АЛАШТЫҢ АЛТЫНБЕГІ
Шығыстың әйгілі бір дастанында өзін «Құдай» санаған Перғауынның көзін шел басып, жүз бүркіт жеккен қайықпен аспанға көтерілетіні туралы аңыз бар. Бұлтпен таласып, зәу биікке көтерілген ол пақыр сол сәтте-ақ қорамсаққа қол салып, шіреніп аспанға садақ тартады. Мақсаты – Құдайды өлтіріп, жер-әлемге билігін жүргізу. Астамсыған пендесінің жебесі құр кетпесін деп Жаратушы құзырындағы періштенің біріне әмір етеді. Ол періште теңізден бір балықты іліп алып, Перғауынның жебесіне тосады. Алқымына жебе қадалып, қансырап, жаны үзіліп бара жатқан балық: «Ей, ұлы Жаратушым! Малғұнның жебесіне жем болардай біз – балық әулеті алдыңызда не жаздық?» – деп күңіренеді. «Саспа, осы құрбандығың үшін сенің үрім-бұтағың тірісінде бауыздалып сойылмайтын болады», – дейді. Адамзат ырыздығы үшін жаралған бүкіл аң-құс, жан-жануар алдымен «Аллауакбар» айтылып, алқымынан сойылса да балықтың басы ажырамай, қазанға түсетін жайы содан екен дейді халық аңызы.
Алты құрлыққа аты әйгілі Тәуелсіз елің туралы ойлағанда сол аңыздың еске түсетіні бар. Не көрмеген, басынан не өтпеген елміз? Қанды балақ, қан сасыған соғыс, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, ашаршылық, репрессия… Көз жасымыз көл екен, құрбандығымыз мол екен. Әйтеуір «орнында бар оңалған» заман да туды. Заманмен бірге мемлекетті басқа сапада құрып, өрге сүйрейтін Алаштың аймаңдай азаматтары, жаңа буын тарих сахнасына келді. Алтынбек Сәрсенбаев – әне, сол қара басынан халық тағдырын, ел мүддесін жоғары қойған қайраткерлеріміздің бірі еді. Амал не, кемеліне келген, бергенінен беретіні көп шағында Алаштың аяулы ұлы шаһит кешті. «Үмітсіз – шайтан», Алтекең аңсаған, бүкіл жігер-қайратын жұмсаған – Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан орнайды деген ел сенімі күйреген емес.
Биыл Алтынбек Сәрсенбаевтің мерейтойына байланысты республиканың әр жерінде түрлі шаралар өте бастады. Бұл да болса тоңның жібігені, сірескен сеңнің сетінегені шығар. Марқұмның өзі оқыған мектепке аты берілді. Алтыншы қазан күні Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Алтынбек Сәрсенбаевты еске алуға арналған халықаралық ғылыми конференция, фотокөрме өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, тарихшылар, саясаткерлер, саясаттанушылар, түрлі БАҚ өкілдері қатысып, баяндама жасады. Естеліктер айтты. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алаштың Алтынбегі» атты әдеби-музыкалық концерт өтті.