АЛҒАШҚЫ АСТАНАЛЫҚТАР
05.07.2019
1168
0

Жоғалған елдігіміз оралып, жығылған туымыз қайта желбіреп, құлаған ордамыз қайта бой көтергеннен кейін Елбасымыз ел қазығын талайды көрген, талайға төзген Сарыарқа жазирасына қадады. Осынау маңызды да салтанатты сәтте зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер иелері, ақын-жазушылар да ұлы көшпен бірге Есіл жағасына қарай бет түзеді. Сол кездегі жас астананың бүгінгі келбеті қандай? Шаңырағын биік көтеріп, уығын нық қадап, керегесін кең кере алды ма? Осы сауалмен астанамыздың алғашқы тұрғындарының бірқатарына қоңырау шалдық.


Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы

Елорда қайда, біз қайда?

Бұрынғы Ақмола-Целиноград Астана мен қазіргі Астананы бір-бірімен салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылықтары бар. Бұрын біз немерелерімізбен тоғайын аралап, қоян қуып жүретін жерлер қазір биік зәулім ғимараттарға айналды. Сол жағалаудағы үйлер аспаннан түскен ертегідегі тас шатырлар сияқты. Ішкі құрылымдарда, жалпы сыртқы қарым-қатынаста, адамдардың арасында, қалалық тұрғындардың құрамында адам танымастай өзгешеліктер бар. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі Астана бұрынғы Астана емес. Бірақ бұрынғы Қараөткел, Ақмола, Целиноград секілді алғашқы Астананың тынысы, ерекшелігі, жалпы рухы сақталған. Мен алғашқы күннен бастап қыстыгүні тізеден қарды омбылап, жаздыгүні жіліншігіңнен асыра батпақ кешіп жүрген көшелеріміздегі үйлерге қимастықпен қараушы едім. Қазір, ең өкініштісі, өткен тарихтың ізін қалдыратындай ескі қорымдағы көне ғимараттың біразы жойылып кетті. Кешегі Қажымұқан дүрілдеткен, Балуан Шолақ өткен Қараөткелді қазір көзге елестету қиын. Осы бір тарихи мұраларды сақтай алмай қалдық, оны өзіміз жойып жібердік. Ал, жалпы алғанда, қаланың дамуы өте тез болды. Сонымен қатар алғашқы кезде Астанаға келген адамдардың психологиясы, рухы, ертеңге деген сенімі, Отанға, ұлтқа деген көзқарасы өте жоғары еді. Ауылдан, қаладан, өзге жақтан келгендер де, тіпті, тілін бұрап сөйлесе де, қазақ тілінде сөйлеуші еді. Өкінішке қарай, Алматының ырқыменен қазір Астанада да көше тілі, қарым-қатынас тілі – орыс тілі болып кетті. Бұл – өте сорақы нәрсе. Базарда да, көшеде де, аулада да бәрі орыс тілінде сөйлеп жүр. Бұл тұрғындар кезінде Отаншыл рухпен, ұлтқа қызмет етемін деп келген біз сияқты жалаңтөс, кеудесінде ізгі мақсаттан басқа ештеңесі жоқ азаматтардың кеудесін басып жіберді. Қалада жаңа, іскер, аларман, сатарман, бірінің қолына бірі қарап тұрған пысықайлар қаптап кетті. Біз елордамызды ұлтына қызмет ететін ар-намысты қыз-жігіттердің қаласы болады деп армандап едік, қателесіппіз, бұл қала қазір пысықайлардың қаласына айналды. Жас толқынды үнемі сырттай бақылап жүремін. Олар өз ісін әділдікпен емес, басқа жолмен істеп жүр, олар қалтасына қарап, көзін сатқан қоғамға бет алды. Мен мұны табалаудан емес, ішкі құмығудан айтып отырмын. Қазір есік алдына шығып, біреумен әңгімелесуден қалдық. Менің құрдастарым, кейінгілер де өзімен сөйлесетін адам іздеп жүреді. «Іштегі сырымызды қазақша айтқымыз келеді», – деп, бір-бірімізді аңсап тұратынымыз шындық.
«Бұл қаланың рухын қалай қазақы қалпына түсіруге болады?» деген үлкен сұрақ жатыр алдымызда. Негізінен, мемлекеттік биліктің ордасы осында орналасқандықтан, мұнда келгенде алғашқы кезде кадр тап­шылығы болғандықтан, түгелдей орыс­тілділер, мысалы, Жақсыбеков, Даниял Ахметов секілді орыстілділер билік басына келді. Солардың дегендері болды. Біз қазір ғылыми басқосуларда, мәдени жиындарда орысша сөйлеп, орысша түсіндіретін болдық. Бұрын оған ұялатын едік. Қазір олай емес. Сол үшін қазіргі адамдардың ішкі әлемі «Астана тұрғыны» деген атқа сай емес. Қазір Астанаға жас әкім келіп жатыр. Мүмкін ол жоғалып кеткен осы бір рухты қайта жаңғыртар. Менің түсінігімде, Астанаға қазақша білмейтін, қайырымы жоқ әкімді қызметке қоюға болмайды. Өйткені бұл онсыз да бүлініп тұрған Астананы одан әрі есеңгіретеді. Енді бес жылдан кейін, Астанада сіз қазақша сөйлесеңіз, Африкадан келген адам секілді күйге түсуіңіз мүмкін. Егер осы беттен қайыру бермей кетсе. Әуелде Астананы құдіреттендіреміз деп келіп едік, қазір өз басым сол мақсаттарды толықтай тірі өлік ретінде жерге көмдім. Енді мен ол туралы ойланбаймын, ойламаймын. Ал тұрмыстық күйді айтсақ, бұл қалаға бауыр басып қалдық. Осы жердің самалы, ауасы бізге жайлы. Жасыратыны жоқ, 20 жыл деген де аз уақыт емес. Енді басқа қалаға қарап «мөңірей» алмаймын. Бірақ жаңағы көріністер мені қатты күйзелтеді. Тіпті мұндағы құрылыстардың өзі бір идеяға бағынып салынған деуге болады, мұнда масондық, авангардтық мәнге ие құрылыстар да бар. Дүниенің қай шетінде бір ғажайып құрылыс бар болса, соның көшірмесі Астанада тұр. Өзінің беті қайда екені байқалмайды. Меніңше, Астана – Астана болуы керек.


Нұржамал ҮСЕНБАЕВА,
опера әншісі

Астанамыз еліміздің мәдени орталығына айналды

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің мәдени орталығына айналды. Өз басым Астанамызда өмір сүріп жатқаным үшін, осында еңбек етіп жүргенім үшін бақыттымын. Қаланың дамуына жолдасым Төлеген Мұхамеджанов та көп еңбек сіңірді. Мен де астанамыздың өнері мен мәдениетіне өз үлесімді қосып келемін. Мәселен, К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, «Астана-опера» театры ашылғанда, «Травиата» операсында Виолетта партиясын, «Біржан – Сарада» Сараның партиясын орындадым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Әйтсе де, талай жыл тер төккен өзімнің Абай атындағы опера және балет театрымды тастап кеткен жоқпын. Шақырған кезде барып, өз өнерімді көрсетіп жүрмін. Қазір мұнда менің отбасым тұрады. Немерелерім қазақ мектебінде оқып жатыр. Астана менің туған қаламдай болып кетті. Әлемнің талай қалаларында, көптеген мемлекеттердің астаналарында болдым. Бірақ, ешбірі өзіміздің астанамызға жетпейді. Өйткені әркімге өз елі, өз қаласы ыстық әрі көркем. Астанамыздың жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын кім-кім де байқайды. Рас, әлі де талай жұмыс істелінуі керек. Астанамыздың әрі қарай да гүлдене беруін тілеймін. Дегенмен бүгінде еліміздің рухани орталығында мәдениет саласы, әсіресе, классикалық өнер өте жоғары деңгейде дамыған. Алғашқы кезбен салыстырғанда мүлдем басқаша екенін кәсіби маман ретінде толық сеніммен айта аламын.


Аманжол ӘЛТАЙ,
ақын, филолог-ғалым

Астанамыз қазір өсу жолында

Астана еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің астанасы болып бір күнде жасақталып, қалыптаса салған жоқ. Астана – әлі де кемелденген кезіне келмеген қала. Өсу жолындағы қала десем, дұрыс болатын шығар. Ең алғаш ел көші жер жәннаты Жетісудың төрінен Сарырарқаның кіндігіне, Есілдің жағасына қарай қадам басқан шақта астана жаққа көшін ыңғайлаған қазақтың бірі мен болдым. Іргедегі Қарағанды қаласынан 2001 жылы көшіп бардым. Әрине, алғашқы кезде жаңа қонысқа үйренісіп кету қиындау болды. Дегенмен уақыт өте келе Астананың бауырына басқан тұрғындарының біріне айналдым. Жалпы, Астана еліміздің рухани қаласы болуы керек. Сол бағыт бойынша қазір өсу жолында. Рас, 2000 жылдардағы Астана мен бүгінгі Астана бір-бірімен салыстыруға келмейді. Қазір Астана бірте-бірте еліміздің рухани орталығына айналып келеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар Астанаға қоныс аударып, басын қосып, бір тудың астына жиналып жатыр. Өзім ақын және ғалым ретінде Астананың рухани келбетінің көркеюіне әлім келгенінше үлес қосып келемін деп ойлаймын. Астанамыз алдағы уақытта ел руханиятының, ғылымы мен білімінің, мәдениеті мен өнерінің алтын бесігіне, бәрі сүйсіне қарайтын үлкен орталығына айналады деген сенімдемін. Сондай-ақ, Астанамыздың әлем астаналарының ішінде өзіндік келбетімен, архитектуралық бітімімен мен мұндалап тұратын ерекшелігі болса деген тілегім бар. Ол үшін Астананың сәулетінде ұлттық бояу басым болуы керек. Сәулет өнерінде тер төгіп жүрген мамандарымыз жаңадан салынатын тұрғын үй кешендері болсын, бизнес орталықтары болсын, жалпы, әрбір ғимараттан ұлттық бояу элементтері көрініп тұратындай ізденістер жасағаны жөн. Астанамызда ұлттық қазақ драма театрының, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер университеттерінің ғимараттары салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Астанамыздың экологиялық мәселесіне де үлкен мән берілуі қажет. Астана – біздің саяси, экономикалық, мәдени орталығымыз, ұлт руханиятының алтын бесігі. Қай жағынан алғанда да осы талаптарға сай болса деген тілегім бар. Мемлекетіміздің жүрегі болғаннан кейін төрткүл дүниеден қаншама адамдар келеді. Олар астанамызға келгенде қала келбетінен, ішкі болмысынан қазақ халқының, қазақ ұлтының келбетін көруі керек. Тарихты танудың, ұлт келбетін танудың үлкен әліппесінің бірі – қала көшелері. Сондықтан көше атауларынан бастап, көшедегі жарнамаларға дейін барлығынан ұлттық идеяның лебі есіп тұруға тиісті. Кішкентай бүлдіршіндерімізге дейін астанасының келбетіне, көшесіне қарап ұлттық намысы оянатындай деңгейде өркендесе екен деймін. Сәулетшілеріміз қандай іс жүргізсе де, Батысты қайталамай, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне арқа сүйейтін болса, астанамыз бұдан да ажарлана түсеріне сенімім бол. Алда үлкен жол жатыр. Еліміздің өсу жолында астанамыз да бірге көркейе бермек. Лайым, астанамыз болашақта бірнеше миллион халқы бар, жер бетіндегі алып астаналардың бірі болсын.


Бақытжан АЙДАРОВ,
орман жобалаушы

Елорда жасылданып барады

1997 жылы Астана қаласы құрылған кезде «Жасыл белдеу» бағдарламасы басталды. Алғашқы кезден қазірге дейінгі жасалған жобалардың негізінде Астана қаласының айналасын қоршап, орман отырғызған жердің көлемі 70 мың гектардан асты. Ал енді іздестіру жұмыстары жүгізілгені 270-300 мыңға жуық. Аталған бағдарлама аясында отырғызылған ормандар Астананың тынысын кеңейтуге, табиғатының табиғилығын сақтауға көп мүмкіндіктер жасады. Сонымен қоса, қала маңынан халық демалатын орындар көп ашылды. Орманның өсуі осы өңірдегі халықтың тұрмысына да оң ықпалын тигізді, тіпті, Астананың қатты желін де тоқтатты десек болады. Қазір қаланың айналасына қарасаңыз, бес шеңберлік айналаға орман отырғызылған. Мұның бәрі – ертеңгі ұрпаққа қалдыратын мұра есебінде жасалып жатқан игі іс. Отырғызған орманның болашаққа берер пайдасы көп. Әйтсе де, біздің жер көлемімізге шаққанда орманымыз 1 пайызға да жетпейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір