АЛАШТЫҢ БАҒЫ
Осы аптада ұлтымыздың ұлы қаламгері, ғалым, академик, төл әдебиетімізді төрге оздырған, исі түркі әлемінен алқып шығып, әлемдік әдебиет керуеніне ту қадаған бірегей тұлға Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтті.
28 қыркүйек – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің Шыңғыстау қойнауында дүние есігін ашқан күн. Жер бетін мекендеген әр ұлттар мен ұлыстар үшін ерекше сәттер, ардақты даталар, ұлттық мерекелер болады. Қазақ үшін Шыңғыстау топырағының һәм сонда өмірге келген бірегей тұлғалардың орны бөлек. Жерден жердің артықтығы жоқ, ұлы тұлғаларды топырағына аунатып, ұлттың ұстынның тұғырына қондырмаған мекен жоқ. Десек те, Шыңғыстаудың орны – бір төбе. Шыңғыстау туралы толғанғанда, Абай, Шәкәрім, Әуезов бастаған рухани керуен тізбегі осы өңірден болашақты бетке алып, салқар кеңістікке сапар шегіп, маңып бара жатқандай әсерге бөленесіз. Қазақта Киелі мекен деген қастерлі ұғым бар. Ұлы жазушы өмірге келген Қасқабұлақты қолына қалам ұстаған жанның бәрі көрмесе де, суынан қанып ішпесе де, қадір тұтары даусыз. Қазақ әдебиеті хақында ой өрбітсеңіз, яки барша халықтың рухани қазынасы Қазақ әдебиеті жайында ойлансаңыз, тіліңіздің ұшына ең алдымен оралар екі есім бар: Абай, һәм Мұхтар. Егер әлемнің өзге бір үйегінде, теңіздер мен мұхиттардың арғы жағында ғұмыр кешіп жатқан әлдебір пенде баласы Қазақстан туралы география пәнінен оқығанымен, әлемдік картаның қай бөлігінде орналасқанын дәл таппауы мүмкін, оған мән бермеуі де мүмкін – алайда ол руханиятқа қызығар жан болса, Абай мен Әуезовтің есімін кем дегенде хрестоматиялар мен әдеби альманахтардан, болмаса Орталық Азия мәдениеті жайында зерттеу мақалаларынан кезіктіруі ғажап емес. Әлемнің рухани картасын жасар болса, ұлт атынан тағы сол екі есім – Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов есімдері кірер еді. Оған талассыз сеніңіз!Бұл – бақ! Алаштың бағы!
Мухтар Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет
28 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында классик жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 толуына орай «Мұхтар Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Басқосудың мақсаты – ұлы жазушының әлемдік өркениет пен адамзат ақыл-ойы тарихындағы орны мен рөлін айқындау, қазақ және әлем әдебиетінің әдеби байланысын нығайту, қазақ әдебиетінің даму үрдістерінің тарихын және бүгінін саралау, қаламгер мұрасындағы Алаш парадигмасы, жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген озық идеяларын насихаттау.
Шараға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан, Нидерланды, Оңтүстік Корея, т.б. елдер мен еліміздің әр өңірінен келген жетекші ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Жиынды М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді. Шараға келген ТURKSOY халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясының тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, жазушы баспагер Георгий Пряхин (РФ, Мәскеу қ.), аудармашы, жазушы Ким Бён Хак (Оңтүстік Корея Республикасы) ұлы жазушының мерейтойына арналған құттықтауларын жеткізді. Шетелден келген ғалымдар «М.Әуезовтің мұрасын бүкіл әлемдік өркениет тұрғысынан қарастыру керек», – деген ұсыныс айтты.
Конференцияның бас қонақтарының бірі ақын, ҚР Еңбек Ері Ожас Сүлейменов: «Мұхтар Әуезовтің әр датасы зор маңызға ие. Тарихымызда мұндай кесек тұлғалар көп емес, тиісінше, оларды еске алып тұру бізге парыз. Дәріптеу ісіне келгенде, жазушының мұраларына, өмір тарихына атүсті қарауға болмайды», – деді.
Мұрат Әуезов әкесі жайлы сөзінде: «Мен әкем жайлы «Әке туралы сөз» (орыс. т: «Слова об отце») атты естелік жазып жатырмын. Мағынлық, мазмұндық жағынан әлі де тереңдету керек. Әкем жайлы монографиялар мен жазылып жатқан өзге де ғылыми еңбектердің молая түсуіне, солайша, өз үлесімді қосам деп шештім. Кейде әкем жайлы толғану үшін маған әлі де толысу керек тәрізді сезіледі. Алайда, сөз менің әкем жайлы ғана емес, ұлттың ұстыны, ірі тұлға жайлы болғандықтан, бұл іске жауапкершілікпен кірістім. Қала берді, әкем 125 жасқа, өзім 80-ге толып отырғандықтан, нағыз жазылуы тиіс сәт туды деп есептеймін», – дей келіп, Әуезов әлемін жаңа деңгейде, тың ойлармен, жаңа методикалық тәсілдермен зерттеу керектігіне тоқталды.
Ал әуезовтанушы Мамай Ахет баяндамасында мынадай салмақты ой айтты: «Қазақстан тарихының ең бір күрделі әрі бүгінгі күнге дейін ақ-қарасы толық ажыратылмай келе жатқан қалтарыс-бұлтарысы мол қилы кезеңі – ХХ ғасырдың дүрбелеңге толы 20-30-жылдары десек орынды болады. Олай дейтініміз, Алаш арыстары ақталғанға дейінгі кезеңде ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің есімі толық аталмай, ал ішінара аталғандарының өзін бірыңғай даттау, «ұлтшылдығы» үшін барлық деңгейде тек қаралау сипатында болып келді. Ал одан бергі тәуелсіздік жылдары қоғамтану ғылымдарында «Алаш арыстары» атты жалпылама ұғым қалыптасып, сол дәуірде өмір сүрген жандарды түгелімен осы топқа жатқызу, ақтап алу, барлығын бірыңғай орынды-орынсыз сыпыра мақтау белең алды. Ұстанған бағыттары мен саяси көзқарастары бірде үйлесіп жатса, енді бірде бір-біріне кереғар, өзара ымырасыз қарсылас болған ХХ ғасыр басындағы жұлдызды шоғыр мүшелерінің іс-әрекеттері, саяси ұстанымдары бүгінге дейін қоғамтану ғылымдары тарапынан әлі толық тарихи бағасын алып болған жоқ. Дейтұрғанмен орталықтағы түрлі саяси топқа жіктелген күштердің жергілікті жерлердегі өкілдерінің немесе нағыз шынайы ұлт қайраткерлерінің азаттық жолындағы күресі – замана қайшылығы мен ұлттың тәуелсіздікке деген аңсары тудырған ел азаматтарының соңғы тұяқсерпер әрекеті, жойылып кетпеу үшін жасаған шешуші жанкешті ұмтылыстары болатын». Сондай-ақ жиында баяндама жасаған М. Әуезов атындағы ОҚУ филология факультетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті Ақжол Қалшабек:
– Жазушының 125 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға біз де белсене қатыстық. Әр ғылыми конференцияда ғылыми жаңалық болу керек. Осы жиында мұхтартану орталығының ғылыми қызметкерлері ретінде біз «Әуезовтің оңтүстікке сапары» атты ғылыми жинақтың тұсауын кестік. Бұл үлкен жаңалық. Шет елдерден келген ғалымдар кітапқа оң бағасын беруде, – деді.
Әлемдік өркениетке Ұлы Даланың қосқан үлесі жайында сөз қозғағанда Әуезовтің орны бөлек екенін осы халықаралық конференцияға қатысушылардың бәрі айтты.
Осы шара аясында «Әуезовтің оңтүстікке сапарымен» қатар, Әуезов Кеңестік империяның талауынан алып қалған қырғыздың ұлы эпосы «Манас», Тұран Теймурдың «M.Auezovun Abay romanında sәnәtkarlıg mәsәlәlәrı», Гүлзия Пірәлінің «Америка әсерлері» мен түрік тіліне аударылған «Аbay» романы жарық көрді.
Нұркен Нұрғазы
Оқыған азамат трагедиясы
М.Әуезов шығармаларының өзі тұстас қаламгерлерден ерекшелігі – өзі өмір сүрген кезеңнің оқыған азаматтарына сын көзімен қарап, олардың теріс қылықтары мен адамдыққа жат қылықтарын суреттеуге көңіл бөледі.
Бұл кезеңде оқыған азаматтарды тек жағымды қырынан көрсетіп, ескілікке қарсы тұратын, батыл, әділетті, білімге шақыратын жандар ретінде бейнелеу басым бағытта болды. М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романындағы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі, Ж.Аймауытов шығармаларындағы ескілік, қараңғылық, әділетсіздік, қиянатпен күресуші кейіпкерлерге антогонистік кейіпкерлер жазушы шығармаларында аз емес. Оқыған азаматтар – М.Әуезов шығармаларында кеңінен көрінетін, қоғамдық-әлеуметтік маңызы күшті концептуалды бейнелер. Жалпы, оқыған азаматтар – қайбір халықтың өмірінде ерекше орын алатын, биік бағаланып, үлкен үміт артатын ерекше категория. Сондықтан әлемдік әдебиетте олардың бейнелері кеңінен тарап, тереңнен ашылған ғажап кейіпкерлер болып есептеледі. У.Шекспирдің Гамлеті, О.Бальзактың Растиньягі, Стендальдің Ж.Сорелі, М.Лермонтовтың Печорині, Ф.Достоевскийдің Раскольникові… Бұл бейнелер – өз дәуірі мен қоғамының өкілдері, кезеңінің бар белгісін бойына жинақтаған, ортасымен қайшылықтағы тұлғалар. Оларға ортақ белгі – болмысындағы қайшылықтар, біреулер қаралап жатса, екіншілері ақтап, қоғамның, заманның құрбаны ретінде танылуы. Осы кейіпкерлердің санатына М.Әуезов әңгімелеріндегі Сыздықты, Мейірханды, Ғаббасты характер қайшылығы үшін енгізуге болады. Олардың және оның жолдастарының бойынан қазақ қоғамы жаңа оянып, жаңа топтар мен таптардың пайда болып жатқан кезеңі шынайы, бедерлі, айқын көрінеді. «Оқыған азамат» әңгімесіндегі негізгі сюжет Жұмағұл мен Хадишаның дүниеқұмарлығы болып көрінгенмен, олардың әрекетіне өзге оқығандардың көзқарасы мен қатынасы негізгі идеялық летмотив. Жұмағұлдың өскен ортасы арқылы көп қазақтың бала оқытудағы мақсатының шындығы ашылады: «– Е, алса – алсын байдың қызын! Ол немені біз оқытқанда, «ылғи бізден шығын шығара бер, кемпір-шалдың қолындағы азын-аулағын тауыса бер» деп оқытып па едік?!» «Мал тап, бізді асыра» деп оқытқанбыз. Осы күнге дейін қара тиын табыс тапқан жоқ. Енді қашан көмегі тиеді бізге? Бұдан былай мал таппаса, үйге де жолатпайық деп жүр едік. Соны естіген ғой! – десіп, іштегі жұбаныштарын сыртына монтаны күйініштің сөзімен шығаратын». Шынын айтқанда, қазақтың көбінің мақсаты, Абай айтқандай, «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген ниетпен бала оқытпағаны рас. Бір ғасыр өткеннен кейінгі қазақ мақсаты өзгерді ме? Қазір баланы не үшін оқытып жүрміз? Мал тапсын, бай болсын деп оқытып жатқандар әлі де көп. Сол байлықтың қаншасы адал еңбек, маңдай термен табылды екен? Жемқорлық пен коррупцияға батқан қазақ оқығандары болмаса, шұрқ тесік жолдар, құлағалы тұрған мектептер, сусыз, жарықсыз ауылдар болмас еді ғой. Қазіргі тұрмыс қалпымыздың көңіл көншітпейтіндей сипатының негізі Әміре мен Қамария сияқты пайдакүнем ата-аналардың көптігінен болар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жастар шетелде білім алып келіп жатқанымен олардың әлеуеті неге сезілмейді? Сол жастардың барлығы патриот және мемлекетшіл болса, еліміздің түрлі саласында дағдарыс орын алар ма еді? Жұмағұл сияқты қорғансыз жандардың ақысын жеп, зар жылатқандар қаншама? Тағы бір шоғыр оқығандардың Мейірхан, Ақтайлақ сияқты көрсе де, көрмеген болып, басын құмға тығып отырғаны да – заманауи шындық. Оқығандардың пайдакүнем, өзімшілдігі, дүниеқұмар, қатыгездігі Әуезов арқау еткен оқыған азаматтардай қазіргі кезеңде де жалпы ұлттық сипат алып, ертеңімізді тұманға айналдырып барады. Коррупция деген дерттің көптеген мемлекеттердің, алып империялардың түбіне жеткеніне тарихта мысал аз емес. Өзіміздің тарихымыздағы алып Түркі империясын құлатқан да бектердің табғаштардың алтыны мен жібегіне қызығып, ауызжаласып, соңында қырық пышақ болып қырқысуы еді. Осынау қуатты елдің трагедиясы ұмытылмауға тиіс.«Сөніп-жану» әңгімесіндегі Сыздықтың зиялы, мәдениетті, көкірегі ояу адамның қызын жар етіп, бақыт тапсам деген ниеті бір ғана кеште тас-талқан болады. Оқыған азаматтың оқымаған қазақ қызын төмен санап, жерінуі жаппай болмаса да, автор замандастарының оқығандарының біразына тән болса керек. Қазақ оқығандарының орыс, татар ұлтынан әйел алуының тарихы, себебі, үрдісі, салдары осы шығармада толық, жан-жақты ашылғандай. Жәмилә мен Сыздықтың қарым-қатынасы қыз бен жігіттің қатынасын ғана емес, сол кездегі жаңа мен ескінің, ұлт пен ұлтсыздандыру саясатының, нигилизмнің алғашқы пайда болған кезеңін танытады. Ел үміт еткен азаматтың өз ұлтынан жеруін, менсінбейтін тәкаппарлығы мен өзімшілдігін қаралауға да негіз бар. Сыздықтың жан дүниесіндегі үміт пен күдіктің арпалысы, достарының көңіл күйін сезіне түскен сайын қалыңдығынан алыстай түсуі – оны қоғамдық пікірге, өзгенің ойына тәуелді жан ретінде көрсетеді. Өзге оқыған серіктерінің қабағына қарап шешім қабылдау – бір Сыздыққа ғана емес, «Оқыған азаматтағы» Мейірхан, «Кінәмшіл бойжеткендегі» Ғаббас сияқты оқыған азаматтарға ортақ мінез. Тарпаң дарашыл дала мінезінен айрылып, өз ортасының қалпына түскен, қоғамдық-әлеуметтік дамудың шеңберінен шықпайтын, өз ойын ашық айтпай, көптің пікірінен алыстамайтын оқығандар тобының қалыптасуы – ұлт үшін трагедия.
Шығарманың диалектикалық дамуы – Сыздықтың бүкіл қазақ атаулыдан жирену үдерісі нанымды да шебер баяндалған. Оқығандардың өз халқынан жырақтауы, нигилизмге шалдығуы – жазушының өз ортасынан түйгені арқылы ғылыми зерттеуге бергісіз көркем дүниеге айналған. «Оқығандардың «елге доспын» деген ниетінен туған ешбір ісін көрмеген соң, өкпелейді, сөгеді ғой. Кісі көп үміт қылған адамы айтқан жерінен шықпаса, көбірек түңіледі. Бірақ біз әлі сыналатын күніміз алдымызда деп білеміз, — деп, өзін-өзі іштей-тыстай ақтаумен тоқтады». Сыздық сөзінен сол кезеңнің оқығандары мен елдің арасындағы қайшылық, терең проблема анық аңғарылады. Бұл мәселенің іздері Ахмет дананың мақалаларында да сайрап жатыр: «Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін жұмыс қылғандар өте аз», «Орысша оқығандарымыздан пайда жоқ», – деп қазақ өкпелейді», «Қазақтың қолынан іс келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр». Өзін ақтаумен, ақталумен ғана жүретін оқығандардың елге пайдасы болмайтыны – шындық. М.Әуезов шығармаларының қатарындағы аса қатыгез шешімімен ерекшеленетін «Қорғансыздың күні» әңгімесінің архитектоникалық, композициялық тіпті идеялық жүйесі «Сөніп-жану» әңгімесінде қайталанады. Зар жылап отырған отбасына жас жігіттердің келуі, олардың мұңын тыңдағанмен ұқпайтын, сырты әдемі, алдамшы адамдардың қайғы жамылған отбасының қыздарына қиянат жасауы… Ақан болыс пен оқыған Сыздықтың әрекетіндегі ұқсастық осы тұста. Бұл проблема Сыздық образында күрделене түскен. Мұнда бір отбасының трагедиясы ғана емес, ұлт трагедиясы бой көрсетеді. Бір ғана Сыздық емес, күллі оқыған азаматтардың өзімшілдігі, екіжүзділігі, қайырсыздығы, жауапсыздығы ұлттың, тұтас елдің тағдырын тұманды етпек.
«Сыздық бұл уақытқа шейін қазақтың күйеуге істейтін әдеттерін, ырымын сыртынан тегіс жақсы көріп, өзгеше жарастық, жылылық, сыпайылықтың белгісі бар деп қиялдап жүрсе, қазіргі сәтте түкке тұрмайтын құр ғана надандық, қараңғылықтың салдары деп сезінді. Ешбір сезім жоқ топастан туған бояу екен деп санай бастады», – деген кейіпкер санасындағы өзгерістен оның ұлттық дәстүрден жиренуі, тамыр мен ділден алыстауы байқалып тұр. Осындай үдеріс Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романында былай бедерленген: «Оқығандардың үйленгендері де біртүрлі «құда түсер, қол ұстатар, шаш сипар, ілу жыртыс, кит-сит, кәде-сәде» дегеннің бірде-бірі жоқ. Томаға-тұйық үйге алып келіп, қонақ шақырады екен. Қыз ибасы да, қынамендесі де, тойы да — сол». Ұлттық дәстүр – ұлт дүниетанымынан туындайтын киелі дүние. Ұлт белгісінің көрнекті сипаты, сапалы белгісі – дәстүрді мансұқтау – оған жасалған зор қиянат. Басқыншы империялардың негізгі мақсаты – тілден, ділден, дәстүрден ажыратып, тамырсыз қалдыру арқылы ұлттарды жоқ қылу үрдісі осы кезеңде шырқау шыңына шыққан-ды.
«Біздей оқып жүрген жігіттерге қырда жақсы тәрбие алған, мінезі жақсы, адамшылығы бар елдің қызын алу керек. Соны тәрбиелеп адам қылу – міндет! Кісіге шын дос, шынымен бас сыйлайтын, өзіңді құрметтей білетін, жаныңа ауыртпалық түсірмейтін, қабағыңа қарап іс қылатын таза жолдас қыр қызынан шығады дейтінбіз», – деді. Кейіпкердің ойы сүйсінтіп, ниеті тәнті етеді. Нағыз елін сүйетін адал азамат солай істеуі керек. Кейіпкердің ойы жазушының «Оқудағы құрбыларына» атты мақаласында да бой көрсетеді: «…бір аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Халық түзеуді жол қылайық». Оқығанның аса қасиетті, жауапты міндеті – ел түзеу, ұлтты тәрбиелеу екенін еске сала отырып, осы іске жұмылмаққа замандастарын шақырады. Сыздықтың жүрегінде елге, қазақтыққа, қазақтың салт-дәстүріне, мінезіне деген сезім суыды. Ұяң, салмақты қыз әсершіл, қияли, көпті көрген жігіттің жүрегіне жақпады, оның кедей, ажарсыз, мұңды ауылы оған лайық болмай қалды, салт дәстүрі қараңғылықтан туған бір әурешілік болып шықты. Қыз мінезіндегі ұяңдық пен бетінің қызыл емес, сары болуы оны бүкіл қазақтықтан алыстатып жібергені қалай? Оқыған азамат үшін елдіктің еш құндылығы болмағаны ма? Ұлтқа деген кіршіксіз сезімнен, ар-намыстан, қамқорлық пен жауапкершіліктен түк қалмағаны ма? Бұл сөз бен істің, әрекет пен ниеттің арасындағы алшақтық, зор нәубет, ұлттық трагедия емес пе? Тілге, дәстүрге, қазақы болмысқа нигилистік көзқарас – қазіргі қоғамның да шешімін таппай отырған проблемасы. Ұлттық болмысты жоғалтқан ұлт ұлттық мемлекет құра ала ма? Әлемдік дамыған елдердің бизнес, өндіріс иелері өз ұлттық қайнарынан сусындап, әлемдік өркениеттің ұсынған үрдістерін меңгеріп, сол үйренгенімен ел игілігі жолында еңбек етіп, жан-жақты жетілген, қуатты мемлекет құрып отырғаны анық. Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақ балаларының жеткен жетістіктері қуантып, мақтаныш сезімін оятқанмен, жүрек түкпірінде өкініш пен мұң бұғып жататыны жасырын емес. Сол қабілет-қарымын, білімін ел игілігіне жұмсаса ғой дейсің…
ХХ ғасыр басындағы әдебиетте қазақ оқығандарының екі түрлі трагедиялық образы жасалды. Оның бірі – қараңғылық қаптаған қоғамда надандармен күресіп, опат болғандар. С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» поэмасындағы – Ахмет, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі – Әбдірахман, М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романындағы – Ғали сияқты бейнелер ескішілдік пен қараңғылыққа қарсы күш жұмылдырып, еркіндік пен махаббат, теңдік үшін аяусыз күрескен жарқын образдар еді. Ал М.Әуезов шығармаларында, сөз басында айтып өткеніміздей, ойсыз, өзімшіл білім иелерін бейнелей отырып, қоғам өкілдерін тәрбиелеуді ниет еткен.
Жастардың мәселелерін, қоғамдағы орнын, рухани және тұрмыстық қиындықтарын, заманауи қайшылықтарды олардың тағдырына бойлай бейнелеу – дүниежүзі әдебиетінде кең тараған үрдіс. Француз қоғамындағы жастардың өсу жолы, өмір үшін күресі, қоршаған ортамен тартысы Бальзактың «Адамзат комедиясына» енетін көп шығармаларына желі болып тартылған. Бірнеше романның орталық тұлғасы – Растиньяктың Парижге келіп, заң факультетінің студенті болуы, жоғары қауым ортасына алғаш енуі, оның қалыптасып, өсу жолы, қоршаған ортасына деген романтикалық сезімінің өзгеріп, ирония, жек көру, көңіл қалу сезіміне айналуы Горио атай тағдырымен тікелей байланысты. Жаны таза, ізгі жастың қатыгез, әккі, өзімшіл, пайдакүнем адамға айналуы – жоғары қауымның ортасына енгеннен кейінгі жан дүниенің өзгерісі, мінез-құлықтың бұзылуы, моральдық құндылықтың құлдырауы еді. Көптеген туындыларда адамдық қасиеттерден тоналып, ақшаға құнығып, ақыл-есі материалдық құндылықтарға байланған қоғамның азғындығы оқып жатқан жастарды таңғалдырып, қинап, күйзелтеді.
Т.Драйзердің «Америка трагедиясы» атты романына байлыққа, ғажап өмірге қай жолмен болса да, қиналмай, тез жетуге ұмтылған жастың ауыр қылмысы арқау болса, М.Лермонтов «Біздің заманның кейіпкері» атты романында өзін-өзі таппай жүрген жас офицердің қателіктері мен бақытсыздығының тереңіне үңілген. Романның «Бэла» атты тарауындағы Печориннің диалогы – бұл шығарманың идеялық қазығы. «Нақұрыспын ба, болмаса жауызбын ба, оншасын білмеймін; әйтеуір менің Бэладан да аянышты жан екенім анық; менің жанымды бекзадалар бұзған, қиялымда тұрақ жоқ, жүрегімде тойым жоқ; маған бәрі де аз»… Өмірде баршылық та – жоқшылық секілді адамға үлкен сынақ. Бұл кейіпкер өмірде қажет дүниенің бәріне оп-оңай қол жеткізгенмен, олардан мән таппайды. Оның алданған үміттері өзгелердің бақытсыздығына себепші болады. Өзін де, қоршаған ортаны да түсінбейтін, өмірінен мән іздеп шарқ ұрған кейіпкер арқылы автордың замандастары, кей детальдарда өзінің де тағдыры көрініп отырады. Қоғамның қисық жүйесі жастарды, тіпті көзі ашық, көкірегі ояу жастарды да адастыратынын ұқтыру автордың мақсаты болса керек.
Б.Майлин: «Сана саңылау түскендей ия мұсылманша, ия орысша жете оқыған жоқ: аз білімін көпсініп, көп қазаққа епсініп» переводчик, ия хатшы болса, пысықсып тікектейтін», – деп шала оқығандарды сарказммен түйресе, Ж.Аймауытов оқығандармен бірге елдің өсу жолын суреттейді. Ал М.Әуезов оқығандардың санасына бойлап, жүрегіне зер салады. Олардың сөзі мен ойының, ниеті мен әрекетінің арасындағы қайшылық арқылы қоғамның проблемасын көрсетеді. Оқығандардың жеке адам мен тұтас қоғамға әсері мен теріс ықпалын суреттей келе болашақты бағдарлайды. Жазушы шығармаларының түйіні: оқыған азамат тағдыры – ұлт тағдыры, оқыған азамат трагедиясы – ұлт трагедиясы. Бұл ақиқатқа еліміз өз тағдырында, өз жолында талай көз жеткізді. Қазіргі оқыған азаматтардың елге деген көзқарасы мен қатынасы – мемлекеттігімізді айқындайтын негізгі фактор. Осыны түсініп, ұғынатын, оқыған азаматтарымыз көп болсын.
Айгүл ҮСЕН,
филология ғылымының докторы
ПІКІРЛЕР1