайға, Қаратеңіз бен Хайнанға ағылып жатады. Ал қасымызда, тура өзіміз өмір сүретін ортада жұмбақ өлке, тұмса табиғат, көгілдір көЛ, асқар тау, бетегелі дала, құмдауыт өңір, жазиралы мекен, шөлді ұйық, аңыз бен мифке толы қаншама орын бар. Демалысыңызды пайдаланып, бала-шағаңызды ертіп, туған жердің иесі мен киесі туралы сыр шертіңіз, тарихына қанығыңыз, өткеніне ой жүгіртіңіз – бір жағынан өзіңді тану, өткеніңді білу, ұрпақ санасын отаншылдық рухқа суару үшін керек; екінші жағынан мағыналы да мәнді демалыс болмақ. Біз бүгін еліміздегі туристік орындардың бірі де бірегейі – Шарын туралы білгеніміз бен түйгеніміздің бір бөлігін ақтарамыз.

Шарын шатқалы… Алып аңғарлар. Қызғылт қамалдар. Мыстан сайлар. Жалмауыз кемпір өзегі… Осы бір айрықша орын туралы айтылатын аңыз көп. Ақиқатын ешкім аршып ала алмасы тағы белгілі. Өйткені Шарын каньоны мына жер бетіне пенде баласының табаны тимей тұрып, миллион жылдар бұрын пайда болған. Өйткені кер даланың төсінен адам баласы мың жылдап кертісе де, дәл осындай ғажапқа толы әлемді жасаулары мүмкін емес, оған тек бөлекше күш, миллиондаған жыл уақыт қажет. Шарынға барып, өз көзімен көрген жан оның кереметін анық түсінеді, ертегілер елінде, яки бір ерте заманда қираған алып қағанаттың орнында тұрғандай күй кешетіні рас. Неге дейсіз ғой…
Жеті иірімді суы бар әйгілі Жетісудың орта бөлігінде мыңжылдықтар жұмбағын ішіне бүгіп даңқы алысты шарлаған Шарын жатыр. Алматыдан 200 шақырымдық жерде, Нарынқол мен Кегеннің етегін басып, Шығысқа бет түзеген керуен жолдардан сәл қиыс шетте орналасқан бұл өзгеше өрнекті мекен туралы адам баласының білгеніне көп бола қойған жоқ. Жоқ, қателесіп тұрмыз, өзгелер бұл сұлу мекенді көрмегенімен, біздің бабаларымыз сан алапат ғасырлардан бері осы таулардың қойнауында өмір сүріп, тылсымы көп мекенге таңырқаумен келеді. Әуел десеңіз, сонау қола дәуірінен бұрын-ақ осындағы құздардың басына, тастардың, уақыт мүжіп бітірген, тотықтырған қызғылт керіш топырақтардың бетіне – ежелгі адамдар, бәлкім, прототүркілер, бағзы көшпенділер шығар, түрлі-түсті суреттер сызғанын көрер болсаңыз, ойыңыздың он саққа кетері сөзсіз. Баһадүр бабаларымыз не жазды екен? Не сызды екен? Қызықсаңыз, солай тартыңыз!
Әлемнің арғы жарты бөлігінде аты жалпақ жұртқа мәшһүр осындай бір каньон бар. Солтүстік Америкадағы Колорадо каньондарының тура бір үзіліп түскен бөлшегі осы Шарын дерсіз немесе керісінше, Колорадо каньоны Шарынның домалақ жердің арғы бетіндегі екінші нұсқасы іспетті. Колорадоны адамдар бертінде байқап, жиі зерттеу жүргізіп, туристердің назарын аударғалы ғасырдан астам уақыт өтті. Үндістердің сырлы мекенін алғаш ашқан америкалық саяхатшылар орта ғасырлық хандықтардың үстінен түстік пе деп те ойлаған көрінеді. Алғашқы көрген жанға сондай сұлу, әсемдігімен қоса, айбарлы, суық, қорқынышты елестейтін бұл каньон жайлы аңыздардың сан тарау нұсқасы бар. Ал Шарын шатқалын алғаш көрген орыс геологтары мұндай табиғаттың басқа аймақтарда жоқтығын айтып аузының суы құрыған. «Тіпті, Колорадоңыздың өзі ауқымы сәл үлкенірек демесеңіз, Шарынның қызғылт топырағы, өзгеше ойылымдық өрнектері, табиғи жақпар құздары жанында жіп есе алмайды», – дейді білетіндер.
Бір қарасаң айбарлы арыстанға, енді бір қарасаң жалама құз-жартастарға, тағы бірде мұнаралар тізбегіне ұқсайтын жал-жал қыраттардың ішінен – сағымдар әлемінен мұнартып неше түрлі формадағы бейнелер елес беріп өткендей. «Мұнаралар ішінен уілдеп, дауылды жел яки ызғырықты үскірік соққанда, түрлі дыбыстар шығып, жын-перінің мекеніндей болып кетеді», – дейді жергілікті жұрт. Ешқандай да жын мен перінің мекені емес, Алла өзі ғажап жаратқан бұл шатқал­дар қосынынан желдің екпініне, қай бағыттан соққанына қарай, аңғарлар аурасынан өзі сондай табиғи үн шығатын көрінеді…

Т.ТАҢЖАРЫҚ

(Толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР18
Аноним 06.11.2019 | 20:27

Шарын шатқалы алматыда орналасқан.

Аноним 25.12.2019 | 23:45

Не иииии

Аноним 27.04.2020 | 16:58

Не хауар

Аноним 05.05.2020 | 12:53

Жаман🤢🤢🤢😱😱

Аноним 12.05.2020 | 09:31

Ваааайй 😍🤤🤤

Аноним 12.05.2020 | 09:32

Шарынға барғам өте керемет жер ❤❤

Аноним 19.05.2020 | 21:29

Дерский базар жоқ 👍👍👍

Аноним 09.03.2021 | 10:25

Шарын Маңғыстауда орналасқан және өте керемет жер.

Аноним 09.04.2021 | 18:00

Өте әдемі жер екен!

Аноним 13.04.2021 | 13:54

Өте керемет екен мен кейін жазда Алматыға барам 😍😘.

Аноним 16.04.2021 | 10:47

Шарын шаткалы керемет жер ол жетын табигаты керемет

Аноним 16.04.2021 | 16:51

кушти

Аноним 22.04.2021 | 15:37

Ех шіркін бару керек еді өте керемет жер екен

Аноним 30.05.2021 | 15:26

Шарын шатқалы Алматыда. Мұнда біреу Маңғыстауда дем жазыпты, бірақ олай емес. Маңғыстауда Қарақия бар. Олда өте әдемі жер. Сол жерді жазған болар Шарын деп.

Аноним 12.07.2021 | 03:54

Я видела там нечто страшное

Аноним 07.09.2021 | 17:42

Керемет🗡️

Аноним 27.09.2021 | 20:59

.

Аноним 10.09.2023 | 22:12

керемет жер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір