Сан қырлы саңлақ қаламгер
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Төкен Әлжантегінің әңгіме, новеллаларын мерзімді баспасөз бетінен оқып, риза болып жүретінмін. Жақында қолыма «Елең-алаң жалған-ай», «Ебіл-дебіл дүние-ай» (Алматы, «Дәуір» баспасы, 2021, 2022 ж) аталатын екі жинағы тиіп, жақын танысуға тура келді. Екі кітапқа он үш повесі, жиырма жеті әңгіме енген екен.
Солақай саясат салдарынан кеңшар, ұжымшар атаулы таратылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өткен ғасырдағы тоқсан екі, тоқсан үшінші жылдарды көз алдымызға әкелген «Бақыр басты еркек» повесі әп деп басталғаннан-ақ оқырманды жетелей жөнеледі екен.
Апырым-ай, Майсарыны алаңдатқан не? Әншейінде өз ісін ғана білетін көнбіс, шаруақор Айбітім аяқ астынан неге ашу шақырды? Сөйтсек, әйелдің тілін шығарған тұралай бастаған тұрмыстың қамы екен. Айбітім бәріне пұшайман, ал отағасының қаперіне ештеңе кірмейтін сияқты. Жо-жоқ, мүлде олай емес. Жұмыссыздық, ақшаның жоқтығы – қол байлау.
Майсары қаладан келіп мал сатып алушыларға барып сөйлеспек. Айбітім екеуі ақылдасып, еті қоңдылау әрі салмақ тартатын сары өгізді сатуға келісті. Әлгінде ғана ашу-дұшпанға ере шабынып шыға келген Айбітімнің тырысқақ мінезі ұшты-күйді жоғалған соң балалар да көңілденіп, Майсары киініп далаға шыққан. Ауа шаңытып тұр екен. Майсары тіксініп қалды. Көзге түрткісіз қараңғылық, ішін тарта гулеген жел екпін ала бастапты. «Теке бұрқақтың да басталар шағы жеткен-ау», – деп ойлады Майсары. Шешінген судан тайынбас. Қалың қарды омбылап, әупіріммен кезінде зоотехник болған Байғалидың үйін бетке алған. Іші сезеді, ақшалылардың ат басын тірейтіні – осы Байғалидың мекені. Байекең болса, қазір қалаға барыс-келісі, өзгелермен алыс-берісі көп жанның бірі. «Жер аяғы кеңігеннен бастап, қар бекігенше дамыл таппай шапқылайтын Байғалидың қолы ұзын, адымы қарымды. Соның арқасында бел де, бедел де жинап алған…».
Айналасы отыз-қырық түтін «Борсеңгір» шағын ауыл болғанымен, қалай болса солай ретсіз салынғандықтан ауа жайылып шашырап-ақ жатыр. Сәт сайын екіленіп, суық жел қойын-қонышын аралаған Майсары әупірімдеп Байғалидың үйіне зорға жетті.
Байғалидың үйіне жиналғандардың алдында арақ, үйеме табақ ет. Өздері гу-гуге басып, қарта ойынына қызу кіріскен. Аман-сәлемнен соң қолына ұстатқан қырлы стақандағы арақты көптің қолпаштауымен тартып кеп жібергенде лоқсып барып қайтты. Бақса өңеш жыртар, күлімсі иіс «самопал»-спирт екен. Ауылдағылардың ішіп жатқаны да шетінен осындай қойыртпақ.
Келіссөз тек Байғали арқылы екенін білген Майсары сары өгізді саудаламақ. Майсары Байғалидың жеңіне жармасты.
«…Саған айтарым бар.
– Құлағым сенде, Мәке.
– Анау, сарың ет алады ғой, ә?
– Қыстың көзі қырауда, адам тегіннен-тегін ел кезбейді ғой.
– Ол түсінікті.
– Неше бас?
– Әзірге біреу.
– Шұрқ етпе, қалғанын өзім жайғастырамын.
– Е, сөйтші, кейін бір кәдеңе біз де жарармыз.
– Бопты.
Негізгі шаруасы тынғандай болған Майсары үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанын сезінді. Ал ұстараның жүзіндей лыпып тұрған Байғали кетіп бара жатып жуан сарының құлағына әлдене қыстыра салды. Онысы жанына жаққан болу керек, анау жымия басын изеді…».
Өздері қалаға барып малдарын өткізе алмайтын көліктері жоқ, аңқау, сенгіш, жуас ауыл қазақтарын алдап, төмен бағаға сатып алып жүрген «жуан сарының» кескін-келбеті қалай дәлме-дәл берілген: «…Майсары жуан сарыға көз тастады. Шиқандай қызарған беті тершіп отыр. Осы қалпының өзінде жан-жағындағыларға үстемдік тастар еркіндік бар. Күлгенде де ақтарылып түспей, еріне езу тартады екен, карта ұстағанда да мипаздық бар. Жан-жағындағылар қолпаштаған сайын басы кекжиіп, қимыл-қозғалысы байып ала түседі…».
Жә, оның түрін қайтейін, сары өгізге пұл берсе болғаны деген Байғалидан қарызға екі «самопал» алған Майсары қасына Қанатты ертіп үйіне барғанда тағы арақ ішеді…
Бағанағы кешкі асы жұмырға жұқ болмаған, әрі бірінен соң бірін ішкен «самопал» буынға түскен Майсары Байғали үйінің қорасына сары өгізді кіргізген соң Қанаттың «біздің үйге қона сал» дегеніне көнбей алай-дүлей соққан боранға, қараңғы түнге қарамастан, үйіне тартады. Сөйтіп, үсікке шалдығып көз жұмады.
Жазушының «Бейбақ» повесін де жайбарақат оқу мүмкін емес. Бүгінгі қоғамда жиі кездесетін шайқалған шаңырақ, бүлінген тағдырлар, сүйіп қосылған жандардың бастарындағы бақытты бағаламауы жарға жығып жатқаны жасырын емес.
Жаңғабыл мен Балбала да жарасты отбасы еді. Тағдыр жазуына не шара?! Ұлдары Ізбасар үшке толар-толмаста, қызы құрсақта жатқанда қайтыс болды отағасы. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілік етпек. Ажарлы, жас әйел екі жылдан соң Тоқтамысқа тұрмысқа шығып, өмірге Алмас атты ұл келгенде, дүние нұрға тұнып тұрған. Жиырма алтыдағы келіншек толықсып, гүлдей құлпыра түсті. Арыған денесі толыңқырап, кеудені көтеріңкі ұстады. Күйеуінің бастық екені жүрегін мақтанышқа бөледі. Одан артық бақыт бар ма?! Уақыт сынапша сырғап, Балбала қырықтан асты. Перзенттері жетілді. Ізбасар үйленді, Гүлдана тұрмыс құрды. Ендігі сүйеніші – Алмас қана.
Тағы да тағдыр талқысына жолықты Балбала. Тоқтамыстың ескі дерті қозып, жатып қалды. Бірде ауруханада, бірде үйде. Еті қашқан, арыған. Кейде көрер таңды көзімен атырады. Әйеліне де қиын. Тоқтамыс Балбалаға жаны ашиды. «Жаным-ай, қызықты меңзеп шыжық ұстаттым-ау, – дейді мұңайып. – Сәл шыда, сәл ғана төз, сосын мен де жоқ боламын…».
Сырқат күйеуінің жанына демеу болудың орнына көңілі елең-алаң Балбаланың. Осы тұста жылмағай Қалижан жолықты. Келіншек жолдан тайды. Ауыр халде жатқан күйеуін тастап, Қалижанға күйеуге тиді. Онымен қоймай, үйдегі барлық жарамды дүниелерді мәшинеге артып әкетті. «Қарғарсың, қарға. Оныңа лайықпын, дегенмен жолыма тұрма! Мен өзге көлге қонуға барамын!..» – деді-ау Балбала шімірікпестен.
Балбала оңбай адасты! Сайтан азғырды!..
Көп ұзамай Тоқтамыс қайтыс болды… Қалижан болса, «бала таппадың» деген желеумен Балбаланы тастап, өз отбасына оралды.
Нәпсіқұмар, екіжүзді шешенің бұл ісін кешірмеді Алмас. Теріс айналды. Жалғыз Алмас емес, ауылдағы жасы үлкен кемпірлер де жерге түкірді…
Повесть соңында өз тағдырына өзі балта шапқан, адасқан әйел керегі бар, керегі жоқ уыс-уыс ішкен дәріден уланып, о дүниге аттанады…
Мұнан басқа «Алма-кезек дүние», «Аңыз албарындағы ғұмыр», «Арландар апанында өлмейді», «Жалғыздан қалған тұяқ», «Бұлақтар күліп ағады», «Балдан тәтті ғұмыр», т.б. повестерінде жазушы өмір ақиқатын көркем тілмен боямасыз суреттейді. Адамның күрделі жан дүниесін ашады. Өмірде кездесетін қарама-қайшылықтар, күштілік пен әлсіздіктің, тәкаппарлық пен шарасыздықтың теке-тіресі бар бұл туындыларда.
«Елең-алаң жалған-ай» жинағындағы әңгімелердің кез келгенін оқысаңыз да шетінен жинақы, шымыр. «Қайран қарттар-ай» әңгімесіндегі Өтеміс, Мұхтар, Жоламан кәриялардың жүріс-тұрыстары, киген киімдері, іс-қимылдары, адамгершілік қасиеттері тұнып тұрған үлгі-өнеге! Осындай ақылман ақсақалдардың арқасында арда қазақтың тектілігі тереңде-ау деген ойға ылажсыз бас изейсіз.
«Еркектің киесі» әңгімесіндегі Ұлбикенің күйеуі Жанпейістің бір қателігін кешірмеуі салдарынан айырылысып, өле-өлгенше өкініп, тізесін құшақтап дүниеден өтуі көп адамға сабақ боларлық оқиға. Адал, жүрегі таза Жанпейістің жындыханада көз жұмуы, көк дәптерге тізіп: «Мен сені сүйем, Ұлбике!» деп жазып қалдыруы жүрегіңді шым еткізді.
Адам ойына келе бермейтін өрескел, қажет десеңіз – күнә істерді жасайтын ардан безген жандар ғой. Тойға барған кісінің ақшалай-заттай сыйлық жасайтыны рас. Ал тірі жанды «сыйлық» етуді біреу білер, біреу білмес. «Сыйлық» әңгімесінде дәл сондай «тірі сыйлықты» көреміз. Ол «сыйлықтың» есімі – жиырманың о жақ, бұ жағындағы сүп-сүйкімді бойжеткен – Назгүл.
Жұмысқа жақында ғана тұрған жас қызды басшысы: «Мына мекен-жайға, мына кісінің алдына барасың да «мен – сыйлықпын» дейсің. Болды. Қалғанын, жағдайға қарай, өздері шешіп алады», – дейді.
Яғни, «сыйлық дегеніміз – қолжаулық». Той иесі қалай пайдаланса да, неге пайдаланса да өзі біледі…
Сұмдық! Сүйенерлік тірегі жоқ, қорғансыз жас қызға жасаған мазақ! Қорлық! Әңгіме соңында еш нәрседен хабарсыз, баладай сенгіш жас қыздың той иесі «бостың» шақыруымен кетіп бара жатқанын көресіз.
* * *
Жазушы Төкен Әлжантегінің алғашқы әңгімелер жинағы «Армысың, ару күн» деген атпен «Жалын» баспасынан 1987 жылы шығып, ол әдеби жыл қорытындысында лайықты бағасын алған еді.
Т.Әлжантегі – төрт романның авторы. Жазушының шығармалары оқырмандарының жүрегіне жол тапқан туындылар.
Драматургия саласында да ол табысты еңбек етіп келеді. Пьесалары Қарағандының С.Сейфуллин, Семейдің Абай, Атыраудың Махамбет атындағы, т.б. театрларда сахналанған. Сонымен қатар драмалары Республикалық конкурстарда бірнеше рет жүлдегерлер қатарын толықтырды.
Әлжантегінің аударма саласындағы еңбегі де елеулі. Иван Буниннің «Мадридтегі махаббат», «Кішігірім роман», «Степа», «Қарға», т.б. әңгімелері айшықты тіл, нақты ой-орамдарымен тартады. («Жұлдыз» журналы, №3, 2017 ж.)
Төкең ән де шығарады. Атақты «Жаңаарқа вальсін» танымал әнші Қарақат Әбділдина орындаса, «Тым кештеу жолықтық па?», «Қызыл тас», «Айшырақ», «Сүйемін сені, туған жер», «Балқаш вальсі», т.б. әндері белгілі әншілердің орындауында телерадиодан жиі беріліп жүр.
Толымбек Әбдірайым