АЛАШТЫҢ АРДА АРЫСЫ
05.07.2019
1419
0

Әлемжелідегі «әңгімелер»: пәле қуған пәлеге жолығады

Шілденің шіліңгірі басталған күні Арыс қаласына жолымыз түсті. Қа­зір өзі әлеуметтік желі арқылы әлеу­мет­ке есеп беріп отыратын «дәстүр» қа­лып­тасты емес пе? Сол «дәстүр» бойынша біз де, Арыс қаласына, Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы үшеуміздің арнайы келгенімізді, әскери арсеналдың алапат апатын көріп, алаң көңіл болып отырған жұртпен жүздесуімізді шағын жазба түрінде көрсете қойып едік… аты-жөні белгісіз әлдекімдердің тарапынан сөзге қалдық. «Әлгілер сонда не дейді» дейсіз ғой? «Бізді биліктің адамдары» дейді, «биліктің жұмсауымен барып, билікті әспеттеп қайту үшін бардыңдар Арысқа» дейді. Ал, барғанымыз рас. Бірақ, бізді аптап алқымдаған Арысқа «барыңдар» деп балаша жұмсаған ешкім жоқ. Барсақ – өз еркімізбен, өзіміздің азаматтық парызымызды алдымызға салып бардық. Бұны неге тәптіштеп, термелеп айтып кетті дейсіздер ғой? Себебі, кейінгі кезде әлемжеліде күшеншек ба­тырлар көбейіп кетті. Олар істің ақ-қарасын, мән-жайын таразыға тартпайды: әлеуметтік мәселелерден шиеленіс тудырып, әлеуметті дүрліктіріп қояды да, көршісінің үйі өртеніп жатқанда, сойған қойының бас-сирағын үйітіп алатын пысықайлардың позасында мырғамға батады. Осы дұрыс па? Арыстықтардың ахуалын сөз етпестен бұрын әлемжелідегі «жеке батырларға» ат басын бұруымыздың себебі: «осы дұрыспаға» жауап бере ке­ту еді. Өйткені: пәле қуған пәлеге жолы­ға­ды. Пәле қуғаннан Арыстағы ахуал түзелмейді, керісінше, кетеуі кетіп, кене­ресі бұзылады. Сондықтан ел іші қандай да бір күйзеліске ұшырағанда күңіренсек те, күлбілтелеп, көр-жерді көңсітпегеніміз абзал! Біздің Арысқа ат сабылтып барғанда ұға түскеніміз осы болды. Ал, арыстықтарға қазір сөз жәрдемі де («жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей), нақты көмек те аса қажет. Неге десеңіз, олар бейбіт аспанның астында өмір сүре отырып, атыс-шабысқа бергісіз алапат жарылыстардан жүрегі шайлығып, ертеңіміз қалай болады деп алаңдаулы хал кешуде.
«Әлеуметтік желі» дегеннен шығады, шетін оқиға болған күннің ертеңінде Алмасхан Мырзаханұлы дейтін азамат «Арыс қаласында 150-ден астам әскери адам, 100-ден астам тұрғын жарылыстың салдарынан қаза тапты» деп ашық мәлімдеме жасаған еді. Абыр-сабыр басылған соң ол жігіт әлемжеліге қайта оралып, жалпақ жұртқа жалған ақпарат таратқанын, елді орынсыз дүрліктіргенін айтып, Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Сөз жоқ, алас-қапаста «арқасы қозған аруақты ерлер» кейде осылай жаңылысып жатады. Алайда мына бір үйді көрген адам бұнда тірі жан қалмаған шығар деген ойдың жетегіне еруі әбден мүмкін.
Қуанышқа орай, шаңырағы күйреп ортасына түскен үйдің адамдары дін аман. Біз сұрадық: амансыздар ма? Бала-шаға аман ба? Олар айтты (70-тен асқан Жаңагүл Баймұханова әжей мен Жұлдыз Дауылбаева апай): шүкір, аманбыз. Тек қазір нақты тұрақ таппай қиналып жүрміз. Балалардың бірі – анда, бірі – мұнда.
Амандықтан артық не бар, біз бала­қайлар туған ұясына оралар деп іштей тілек қылдық. Сосын, әскери нысанның тап қасында тұрған үйдің адамдары туралы Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрібайұлынан:
– Сіздер «Уақытша мекен-жаймен арыстықтар толық қамтамасыз етілді» дейсіздер. Ал мында жұрт босып жүр ғой? Өздері қираған үйдің тап іргесіндегі әскери нысанда жұмыс істейтін көрінеді. Тым құрығанда, әскерилердің жатақ-жайынан орын тауып бермейсіздер ме? – деп. Бұл сауалымызға Сапарбай Дәрібайұлы:
– Біз ол кісілерді білеміз. Бастапқыда өздері Орталық мектепті жұмыстарына алыссынып бармаған еді. Бірақ, артынша келістік. Олар қазір Ережепбай Молдабаев атындағы №1 орта мектептен қоныс тапты, – деген жауабын берді.

«Бұрын жемеген тамағымызды жеп жатырмыз»

Бұл – Еркебұлан деген ерікті азаматтың сөзі. Еті тірі, сөзшең жігіт бізді бірден үйіріп ала жөнелді. «Елге, Қазақстанның барша халқына ризамыз. Осы уақытқа дейін осындай ел екенімізді білмеппін. Жан-жақтан азық-түлік, киім-кешек деген ағылып келіп жатыр. Шынымызды айтсақ, бұрын үйде жемеген тамағымызды мына мектепте жеп жатырмыз», – дейді ол бізді күлдіріп. Ережепбай Молдабаев атындағы №1 орта мектептің директоры Әшім Нысанұлы да елге ризашылығын білдіре келіп, ерікті (волонтер) азаматтардың ерік-жігеріне тоқталды.
– Әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы 17 секторда тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсететін 17 бөлімше ашылды. 17 бөлімшеде ақы-пұлсыз қызмет жасап жүрген жігіттер үй-үйді аралап, күнделікті азық-түлігін жеткізіп беруде. Бұндай кезде жымқырып қалуды, басып қалуды ойлайтындар да болады ғой. Біздің жігіттер сондай сорақы істерге жол бермеу үшін барын салып, шапқылап жүр, – дейді Әшім Нысанұлы.

Арыс: не істеліп жатыр? Не істелінеді?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы күні бүкіл командасымен Арыс қаласында тұрып, жұмыс істеуде.Сапарымыздың барысында облыс әкімімен жолығудың сәті түспеді. Алайда, әкімшілік қызметкерлері бізге Арыс қаласында төмен­дегідей іс-шаралардың қолға алынғаны туралы деректер берді. Сонымен:
Төтенше оқиға болған күні арыстықтар Шымкент қаласы мен облыстың аудан, қалаларына шұғыл эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылып, оқиға орнына 1488 адам және 189 бірлік техника жұмылдырылған. Қорғаныс министрлігінің саперлік бөлімшелерінен 43 топ, құрамында 408 адамы бар, Арыс қаласын, теміржол стансасы мен көшелерді тазалаған.
Әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Осы 17 секторда тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсететін 17 бөлімше ашылып жұмыс істеуде.
Қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылып, бүгінде шотқа 1 млрд. 200 млн. қаржы түсіп үлгерген. 28 маусым күні Арыс қаласы тұрғындары үйлеріне қайта көшірілді. Тұрғындары оралған қалада ветеринарлық қызмет өлген жануарлардың өлексесін іздеп, оны жою және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 155 маманы мен 22 бірлік техникасы 41 нысанда тексеру және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.
Алдағы күндері: Арыс қаласының әрбір тұрғынына, яғни 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден беріледі.
Сондай-ақ, қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өткізіледі. Бұдан өзге, қала кәсіп­керлеріне 1 пайызбен 5 миллион тең­ге­ге дейін жеңілдетілген несие берілетін болады.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа баратынын мәлімдеді.
Бүгінде Арыс қаласынан 725 бала еліміздің өзге өңірлеріне демалысқа және саяхатқа жіберілген. Атап айтсақ, олар Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ, Бурабайда тынығып жатыр.
3 шілде күні өткізілген брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов Арыс қаласына тиесілі аумақты толық қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 28 мыңнан аса оқ-дәрі табылып, тазартылғанын хабарлады.
Арыс қаласында 340-тан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Оның ішінде 164 дүкен, 5 базар, 8 тойхана, 28 кафе, 6 наубайхана, 5 дәмхана, 5 қонақ үй тіркелген. Осы нысандардың зардап шекпегендері қалыпты жағдайда жұмысқа кірісіп кетті.
Сонымен қатар, зақымданған үйлерді жөндеу мен бұзылған үйлерді қайта тұрғызу бойынша жұмыстар басталып кетті. Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен. 27 үй толықтай қайтадан салынады.
Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 14 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті. Олар тұрғын үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп, 435 үйге жөндеу жұмыстарын бастады.
Қысқасы, айналайын Ақ Арыс біртіндеп қалпына келеді деп сенейік. Қазақтың әні мен жырына арқау болған Арыс өзені мен Алаштың арда Арыс қаласы жайындағы жолсапар мақаламызды Жұматай Жақып­баевтың мына бір өлеңімен әзірге түйіндей тұрсақ па деймін…

Дәурен Қуат, Алматы – Арыс – Арыс – Алматы


Арысқа барғанда
(Зуфарға)

Бір ғажап сурет көрдім деп
ертең мақтанам,
Бөгеннің жері бөлектеп маған
сақтаған.
Ер Қыпшақ Еділ Европадан да
көрмеген,
Жалайыр Мұқылай таңғұттардан да
таппаған.

Аптабы тандыр лебінен артық
өңір бұл,
Арысқа келіп аңырып қалған
жерім бір.
Инелік көрдім шұғынық гүлдей
қып-қызыл,
Инелік көрдім тоты құстардай
көгілдір.

Алысқа емес, Арысқа келіп жетіп ем,
Адам түгіл, жәндігі ғажап шетінен.
Көгілдір, қызыл бояуша олар ұшады,
Лимонад түстес саржасыл
судың бетімен.

Түлендей жылтыр балықшы
достар жанықты,
Көрдім мен сонда қап-қара лақа
балықты.
Ақынның көзі түспеген, білем, бұған да,
Лақадан қазір кез келген бақа
даңқты.

Арысым – әкем, әкемдей
бағып-күтті енді,
Арқалап қайттым Бөгеннен
нәзік жүктерді.
Атаңнан қалған алты Арыс жері
болмаса,
…Көрерсің қайдан көгілдір инеліктерді?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір