Ақын-жазушылар Астананы жылытып жатыр
05.07.2019
1606
0

Көпен ӘМІРБЕК

Алматының ауа райы тәртіпті ғой, шіркін! Қытымыр қыс та, көгілдір көктем де, жаймашуақ жаз да, күрең күз де өз мезгілінде келіп, кетеді. Ал Нұр-Сұлтан шаһарында ше? Төңірегінде төрт мезгіл жоқ. Қыс, көктем, көктем, көктем… қайтадан қаһарлы қыс. Астанаға жүз елуге жуық ақын-жазушылар ауа көшіп келгесін бе, ауа райы да өзгеріп, жаз шыға бастады. Қабдеш ағам айтқандай, «Соңғы көш» мен шығармын. «Жерсінгеніме» – жеті жыл. Қала халқының саны былтыр миллионнан асты. Басыма бас қосылып, жасыма жас қосылып, алпыстан асқанда ұлды болдым. Бір тележурналист:
– Астанаға қандай үлес қостыңыз? – деп сұрады. Қапелімде не дейін?
– Айналайын, әркім қолынан келгенін істейді ғой, – дедім. – Елбасы Есілдің бойынан қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым. Бүгінгі заманда адамнан адам жасап шығару да оңай емес. Біле білгенге, мұның өзі Нұр-Сұлтан тұрғындарының миллионға жетуіне қосқан үлкен үлес. Қазақылап айтқанда, іштен шыққан «шұбар жыланым» ертеңгі күні айдарынан жел есіп, айдаһар боп өскенде, Бас қаланың бар халқы екі миллионнан асып қалар.
Негізі, ақын-жазушылар астананың ауа райын жылытып жатыр.

№39
ЖҰМА СӘЛЕМ

Бірінші көрініс.
Әзәзіл Пері бір бүкірден «Бүгін сейсен­бі ме?» деп сұраса, ол бейбақ жұма екенін біле тұра: «Иә, сейсенбі, сейсенбі…» деп жалбақтапты. Не десе де құрақ ұшып, құлдық ұрып тұрған ыңғайлы пенденің ығына жығылғанына риза болған Әзәзіл оның бүкірін жазып жібереді.
Екінші көрініс.
Ну орманның ішінде Әзәзіл Пері:
– Бүгін сейсенбі! Бүгін сейсенбі! – деп айғайлайды. Оны естіген бір жігіт:
– Бүгін сейсенбі емес, жұма ғой, – деп түзетіпті.
– Жо-жоқ, бүгін сейсенбі! – деп, Әзәзіл де айтқанынан қайтпайды.
– Бүгін – жұма! Сіз жаңылысып тұрсыз!
Өтірік болса да өзін қостамаған әлгі жігітті Әзәзіл әп-сәтте бүкір қылып жібереді.
(Драматург Туфан Минуллиннің
«Достар жиналған жерде»
пьесасының желісі бойынша)

Саясат та сайтанның ойыны ма,
Мініп алған қоғамның мойынына.
Жел жағынан жүрем деп,
Қанша шындық
Әзәзілдің жығылды сойылына.

Жезге балап алтын мен күмістерді,
Шындық өлсе, шуламай тыныш көмді.
… Леп белгідей қақиған ақиқатым,
Сұрау белгі секілді «құныс» болды.

№40
ЖҰМА СӘЛЕМ

Қалтасы қалың «жаңа қазақ»:
– Бір миллионда қанша «нөл» бар? – деп сұрапты.
– Алты «нөл», – десе:
– Айттым ғой, алты «нөл» болады, – деп қатты қуаныпты. – Мен білем, бір миллионда алты «нөл», ал екі миллионда он екі «нөл» болады!..

(Қазіргі заманның қалжыңы)

Көргенімнен көп екен көрмегенім,
Онша жақсы сан емес «нөл» дегенің.
Ата салтың «нөл» болса,
Қайнағадан
Бұрынырақ шығады төрге келін.
«Нөлдер» үшін өмірдің қызығы не,
Ілінбесе байлардың тізіміне.
100 доллардың «1» саны – жалғыз саусақ,
Ал екі «00» ұқсайды жүзігіне.

«Нөлге» «нөлді» қосқанда «нөл» болады,
Сан қойсаңыз алдына, мол болады.
Бір миллион соңында тұрған «нөлдер» –
Аумай қалған машина доңғалағы.

Садақасын қимайтын сыйлы қартқа,
Байдың көбі сауна мен бильярдта.
Түрің құрғыр, түрмеде
Шылдырлаған
Шынжырларың ұқсайды миллиардқа.

№46
ЖҰМА СӘЛЕМ

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүйікті сахабаларының бірі халифа Омар жыламсырап келген баласын жұбатып:
– Не болды, қарағым? – дейді.
– Балалар мазақтады.
– Неге?
– Шалбарың жыртық деп күлді.
Бажайлап қараса, баласының шалбары шынында да шұрқ тесік екен. Бас есепшісінен келесі айдың айлығын жазып беруін сұрайды.
– О, халифа Омар! – дейді бас есепшісі. – Біз Сізді сыйлаймыз. Құрметтейміз. Үлгі тұтамыз. Бірақ Сіз келесі айға дейін дін-аман болатыныңызға кепілдік бере аласыз ба?
Сонда халифа Омар баласына күлімсірей қарап:
– Қалқам, бір ай шыдай тұр! – деген екен.

(Ғибратты хикая)

Қамдарыңды ойлайтын мына біз бар,
Дейсіңдер ме, «Сөзіңе шүбәміз бар?».
Көбейтеміз айлықты келесі жыл,
Шалбар жыртық болса да, шыдаңыздар.

Қамдарыңды ойлайтын мына біз бар,
Дейсіңдер ме, «Сөзіңе шүбәміз бар?».
Ана тілін он жылда меңгереміз,
Шүлдірлеген дөкейге шыдаңыздар.

Қамдарыңды ойлайтын мына біз бар,
Дейсіңдер ме, «Сөзіңе шүбәміз бар?».
Сыбайластың береміз сыбағасын,
Он-он бес жыл оған да шыдаңыздар.

Ақ қағазға қол қойып қаламұшпен,
Айналысқан боламыз халал іспен.
«Сайтан ғана – үмітсіз»,
Ал өзіміз
Өмір сүріп келеміз «аванспен».

№48
ЖҰМА СӘЛЕМ

Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сары ауыз балапан көзіне түскен бірінші шіркейді жеп қойды. «Дәніккеннен құныққан жаман», жылы ұясынан жылжып, мойынын әрірек созып еді, қарсы алдында қара мысық тұр екен. Мысық мұны «ап» деп «асап» қойды.
…Бірін-бірі жеп жүрген дүние!
(Қазіргі заманның әфсәнасы)

Ұйымдасқан қылмысың — сірескен мұз,
Сең бұза алмай сес қылып, тірескенбіз.
Сыбайласқан жемқормен сыбайласып,
Көбісімен көз қысып, күрескенбіз.

«Күресейік солармен!» – деп қоямыз,
Бастық етіп біреуді «шеф» қоямыз.
Сөйтеміз де сөмкенің аузын ашып,
Қазынаның қаржысын жеп қоямыз.

Тесік ауыз болғасын, тек тұрмайды,
Тойып біткен жерінде «шеф» тұрмайды.
Желкесінен жегенін шығарам деп,
Түбін қазсаң түтігіп, бет тырнайды.

Бесенеден бек болып бел астың да,
Алпауытпен тез ауыз жаластың ба?
Өз ойыңның өлшемін таразылап:
– Жемейтіндер, – дейсің бе, –
жер астында?!

№54
ЖҰМА СӘЛЕМ

«Бокс – екі қара нәсілдінің бірін-бірі қалай ұрып соққанына ақ нәсілділердің қаумалап қарап тұруы»
(Мұхаммед Әлі)

Бабаларым күн кешті соғыспенен,
Кейінгілер көз ашты сөгіспенен.
Соғыспен де пара-пар,
Сөгіспен де,
Біздің елде басқаша бокс деген.

Обырлар жүр аяғын оқыс басып,
Оларменен келеміз көп ұстасып.
«Жегендерін желкеден шығарам!» – деп,
Кейде билік қояды «бокстасып».

Білінбейді жемқордың шаршағаны,
Желпіндіріп жұрт оны қарсы алады.
Түсірмейтін бірін де нокаутқа,
Еһе-е-ей, елім – жемқордың
шаршы алаңы.

№59
ЖҰМА СӘЛЕМ

Осы бір «ъ» әрпі тыңшыдан аумайды. Тіміскілеген немені кейбір жағдайларда керек демесеңіз, тіпті айналып өтуге де болады. Бірақ оның мұрнын тықпайтын жері жоқ.
(А.С.Пушкин)

Түсіндірме: Пушкин заманында «ъ» әрпін көптеген орыс сөздерінің соңына тіркеп қою сән болған.

Осы әріптің ерекше есімі жоқ,
Кірмейтұғын әйтсе де тесігі жоқ.
Орысша аты – «Твердый знактың»
Аузының салымы бар, несібі көп.

Таразылап тарихым пысықтарды,
Пайдасы жоқ әріпті қысып та алды.
«Санктъ-Петербург» сапында болып еді,
Орын таппай ол жерден түсіп қалды.

Таразылап тарихым пысықтарды,
Пайдасы жоқ әріпті қысып та алды.
Барып еді «Ведомостъ» деген жерге,
Келе-келе одан да түсіп қалды.

«Подъезде» мен неге жүремін деп,
«Разъезге» ұмтылды кіремін деп.
Мансап қуып, масқара-ай,
Осы қуың
Орын тапты «Съезден» Кремль кеп.

Қалмаса да қарайып ізі хатта,
Ілінген жоқ басбұзар бұзық атқа.
…Съездерді басқарған кей дөкейді
Ұқсатамын «Твердый знакқа».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір