«Ит тірлік». Бұл – үш қырлы әңгіме
12.07.2019
2122
0

Есболат АЙДАБОСЫН:

– Әуелі шығарманың атауы қызықтырды. Оқып біткен соң да осы жайында ойландым. Бірақ ол ойымды ешкімге айтқан жоқпын. Сізге де айтпайын. Өзіңізден сұрайыншы, неге «Ит тірлік» деп атағансыз?
– Бұл атау үш қырлы… Шығарма бір қарағанда бір иттің өмірі жайлы көрінеді. Туды, өсті, итке берілер өмірдің сыбағасын алды, соңында өлді. Бұл – бірінші арна, ең қарапайымы да – осы. Екіншіден, мұнда адамның иттігі деген мәселе жатыр. Аңшылық құмарлыққа берілген, өзгеден абырой асыруды көздеген Киізбет ұрғашы тазыны тудырмай жүгірту үшін қиянатқа барады. Қазіргі журналистиканың тілімен айтқанда, «итті ана болу бақытынан айырады». Сол бір әнтек әрекеті үшін опық жейді. Үшіншіден, итшілеген тірліктің сұлбасы көлбеңдейді, бір-бірімен тайталасқан тіршілік иелері, ырылдасқан, таласқан, бірі қашып, бірі қуған берекесіз өмір. Сіздің ойыңыз осы үш арнаның қайсысын бойлап кеткенін білмедім.

– Менікі сол екінші арнамен аққан секілді. Бір сәттік қызыққа бола басқа тіршілік иелеріне қиянат жасап жіберетін әдетіміз жоқ емес, бар. Көбіміз сол Киізбеттің «доғал пәлсапасынан» аспай жүрген секілдіміз.
– Теледидарды қосып қалсаң да, ғаламторды ашып қалсаң да көретінің қисапсыз қырылған киік, қан-жоса болған қасқыр, атылған құс, ауланған балық… Малдың иесі болса, аңның киесі бар деуші едік. Кие, обал деген ұғымдарды ұмытқан жоқпыз, бірақ кейде ескермей кететініміз бар. Өз басым хайуанаттар бағы мен ЦИРК-ке балаларымды алып барған сайын күйзеліп шығамын. Жақында шығыс өңірде аламан бәйге өтті, аттарды 140 шақырымға айдапты, меніңше, бұл да дұрыс емес. Адам өзінің құмар, қызығы мен бас пайдасына бола басқаға қиянат жасамау керек. Әр нәрсенің шегі бар.

– «Ит-тірлікті» оқып отырып, аңшылық жайында көп мағлұмат білетініңізді аңғардық. Әңгімені оқыған кезде сюжет ойдан құрастырылмай, нақты оқиғаға негізделгендей көрінді. Бұл тақырыпқа материалды қайдан алдыңыз?
– Өзімнің нағашы атам Алтынбек – мерген адам болған. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында тұрды. Сол кісі үш рет оңқа тұрғызған екен. Арқардың құлжасын тап жүректен көздеп атқанда құлжа құламай орнында қатып қалса, соны қазақ пен қырғыз аңшылары «оңқа» деп атаған. Сонан кейін біздің өңірде елікше маңырап, қасқырша ұлитын аңшы жігіт өтті. Ауып келген сіңбе еді, ауылға жоламай таудан үйшік соғып алып, сонда тұрды. Жергілікті жұрт «Ұлыма» деп ат қойып алған. Үш-төрт жыл бұрын қайтыс болды, жарықтық. Осы екі аңшыны кейіпкер қылып алып әуелі «Ұлыма» деген хикаят жазғанмын. Бір дүние жазарда естіген, көрген, оқығандарыңды түртіп, материал жинайсың ғой. «Ұлыманы» жазып болған соң қарасам, сол материалдардың ширегін ғана кертіппін. Содан қайта кірістім де осы «Ит тірлікті» жаздым. Мұны жазған соң да жиған-тергенім түгесілмепті, қоржын түбін қағып-сілкіп «Сырттанның итаяғы» деген тағы бір хикаят жаздым алдыңғы жылы. Осылайша аңшылық тақырыбына бір бас сұғамын деп үш әңгіме алып шықтым.

– Әңгіме сюжеті классикалық үлгіге құрылыпты. Аңшы өмірі мен аңшылық туралы шығармалар жетерлік. Өзіңіз осыған дейін осы тақырыпта жазылған қандай шығармаларды сүйсіне оқыдыңыз?
– Өзім мылтық ұстап, торғай атпасам да аңшы, саятшыларды көріп өстім. Нағашы атамның аңшылығы жайлы әңгімелерді көп тыңдадым, содан болар бұл тақырыптың тұрақты оқырманымын. Жалпы, аңшылық, атбегілік өнер жайлы жазылған дүниелерді іздеп жүріп оқитыным бар. Тазы жайлы жазылған шығармалардың төресі – Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» деген хикаяты, ал Сафуан Шәймерденовтің «Ит ашуы» деген әңгімесінде иттің ішкі психологиясы сәтті берілген. Жалпы аңның киесі деген мәселе Дидахмет Әшімханұлының «Зауалында», Марал Ысқақбайдың «Кезек дүниесінде» жақсы қамтылған. Ал Асқар Алтайдың «Көзжендетінде» кие мен обал мотиві бар. «Көзжендет» пен «Ит тірліктің» айтар ой, көтерген идеяларында ұқсастық бар.

– «Ит-тірлікте» ши тазыны баптау мен иттің осы тұқымының ерекшелігі туралы нанымды баяндау оқырманды өзіне тартары даусыз. Шығарманың бас жағы бірсарынды баяндау секілді сезілгенімен, әр бөлім сайын оқиға желісі мен кәсіпке байланысты (аңшылық жайы, аңшы итін баптау) сөздердің орнымен қолданылуы, суреттеудің нанымдылығы оқырманды еліктіре түседі екен. Сөз білемге салынып, орынсыз теңеу қуу, көркем сөзді тізбектеу жоқ. Көлемі де едәуір. Әңгімені қанша уақытта жаздың? Жазу кезінде сөз қолданыста қиындықтар болды ма?
– Менің ұғымымда көркем шығармадағы сөз дегеніміз – құрылыстағы кірпіш секілді. Оны рет-ретімен қолданғанда ғана өнер туындысы шығады. Ал сөзіміз кедір-бұдыр болса, сәулетті ғимараттың сәнін кетіріп тұрған кірпіш секілді шығарманың көркемдігін құртады. Тіл байлығын көрсетемін деп сөзді төге беруге де болмайды, сол секілді тақұл-тұқыл құрғақ жазудан да қашқан жөн. Шығарма жазғанда түсіндірме сөздік, синонимдер сөздігін ақтарып отыратындар бар екен. Мен өзімде бар сөзбен ғана жазамын. Өзім түсінбейтін, мағынасы бұлыңғыр сөздерге жоламаймын.

– Әңгімедегі Киізбет пен Кенжәлі образы, осы екі кейіпкердің жұмбақ та бұйығы характері, олардың өзара қарым-қатынасы және Ызғытқа байланысты ұстанымдары көп ой салды. Әңгімеде образ жасау, кейіпкер сұрыптау жағы оңай емес қой. Киізбет пен Кенжәлі бірін-бірі толықтыратын бір тұлға секілді. Егер әңгіме туралы жазушының өзінен сұрар болса, онда бұл кейіпкерлер болмысы туралы не айтар едіңіз?
– Образ жасауды құнттамайды екенмін. Кейбір шығармаларда кейіпкерлерімнің портретін жасамай кетіппін тіпті, оны бір сыншы қарындасым айтқанда барып бір-ақ байқадым. Менде шығарма басталмай тұрып идея ғана болады, образдар шығармамен бірге туады. Шығарма қалай аяқталарын кейде біліп отырамын, кейде білмеймін. Былай аяқтаймын ғой деп отырған шығармам мүлдем басқа арнаға бұрылып кеткен кездер де болған. Кейіпкерлер жазу барысында пайда бола кетеді, қажетсіз деп тапсам, артынан алып тастаймын. Бұл әңгімені Кенжәлісіз де жазып шығуға болады, ал Киізбетсіз қиын. Киізбет – қазіргі дойыр аңшылардың типтік бейнесі. Қырыпсал аңшылардың талайының тағдыры қиын болған, обал, кие деген дүниелер жібермейді. Адам бұл дүниеде жасаған жамандығы мен жақсылығының өтеуін о дүниеге алып кетпейді екен. Осы жақта жүріп-ақ көресінді көреді. Соған көз жетті. Үлкен кісілер налығанда «Құдай есебін тапсын», «Құдайдан қайтсын» деп отыра беруші еді, соның сырын енді түсіндік.

– Әңгіменің соңы тосын аяқталыпты. Киізбеттің бірбеткей болмысы мен соңғы түйіндегі шешімі де өзін-өзі ақтап тұр. Егер елімізде мультипликация саласы дамыған болса, толықметражды анимациялық фильм жасауға сұранып тұрғандай. Осы әңгіме негізінде сценарий жазу ойыңызда жоқ па?
– «Мына әңгімең киноға, мультфильмге сұранып тұрған дүние екен» дегенді талай естідік. Өзіміз де талай замандасымыздың шығармасын оқып, осындай ой айттық. Бірақ соның біреуі экрандалып жатқан жоқ. Қазір республикалық телеарналарда көрсетіліп жатқан қаптаған телехикаялардың сценарийі қайдан алынып жатқанын білмедім. Кітап оқитын бір продюсерді білемін, Гүлнұр Мамасарипова деген. «Азап пен мазақ» деген әңгімемді ұнатып, телесериал түсірейін деп хабарласты. Келісім бердім. «Рауан» деген он сериялық телехикая түсіріп, «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді. Егер мына дүниеге біреулер қызығып жатса, қолын қақпаймын. Жалпы кино саласында жүрген мамандар кітапханада бір күн отырса, бірнеше фильмнің сценарийін өңгеріп қайтар еді. Экранға сұранып тұрған сюжеттер жетерлік. «Қазақфильм» байқау жарияласыншы, киноға лайықты әңгімелеріңді сұрыптап жіберіңдер деп… Қоржындарын толтырып тастар еді. Театр мен кино саласының басты идеялық доноры – әдебиет екенін ұмыттық. Сахнадағы қойылым секілді экрандағы киноның да сценарийі әдебиеттен алынғаны дұрыс еді. Сонда қазіргідей әрбір фильмнен қате тауып, актерлердің әрбір тіркесін аңдып отырмас па едік?! Құрығанда, киноның тілі түзелер еді. Бізде қазір өнер мен өнердің арасындағы байланыс нашарлап кетті. Әркім өз ауласында шаңдатып жүр.

Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір