Түркия теңселіп жатыр…
22.02.2023
285
0

«Теңіз кешіп жүргендейміз», «қара судың бетінде қалтылдаған қайықтың үстінде тұрғандаймыз» дейді түрік бауырлар.
Қақ айрылып кете жаздағандай болған қара жер қалпына келгенше осылай теңселіп, жон арқасы жыбырлап жата ма екен, әлде зілзаладан қалған үрей ме – Анадолы жұртының көңіліндегі алаң мен жүрегіндегі суыл әлі басылған жоқ. 

«Тәжтажалдың кезінде үйден шығу­дан қорқып едік, – дейді олар, – енді үйге кіруге қорқамыз».
Дереккөздері таудай боп үйілген үйінділердің астынан табылып жатқан мәйіттердің қарасы қырық мыңға жақындап қалғанын айтады.
Түркияның қоршаған орта, ур­баниза­­ция және климаттың өзгеруі жөнін­дегі министрі Мұрат Кұрұмның айтуынша, топырақтың борпылдақтанып босаң­дануы­мен, кезінде инженерлік коммуни­кациялардың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты ғимараттар құлап, зәулім үйлер жердің 7,6 баллдық сілкінісіне шыдай алмай қаусап қалған. Түрік шенеунігі қираған ғимараттардың 98 пайызы 1999 жылға дейін салынғанын, сол жылы тамыз айында Түркияның Мәрмәр теңізі аймағында қатты жер сілкінісі болып, содан кейін билік сей­с­ми­калық қауіпті аймақтардағы құры­лыс­қа қатысты ережені қатаңдатқа­нын да айтты. Қатаңдатқанын қайтейік, Түркияның оңтүстік-шығысы ақпанның 5-6-сынан бері айра-жайра болып жатыр.
Түркия – әлем бойынша АҚШ-тан кейін гуманитарлық көмек жасайтын екінші ел. Төрткүл дүниенің түкпіріндегі қандай да бір халық қиындыққа душар бола қалса, сол жерге көмек қолын созып түріктер барады. Қазір түріктерге де әлем халықтары қайырымдылық жасауға ұмтылуда. Тіпті анадолылықтарды «ата жауы» санап отырған армияндардың өзі Түркияға азық-түлік, дәрі-дәрмек жіберіп, құтқарушылар тобын аттанды­рыпты.
Айтты-айтпады, апат – адамзатқа ортақ құбылыс.
Анадолылық ағайындардың басы­на түскен ауыр халге қазақ ақын-жазу­шыла­рының да қабырғасы қайсып, қайғыруда. Жазушылар Одағы қаламгерлерінің WhatsApp желісінде «Алматы қаламгерлері» атты топ бар. Сол топта Алматыдағы қаламгерлер өзара пікір алмасып, жаңалық­тарын жазып отырады. Түркиядан жаманат хабар жеткен күннің ертеңінде «Алматы қаламгерлерінің» чаты ақындардың күңіренген өлеңдеріне толып кетті. Ақындарымыздың ғазал жыр­ларын алдағы уақытта газетімізде топтастырып беретін боламыз. «Сол өлеңдерді жинақтап, кітап етіп шығару керек шығар» деген ұсыныс білдірді белгілі сыншы-мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова. Ал ақын, майталман тележурналист Жаңылхан Асылбекова «Алматы қаламгерлері» тобына: «Қайыр­лы күн, қаламгерлер! Одаққа мүше әр ақын-жазушы 5000 теңгеден жинап, түрік ағайындарға көмек берсек қалай қарайсыздар? Бір адамның бір реттік тамағына болса да жәрдеміміз тиер еді» деп жазды. Сол-ақ екен, Жаңылханның ұсынысын қаламгерлер жан-жақтан қолдай кетті. Былай деп:
«Сәлем, айналайын! Ұсынысыңды әбден құптаймын, өзім де қалай көмек­тессем деп жүр едім». Мәруана Хамзақызы!
«Қайырлы күн! Өте жақсы ұсыныс. Түрік туғандарымыздың басына күн туғанда біздің үнсіз жатқанымыз жарас­пайды-ау деп ойлаған едім. Ақындар жырларын арнап, оны түрікшеге аудар­тып, қолдан келгенше, қаржы жинап жол­дайық». Әлия Бөпежанова.
«Түрік еліндегі бауырлармызға қаржылай көмек көрсету керек деген ұсы­нысты құлшына қолдаймын. Қаламгерлер өз мүмкіндіктеріне қарай жинағаны дұрыс болар. Ақшаны қайда, кімге жіберейік?» Заря Жұманова.
Осылайша бірін-бірі қолдай жөнелген Алматы қаламгерлері кешелі бері миллионға жуық қаржы жинап үлгерді. Алматылық ақын-жазушылардың белсенділігі туралы Жаңылхан Асылбекова Фейсбуктегі жеке парақшасында: «Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған Алматы қаласындағы ақын-жазушылар Түркиядағы зілзаладан зардап шек­кендерге көмек қолын созып, #AFAD_қайырымдылық қорына қаржы аударуда! Ақындарымыз жүрекжарды жырларын арнап, бауырлас халыққа рух беруде. Жаратушы ие Түркі еліне қуат берсін!» деді.
Қазақстан Түркияға 55 мың тонна, Сирияға 50 мың тонна гуманитарлық көмек көрсетті. Жекелеген азаматта­ры­мыз да жанұшырып, жылаулы түрік баласын бауырына басуда. Мысалы, Қазақстан Ұлттық арнасының тілшісі Нұрбек Бекбау Түркияның оңтүстік-шығыс аймағындағы зілзалаға ұшыраған он қалаға (олардың қатарында Газиантеп, Қахрманмараш, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар) апарып, қазақтың киіз үйлерін тігіп, ақ боз үйлердің шағын қалашығын жасап қойды. Ол алдымен әлеуметтік желі ар­қылы сауын айтып, жасау-жабдығы келіс­кен, брезентпен тысталған киіз үйлер жинаған еді. Сосын оны ұшаққа басып алып Түркияға шұғыл жеткізді.
– Түрік басшылығы: ақшаңқан киіз үйлерден кент жасап, аман қалған жұрт 2-3 ай сонда паналайды деп жос­парларын айтып отыр. Барлығы аман-есен аяқталғанда, киіз үйлеріміз түрік еліне қазақ кардашлардан естелік боп қалады. Киіз үйлеріміз «қиын күнде туысқан жұрт бізді тастамады, жалғыз қалдырмады» дегенді еске түсіріп тұра­ды, – дейді ол.
Қазақтың тәуелсіздігін тағатсыздана күткен, түрік бауырлар, Түркия, біз сені қиындықта қалдырмауға тиіспіз. Қасымхан ақынға жүгінейік:

… Арадағы таулар менен белестің,
Көктеп өттік, қиындықтар себеп пе?
Түркия, сен, білші, жалғыз емессің,
Жанұшырып жеттік кеше көмекке.

…Алуан түрлі аңыз қалған деседі,
Ер бабалар тартып алған именбей.
Сүйем сені, Түрік елі, кешегі,
Шоқайұлы ер Мұстафа сүйгендей…

Д.Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір