АЛАШТЫҢ «АҚ ОЛИМПИАДАСЫ» БАСТАЛДЫ
04.12.2022
485
0

Арқада соғым науқаны басталды. Бұл, енді, қыр қазағы үшін жыл он екі ай бойы сағына, сарғая күтетін мереке. Ақиқатында этнографиялық мәні үлкен қызықтың өзі жаңа жыл қарсаңында, яғни Арқаның сарышұнақ аязы 40 градусқа жеткенде басталады. Қазіргісі – соған әзірлік кезеңі. Яғни соғым семіртілетін мезгіл. Оның да өзге өңірде жоқ ерекше рецепті, тәсілі бар.

Жері кең, бетегесі белден келетін Орталық Қазақстан қазағы жүген-құрық көрмей жабайы болып кеткен соғымын семіртпей, даладан ұстап әкеліп сояды. Жылқы сонда да семіз, күйлі.
Ал астықты Арқа жұрты қысқы соғымын қырық күн семіртіп, қырық бірінші күні сояды. Ал қырық күн, арнайы тәсілмен семіртілген соғым етінің дәмі мүлдем басқаша болады.
Әлбет­те, ет жемейтін қазақ жоқ. Әсіресе қыста. Бірақ біреу қысқы соғымға түйе, енді біреуі сиыр сояды. Ал Арқа қазағы жылқыны ғана соғым деп есептейді. Тіпті күні кешеге дейін сиыр союды қорлық, жоқшылықтың нышаны деп есептеу үрдісі болғаны да өтірік емес.
Алайда үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының биігінен алып қарастырғанда, қазіргі ақиқат басқашалау. Жылқы қымбат. Соғым науқаны қарсаңында тіптен қымбат­тай түседі.
Былтыр 400 мың теңге болған тайдың бағасы биыл 480 мыңға, ал ту биенің құны 700 мың теңгеге дейін шарықтап тұр. Әрине, ондай соғымды сатып алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді.
Бірақ ет дегенде бет бар ма, дала қазағы бәрібір ежелден бауыр басқан дәстүрін әлі де жалғастыруда.
Арқада алты ай қыс. Мал алты, тіпті жеті айға дейін қолға қарайды, қорада тұрады. Сондықтан шығыны да үлкен. Соғым бағасының жыл сайын көтерілуін де соған байланыстыру қисынды.
Көктемдегі егіс науқанынан басталатын тынымсыз еңбек, қарбалас одан әрі егісті күтіп баптауға, шөп шабу, қысқа отын әзірлеуге ұласып, жаңа жылға дейін жалғасады. Ал осыншалықты бейнет­тің зейнетін мал қолға қараған шақта неге көрмеске?!
Соғым науқаны – міне, осындай мереке! Арқа қазағы оны ерте көктемге дейін тойлайды. Қазіргісін білмейміз, таяуға дейін Көкшетау мейрамханалары алты ай қыс бойы өздері «омыртқа», «шеке» деп атайтын дәстүрлі қонақасыдан босамайтын. Ет те, ішімдік те ит-ырғын. Ағыл-тегіл молшылық.
Әрі мейрамханадағы соғымның қонақасысы түн ортасына дейін жалғасады. Автобустар тоқтаған бұл кез – Көкшетау таксистері үшін де ырыс, напақа. Етке тойып, ырс-ырс ыңқылдаған шаламас қазақ 40 градустық аязды түнде үйіне жетіп жығылу үшін таксиске сұраған ақшасын беруге мәжбүр.
Көкшенің орыс таксистері бұл ырысты маусымды «казахский фестиваль», «казахская белая олимпиада» деп атайды.
Қазір Арқада сол «ақ олимпиадаға» әзірлік қызып тұр. Енді жиырма шақты күннен соң жыл он екі айдың ең қызықты маусымы басталмақ.
Ел арасындағы әңгіменің негізгі өзегі де осы соғым науқанына қатысты. Амандықтан соңғы сауал да «соғымың күйлі ме?» дегеннен басталады. Әлбет­те, семіртіп отырған соғымың болса ғана…
Тұтас бір биені жығып сойып тастау­ға екінің бірінің шамасы жете бермейтіні тағы бар. Тұтас жылқы төрт сираққа, он екі жілікке бөлінеді. Екі, төрт адам бірігіп бір жылқы сояды.
Барлық тұрмыстық (этномәдени десе де болады) шара сияқты «ақ олипиаданың» да басты персонажы болуы заңды. Ол – маман соғымшы. Төрт адамның бір жылқыны сирақтап, бөліп алғанын көргеніміз бар.
Төртеуі де ақша шығарған ғой. Сондықтан төрт сираққа бөлінген жылқының еті тең, бірдей болуы шарт. Соғымшының шеберлігі дәл осы жерден көрінеді.
Қыр қазағы әу бастан таразы дегенді білген емес.
Соғым мүшелеп, кесектеліп, төртке бөлінеді.
Жасырақ кезімізде осындай сирақтап бөлу кезіндегі көрген бір ғажайыбымыз да есте. Болмашы келіспеушілік туып, амалсыз төртке бөлінген соғымның әр бөлігін таразыға салғаны бар. Сонда әр сирақтың, яғни әр бөліктегі ет­тің салмағының айырмасы бір килоға да жетпеген!
Ол шынында да керемет шеберлік болатын. Ауыл арасында осы соғымды бөліп союға қатысты небір қызық әңгімелер де айтылады. Біреуі – қырсық, енді біреуі – кесір екі қазақ бірігіп, бір жылқы семірткен екен дейді.
Бір күні қырсықтың үйіндегі ет таусылып қалып, кесірге келіп: «Ет тау­сылды. Соғымды соялық» дейді ғой. Ал кебежеде еті толып тұрған кесір: «Әлі ерте. Күйі көтерілсін, семірте тұрайық» депті.
Біреуі «соялық», енді біреуі «семірте тұрайық» деген екеуі ортақ мәмілеге келе алмай, біраз тәжікелеседі. Ортақ келісімге келе алмайды. Екеуінің де ақ адал ақшасына сатып алған соғым ғой.
Сонда қырсық: «Мен өзіме тиісті жарты соғымымды сойып алам! Ал сен өзіңе тиесілі жарты соғымыңды семірте бер…» деген екен.
Жалпы, қазақтың «ақ олимпиадасы­на» қатысты «кураж» көп. Жылқы еті – әлемдегі ең жеңсік деликатестердің бірі саналады. Мәселен, француз ас үйінде ол – ең бағалы жеңсік ас.
Алматыда ет­ті турап әкелетін дәстүрге көз үйренді. Ал дала қазағы олай жасамайды, мүшелеп асып, турамай әкеледі. Оның да өзіндік себебі бар. Біз біле бермейтін бір кереметі сонда, жылқы етінің әр мүшесінің дәмі әртүрлі болады.
Қазір ұмытыла бастаған «табақ жасау», «табақ тарту» шеберлігі деген бар. Ондағы мақсат – бір қазанда піскен ет­тің ортақ, ерекше дәмін қалыптастыру. Оны да білетіндер бар, білмейтіндер бар.
Дала қазағы күні кешегіге дейін қазыны ішекке салған емес. Қазыны қазанға етпен бірге салып, піскен соң ет­тен бұрын бөлек алып қояды. Қазы іріп кетпес үшін дәкеге орап пісіретін тәсіл де болған.
Жақында бір келінім уатцаппен: «Жаңа жылда соғым соямыз. Келіңіз. Тіс шұқығыш пен әйелдің капрон колготкиін көбірек әкелсеңіз… дұрыс болар еді…» деп жазып жіберіпті.
Әлбет­те, оны келіннің колготкиі жыртылып қалған екен деп ойлауға болмайды. Былтыр да жылдағы әдетпен елден соғым әкелгенбіз. Дос-жаранға елдің етінен дәм тат­тыратын салтымыз бар ғой.
Қалжыңбас құрдас заңгер жігіт төрде семіз қазыны кертіп жеп отырған. Бір кезде қазыны ораған жұқа зат­ты көріп: «бұл не?» дегені.
Өзінің де қалжыңы көп жігіт еді. Ондай сәт­ті пайдаланып қалмауға болмайды. «Келіндердің колготкиі ғой… Біздің жақта іріп кетпес үшін қазыны ішекке емес, әйелдің колоткиіне тығып пісіреді…» дейміз ғой, баяғы.
Заңгер құрдас қазысын шайнай алмай, аузын аңқита ашып, орнынан атып тұрған… «Сонда киілген колготкиге тыға ма?.. дегенді әзер айтқаны.
«Е, оны кім біліпті…»
Әлбет­те, ол құрдасым күмәнданатындай киілген колготки емес. Жаңасы.
Әрине, аздап ыңғайсыздау жағдай, енді. Алайда сыртқы сауда менеджменті саяси барлауынан да жақсы жұмыс істейтін, қазақтың соғым соятынын жақсы білетін, Қытай аман болса, қазы тығатын арнаулы бірдеңе ойлап табар деген үміт те жоқ емес…
Қазақстан бірінші қажет­тіліктегі тұрмыстық зат­тарды осы елден алады. Сөз арасында айта кету парыз, соғым науқанына байланысты ұлы көршінің сауда менеджментінің шеберлігіне таңғалатын тағы да бір жайт бар.
Ауылда жатқан келіннің Алматыдағы бізге колготкимен бірге тісшұқығыш табыстауы да тегін емес. «Жылқының еті жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіреді», жаз бойы дүкен сөресінде өтпей жататын тісшұқығыштың да «ақ олимпиада» қарсаңында 6-7 есе қымбат­тайтынын көріп жүрміз.
Қарғаның қара сирағын қаржыға айналдырып үйренген Қытайдың сыртқы сауда ведомствосы да соғым кезінде қазақтың ет­ті көп жейтінін, міндет­ті түрде ет­тен соң тіс шұқитынын біліп қалған тәрізді.
Демек, соғымды өлкеде тісшұқығыш тағы да қымбат­таған тәрізді.
Сонымен, ағайын, Катардағы жаһандық футбол додасымен бір кезеңде Арқада қазақтың «ақ олимпиадасы» да басталып кет­ті. Екеуі де – халықтық шара. Бірақ біздің дәстүрлі «ақ олипиадада» бірден-бір чемпион болмайды. Чемпион – тарихи дәстүрін жаппай қымбатшылыққа қарамастан жалғастырып келе жатқан тұтас ұлт­тың өзі!
Ендеше, «ақ олимпиадаң» құт­ты, соғымың шүйгін болсын, алты Алаш!

Өмірзақ Мұқай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір