«ЖАҢАЛЫҚТА» ЖАТЫР…
Алматы қаласынан 40 шақырым жерде Жаңалық атты ауыл бар. Бүгінде Талғар ауданына қарайтын осы ауылдың аумағында 1930 жылдары болған «қызыл террордың» құрбандары жерленген. Әсілі, «жерленген» деген жай сөз ғана. Өйткені ауыл маңында қазба жұмыстарын жүргізгендер әлі күнге дейін адамның қаңқа сүйектерін тауып алуда. Бұл сол кезде жүздеп, мыңдап атылған саяси құрбандардың мүрдесін көлікке тиеп, Жаңалыққа жете бере көрінген шұңқырға аударып, көме салғанын айғақтайды. Кейбір деректерде 4 мыңнан астам жазықсыз жанның жүзін Жаңалықтың топырағы жасырған екен…
Мұң басқан музей
Қазір ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай мен мемориал бар. Бұл Алматы аймағындағы аштық пен зұлматтан қаза болғандардың рухына тәу етіп, еске алатын жалғыз орын десе де болады. Репрессия құрбандарына арналған музейдің аумағы 635 шаршы метрді алып жатыр. Негізінен 3 залдан тұрады. Мұнда атылған азаматтардың қолданған жеке заттары, мұрағатта сақталған құжаттар мен жендеттер атқан оқтардың жиынтығы қойылған. Сол кезеңдегі ауыр хәлді бейнелейтін диорамалар да көрініс тапқан. Арнайы еске алу қабырғасындағы қара тақтаға жазықсыз атылған 4125 адамның аты-жөні жазулы тұр.
– Музейдің ашылғанына алты жыл ғана уақыт болды. Осы мерзім аралығында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету мен тарихи шындықты қалпына келтіруге қатысты қыруар жұмыс істелді. Соның бірегейі ретінде былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жаңалық ауылындағы қорымдарға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенін айтуымыз керек. Бұл елімізде алғаш рет қолға алынған жоба болды. Қазба жұмыстарын «Есік» мемлекеттік қорық-мұражай кешені мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірігіп атқарды. Екі қорымнан табылған адам сүйектеріне генетикалық сараптама жасалды. Осы екі қорымның өзінен елу адамның бас сүйегі шықты. Генетикалық сараптамадан кейін мұндағы көмілген адамның саны тоқсан бес екені анықталды. Қазір жазықсыз атылған адамдардың ұрпақтарын іздестіріп жатырмыз, олардан ДНК сараптамасын алып, марқұмдардың сүйегіне жасалған генетикалық сараптамамен салыстырамыз. Соның нәтижесінде атылған адамның кім болғанын анықтау мүмкіндігі туады, – дейді бізбен әңгімесінде Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Деректерде Жаңалық ауылының маңындағы шұңқырларға көмілген адамның көбі Жетісу өңірінен екені айтылады. «Қызыл террор» құрбандарының қара тізіміне осы өлкенің 3 мыңнан астам тұрғыны жазықсыз атылғаны жөнінде тіркелген екен. Мұның бір дәлелі ретінде былтыр жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған айғақ заттарын айтуға болады. Мысалы, қураған мүрденің жанынан газет қалдығы табылған. Ол сол кездегі «Сталин жолы» газеті болып шықты. Ұзақ уақыт бойы топырақ астында жатқан газеттен «Сталин жолы», «1938 жыл…» деген жазулар анық көрінген, яғни қазіргі «Жетісу» газетінің сол жылдарда «Сталин жолы» деген атаумен жарық көргені белгілі. Демек, табылған газет қалдығының 1938 жылы басылғаны және оның иесінің Жетісу өлкесінің тұрғыны болғаны анық.
Ұлт зиялылары Жаңалықта «жатыр» ма?
2018 жылы болуы керек, телеарнадан жұртты шулатқан ақпарат тараған болатын. Осы ауылдың Мұрат есімді тұрғыны үй ауласында су құбырын тартып жатып, көмілген адам сүйектерін тапқан еді. Ашылған мүрделермен бірге дөңгелек пішінді көзілдірік те шыққан. «Көне көзілдірік Ілияс Жансүгіровтікі болуы-мыс…» – деген болжам да айтылған. Кейіннен ол ақпараттың ақиқаттан алыс екені айтылды. Мұның жайын музей басшысынан сұрадық.
– Иә, ондай оқиға болды. Үй ауласын қазу кезінде адам сүйегі сақталған қорым анықталған. 163 адамның көмілгені анықталды. Өкінішке қарай, ол кезде толықтай генетикалық сараптама жасалмаған. Тек, сүйектерді зерттеу кезінде мүрденің бесеуі әйел адамдікі екені анықталыпты және марқұмдардың жартысы славян ұлтының өкілі болғаны ғана айтылған. Ал көзілдіріктің қалдығына қарап: «Көмілген адамның бірі Ілияс Жансүгіров болуы мүмкін», – деген болжам жасалғаны рас. Бұл – ел аузындағы әңгіме. Негізінде, Ілиястың Алматы қаласында ұсталып, кейіннен атылғаны белгілі. Бірақ сүйектің дәл осы Жаңалық ауылының аумағына әкеліп көмілгенін растайтын ресми құжат немесе куәгер жоқ. Жалпы, сол тұста жендеттердің оғынан жазықсыз ажал құшқан ұлт зиялыларына қатысты құжаттық рәсімдердің барлығы дерлік жойылған ғой, сондықтан нақты айту қиын. Бір қызығы, Алматыда тергеліп, ату жазасына кесілген адамдарға қатысты «өлгені туралы куәлік» немесе тіркеу құжатын табу қиын. Кейде, тіпті сұраусыз ата берген бе деген ойға қаласың. Басқа өңірде олай емес, атылғандардың есебі бар. Біз зерттеу барысында облыстың басқа аудандарындағы жағдайды зерделедік, мысалы Жаркент маңында да репрессияға ұшырағандар көмілген қорым бар. Онда көмілгендердің «паспорты» сақталған. Сот шешімімен атылған адамның мәйітін тексеретін комиссия болған, онда НКВД тергеушісі, дәрігер сияқты мамандар қарап, шешім шығарған. Қайда көмілгені туралы акт жасалыпты, бұл зерттеу жұмысына көп көмегін тигізеді, – дейді музей меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Шетелдік қонақ неге жылады?
Осы Жаңалықтағы музей мен мемориалдың аясында ашық аспан астындағы арнайы кешен ашу туралы ой көптен бері айтылып келеді. Репрессия құрбандарының жазықсыз жазалану сәтінен шынайы көріністер жасау арқылы зұлматтың зілді ізі мен қандықол тарихтың шындығынан сабақ алу, ұлт тарихындағы «ақтаңдақ» кезеңнің ақиқатын ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру сияқты мұрат пен мақсатты қамтитын идея қолдау тапқанымен, нақты іске асуға келгенде кешеуілдеп отырған көрінеді. Жалпы, «қызыл террордың» қаны тамшылған шындығын ашық айтуға қатысты көзге көрінбейтін кедергілер баршылық. Бұған қоғам дайын болғанымен, саяси жүйе әлі де ойлану үстінде сияқты…
– Музей аумағында 5 гектар жер бар. Осы аумаққа ашық аспан астындағы кешен құрылысын жүргізу туралы бастама көтерілген. 2021 жылы «ХХ ғасыр. Тағдыр қасіреті» деген атаумен жоба жасалып, тиісті министрлікке де, облыс басшылығына да ұсынылған. Бастама жартылай қолдау тапты деуге болады. Ол бойынша зұлмат жылдарындағы қасіретті тарихтың толық картинасын құрайтын экспозициялық кешен салу жоспары тұр. Онда жазықсыз ұсталған адамды «Қара құзғын» деп аталатын көлікпен алып кеткен сәтінен бастап, тергеу кезіндегі оқиғалар, айдауға кетуі, аштық жағдайы, «халық жауының» артында қалған отбасылардың аянышты тағдыры, атылған кезі, тағы да басқа қасіретті бейнелейтін ашық тізбек жасалуы тиіс. Бұл жүзеге асса, біздің зұлмат құрбандары алдындағы борышымыз ғана емес, ұрпақ сабақтастығы шеңберіндегі тарихи миссиямызды орындау болар еді, – деп түйіндеді тақырыпқа орай айтқан сөзін Жаңалықтағы музей меңгерушісі.
Айтпақшы, қайбір жылы Алматыдағы іскерлік кездесуге келген шетелдік қонақтар Жаңалықтағы музейге де бас сұққан. Арасында Америкадан келген әйел адам бар екен. Репрессия құрбандарының тарихын естіп, мұң басқан музейдегі экспонаттарды көрген әлгі әйел ағыл-тегіл жылапты.
«Біз Совет одағында ауыр жағдайлардың болғанын білеміз. Бірақ жекелеген халыққа қатысты дәл мұндай геноцидті бастан кешірудің зардабын сезіну қиынға түседі екен. Мұндай жою мен жазалаудан кейін де өз тілін, мәдениетін, бастысы жерін сақтап қалған қазақ халқы неткен рухты ел еді және біз дүниежүзі тарихында еврей халқына қарсы жасалған репрессиядан хабардармыз. Көзі ашық адам мұндай оқиғадан сабақ алып, адамзаттық деңгейде тағзым жасап отырады. Ал қазақтардың басынан өткен зұлматты да әлем білуі тиіс, мұны ұмытуға болмайды», – деген екен көз жасына ерік берген шетелдік қонақ.
Ең ауыры, Жаңалықтың топырағы жүзін жасырған құрбандардың арасында түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері, шетел азаматтары да көптеп кездеседі екен. Мысалы, Қарағандыдағы шахтада жұмыс істеген Америка азаматы «шпион» деген желеумен ұсталып, Алматыға айдалған. Кейіннен атылған, құжаты мен мүрдесі табылып, еліне хабар жіберіліпті. Сол сияқты, Ресейдің ішкі аймақтарындағы шіркеу қызметкерлерін Алматыға жер аударып, соттап, ату жазасына кескен. Ауыл маңындағы шұңқырдан табылған көп сүйекті зерделеу барысында дін өкілдерінің мүрдесі анықталып, қазір ол орындарға арнайы белгі қойылыпты.
Террор тырнағынан құтылған тағдыр
Қазақтың «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөзінің қисыны бар екен. Музей басшысымен әңгіме барысында бір тағылымды оқиға естідік.
– Отызыншы жылдары Алматы қаласының маңында сотталғандарды ұстайтын лагерь болған. Құжаттарда «Ақсай лагері» деп тіркелген. Оның аумағы қазіргі Алматы қаласынан бөлек, облыстың «Алтын Орда» базары тұрған тұсы, Қаскелең, Қараой ауылдарын қамтыған. Мұнда жер-жерден айдалып келген адамдарды ұстап, ауыр еңбекке жеккен. Шетінен соттап, атып отырған. Зерттеу жұмысын жүргізіп жүргенде бір аңызға бергісіз оқиғаны таптым. 1929 жылы «бай, құлақ» деген желеумен Алматы облысынан 19 адам ұсталған. Оның бесеуіне ату жазасын берген. Қалғандарына 5-10 жылдан жаза кесіліпті. Қойын дәптеріме «Раев Қошқарбай» деген есімді түртіп алған едім, кейін сол адамдардың тарихын зерттеу үшін Қарағандыдағы «КарЛаг» лагеріне бардым. Сондағы архив деректерінен әлгі кісінің атын тағы кездестірдім. Он жылға сотталған ол әуелі «КарЛагта» болған, кейіннен Алматыға, «Ақсай» лагеріне ауыстырылған. Қызығы алда, бұл кісінің Алматыдағы құжатында «лагерьден қашып кетті…» деген жазу болды. 1934 жылы қашқан екен. Өзі Жаркент маңында тұрған, дәулетті адам болған ғой. Ұрпақтары әлі де сол жақта тұрады. Іздеп, тауып, Раев Қошқарбай туралы сұрастырдым. Естеліктерін тыңдадым. Зерттей келе террордың тырнағына іліккен бір тағдырдың тарихын толықтай құрап шықтық. «Ақсайдан» қашқан Қошқарбай ата алты ай бойы арып-ашып, Жаркентке келіпті. Елге жеткесін жасырынып жүріп, емделіп, аяққа тұрған. Сосын бір түнде Қытай асып кетіпті. Кейіннен, 1975 жылы бірақ оралған ғой. Бұл оқиғадан қандай ой түюге болады? Әрине, алдымен адамның асыл рухы, қатаң режимнің тырнағынан алып шыққан тағдырдың таусылмаған дәмі болса керек. Қазақ мұндайда «көрер жарығы бар» деген. Екіншіден, архивпен жұмыс істеу барысында қиын да қызықты сәттердің жиі болатынын, түбінде ақиқатқа жетудің жолын нұсқайды, яғни біз түбі ізденістің, талмай еңбектенудің нәтижесінде «ақтаңдақтардың» ақиқатына жететін боламыз, – деді сұхбат барысында Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Лайым солай болғай!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ