КӨКЕЙІМДЕ АРШЫЛМАҒАН ЖАТЫР МҰҢ…
Ақылбек ШАЯХМЕТ
Базардан қайтар жолдағы ой
Асыл арман арқасында,
Көптен күткен күнге жеттік бүгінгі
Өшкен жанып, өлгеніміз тірілді.
Ел басқарған ханымыз,
Қол бастаған батырлар,
Ақиқатты ашып айтар, ашына айтар ақындар,
Есіл ерлер көк төсінде найзағайдай шатырлар
Бәрі, бәрі тірілді…
Ей, тірілер, тірілер!
Естимісің, енді менің үнімді,
Тыңдаймысың жырымды.
Тау басынан лықсыған селдейін,
Ақтарайын сырымды.
Абылай ханның даңғылында арақ ішіп
каңғыған,
Бозбастарды көре қалса, не дер еді хан
бұған?!
Ай дер ажа, қой дер қожа болмаса,
Жақсы емес-ау ол да аса,
Береке жоқ асында,
Жанашыр жоқ қасында,
батасы жоқ аузында,
Қаладағы кейбір шалдар алжыған.
Бесік жырын айта алатын ана да аз
Сәбиіне ұйқылы-ояу қалғыған,
Сол анасын Меккеге апаратын бала да аз,
Не дер едік ал бұған?!
Батыр баба, аруағың қолдасын,
Бірақ сенің атыңды алған көшеңде,
Көшелі деп аталатын осы елде,
Найза түгіл, көтере алмас дорбасын,
Жол үстіне тастай қашар жолдасың,
Жанына ерген жігіттерге бөліп бермес
олжасын.
Жігіт емес, мігіттерді қалса шалып көзіңіз,
Жығылсақ та, сүрінгенге күліп жатсақ
өзіміз,
Бұл заманға ол да сын!
Кім біледі, қасиетті мектебінен Ахаңның,
Жолықтырып қалар ұстаз талай түрін
қасиетсіз «нахалдың».
Қайран, батыр Қобыландының ұрпағы
Қалай азып кетті екен.
Ісін істеп шіркейдің, асын ішіп атанның,
Қара бастың барлық қамын жиып қойып
бір шетке,
Мұнын ойлар жандар көп пе атамекен – Отанның?!
Бір қылжақбас гитарамен әнін салса
Мағжанның,
Мүмкін бе оны түсінуі қарақат көз
Тоғжанның?!
Бояулармен баттасқан бет жайраңдап,
Би билесе бөкселері тайраңдап,
Экраннан сілекейін шашады
Тозған заман, азған күн.
Ал мен болсам…
Қайтып келе жатқан жанмын базардан,
Сондықтан да қаймықпаймын ажалдан!
Сескенем тек өмірден,
Жалған тірлік болып сусып,
Маған жылжып келе жатқан өлімнен!
Арсыздық пен қансыздықтың салдары,
Егер менің кезім болса жеңілген,
Тірілейік деп тілеймін, тірілсек,
Бізге деген таза, мөлдір көңілден.
Өшкен жанса, алаулайтын от керек,
Қоламтада өшпей қалған шоқ керек,
Қайтер еңдер, ағайын!
Барлығымыз жиылып,
Бабалардың аруағына сиынып,
«Өшкен жанды, тірілді деп өлгенім», –
Азан-қазан қылып ішін бөлменің,
Дауысымыз жаңғырып,
жатқан шақта даурығып,
Жолыққанда бетпе-бет,
Сол бабалар, ақылы асқан даналар
Қайтып кетсе тірілерге өкпелеп?!
Көкейімде аршылмаған жатыр мұң,
Бұл бір сәттік көңіл күйі ақынның.
Ойлы оқырман!
Кінәласаң, өзің біл,
Саған айтар сөзім бұл!
Сенің саудаң қызу болсын, бітпесін,
Өмір талай тауқыметін жүктесін.
Саған, бәлкім, керегі жоқ ақылдың,
Өйткені мен ығы-жығы базардан
Күйіп-пісіп қайтып келе жатырмын…
Зағип
Барлығы қап-қара, қап-қара,
Қап-қара қолына ұстағанб
ақ нан да, мақта да.
Қап-қара жарық күн,
Қап-қара Ай.
Қымтаған жер бетін
Түн де түн,
Күн де түн,
Тұтасқан түнектің жанына батқаны-ай.
Ақ сүттің түсін ол білмейді,
Ақ түнді қызықтап жүрмейді,
Қарадан басқа түс бар десең, сенбейді,
Туғалы көрмейді жарықты,
Жер басып жүрсе де,
Қалыпты құр сүлде,
Мойынға киіп ап қап-қара қамытты.
Қап-қара түндерді жамылған,
Жап-жарық күндерді сағынған,
Талай қыс, талай ай өткенде,
Кез болды бір емші жанарын емдейтін,
О, ғажап!
Таң ата Күн нұрын төккенде,
Оянып кеткенде,
Ашылды көздері көрмейтін.
Ақ сәуле жап-жарық
Қараңғы түнекті қақ жарып,
Келді де ауыртты жанарын,
Бұрынғы қолымен сезгенін
Ұстады көздері,
Жап-жарық сәуленің тілімен,
Жап-жарық сәуленің үнімен
Шырқады Таң әнін.
Зымырап күн өтті, түн өтті,
Аптығып ай өтті,
асығып жыл өтті…
Жүрсе де асықпай аралап,
Жап-жасыл жердегі күл-қоқыс,
Жап-жарық айдағы қара дақ
Көздерін жүдетті.
Ақ жүзді жандардың қап-қара көңілі,
Ақ көңіл жандардың қараңғы сенімі,
Қинады жап-жарық жүректі.
Қап-қара күйені көздері көргенде,
Өкінді қараңғы мекеннен келгенге,
Тамыры бүлкілдеп соқпады,
Тоқтады жүрегі шерменде.
Үзілді бір өмір…
Дір етті денем де.
Өліктің көздері сұп-суық
Жатты үнсіз қадалып,
Жақсылық, жамандық аралас
Белгісіз әлемге…
* * *
Заманы беттен қақпай сұмырайды,
Қинады Шоқан менен Ыбырайды.
Үкімет тұрғаннан соң қырын қарап,
Талайдың сағы сынып, бағы тайды.
Залымдар езіп-жаншып елді мұңды,
Абай мен Шәкәрімді шерлі қылды.
Ішкен мәз, жегенге тоқ шекпенділер,
Аясын жүрегі еріп енді кімді?!
Жеткен соң құлағына елдің зары,
Ақырып жауға шапты Кенесары.
Талай ер белін буып, арпалысып,
Жанталас қан майданда шықты жаны.
Көп қорлық көргенімен Ахметті
Заманы ақылды етті, батыл етті.
Масадай ызыңдады қалың елге,
Есінен шығарған жоқ ақыретті.
Ақиқат үшін қандай жан күймеді?!
Сұм өлім Мағжанды да әлдиледі.
Зұлымдық ізгілікті буындырып,
Түрмеде болды арыстың қан көйлегі.
Момынның мойынына ноқта түсті,
Сорлының еңбегі еш боп, отқа түсті.
Көрмеген беті қайтып өжеттер де,
Сындырды саламын деп тасқа тісті.
Дәстүрім ұмыт қалып, тіл өзгерді,
Өгіздей көнбістік бір мінез келді.
Ерлерді елім деген қойша айдады,
Шенділер жинап алып кіл ездерді.
Күн туды арды малға айырбастайтын,
Кешегі ерлер қайда ой тастайтын?!
Су болып күн ашықта, жауын жоқта,
Шықпады көсем серке қой бастайтын.
Маңырап, емшек іздеп, қозы қалды,
Жақсының көбі кетіп, азы қалды.
Ақынның аузына құлып салды,
Естір деп есі бар жұрт сөзі барды.
Көбейді келешектен күдер үзген,
Болмады асау жылқы шідерді үзген,
Тағасыз ат тайғанап жүре алмады
Жол беті жабылған соң кілең мұзбен.
Осындай қилы-қилы заман болды,
Зардабын тірі қалған адам көрді.
Арамдық адалдықтан үстем болып,
Азғындар қанымызды теспей сорды.
Көрмеді адасқан жұрт бұрған жолды,
Қастықтан, аштықтан да құрбан болды.
Ұмытып соның бәрін ұрпақтары,
Салғаны күнде сайран, думан болды.
Мұсылман діннен безіп, кәпір болды,
Өлеңші жарбаңдаған ақын болды.
Тура айтқан туысына жақпай қалып,
Әкімге пара берген жақын болды.
Көп жайды бірде білсе, бірде білмей,
Жілігін семіз малдың бір кемірмей,
Зар болып қара судың өзіне де,
Көрді ғой көресіні көрге кірмей.
Әлділер әлсіздерге жәбір қылды,
Халықты илеген бір қамыр қылды.
Ертеңнен үміт күткен пенде байғұс,
Тәубасын ұмытпады, сабыр қылды.
Тартса да қанша бейнет, қаншама азап,
Бүгінгі күнге жетті біздің қазақ.
Тағзым қыл, дұға жаса өткендерге,
Біздерге соның өзі сансыз сауап.